Шоқанның қазасын естірту
Қазақтың атақты ғалымы, белгілі ағартушы, әрі саяхатшысы Шоқан Уәлиханов қайтыс болғанда Тезек төре оны Шыңғыс сұлтанға елдің басты адамдары арқылы естіртеді.
Тезектің суыт хабарлауы бойынша, Атығай Келдібек би мен Әлібек батыр көп нөкер ертіп Шыңғыс сұлтанның үйіне келіп түседі. Келсе, сұлтан іштей сескеніп отыр екен. Келдібек би ойлы пішінмен жадырай сөйлеп:
Төре, дүниеде не қымбат? – дейді.
Адам қымбат, - депті Шыңғыс
Адамға не қымбат?
Бала қымбат, егер сүйеніш болар перзент болса.
Жансызда не қымбат екен?
Жансызда қымбат гауһар деуші еді...
Теңіздің тұңғиық түбінде жатқан сол гауһардың да иесі бола ма?
Е, иесіз дүние бар дейсің бе, әр нәрсенің екі иесі бар ғой.
Егер осы жанды-жансыз ең қымбаттыға сол екі иесі таласса, қайсысы алар еді? – дегенде, Шыңғыс төре: «Ең күштісі алады» - деп өз санын өзі бір соғыпты да, -«Менің гауһарым Мұхаммед Қанапияға тағдырдың оғы тиген екен ғой» - деп өкіре жылап, жер бауырлап жатып қапты.
Келдібек би тоқтау айтып:
Уа, сұлтан, бала сіздікі еді, бақыты халықтікі еді. Пұлсыз берді, құнсыз алды, не шара! – деп кемсеңдеп, төңірегіне көз тастағанда, үйдегілердің бәрі еңірепті.
Бата
Қазақ халқының ежелгі салт дәстүрінің бірі – бата, тілек білдіру. Сөз арқылы таратушыға жалынып, жалбарынып ықпал етуге болады деп түсінген ата-бабаларымыз, «Жаңбырмен жер көгерер, батамен ел көгереді», «Баталы құл арымас», «Көп тілеуі – көл» деген оқ пікірді уағыздап кейінгі ұрпағына ықылас білдірген. Ат жетектеп, бата беріп, тілек тілеуді дәстүрге айналдырған. Бата беру әдетте, құрметті ақсақалдардың, не құдайы қонақтың үлесіне тиген. Халқымыздың бата тілегін бейнелейтін шешендік сөздердің неше алуан нұсқалары бар. «Ас адамның арқауы», «Астан ешкім үлкен емес», - деп игіліктің адам өміріндегі шешуші мәнін дұрыс түсінген ата-бабамыз шын пейілімен ақ дастарханын айқара жайып, келген құдайы қонаққа барын беріп, құрақ ұшып қарсы алған
Бата – тілектің енді бір тобы отбасы бақыты - жаңа туған жас нәрестемен жаңа түскен жас келінге арналған.
Баланы бесікке салып, ат қою тойына бүкіл ауылдың үлкен-кіші, кәрі-жасы жиналатын болған. Осы тойда ауылдың сөз білер пысық азаматтарының бірі бата берген.
Бата-тілекте де жаңа түскен келінге деген ыстық ықылас, аталы сөз, ақ тілек ашық айтылған. Үлкендерден алғыс алған жас келін үй ішкі өміріне бар ынта жігерімен, аянбай еңбек етіп кірісуге тырысқан. Жастарды жақсы сөзбен жарылқап, еңбекке ынталандыру, отбасы татулығын күшейтуге бірден бір әсер еткен.
Жоқтау
Күйеуі өліп қаралы болған әйел қайғысының ауырлығын білдіру үшін жоқтау айтады. Тіпті көне түркілерде әкесі өлген жігіттер өзінің жетімділігін білдіру үшін оң құлағынан бастап сол құлағына дейін пышақпен бетін тілетін дәстүр болған. Сірә, тіліміздегі «бетің тіліңгір» деген қарғыс осыдан қалған болу керек. Өлген адамның әйелі ері қайтыс болған күннен бастап басына қара жамылған. Киелі қыздар ана-қарындастар жыл бойы күн сайын таңертең ерте тұрып, беттерін керегенің бетіне қаратып 1-2 сағат бойы дауыс салып, жоқтау айтатын болған. Жоқтау өлеңде өлген адамның ел-жұрт, ағайын, туысқан тигізген пайдасы, қамқорлығы ерлігі туралы айтылады.
Достарыңызбен бөлісу: |