Сабақтың тақырыбы: Сәлем –сөздің анасы Мерзімі: 13 ж Мақсаты



Дата25.08.2017
өлшемі120,47 Kb.
#27719
Сабақтың тақырыбы: Сәлем –сөздің анасы

Мерзімі:13..02.2014ж

Мақсаты:

  1. Оқушыларға әдептілік белгісі сәлемдесуден басталатынын түсіндіру, сәлемде де сұлу

сыр бар екенін білдіру.

2. Ойлау қабілетін, сыйластық қасиетін, үлкенге-құрмет, ізеттілігін дамыту.
3. Адамгершілікке, әдептілікке, мәдениеттілікке тәрбиелеу.
Әдісі: Сұрақ-жауап,әңгімелесу
Көрнекілік: Интерактивті тақта

Сәлем парызын білмесең, біліп тұрып оны

өтемесең, жолын жасамасаң, нағыз мәдениетсіз

адамсың.


Бауыржан Момышұлы

Сынып сағатының барысы:
I. Ұйымдастыру кезеңі
Психологиялық тренинг

1.танымайтын көшедегі адамдармен сілемдесу

2.Көптен көрмеген досыңмен сәлемдесу

3.10 жылдан кейінгі кластасыңмен сәледесу.

II. Кіріспе: Ой шақыру.
" Сәлем" сөзінде қандай сыр бар?

Cуреттермен жұмыс

Оқушылар жауабы:

Ботагөз:

«Әдептілік сәлемдесуден басталады» дейді дана халқымыз. Амандасу әр халықтың мәдениетінің алғашқы беташары. Амандасу –бейбіт пейілдің, достық ықыластың белгісі. Алғашқы кезде адамдар «Міне, көрдің бе, қолымда дәнеңе жоқ, қарусызбын» дегенді білдіріп, оң қолды көтерген. Осындай ізгі ишара біртіндеп, амандасу рәсіміне айналған. Қазақ халқында амандасу рәсіміне ерекше мән беріледі. Әдетте кіші – үлкенге, аттылы – жаяуға бұрын амандасады.
Жайылхан:

Мұсылман халқында амандық салты «Ассалаумағалейкум!» деген сөзден басталады. Ол жақсы тілек. «Сізге алланың нұры жаусын деген сөз». Жас адам жолы үлкен, жасы үлкен адамға алдымен ұмтылып, қос қолын ұсынады. Ал, сәлем алушы қария «Уағалейкумассалам» деп, оң қолын ұсынады. Ол «Алланың рақым нұры маған бір есе жауса, сізге 2 есе жаусын» деген сөз. Осылай қол алысып сәлемдесуден кейін амандасушылар алма-кезек:
- Дені-қарныңыз сау ма?
-Мал-жаныңыз, қора-қопсыңыз аман ба?
- Еліңіз тыныш па?
деген сияқты амандасу сұрағын жалғастырады.
Жасұлан:

«Сәлеметсіз бе?» кішігірім ғана бір ауыз сөз. Ал, бірақ бұл «Мен сені аман-есен ұшырастырып тұрмын, ағайын. Пейілің жарқын, жүзің ашық болсын, мен сені сыйлаймын, сені де сыйластық танытады деп білемін. Өз басым саған денсаулық, амандық, бақыт тілеймін» деген бірқауым ойларды білдіреді. Телефон шалған адам алдымен сәлемдесіп алып, одан кейін барып өзін таныстырып, шаруасын айтады.

Ақбота:

Ертелі-кеш өзіңе таныс адамдарды көргенде немесе мұғаліміңді көргенде біз: «Сәлеметсіз бе?» дейміз. Олар да: «Сәлеметсіңдер ме?» деп бізге жауап қайтарады. «Сәлем – сөздің анасы» деп халқымыз осыған сүйеніп айтқан. Сәлем беру дегеніміз – адамдар жүрегіне бастайтын жол.

ІІ.Негізгі бөлім.

