Тақырып: 2.7. ШЖБМ-дегі өзіндік жұмыс, оның түрлері және пәндерді оқытуда өзіндік жұмысты ұйымдастырудың әдістемесі
Өзіндік жұмыс, оның түрлері және пәндерді оқытуда өзіндік жұмысты ұйымдастырудың әдістемесі
Өзіндік жұмыс – оқушының күрделі іс-әрекеттерініғ бір түрі немесе оқу жұмыстарының арнайы бір формасы болып табылады. Шағын жинақты бастауыш мектепте оқу-тәрбие жұмыстарының ерекше көңіл аударатын бір саласы – оқушылардың өздігінен орындайтын жұмыстары. Бірнеше сыныппен жұмыс істейтін мұғалімнің негізгі педагогикалық міндеті – жеке сыныппен жұмыс істейтін мұғалімнің алдына қойған міндетпен бірдей. Ол да оқу жоспарын, бағдарлама талаптарын орындауға тиіс.
Өзіндік жұмыстардың нәтижелі болуы үшін алдымен «өзіндік жұмыс» деген ұғым нені білдіріп тұрғанын анықтап алу қажеттігі туады: біріншіден, өз бетінше жұмыс балалардың түрлі тапсырмаларды, жаттығуларды ешкімнің көмегінсіз орындаулары, екіншіден, мұндай жұмыстар балаларды ұқыптылыққа, тәртіптілікке, жинақылыққа, бақылай білуге тәрбиелейді.
Өзіндік жұмыс түрлерін ұйымдастыруда мынандай талаптарды орындау керек:
1.Өздігінен орындайтын жұмыстың мазмұны бағдарлама талаптарына сай болуы керек;
Өзіндік жұмыс оқушылардың ойлау қабілетін дамытуға тиіс;
Өзіндік жұмыстың түрі, мазмұны әртүрлі болуы керек;
Әрбір орындалған өзіндік жұмыс тексеріліп, бағалануы керек.
Өздік жұмысты ұйымдастырудың шарттары мыналар:
мұғалімнің нақты тапсырмалар (нұсқаулар) беруі;
жұмысты орындаудың және аяқтаудың уақытын белгілеуі;
мұғалімнің басқаруымен оқушылардың дербестігінің мөлшері, олардың жұмысты өз еркімен және қалауымен істеуі;
оған әсер ететін мотивтер.
Өзіндік жұмыстың түрлері сан алуан. Оларды топтастыру - күрделі мәселе. Оның жиі кездесетін бір тобы – сабақ мақсатына қарай қолданылатын жұмыс түрлері:
а) Жаңа білімді меңгеру (материалды жан-жақты талдау, мұғалімнің ауызша баяндауының жспарын, конспектісін жасау т.б. тәсілдерге үйрену).
ә) Жаңа білімді бекіту (түрлі жаттығулар, есеп шығару, түрлі жазбаша, графикалық, практикалық т.б. жұмыстар).
Өздік жұмысқа мынадай талаптар қойылады:
1) Тапсырма әрбір оқушының білім деңгейіне байланысты таңдалуы керек.
2) Өздік жұмысты орындауға жеткілікті уақыт берілуі керек (8-15 мин. ұзақ болмайды).
3) Міндетті түрде тексерілуі керек.
4) Жұмыс сабақтың мақсатына байланысты (жаңа материалды қабылдауға, өткен материалды бекітуге, қайталауға, білімді тиянақтауға) таңдалады.
5) Өздік жұмыстың мақсаты, орыдау әдісі оқушыларға түсінікті болуы тиіс.
6) Өз бетімен жұмысқа оқушылар білім деңгейіне байланысты әр түрлі уақыт жұмсайтынын ескеріп, тақтаға не карточкаға қосымша материалдар дайындап әкелу керек.
7) Ескертпе, түсініктеме-карточкалар, перфокарталар дайындау қажет. Оқушыларға өзіндік жұмыс ретінде пәндер бойынша мынадай тапсырмалар беруге болады.
Қазақ тілі сабақтарында – түрлі жаттығу жұмыстарын орындау, қима қағаздармен, перфокарталармен жұмыс, сурет бойынша сөйлем, әңгіме құрау, сөздіктермен жұмыс тапсырылады. Мысалы, мұғалім грамматикалық талдау жасауға сөз, сөйлем немесе мәтін береді. Жоспар жасатады (әуелі ауызша, сонан соң жазбаша жоспар жасатады). Мұндай жаттығуларды балалар өздіктерінен орындағанымен, оның қалай орындалатыны көрсетіліп, алдын ала дайындық жұмыстары жүргізіледі. Балалар бір тапсырмадан кейін екіншісін орындайды, олар жұмыстарын өздіктерінен тексереді, қалай орындағандарын мұғалімге айтады. Негізінде қазақ тілі сабақтарындағы жаттығулардың барлығы оқушыларға өздіктерінен жұмыс жасатуды көздейді. Алайда жаттығу ұғымы оқушыларға өздіктерінен жұмыс жасатудан кеңірек. Жаттығу − мұғалімнің басшылығымен орындалатын, оқушылардың алған білімдерін бекітуді көздейтін тұтас тәжірибелік жұмыс. Жаттығуда уақытқа шек қойылмайды. Ал оқушылардың өздіктерінен істейтін жұмыстарына белгілі мөлшерде уақыт беріледі.
