Сабақтың тақырыбы: Күн мен бұлт
Оқу іс-әрекетінің түрі: мүсіндеу
Оқу іс-әрекетінің мақсаты:
Мүсіндеу жұмысында қолданылатын материалдармен, құралдармен таныстыру; мүсіндеудің негізі: жұмсарту, созу, құрастыру, жаю, тегістеу, жалпақтау, домалақтау тәсілдермен таныстыру; қатырмақағазға бедерлеу тәсілін орындау дағдыларын қалыптастыру.
Көрнекілік:
Күннің және бұлттың суреттері, жұмыс дәптері, тақтайша, көк немесе көгілдір түсті қатырмақағаз, ермексаз, кескіш тақтайша, қолорамал.
Оқу іс-әрекетін ұйымдастыру.
Балаларға жұмыс істейтін орындарын дайындап, құрал-саймандарының – тақтайша, ермексаз, таяқша, қолорамалдарының ретімен тұру керектігін айту. Үстел үстін, киімін бүлдірмей материалдармен ұқыпты жұмыс істеу дағдысын қалыптастыру мақсатында тақтайшада мүсіндеу үшін қажетті материалдарды қалай қолдану керектігін түсіндіру. Ермексазбен жұмыс аяқталғаннан кейін, қолды орамалмен сүртіп, сабынмен тазалап жуу керек. Балалар жұмыс орындарын дайындайды.
Балаларды мүсіндеудің негізгі жұмсарту және есу тәсілдермен таныстыру. Бүтін ермексазды жұмсарту, есу қиын болатындықтан ермексазды кесетін арнайы кескіш таяқшамен бірнеше бөлікке бөліп алып, алдымен алақанға салып жұмсартып, сосын тақтайшада ұзын жіңішке шиыршық пайда болғанша есу керектігін көрсете отырып түсіндіру, көрсеткен бойынша өздері қайталап мүсіндеу жұмысын орындайды.
Балаларға бедерлі мүсіндеу тәсілімен жұмыс жасау жолын түсіндіру:
Сергіту сәті:
Тербеледі ағаштар,
Алдымнан жел еседі.
Кіп-кішкентай ағаштар,
Үп-үлкен боп өседі.
Жұмыс барысы:
Көк түсті қатырмақағазға жай қарындаштың көмегімен күн мен бұлттың суретін саламыз.
Ақ және сары түсті ермексаздың кесегін жұмсартамыз.
Ермексазды бірнеше бөлікке бөліп алып, әр бөлігін тақтайшаның үстіне салып ұзынша, жіңішке ширатпалар есеміз.
Ширатпаларды сұлбаның өн бойына салып, қатырмақағазға жапсырамыз.
Күн мен бұлттың ішін сәйкес түсті ермексазбен толтырып, бетін тегістеп шығамыз.
Жекелеген ширатпадан күннің сәулесін жапсырып шығамыз.
Балалар жұмыс дәптерінің көмегімен өз бетінше жұмысты орындайды.
Қорытынды:
Жасалған мүсіндеу жұмыстарынан көрме ұйымдастыру. Жұмыстарды талдау, бағалау.
Дұрыс әрі тиянақты орындаған жұмыстарды атап көстету. Сабаққа белсенді қатысқан балаларды мадақтау.
Сабақтың тақырыбы: Саңырауқұлақты алқап
Оқу іс-әрекетінің түрі: мүсіндеу
Оқу іс-әрекетінің мақсаты:
Балалардың бірнеше бөліктен тұратың заттарды біріктіріп мүсіндей алу дағдыларын бекіту; оларға мазмұн беру; мүсіндеуге деген қызығушылықтарын арттыру.
Көрнекілік:
Саңырауқұлақ суреттері, тақтайша, ермексаз, кескіш тақтайша, қолорамал.
Оқу іс-әрекетін ұйымдастыру.
Балаларға саңырауқұлақ, олардың түрлері туралы түсінік беру. Қайда өсетіні, атауы, оның тамақ ретінде пайдалатыны, улы түрінің болатыны жайында мағлұматтар беру. Балалардан кімнің саңырауқұлақты өз көзімен көргені, жинағаны туралы сұрау. Балаларға жұмыс дәптерлеріндегі саңырауқұлақты мүсіндеудің әдіс-тәсілдерін көрсете отырып түсіндіру.
Сергіту сәті:
Ұзын мұрты құмырсқа,
Бара жатыр жұмысқа.
Допты алды қолына,
Допты қойды жолына.
Оңға қарады, солға қарады,
Үлкен тау деп ойлады.
Жұмыс барысы:
Алдымен ақ және қоңыр түсті ермексаз кесегін екіге бөліп, алақан арасына салып жұмсартамыз.
Қоңыр түсті кесегін алақан арасына салып домалақтап, шарик жасаймыз. Оның ортасын басбармағымызбен басып, саңырауқұлақтың қалпағының пішініне келтіреміз.
Ақ түсті ермексазды цилиндр-шұжық пішініне келтіреміз, ол саңырауқұлақтың аяғы болады.
Енді екі бөлікті бір-біріне біріктіріп, олардың сырттарын тегістейміз.
Саңырауқұлақты жасыл түске боялған қатырма қағаздың үстіне орнатамыз.
Балалар үлгіге қарап отырып мүсіндеу жұмысын орындайды.
Қорытынды:
Аяқталған жұмыстардың орындалуына талдау жасап, ең жақсы жасалғандарын атап өту.
Жұмыстың орындалу сапасына назар аудару. Балалардың жұмыстарынан көрме ұйымдастыру, бағалау.
Сабаққа бесенді қатысқан балаларды мадақтау.
Сабақтың тақырыбы: Тасбақалар
Оқу іс-әрекетінің түрі: мүсіндеу.
Оқу іс-әрекетінің мақсаты:
Бүтін бөліктен созу тәсілі арқылы тасбақаны мүсіндеуді үйрету; мүсіндеу дағдыларын жетілдіру.
Көрнекілік:
Тасбақа бейнеленген суреттер, ермексаздан жасалған дайын үлгі, жұмыс дәптері, ермексаз, таяқша, тақтайша, қолорамал.
Оқу іс-әрекетін ұйымдастыру.
Балаларға тасбақа туралы жұмбақ жасыру. Балалардың дұрыс жауабынан кейін тасбақаның суретін көрсету арқылы оның құрылысына, дене бітіміне назарларын аударту.
Ермексаздың бүтін кесегінен созу тәсілі арқылы мүсіндеу жұмысының барысымен таныстыру. Үлгіні көрсете отырып, балаларға тасбақаның жасалу жолдарын көрсету.
Сергіту сәті:
Добым, добым, домалақ,
Тоқтамайсын домалап.
Үстел үстін бүлдірдің,
Тәрелкені сындырдың.
Тентек болып кеттіндеп,
Тұрғой сені тепкілдеп.
Жұмыс барысы:
Қоңыр ермексаз кесегін жұмсартып аламыз.
Үлкен домалақ жасаймыз.
Созу тәсілімен басын, мойнын және аяқтарын шығарып аламыз.
Жіңішке ширатпалар дайындап аламыз.
Тасбақаның сауытын ширатпалармен безендіреміз.
Балалар жұмыс дәптеріндегі үлгіге қарап отырып, тасбақаны мүсіндеуге кіріседі. Көрсетілген созу тәсілін қолдана отырып, жұмысты орындау.
Қорытынды:
Дайын мүсіндерден шағын көрме ұйымдастыру. Балалар жұмысын талдау, бағалау.
Достарыңызбен бөлісу: |