Сабақтың тақырыбы: Мұқан Төлебаевтың «Біржан-Сара» операсы
Сабақтың мақсаты:
Білімділік: оқушыларды көрнекті композитор М.Төлебаевтың «Біржан-Сара» операсындағы халық ақындарының ұрпаққа берер мәдениеттілігін таныстыру;
Дамытыушылық: оқушыларды композитор шығармаларында ұлттық үнділігімен ерекше көзге түскен операсы туралы білімдерін дамыту, жетілдіру;
Тәрбиелілік: оқушыларды композитор шығармалары арқылы ұлттық, мәдениеттілікке, өнерді сүюге тәрбиелеу;
Көрнекілігі: композитор суреті, өмірі, опералары туралы видео-слайд;
Сабақтың барысы:
Ұйымдастыру: оқушылардың сабаққа қатысымын, дайындығын қадағалау, жаңа сабаққа назарын аудару;
Үй тапсырмасын сұрау:
«Абай» операсының 1,2 және 3,4 бөлімдері бойынша талдау жасау;
3. Актуалдау: Өткен сабағымызда А.Жұбанов пен Л.Хамидидің бірлесіп жазған «Абай» операсын қорытындыласақ, бүгінгі сабағымыз композитор М.Төлебаевтың аты әлемге әйгілі «Біржан-Сара» операсына арналады.
4. Жаңа сабақ барысы:
Мұқан Төлебаев 1913 жылы Талдықорған облысы, Бөрлітөбе ауданы Қарашыған ауылында кедей шаруаның отбасында дүниеге келді. Оның балалық шағы Балхаш көлінің жағалауында өтті. Мұқанның музыкаға деген қабілеті ерте оянды. 6 жасынан бастап домбыра шертеді. Оған анасы Тәжібала мен туған нағашысы Апырбайдың ақындық, әншілік, күйшілік өнері зор ықпал жасады. Орта мектеп бітірген соң Алматы педагогикалық училищесінде оқиды (1933). Алматыда өткен халық өнерпаздарының бүкіл қазақстандық 1- слетіне қатысып (1934), әнші ретінде көзге түседі. Москва консерваториясы жанынан ашылған Қазақ студиясына оқуға түседі (1936). Москва консерваториясында оқу оның композиторлық қабілетінің дамуына жол ашады. Тұңғыш авторлық шығармалары: «Кешкі көк», «Көп жүрдім», «Қамар» сияқты әндері мен романстары жатады.
Ұлы Отан соғысы басталып, оқуын тоқтатуға тура келеді. Қазақстаннан барған жолдастарымен майданға аттанады. Бірақ денсаулығына байланысты әскери міндеттен босатылады. 1941 жылы Алматыға оралады. Мұнда Е.Брусиловскиймен танысып, шығармашылықпен айналысады. Оның «Соқ барабан», «Жеңіс», «Комсомол» - патриоттық әндері және «Кестелі орамал», «Тос мені, тос», «Ақмарал сұлу еркем» сияқты лирикалық әндері оның шығармашылығында маңызды орын алады.
М.Төлебаев алғашқы көпшілік айтатын қазақ әндері мен қазақ романсының іргесін қалаушы, шығарушы. Оның Абай поэзиясынан жазылған «Мен көрдім ұзын қайың құлағанын» атты романсы бар.
Композитордың опера өнерінде ерекше орын алған шығармасы «Біржан-Сара» операсы. Бұл опера музыка мәдениетінің алтын қорына кірген. Операны композитор соғыс жылдары жазған. Опера 1946 жылы аяқталды. Операның алғашқы қойылымы 1946 жылы 7 қарашада Абай атындағы опера және балет театрында болды. Операның либреттосын жазған Қажым Жұмалиев. Операда басты рольді ойнағандар К.Байсейітова, Әнуарбек Үмбетбаев, Байғали Досымжанов, Кәукен Кенжетаевтар болды. Операның негізіне «Біржан-Сара айтысы» алынған. Біржан мен Сара қазақ даласына атағы шыққан халық ақындары. Операда екі ақынның өмірінен деректер пайдаланған. Екі жастың аянышты тағдыры арқылы композитор халық өнерінің мәнділігін көрсетеді.
Опера 4 бөлімнен тұрады.
І-көрініс: Ауыл-ауылдан жиналған халық. Естай Біржанның айтысқа келгенін жариялайды. Біржан мен Сара суырып салма ақындық сайысында өз өнерін көрсетеді. Бұл сайыста Сара жеңіледі. Қарсылыстар бір-бірін ұнатып қалып сезімдерін білдіреді. Бұл Жанбота болыс пен күйеу жігіт Жиенқұлға ұнамайды. Себебі қазақтың салты бойынша Сараны Жиенқұлмен атастырып қойған еді.
ІІ-көрініс: екі ғашықтың қосылуының мүмкін еместігін нығайта түседі. Мұнда Біржанның бейнесі жаңа жағынан ашылады. Анасымен кездесу көрінісінде Біржанның сағынышқа толы сезімі, ойға шомған бейнесін көреміз. Әкесі Біржанның Сарадан бас тартып, шариғат заңына бағынуын талап етеді. Бірақ Біржан Сараға деген сүйіспеншілігін бұза алмайды.
ІІІ-көрініс: Көріністің басы баяу, жайбарақат басталады. Оқиға Жиенқұл ауылында болады. Мұнда атастырып қойған екі жастың үйлену тойы болмақ. Көңілдері жабыңқы. Сара «есі ауысқан Біржан тауда жүр» деген хабар естиді. Осы хабар Сараны тағдыр тәлкегіне көндіре алмай ол Жиенқұлдан бас тартады. Біржан ойламаған жерден пайда болады. Оны байлап зынданға тастайды.
ІҮ-көрініс. Зынданда жатқан Біржанды күзетшілер күзетуде. Қараңғы қапаста Біржанның күні өтеді. Ол ән шырқай алмайды. Өмірінің соңғы кезінде ол анасымен Сараны еске алады. Күтпеген жерден зынданға Сара келеді. Ол Біржанның рухын көтеріп, өмірге деген ынтасын оятады. Бірақ Біржан әлсірей бастайды. Ана жүрегі қайғы-қасіретке толы. Ол ұлының әндері халық есінде қалатынана сенеді.
Опера 1958 жылы Москва сахнасында қойылады.
Дамыту: оқушылардың білімдерін «INSERT стратегиясы» арқылы дамыту;
INSERT стратегиясы
Нені білеміз
|
Нені білдік?
|
Нені білгім келеді?
|
|
|
|
Бекіту: топ басшылары әр топқа сұрақтар қою арқылы сабақ бекітіледі.
1. Мұқан Төлебаев қай жылдар аралығында өмір сүрді?
2. Балалық шағы қай жерде өтті?
3. «Біржан-Сара» операсы қай жылы қойылды?
4. Композитордың қандай әндері бар?
5. «Біржан-Сара» операсының либреттосын жазған кім?
Қорытынды: М.Төлебаев – көрнекті композитор. Оның әлемге әйгілі болған «Біржан-Сара» операсы, вокалды-симфониялық шығармалары, әндері қазақ мәдениетіне зор үлесін қосты.
Үйге тапсырма: М.Төлебаевтың «Біржан-Сара» операсын оқу, бөлімдері бойынша баяндау;
Бағалау: оқушыларды бағалау;
Достарыңызбен бөлісу: |