Балалардың қазақ тілі сабақтарында өз беттерінше грамматикалық талдау жасауы төменгі сыныптардың өзінде-ақ іске асырыла бастайды.
1-сыныптың балалары оқу жылының екінші жартысынан бастап тақтадан, болмаса оқулықтан қысқа мәтіндерді көшіріп жазатын болады, кейбір сөйлемдерді бөліп, жеке айырып жазып қояды, мұғалім астын сызып көрсетіп берген сөздерді жазып алады, кеспе әріптерден сол сөздерді құрастырып, сөздің әрқайсысын буынға бөледі, мәтіннен көшіріп жазып алған сөздердегі дауысты және дауыссыз әріптерді көрсете алатын болады.
2-сыныптың балалары нәрсені, сапаны, әрекетті білдіретін сөздермен танысып болғаннан кейін, олар мәтінде кездескен сол сөздерді өзбеттерінше тани біледі, оған өздерінше сұрақ қоя алады. Заттың атын, сапасын, әрекетін білдіретін сөздерді алдымен жеке-жеке, содан соң топтап жазады, ол сөздердің астын сызып қояды. Содан кейін заттың атын білдіретін сөздерді, оның сапасын болмаса әрекетін білдіретін сөздермен біріктіріп құрастырады. Сол сияқты 2-сыныпта сөздерді буынға бөлу, ұяң және қатаң дауыссыз дыбыстарды табу, сөз екпіні түсетін буындардың астын сызып қою, екпінді дауысты дыбыстарды табу балалардың өз беттерінше істейтін жұмыстары есебінде жүргізіледі. Сөздің түбірімен танысып болғаннан кейін балалар мұғалімнің оқып берген мәтініндегі біріне-бірі ұқсас сөздердің астын сызып, көшіріп жазуға дағдыланады. Балалар біраз уақыт дағдыланғаннан кейін сол түбірге ұқсас түбірлі сөздерді іздеп табуға жаттығады.
Өз бетінше жұмыс істеудің бұл түрлері кейінгі сыныптарда да кеңінен қолданылады.
3 және 4-сыныптарда балалардың өз бетінше грамматикалық талдау жасауын ұйымдастыру кең өріс алатын болады. Балалар өз беттерінше сөзге морфологиялық, грамматикалық талдау жасайды. Жазбаша грамматикалық талдау жұмыстарын алғашқыда сызба бойынша өткізген қолайлы. Сызба балалардың зейінін тәртіпке келтіреді, сөз таптарының грамматикалық тұлғаларын есте сақтауға жәрдемдеседі және әртүрлі грамматикалық тұлғаларды өзара салыстыруға мүмкіндік туғызады. Сызбаны пайдаланбай мәтінді жазбаша грамматикалық талдау жасау көбінесе бақылау жұмыстары сияқты болып жүргізіледі. Балалардың өз беттерінше қандай да болсын грамматикалық талдау жасау түрлері грамматика және орфография сабақтарының бір бөлімі болып өтуге тиіс.
Оқушылардың өздіктерінен істейтін жұмыстары бастауыш сыныптарда ұзақ болмауы керек және көлемі шағын, мазмұны оңай болуға тиіс. 2-сыныпта − 5-10 минут, 3-сыныпта − 10 минут, 4-сыныпта 10-15 минуттық тапсырмалар беріледі. Мұғалім оқушылардың өздіктерінен орындайтын жұмыс түрлерін, әр пәннің ерекшелігін ескере отырып, алдын-ала дайындауы керек.
Өздігінен орындайтын жұмыста ұйымдастыру − сабақтың ең күрделі кезеңі. Өйткені, жұмысты оқушылардың бәрі бірдей бір мезгілде аяқтамайды. Қазіргі кезде білім сапасымен оқушылардың жеке басының қабілетін дамыту қай кездегіден де өткір қойылып отыр. Ол үшін мұғалім оқытудың технологиялық жаңа әдіс-тәсілдерін пайдалануы керек. Өз бетінше жұмысты ұйымдастыруда баланың жеке қасиеттерін ескеріп, жекелей, саралай оқыту әдісін пайдаланған дұрыс. Ана тілі сабақтарында оқушылардың өздігінен орындайтын жұмысын басқару ісі 1-сыныптан басталады. Ал, 3-сыныпта жүргізілетін жұмыстар 2-сыныпқа қарағанда мазмұны және көлемі жағынан күрделі болады. Оқушылардың өздіктерінен жұмыс істеу әрекеті бірден қалыптаспайды. Ол өте күрделі үдеріс болғандықтан, қарапайым сатыдан жоғары, күрделі сатыға қарай біртіндеп дамиды.
Достарыңызбен бөлісу: |