  1. Амандасу әдебі:

Нәзікгүл:

Кез-келген танысу алдымен сәлемдесуден басталады. Әдеп бойынша кісілермен «Сәлеметсіз бе! (саламатсыз ба)», «Амансыз ба! (есенсіз бе)», «Қайырлы таң!», «Қайырлы күн!», «Қайырлы кеш!» деп амандасқан дұрыс. бірақ есіңде болсын әрбір амандасудың өз уақыты бар. Таңғы сағат 6 мен күндізгі 12 сағаттың арасында «Қайырлы таң!», күндізгі 12 сағат пен 18 сағаттың арасында «Қайырлы күн!», ал 18 сағат пен 24 сағаттың арасында «Қайырлы кеш!» деп амандасса, 24 сағат пен 6 сағаттың арасында «Қайырлы түн!» тілеу керек.

Назерке:

Жымию. Өзің ойлап қарашы егер құрбың сенімен тісінің арасынан қабағын түйіп, ернінің ұшымен амандасқанын көзіңе елестетіп көрші, еріксіз  көңіл-күйің түсіп кетері сөзсіз. Сондықтан адамдармен қарым-қатынасыңды ушықтырмай жақсарта түсу үшін олармен жылы жымиып амандас.


Екпін. Ең қарапайым деген «Сәлеметсіз бенің! (саламатсыз ба)» өзін сен амандасқан адам ренжіп қаларлықтай реңкпен айтуға болады. Сондықтан сөзге екпін түсірудің өзі де маңызды болып саналады. Адамдармен жылы ұшырап, өте жылдам да емес, жай да емес анық естілетіндей етіп амандасу керек.
Қимыл (жест). Амандасу түрлі иілумен, бас июмен, қол алысумен, құшақтасумен қошталатыны белгілі.  Амандасқан кезде қолыңды қалтаға, немесе көзіңді төмен түсіріп  тұруға болмайды. Ғимараттың ішін немесе басқа кіселерге қарап тұрып амандасуға болмайды. Амандасып тұрған кісіңе қарағаның дұрыс болады. Ер адам біреумен амандасқанда қалпағын шешеді немесе оны сәл көтереді. Қысқы бас киім, берет, кепка сияқты бас киімдерді шешпей амандасады. 
Жадыра:

Кім бірінші болып амандасады    


Ер адам әйел адамға, ал ұлдар қыздарға бірінші болып амандасады; 
Жасы кіші жасы үлкенге бірінші болып сәлемде-седі; 
Жасы кіші әйел адам жасы үлкен әйелге, сонымен қатар жасы көп үлкен ер адамға да бірінші болып сәлем береді;
Бөлмеге әйел адам кіргенде онда отырған барлық ер адамдар тұруы немесе отырғыштан сәл көтерілуі керек;
Әйел адаммен амандасқан ер адам оның қолын сүйеді, алайда мұны тек ғимараттың ішінде ғана жасауға болады; 
Егер жасы мен дәрежесі бірдей адамдар кездесіп қалса, кім тәрбиелірек болса сол бірінші болып амандасады;
Қызметкер басшысымен кездескенде өзі амандасуы тиіс, егер басшының жасы қызметкерден кіші болса, онда жасы үлкен қызметкерімен өзі амандасқаны дұрыс;
Өтіп бара жатқан кісі тұрған кісіге амандасады;
Екі жаяудың жай жүріп келе жатқанын қуып жеткені бірінші болып сәлемдеседі;
Егер әйел адам мен ер адамды (құрбың мен досын немесе керісінше досыңды құрбысымен) кездестір-генде онда бірінші әйел адамға, содан соң оның серігіне сәлем береді; 
Көлікте отырған адам көшеде жаяу кетіп бара жатқан кісімен амандасу керек;
Егер кешігуші әйел болса да, кешігіп келген кісі күтіп тұрған кісіге бірінші болып сәлем береді;
Ресми қабылдауларда, қонақта алдымен үй иелерімен амандасқан жөн;
Сырттан кірген кісі іштегі кісілерге өзі амандасады;
Егер ер адамның қасында келе жатқан әйел адам (жігітпен келе жатқан қыз) жалғыз немесе өзге әйел адаммен келе жатқан әйелді кездестір-генде әдеп бойынша алғашқысы, яғни ер адаммен келе жатқан әйел сәлемдеседі;
Егер әйел ер адамның қасынан озып өтіп бара жатса өзі сәлем береді;
Егер екі ерлі-зайыпты жұп кездесіп қалса, онда алдымен әйелдер бір-бірімен, содан кейін ер адамдар әйелдермен, ал соңында барып ер адамдар бір-бірімен амандасуы керек.
Аршын:

