Улы түтінге ұрындыру
«Сасықтеке» түтінін пайдаланатын ұсталарды «Сүлік» деп атаған, мұндай ұсталарды өте құпиялап ұстаған. Қазақ даласындағы үлкен соғыстар кезінде түтінге ұрындыру тәсілі көп пайдаланылған. «Ұйқымалым сірне» әдісіне салып, жаудың басын айналдырып ұйықтату, түтіндетіп, иіспен улау дұшпан жаққа өте көп шығын әкелген. Улы өсімдіктердің исін жұтқан кезде, жан-жануарлар да, адамдар да басы айналып, не болып, не істеп жатқанын байқай алмай, мәңгүрттеніп, ұйқы басып жатып қалатын болған. Кейбір шөптердің түтіні өлтіріп те жібереді. Қазақ жасағы жаудың жолын торып, жолына шөмеле шөп үйіп, ор қазып, оған улы шөптерді араластырып, лапылдап жанбауын қадағалаған. Яғни сулы күйінде бықсыған түтінге ұрындыру мақсаты болған. Ұзаққа ататын нарсадақпен садақшы мергендерді дайындап, садақ оғы жебесінің улы шөпке түсуі жау қолына үлкен шығын әкелген.
«Жер көсе» билер, жұлдызгер, көреген алымдар кез келген елдің, жердің ауа райын болжап, жел қай жақтан болатынын , биыл қыс қалай болады, ауа райын дәл есептеп беріп, қай жерден ащы су шығады, қай өңірден тұщы су шығатынын да дөп басып айтқан. Құдай берген мұндай қасиетті, дарынды кісілерді соғыс жағдайында өте құпия ұстаған. Көктемде, күзде шөптерді жинап, қайнатып, уын шүберекке сіңдіріп, кейбіреуін кептіріп, араластырып, алдағы ұрыстарға дайындап отырған. Мұндай улы иістен аттар бірден тырақай асып құлаған, адамдар екі сағатқа шейін есін жинай алмай, кейбірі сол күйінде жан тапсырған. Тек қана хан жарлығымен азғана жасақ осы улы шөптерді пайдаланып жауды кей тұстарда жеңіп отырған, ал бейбіт жағдайда жеке адамдарды улауға қатаң тыйым салынған, ондайлар шықса, қылмысына қарай қатаң жазаланған, билер сотында басы шабылған. Өкінішке қарай, мұндай оқиғалар сирек болса да кездесіп отырған.
Жиналған дәрілік шөптерді және түтіндеп жанбайтын тамырларды, улы өсімдіктерді, уға малынған маталарды құпия қоймаларда, қатаң күзетілген ыдыстарда ұстаған.
Улы өсімдіктерді, емдік шөптерді жинаған кезде, итсигек, теке-сасық, меңдуана және дермене, мия, сора, көкнәр, жалбыз, адыраспан, т.б. шөптерімен араластырып, көктей кейбіреуін кептіріп, кейбір шөптердің күлін алып, қайнатып, қатты жараланған жауынгерге, сарбаздарға ота жасалғанда, сол шөптер арқылы ұйықтатып, емдеп отырған.
Достарыңызбен бөлісу: |