Тірек-сызбаны құрудың негізгі қағидалары: Тірек-сызба – оқу материалының негізгі бөліктерінің мазмұынын жинақтайтын бөліктерден тұрады;
Әрбір бөліктердегі теориялық материал арнайы белгілер, сызбалар, сөздер арқылы біріктіріледі;
Тірек-сызбалар – есте оңай сақталатындай қарапайым болуы керек.
Бұл үшін графикалық безендіруде шығармашылық ізденіс және ұшқыр ой тапқырлығы талап етіледі.
Тірек-сызбалар ‒ білім стандартында белгіленген, білім беру бағдарламаларында айқындалған талаптарды нақты жағдайларда жүзеге асыруға мүмкіндік береді.
Тірек-сызбалар арқылы білім беру әдістемесінің негізгі ұстанымы – оқу материалдарын оқушының жас ерекшелігі мен психологиялық ерекшеліктеріне байланысты ойлау әрекеттерін ойластырып, саналы да сапалы меңгерту жүзеге асырылады.
Тірек-сызба ұғымына ғылыми анықтама берсек ‒ білім алуда оны меңгеруге, есте сақтауда, талдауда білімнің көзі ретінде пайдаланатын сызба құрал .
Тірек-сызбаларды теориялық білім күрделі болып келген жағдайда пайдаланған тиімді. Күрделі формулаларды қорыту барысында, құралдардың неден тұратыны, қалай жұмыс істейтінін меңгеру үшін көп көмегін тигізеді. Тірек-сызбалары ‒ оқу материалын тұжырымдап жүйелеуге, оқушылардың білім деңгейіне орай, даралық ерекшеліктеріне сай, олардың әр түрлі әрекетін ұйымдастыруға жағдай туғызады.
Қазіргі таңда заманауи ақпараттық технологияларды қолдану мүмкіндігі пайда болғанда әр түрлі қызықты суреттері мен сызбалары бар тірек-сызбаларды жасауға мүмкіндік туды. Аталмыш технологияны жүзеге асыруда мұғалімнің белсенділігі, шығармашылық ізденісі, өз мамандығына деген сүйіспеншілігі артып, оқушыларды жеке тұлға ретінде бағалауы ерекше орын алады.