Таныс  емес немесе жете танымайтын кісімен қалай амандасу керек



Егер қасыңда келе жатқан құрбың саған таныс емес кісімен амандасса, ол кісімен сенің де амандасқаның дұрыс;
Жиі кездесетін кісілеріңмен (мысалы, жақын жердегі дүкеннің сатушысы, пошташы, көршілермен, басқа сыныпқа сабақ беретін мұғалімдермен, т.б.) танымасаң да амандасып жүрген жөн;
Егер танысыңды алыстан көріп қалсаң (мысалы, көшенің арғы бетінде, автобустың бір басында, т.б.) ол да сені байқаса, бар дауысыңмен айқайлап амандаспай-ақ, ол кісімен бас изеп, қол бұлғап, бас иіп, жымиып амандасуға болады;
Егер көшеде достарыңмен, әріптестеріңмен келе жатып өзіңнің танысыңды кездестіріп қалсаң, қасыңдағы кісілерді оған таныстырып жатудың қажеті жоқ, жай ғана кешірім сұрап, былайырақ шығып сәл ғана сөйлескеніңіз орынды;
Егер бөлмеге кіргеніңде көп кісі отырса, барлығымен жеке-жеке амандасудың қажеті жоқ, барлығымен «Сәлеметсіз бе! (саламатсыз ба)» деп амандасу жеткілікті;
Егер танысыңды танымайтын кісінің қасынан көрсең екеуімен де амандасу керек, сол сияқты танып-танымағаныңа қарамастан өзің келіп қосылған топтағылардың барлығымен де  амандасу керек;
Егер өзіңе қарай келе жатқан танысыңды көрсең алыстан айқайлап сәлемдесудің керегі жоқ, араларыңыз бірнеше қадам қалғанша күтіп сәлемдескен дұрыс болады.

Ақбота:

  Сәлемдескенде ешқашан дауысты көтермей, жылы шыраймен ізет көрсету – сәлемдесу әдебінің шарты. Дауыс ырғағының өзі маңызды қызмет атқарады. Кейбір елдерде адамдар дауыс ырғағынан-ақ «кім екеніңді білдім» дейді. Бұл кездейсоқ айтылған сөз емес. Көнекөз қария бір сәтте-ақ бойыңыздағы барлық қасиетіңізді байқап қалады. Егер сен амандасу үстінде қабағыңды шытып, естілер-естілмес ерніңді жыбырлатып немесе үлкен кісінің қолын қаттырақ қысып жіберсең, дөрекілігің бірден көрінеді.
Сәлемдесудің әдеп ретіндегі ең басты шарты – жылы шырай екенін ұмытпаған жөн. Сол себепті әркім қалай сәлемдесе білуді, өзінің қас-қабағын, дауыс құбылысын қадағалап, алдындағы адамға жақсы әсер қалдыратындай болуына талпынуы керек.

Оразбек:
Менің ойымша, жастардың үлкендерге қалшиып тұрып, бір қолын ұсынуы немесе шарт еткізіп дыбыс шығаруы да әдепсіздік болады. Сондай-ақ немкетті, саусақтарын былқ еткізіп ұстата салу, басқа біреуге қарап тұрып амандасу да әдептілікке жатпайды.

Топ адамның ішінен атақты-абыройлы деген бір-екеуімен ғана алалап сәлемдесіп, қол алысу — барып тұрған әдепсіздік. Бұл сәлем берілген адамдардың өзін ыңғайсыз жағдайда қалдырады да, сәлем берілмегендер үшін ашықтан-ашық қорлау болып табылады.

Қазақта «Алыстан 6 жасар бала келсе, алпыстағы қария барып сәлем береді» деген дәстүр бар. Алыстан келген кісіге сәлем беру тәртібі жасқа байланысты емес. Ал, кездескенде кіші үлкенге сәлем бермей кетсе, ол көргенсіздік, әдепсіздік болады.

2.Сәлемдесу түрлері:

Нұрдаулет:

Амандасу рәсімінің бірнеше түрлері бар. Қол беріп амандасу, Төс қағыстырып амандасу, қолдан сүйіп амандасу, көзден сүйіп амандасу, иіскеп амандасу, маңдайдан сүйіп амандасу.

