Сабақтың тақырыбы: Мұғалім еңбегінің шығармашылық сипаты.
Мұғалім еңбегі басқа қызметтермен салыстырғанда, өзіндік ерекшелігі мол шығармашылыққа сүйенеді. Өйткені, жеткіншек ұрпақты өмірге, еңбек пен әлеуметтік іс - әрекетіне дайындау – мұғалімдерді көп іздендіріп, ойландыратын жұмыстың ең басты түрі. Олай болса, әрбір мұғалім орта немесе жоғары дәрежелі педагогтық білім алумен қанағаттанып қоймай, ол тәрбие мен оқытудың тиімді жолдарын үнемі іздестіріп, өз жұмысында пайдаланып отыруы тиіс. Сонда ғана мұғалім жаңашыл, оқушыларға тәрбие және білім берудің теориясы мен практикасын дамытудың асқан шебері бола алады.
Педагогикалық шығармашылық - ғылыми ізденудің нәтижесінде озат педагогикалық тәжірибені жасау, тұтас педагогикалық үдеріс проблемаларын шеберлікпен шешу, оларды педагогикалық жұртшылықтың игілігіне айналдыру.
Шығармашыл мұғалімдердің өзінің ішкі жан дүниесінде, көңіл-күйінде, балалармен қарым-қатынасында үйлесімділік байқалып тұрады. Олар әр сабақты бір шығармашылықты шыңдау лабораториясына айналдырып жібереді.
Орта білім беру жүйесінде әлемдік жоғары деңгейге қол жеткізген анағұрлым танымал оқыту әдістемелері арасында сындарлы оқыту теориясына негізделген тәсіл кең тараған. Сындарлылық теориясына негізделген оқытудың мақсаты – оқушының пәнді терең түсіну қабілетін дамыту, алған білімдерін сыныптан тыс жерде, кез келген жағдайда тиімді пайдалана білуін қамтамасыз ету.
Оқытудың сындарлы теориясы мұғалімнің алдына ең алдымен оқушының жан дүниесін жақсы түсіне білу жөнінде нақты міндеттеме қойып отыр. Сапалы оқытудың маңызды факторы мұғалімнің оқушының тақырып мәнін өз бетімен меңгеруін түсінуі мен бағалай алуы болып табылады. Себебі, оқытудағы сындарлы тәсіл бұл үдеріске оқушының өзінің де қатысуын талап етеді. Осылайша, оқушы да өзінің оқуы үшін жауапты болады.
Достарыңызбен бөлісу: |