Гранатты лақтыру кезіндегі оның бөліктері мен механизмдерінің жұмысы. Гранатты лақтыру алдында оны – сөмкеден алып, түтіктен тығынын бұрап шығарып, оның орнына тұтандырғышты соңына дейін бұрап салу керек. Тұтандырғыш соққы механизм бөлшектері мынадай жағдайда орналасады: соққыш қайырылып, соққы механизм түтігі сақтандыратын мұрындықпен жалғасқан ағытқыш иінтірек айырымен жоғарғы жағдайда ұсталынып тұрады. Сақтандырылатын мұрындық ұшы бөлінген және тұтандырғышты мықты ұстап тұрады.
Гранатты лақтыру үшін оның ағытқыш иінтірегін саусақтармен гранат корпусына қыса ұстап тұрып қолға алу керек.
Иінтіректі жібермей сақтандырғыш мұрындықты жұлып алып, гранатты нысанаға лақтырамыз. Мұрындықты жұлып алғаннан соң, тұтандырғыш бөлшек орны өзгермейді, соққыш қайырма жағдайда соққыш механизм түтігі жалғастырудан босатылады, бірақ саусақтармен қыса ұсталынып, ағытқыш иінтірекпен ұсталынып тұрады. Гранатты лақтыру кезінде ағытқыш иінтірек гранаттан бөлініп, соққышты босатады. Соққыш ұрыстық серіппе әсерінен капсюль-оталғышқа соққы беріп, оны тұтандырады. От жалыны капсюль-оталғыштан баяулатқышты тұтандырады, одан өтіп капсюль-детонаторға беріледі.
Капсюль-детонатор жарылып, гранаттың зарядын жарады. Гранат корпусы жарылады да, корпус және тұтандырғыш жарықшақтары жан-жаққа шашырайды.
Ф-1 жарықшақты қол гранаты – арақашықтықтық әрекетті гранат. Ол көбінесе қорғаныс шайқасында тірі күшті жоюға арналған. Гранатты әр түрлі жағдайлардан және тасадан, сауытты транспортерден немесе танкіден лақтыруға болады. Гранаттың жарылу кезіндегі жарықшақтар ұшу радиусы – 200м-ге жуық. Гранат лақтырудың орташа қашықтығы – 35-45м. Жарақталған гранат массасы–600г. Тұтандырғыш баяулатқышының жану уақыты – 3,2-4,2 с.