Нұртолған:
Қол беріп амандасқанда бетті бөтен жаққа бұрып немесе теріс қарап тұрып амандасуға болмайды. Амандасушылар бір-бірінің көзіне тура қарап шын пейілмен, жылы жүзде амандасқандары жөн. Әйел адамның немесе қыз баланың қол беруі міндетті емес.Қол алысу әрқашанда достықты білдіруге тиіс және екінші адамның қолын ауыртпайтындай етіп қысу керек. Қолды селқос, сұлық ұсынған дұрыс емес.
Төс қағыстырып амандасу ер жігіттердің, батырлардың шынайы достығын, кездесуге қуанашын білдіреді. Бір-біріне сенетін жігіттер ғана осылай амандасады.
Асылбек:

Қолдан сүйіп амандасу — әжелердің, апалардың жақсы көретін балаларын, жасөспірімдерді қолынан сүюі. Қолдың сыртынан ғана сүйеді, алақаннан сүюге болмайды.
Көзден сүйіп амандасу әжелер мен апалардың өте жақсы көретін немерелерін сағынғанда көзінен сүйіп амандасады.
Иіскеп амандасу – қариялар, ақсақалдар кішкентай бөбектерді иіскеп амандасады.
Маңдайдан сүйіп амандасу – үлкен адамдар кішкентай балалардың, жеткіншектердің маңдайынан сүйіп амандасады.
3.Әлемдегі ең қызықты сәлемдесу расімдері.

Ақниет:

Кейбір елдер әдеттегі қол алысумен қатар, үлкен сәлемдесу салтанатын өткізеді. Жаңа Зеландияға сапар шеккен жандар маори халқының "хонги" сәлемдесу рәсіміне куә болады. Бұл сәлемдесудің сан ғасырлық тарихы бар. Бір-бірін көрген жандар сәлемдескен кезде мұрындарын тигізіп амандасады. Мұрынмен үйкелесу арқылы олар "ха" рәсімін жүргізеді. "Ха" рәсімі – Тәңірге құлшылық ету.



Жаңа Зеландияға келген кез келген жан ұлысына және жынысына қарамастан, сәлемдескен кезде мұрнымен үйкелесу керек. Бұл заңға тіпті Уильям ханзаданың өзі бағынған.

Ақбота:

Тибет. Көптеген елдерде тіл шығару әдепсіздік болып танылса, кейбір жерде тілін шығарған жан жазаға тартылады. Тіл шығару тибет халқына жат емес, себебі олар бір-бірін көргенде, оң қолымен бас киімін алып, сол қолын құлағының артына ұстап, тілдерін шығарады екен.Бұл рәсім 9-ғасырда бастау алған. Сол замандағы Тибет елінің көсемі Ландарманың тілі қара болған деседі. Тибет халқы өзгелерге өздерінің жауыз емес екендерін көрсету мақсатында бір-бірін көрген кезде тілдерін шығара бастайды. Бұл дәстүр өз жалғасын әлі күнге дейін табуда.

Ғауһар:

Моңғолия. Ал моңғолдардың алдымен айтатыны: «Қалай көшіп жатырсың? Қалай қыстап отырсың? Малыңыз қалай?». Бұл жөн сұрасу баршаға ортақ, тіпті көшу дегенді білмейтін, мал ұстамайтын өзге кәсіп иелері, қала тұрғындары да солай амандасады.

Нұрдаулет

Жапон халқы сәлемдесу рәсіміне аса мән береді. Бір-бірін көрген кезде қалшиып сәл тұрғаннан кейін, қолын алдымен беліне, одан кейін иіліп тізесіне дейін апарып, сол еңкейген қалпы, мүләйім жүзбен көзін сүзіп қарайды. Жастар өзара бастарын изеп амандасады. Ал татамиде тізерлеп отырып, жерге қарай иілу керек.

Нұртолған:

Кенияға сапар шеккен жандар масаи тайпасын кездестіреді. Масаи тайпасының халқы бір-бірін көргенде, билей бастайды. Би арқылы олар бір-бірімен амандасады. Сәлемдесу биі "адаму" деп аталады, яғни "секіру биі". Билеген кезде шеңбер жасап, ырғалып, секіре бастайды.

