Байланысты: Абайтану 9-с.сабак жоспары Office Word (3)
Әннің шығу тарихы: 1993 жылы республикалық «Парасат», «Қазақстан әйелдері» журналдарында бұл әнге қатысты бірқатар ғалым, әдебиетшілеріміз пікірталас өрбітіп, олардың дені мұны «Абай жолынан» есімі елге таныс Сүйіндіктің қызы Тоғжанға арналды деген байламға токтаған-ды. Және әлі күнге дейін бұл болжамды мақұлдаушылар катары көп. Алайда, Абайды ғашық еткен Қаламқасқа қатысты басқа да деректер жоқ емес. Мұндай деректі өз тарапынан көнекөздердің айтқандарына сүйене отырып зерттеу жұмыстарын жүргізген жармалық айтыскер ақын Қалихан Алтынбаев анықтаған. Өзінің зерттеу еңбектерінде ақын ағамыз әйгілі әннің кейіпкері Найманның Қаракерей руының ішінде Мұрын тармағынан өрбитін Тана мырзаның немере інісі Жәнібектің қызы Тұржан сұлу деген пікірді құп санайды.
«Тоғжан қыз Абайдың қолы жеткен арманы. Ал адам баласы қолы жеткен арманына өліп-өшіп есі кете ынтықпаса керек-ті. Логика солай. Бізді бұған сендірмейтін тағы бір мықты жайт бар: кемеңгер Мұхтардың тарихи эпопеяны жазу жолында өмірінің жиырма жылын сарп еткені белгілі. Егер Тоғжан өз айналасына жанама түрде «Қаламқас» деген атқа ие болса, Абай оған ән мен өлең арнаса бұл оқиға заңғар жазушының назарынан неге сырт қалған? Эпопея түгілі жай мақалаларының ешқайсысында мұндай пікірдің ұшығын шығармайды ғой? Егер бұл жағдай Тобықты ішіне бұрыннан белгілі болса осы кезге дейін құлаққа неғып шалынбаған?» деп зерттеу еңбегінде орынды сауалдарды алға тарта отырып Қалихан Алтынбаев ақиқи деректерді басқа жақтан іздеуге тырысады.
Дәл осы еңбегінде автор әр жылдар орайында айтқан жармалық Қалиасқар Еңсебайұльның, Күндебай Қалиұлының, Сағила Смакқызыньң, Жүзім Өтепбергенқызьның, Мұса, Мұхаметжан Өтеұлдарының, аягөздік Уақап Торғайұлы мен көкпектілік Ахметжан Әбубәкіровтың әңгімелеріне сүйеніп ән кейіпкері Қаламқастың өмірдегі шынайы бейнесі Жәнібек қызы Тұржан деген байламға тоқтайды. Енді осы байламды қуаттайтын нақты айғақтарга көңіл салайық.
Тұржанның жанама есімі Жарма өңіріне жақсы таныс «Найман ішіндегі Қаракерейден тарайтын Тілемісұлы Тана мырзаның есімі бүкіл сол кездегі Семей, Өскемен уәлаяттарына айпарадай анық болған» деп жазады айтыскер ақын. Автордың айтуынша, өз кіндігінен перзент сүймеген Тана мырза немере інісі Жәнібектің Тұржан есімді қызын бауырына алыпты. Тұржан тал шыбықтай бұралып өскен сондай көркем қыз, Тұла бойының нәзік, қасының қиыла біткен жіңішкелігіне қарап алғашында жеңгелері, одан соң бүкіл ауыл-аймақ оны «Қаламқас» атандырады. Оның мұндай жанама аты Жарма ауданын мекендейтін Бура-Матай елдеріне мәлім болған екен. Қалихан Алтынбаевтың келтірген зерттеу деректеріне ден қойсақ, Тұржан мен Абайдың алғаш кездесуі 1861-62 жылдар шамасында көрінеді. Бұл Абайдың он бес-он алты жастағы кезі. Құда түскенімен Ділдаға әлі үйленбеген еді.
Осы тұста әкесі Құнанбаймен бірге алыстағы Найман еліне, Тана мырзаның ауылына сапар шегеді, Тана мырзаның ауылы бұрынғы Самар (қазіргі Көкпекті) ауданының «Тана мешіті» деген ауылдың маңайындағы Қалба тауларын жайлап жүрсе керек. Бұлардың барған шаруалары, біріншіден, соның алдында ғана Көкпекті округінің аға сұлтандығына өткізілген сайлауда жеңіліс тапқандығына ағайындық демеу сөз айтып, ізгі ниет білдіру, екіншіден, үш өзеннің Ертіске кұятын сағасындағы түбекке мешіт салдырып жатқан Танаға қошемет білдіріп, жаңа құрылысты көріп қайту еді. Осы сапарда екі балғын жас – Тұржан мен Абай бір-бірін қатты ұнатысқан. Мұны байқаған Құнанбай да екеуінің жақынырақ танысуына, тіпті, құда түсіп қайтуға карсы емес-тін. Алайда, құрметті қонақтар отырған орданың сыртында соқыр түйесін «көзіңді, қу соқыр» деген біреудің балағат сөзі байласқалы келе жатқан құдалықтың шырқын бұзады. Тананың жік-жапар болып, әлгі жігітке кешірім сұратып, ат-шапан айып бергізгеніне карамастан, алған бетінен қайтпайтын, мінезі қатал Құнанбай Танаға «әдейі істетіп отырсың» деп аттанып кетеді. Қазақтың «Түйені соқыр десең, Құнанбайға тиеді» деген тәмсілі осыдан қалса керек. Алыстан ат арытып келген меймандар көп кідірмей кері кайтуы енді ғана лаулай бастаған қос ғашықтың махаббатына кесірін тигізеді. Бұдан соң екеуінің бірер мәрте хат алмасқаны болмаса, жүздесуге жер арасы шалғай. Сөйтіп, байланыс үзіледі. Абайдың мұнан кейінгі жәйі белгілі. Ділдаға үйленіп, перзент сүйеді. Тұржан оң жақта біраз отырыңқырап барып Сыбан ішіндегі Быжы-Тоқтар дейтін сарт ауылына тұрмысқа шығады. Ескі құлақтардың сөзіне сенсек, соңында ұрпақ қалмапты.