Ерасыл:

Гренландия сияқты арктикалық аймақтардағы эскимостар не инуиттердің "куник" деп аталатын сәлемдесу рәсімдері бар. Бұл дәстүр отбасы мүшелері мен ғашық жандар арасында кеңінен таралған. Жүздескен жандардың бірі мұрнының ұшы мен жоғарғы ернін екінші жанның қолына я бетіне тигізіп, терең дем алады.

Жанболат:

Қытай  Ерте кезде Қытайда дос-жаранмен сәлемдесудің түрі өз қолын өзі қысу болыпты. Қытай халқының дәстүрлі сәлемдесуі "коутоу" деп аталадыСәлемдескен кезде қолдарды бүгіп, иілу қажет. Әйел азаматтардың сәлемдесу рәсімі "ваньфу" деп аталады. Олар қолдарын біріктіріп, оны денесінің бойымен төмен қарай сырғытады. "Коутоу" дәстүрі аңызға айналған Хуан-ди патшаның билік еткен тұсында бастау алған еді. Сол заманда бұл дәстүр патшалармен амандасқан кезде және неке қию, үйлену сияқты салттарда қолданылған.

Серікболсын:

Тай елінің амандасу рәсімі "вай" деп аталады. Бір-бірлерін көрген жандар алақандарын біріктіріп, бастарына қояды. Содан кейін иіліп, "савадди" деп айтады. Ежелден келе жатқан "вай" сәлемдесу дәстүрі әлі күнге дейін күллі Таиланд елі бойынша өз мәртебесін жоғалтпаған.

Еркеназ:

Филиппин елінде сәлемдесу рәсімі жас ерекшеліктеріне байланысты әр қилы. Мысалы, жас жігіт үлкен кісіні көрген кезде ол басын изеп, оң қолымен үлкен кісінің оң қолын ұстайды. Кейін саусағының ұшын оның маңдайына тигізеді де, "мано по" деп айтады. "Мано" - қол, "по" - құрмет деген мағына береді.

Оразбек:

Француздар бірінің-бірі маңдайынан сүйіп амандасады.

Ауғандар алдымен қолын маңдайларына тигізіп, иіліп, ізет жасап сәлемдеседі екен. Олары—«басымыз аман болсын!» дегендері.

Жайылхын:

Латын Америкасындағылар бір-бірімен құшақтасып сәлемдескен.

Жас американдықтардың аман-сәлемі бір-бірінің иығын қағу болса, өзара мұрындарын сипасып, бірін-бірі иіскеп амандасатын халықтар да бар екен.

Ботагөз: Сәлемдесуден соң хал-ахуал сұрасуда орыстар: «Денсаулығыңыз қалай?» дейтін болса, ертедегі мысырлықтар: «қалай, сіз  терлейсіз бе?» дейтін болған.

Гректер: «қуаныңыз» сөзін айтса, қытайлықтар: «бүгін тамақтандыңыз ба? Қарныңыз тоқ па?»- деп сұрайды екен.

4. 'Жалғасын тап'ойыны

Әдепті елдің баласы....../Алыстан салем береді./

Сәлем беру де парыз...../Сәлем алу да парыз./

Сәлем түзелмей...../Әлем түзелмейді./



Әдептілік белгісі-......../Иіліп сәлем бергені./

ІІІ. Қорытынды.Хаттарға жауап.
1. Сәлемі түзу екен дегенді қалай түсінесің?
2. Сыныптағы сәлемдеспейтін оқушыға не айтар едің?
3. Осыдан қандай қорытынды шығару керек.
Оқушы. Сәлемдесе білу де – өнер. Сөздің басы сәлемнен басталады.
Оқушы. Сәлем беру-өткінші міндет емес, өмірлік міндет.
Оқушы. Сәлемдесуден жалықпайық.
Оқушы. Сәлем беру – кішіліктің белгісі.
Оқушы. Әдептілік белгісі –иіліп сәлем бергені.
Мұғалім: Сәлемдесу – ынтымақ, бірлікке шақырады. Адамдықтың белгісі сәлемдесу екенін ұмытпайық.
Сәлеміміз түзу болсын!
Сәлемдесер адамымыз көп болсын!

Ән:Сәлем саған туған жер. Орындайтын: Жеткербай Ақниет.

Әні:К.Дүйсекиев.Сөзі Ш.Сариев.

Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет