Сабақтың тақырыбы: «Тәуелсіз елім тірегім»



Дата01.04.2017
өлшемі276,6 Kb.
#13286
түріСабақ
Токтагазина Жансая Ауелбековна

57 орта мектеп


Тәуелсіз елім – тірегім
Сабақтың тақырыбы: «Тәуелсіз елім – тірегім»

Мақсаты:

1. Оқушыларды қазақ халқының тәуелсіздік жолындағы ерлік күресімен, қол жеткен жетістіктерімен қысқаша таныстыру.

2. Қаншама құрбандықпен қол жеткен тәуелсіздігімізді құрметтей, қастерлей білуге тәрбиелеу, Қазақстанның келешегі үшін аянбай күресуге және еңбек етуге баулу.

3. Патриоттық тәрбие беру.



Сабақтың көрнекілігі: «Тәуелсіздік – тұғырым» атты қабырға газеті, лозунгі, Қазақстан Республикасының рәміздері, нақыл сөздер, мақал-мәтелдер, плакаттар, буклет, үнтаспа, суреттер, т.б.

Сабақ түрі: Әдеби-көркем монтаж.

Әдісі: Топпен жұмыс.

Жоспар: 1. Тарихи шолу

а) Тәуелсіздік жолында

ә) Желтоқсан жаңғырығы

2. Тәуелсіз Қазақстан



Сабақтың барысы:
Ұйымдастыру кезеңі: Музыкалық сәлемдесу. Сабаққа әзірлеу.
Мұғалім: Бүгінгі өтетін ашық сабағымыздың тақырыбы: 16-желтоқсан Қазақстанның тәуелсіздік күніне арналған «Тәуелсіз елім – тірегім». Сондықтан тәуелсіздігімізге арналған ашық сабағымызды еліміздің мемлекеттік әнұранымен бастайық.
Әнұран орындалады.
Мұғалім: Тәуелсіздік, еркіндік – ежелден ел тілегі. Тәуелсіздік халқымыздың бостандығы мен дербес даму жолындағы сан ғасырлық күресінің тарихи нәтижесі.
1-оқушы. ХV ғасырдың ортасында көшпелі Өзбек мемлекетінің құрамынан, яғни Әбілхайыр хандығынан бөлініп шыққан қазақ тайпалары Керей мен Жәнібек сұлтандардың басқаруымен дербес қазақ хандығын құрды.

2-оқушы. Ұлан байтақ елімізге жан-жақтан көз тігіп ойран салушылар көбейді. Ең қатерлісі ХVI-XVIII ғасырлардағы жоңғарлардың шапқыншылығы болды.

3-оқушы. 1723 жылы қаннен-қаперсіз елімізге жоңғар қалмақтары тұтқиылдан шабуыл жасап, қалың жұртты қан жылатты. Дүрліккен ел үдере көшіп, дүние-мүлік, мал, жанына да қарай алмай босып кетті, тіпті, бесіктегі бала, қария кемпір-шалдарға дейін жұртта қалып қойған кездері де болды. Қазақ халқының бұл босуы тарихта «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама» деген атпен қалды. Ақтабан шұбырындыда 1 миллион адам, яғни сол кездегі халықтың 40 пайызы қырылды.
Ән: «Елім-ай»
4-оқушы. Әйгілі Төле, Қазыбек, Әйтеке билердің ұйытқы болуымен Қанжығалы Бөгенбай, Қаракерей Қабанбай, Шапырашты Наурызбай, Шақшақұлы Жәнібек, Баян батыр, Көкжал Барақ секілді көптеген батырлар қазақ халқын қазақтың ханы – Абылай ханның ақ туының астына біріктіріп, жоңғар шапқыншылығынан толық азат етті.

5-оқушы. XVIII ғасырда қазақ хандығының тәуелсіздігіне қатер төндірген тек қана Жоңғар хандығы ғана болған жоқ. Оңтүстіктен Хиуа, Қоқан, Бұқар хандықтары көз алартса, Батысы мен Солтүстігінде қалмақтар, башқұрттар, казак орыстар үнемі шапқыншылық жасаумен болды.

7-оқушы. Қазақ халқын аман алып қалу үшін осындай қысылтаяң кезде Әбілқайыр бастаған қазақ сұлтандары, билері мен бір топ батырлары Ресей империясының құрамына кіре бастады. Сөйтіп, қазақ халқы тәуелсіздігінен айырыла бастады.

8-оқушы. Ресей империясының отаршылдық және орыстандыру саясатына қарсы қазақ халқы сан рет ұлт-азаттық көтеріліске шықты.

9-оқушы. XІХ ғасырдың 40-50 жылдарындағы Жанқожа батыр бастаған қазақтардың Хиуа, Қоқан хандардың езгісіне қарсы күресі.

10-оқушы. 1870 жылы Маңғыстау қазақтарының көтерілісі.

11-оқушы. 1783-1797 жылдары Сырым Датұлы басқарған шаруалар көтерілісі.

12-оқушы. 1836-1838 жылдары Исатай Тайманұлы мен Махамбет Өтемісұлы басқарған шаруалар көтерілісі.

13-оқушы. 1837-1847 жылдары Кенесары Қасымұлы басқарған ұлт-азаттық көтеріліс.

14-оқушы. 1916 жылы ұлт-азаттық көтеріліс, 1917 жылы Ақпан және Қазан төңкерістері болды. Азамат соғысы жылдарында шаруашылық күйзеліске ұшырап, адамдардың ашаршылыққа душар болуынан 950 мың қазақ, яғни халқымыздың 19 пайызы апат болды. 400 мың қазақ отбасы елден кетуге мәжбүр болды.

15-оқушы. 1930-1932 жылдардағы ашаршылықта 2 млн. 100 мың қазақ қырылды.

16-оқушы. 1937-1938 жылдардағы репрессияда қазақ халқының қаншама аяулы азаматтары, бетке ұстар шамшырақтары қуғын-сүргінге ұшырап, халқым, елім деп жүріп «халық жауы» аталып айыпталды. Сол кезде абақтыға жабылғандардың саны 105 мыңға жетті. Олардың 27 мыңнан астамы атылды.
17-оқушы. 1986 жылғы 16 желтоқсанда таңертеңгі сағат 10.00-да бар-жоғы 18 минутқа созылған Қазақстан Компартиясының пленумында елімізді ширек ғасыр басқарған Дінмұхамет Ахметұлы Қонаев орнынан алынып, шеттен келген Геннадий Колбин сайланды. Бұл, әрине, қазақ халқының наразылығын туғызып, әйгілі Желтоқсан оқиғасын туғызды.

18-оқушы. Осы 17-18 желтоқсан күндерін қарапайым ауыл азаматы Лесбек Омаров былай деп жырлайды:

Қасқалдақ ұшып көлінен,

Шүрегей келіп қонған күн.

Қыранды қуып көгінен,

Қарғалар билік алған күн.

«Нашақор» деп, «ұлтшыл» деп,

Қазаққа күйе жаққан күн.

Қақаған күннің ызғары,

Сүйектен өтіп кеткен күн.

Қаракөз қазақ қыздарын

Омондар бастан тепкен күн,

Озбырлық күшпен тұншығып,

Үміттің оты өшкен күн.

Жанына таппай бір дауа

Ер қайрат қыршын кеткен күн.
Ән: «Қара бауыр қасқалдақ»
19-оқушы. Қазақ халқының ең соңғы өліп, тірілуі – біздің халқымыздың қайғы-қасіретіне, сонымен бірге мақтанышына айналған 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы. Осы оқиғаға қатысты деген жалған жаламен 99 адам сотталды. 264 адам жоғары оқу орындарынан, 758 адам комсомолдан, 52 адам коммунистік партия қатарынан шығарылды, әр түрлі жазалар берілді. Қазіргі күнде 16-17 желтоқсандағы оқиғаға қатысқаны үшін жазаланған азаматтар Президенттің жарлығымен ақталды.

20-оқушы. Бүгінгі таңның шапағатын, елдің көңіліне күн орнатқан қайсар аға-апаларымыз – Қайрат, Ләззат, Ербол, Сәбира емес пе? Ізгілік атаулыдан күдерін үзіп, бар сенімі күйреген, рухани күйзелген балаң жігіт Қайраттың «Ақтық сөзі» артында қалды.

21-оқушы: «Ақтық сөзің не?» деген

Бүгін қойды сот сұрақ

Айтайын оны халқыма,

Жоқ пиғыл менде жасымақ.

Қорлай да беріп қайтадан,

Титыққа орыс жетпесін.

Туған жердің намысы

Бөтен қолда кетпесін.

Салт-санадан айрылып,

Арақтан ұрпақ азбасын,

Қызғаныштан тозбасын,

Қолдаушысыз болмасын,

Барлық ұлтпен тең болып,

Ешкімнен көңлің қалмасын.

Ендігі жерде басыңнан,

Бірлік пен бақ таймасын.

Осы айтылған ақтық сөз,

Туың болсын әрдайым.

Мойныма алып жаланы,

Мен болайын құрбаның.



Ән: «Желтоқсан желі»

22-оқушы. Желтоқсан оқиғасы – ХХ ғасырдың ең ұлы оқиғаларының бірі. Өйткені желтоқсан оқиғасы тек бүкіл тоталитарлық-коммунистік жүйенің күйреуінің бастаушысы болып қана қоймай, сондай-ақ ол бұрын бағынышты болып келген көптеген елдерге егемендік, тәуелсіздік әперген зор саяси-әлеуметтік құбылыс болды. 1986 жылдың желтоқсанындағы қазақ жастарының төгілген қанымен бүгінгі тәуелсіздігіміздің тұңғыш парағы жазылған еді.

23-оқушы. Тәуелсіздік – бабалардың ұраны,

Бейуақытта бойға таққан тұмары.

Тәуелсіздік – түнектерде тұншығып,

Ызғар ұрып, жанбай қалған шырағы.



24-оқушы. Тура келіп тарихи бір орайға

Тәуелсіздік түсті деме оңайға.

Бастан өткен «Шұбырынды ақтабан»,

Не көрмеді қазақ елі соны ойла.



25-оқушы. Дербестігін аңсаған ел ақ, адал,

Қанын төкті қанша батыр бабалар.

Осы жолдар құрбан болды емес пе?

Халық жауы атанған көп ағалар.



26-оқушы. Тәуелсіздік үшін тігіп бастарын

Желтоқсанда шықты алаңға жастарым

Әр ұрпақтың құбандары жеткілік

Дербестікке кім сұрамақ басқа құн


Б.Тілеухановтың орындауындағы ән «Қазақғым менің»
27-оқушы. Кеше көрсек қол жетпейтін армандай,

Арзандатып бүгіп сыйға алғандай,

Үлесіңе сенің тиді тер төгу,

Даңқың қалсын ұрпақ еске алғандай, - деп ақын жырлағандай қазір әрқайсымыз да тәуелсіздік бізге қандай қиыншылықпен келгенін біліп, сезінуіміз керек.



28-оқушы: Мен – қазақпын, мың өліп, мың тірілген,

Жөргегімде таныстым мұң тіліммен.

Жылағанда жүрегім – Күн тұтылып,

Қуанғанда күлкімнен түн түрілген.

Мен – қазақпын, биікпін, байтақ елмін,

Қайта тудым, өмірге қайта келдім.

Мен мың да бір тірілдім мәңгі өлмеске,

Айта бергім келеді, айта бергім!


Мұғалім: Иә, Мен мың да бір тірілдім мәңгі өлмеске,

Айта бергім келеді, айта бергім! – деп ақын Жұбан Молдағалиев атамыз жырлағандай, Тәуелсіздігімізді жариялағаннан кейінгі аз уақытта еліміз көптеген жетістіктерге жетті. Сол жетістіктерімізді атап өтейікші. Мысалы: 1990 ж. 25 қазанда Қазақ КСР-інің егемендігі туралы Декларация қабылданды. Ары қарай, жалғастырып айтып көрейік.


29-оқушы. 1991 жылы 29 тамызда Семей полигоны жабылды.

30-оқушы. 1991 ж. 2 қазанда қазақтың тұңғыш ғарышкері Тоқтар Әубәкіров ғарышқа ұшты.

31-оқушы. 1991 ж. 1 желтоқсанда тұңғыш Президент сайланды. Ал сол жылы 16 желтоқсанда Қазақстан Республикасының мемлекеттік Тәуелсіздігі туралы Заң қабылданды.

32-оқушы. 1992 ж. 2 наурызда Қазақстан Республикасы Біріккен ұлттар ұйымына мүше болды.

33-оқушы. 1992 ж. 7 мамырда Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері құрылды. Сол жылы 4 маусымда Қазақстан Республикасы Жоғары Кеңесі мемлекеттік рәміздерді қабылдады.

34-оқушы. 1993 ж. 28 қаңтарда Тәуелсіз мемлекетіміздің негізгі Заңы – Конституция қабылданды.

35-оқушы. 1993 жылдың 15 қарашасы еліміздің тарихында ерекше күн болып қалды. Осы күннен бастап ұлттық валютамыз – Теңге айналымға енді.

36-оқушы. 1995 ж. 30 тамызда қазіргі Ата Заңымыз – жаңа Конституция қабылданды. Ал, 1996 ж. Алматы қаласында Тәуелсіздік монументі ашылды.

37-оқушы. 1997 ж. 10 желтоқсанда Ақмола қаласы Қазақстан Республикасының астанасы ретінде жарияланды. 1998 ж. Президент Жарлығымен Ақмола қаласы Астана қаласы болып өзгертілді.
Нұртай Тұмардың орындауындағы ән «Астанаға арнау»
38-оқушы. Қазақстан – сан ғасырлық тарихы бар,

Қазақстан – бұл азат ел, танысыңдар.

Көк байрақты, елтаңбалы, әнұранды,

Қазақ елі – егеменді, сан ұлты бар.


Ән: «Қазағым менің»

Сөзі: Н.Назарбаев. Әні: Б.Тілеуханов.
Қорытынды сөз: Тәуелсіздік үшін мың өліп, мың тірілген қазақ елі, құдай қаласа, гүлденіп мәңгі жасай бермек. Тәуелсіздігімізді алтынымыздай ардақтап, асылымыздай бағалайық, қымбатымыздай құрметтей білейік.

Елтаңбамыз ажарлы, әнұранымыз әуенді, асқақ бола берсін!

Еліміздің, елдігіміздің белгісі – көгілдір туымыз, қасиетті көк байрағымыз көкте қалықтап, желбірей берсін!

Сабағымыздың мәнді, мағыналы болып өтуіне бар білімі мен күш-жігерін салған оқушылар, сіздерге рахмет!

Көңіл қойып тыңдаған қонақтарымыз – аяулы ұстаздар, алтын уақыттарыңызды бөліп келгендеріңіз үшін, ілтипат-ниеттеріңіз үшін сіздерге зор алғысымды білдіргім келеді! Осымен сабағымызды әдеттегідей музыкалық қоштасумен аяқтаймыз.
Музыкалық қоштасу. Сау болыңдар, балалар

Музыка пәні мұғалімі



Ж.Ә.Тоқтағазина

Токтагазина Жансая Ауелбековна

57 орта мектеп


Тақырыбы: «Армысың, әз- Наурыз!»

Мақсаты: Ұлттық дәстүріміз бойынша өтетін Наурыз мерекесінің ерекшелігіне, табиғат пен адамның байланысын, салт- дәстүрін, өз ұлтына деген сүйіспеншіліктерін арттыру. Жас ұрпақтың санасына, халқына деген мақтаныш сезімін ұялату, ана тілін, оның тарихын, өнерін, мәдениетін қастерлей отырып, дамыта оқытып тәрбиелеу.

Халықтық педагогикаға негіздей отырып, қазақ халқының ұлттық ойындарын, ұлттық тағамдарын, нақыл сөздерін, әдет-ғұрыпын, тіліміз бен дінімізді құрметтеуге, имандылыққа тәрбиелеу.



Безендірілуі: Мерекелік ойын- сауық өткізілетін алаң алдын-ала дайындалуы шарт. Сахнада- жартылай құрылған қазақ үйі. Оның ішінде үй шиһаздары: сандық, сырмақ, текемет, түскиіз және т.б ілулі тұрады. Ұлттық киімдер,ұлттық тағамдар, плакаттар, үнтаспа.

I-жүргізуші: Көптен күткен көктем,

Көктем нұрын төккен,

«Ақпан баты» ауылынан.

Арқаланып жеткен «Наурыз»,

Бал самалы жылы- жылы,

Леппен беттен өпкен Наурыз

Нөпір нөсер жауғыз,

Гүлге бүршік жарғыз.

Мәрт көңілінді жігіттерге

Көктем әнін салғыз.



  1. жүргізіші: Ассалаумағалейкум, халқым менің,

Ақтарған кең даламның алтын кенін.

Мереке басы болсын берекенің,

Ардақты наурыз тойы- салтыңды, елім.
I-жүргізіші:

Әр халықтың өзінше жаңа жылы, жыл басы болады. Еуропа жұрттарының бір жерінде жаңа жыл- 1 қаңтар, бір жерінде- 1 қыркүйек, тағы сондайлар. Азияда жаңа жыл- жазғытұрым, қазақ елінде- наурыздың жиырма екісі. Бұл күн- күн мен түннің теңелетін, жан- жануарлар төлдеп, адамдардың аузы аққа тиетін, жер үстінде шаттық орнаған күн. Қазақ елі осы күнді «Ұлыстың ұлы күні- ұлыс күн» деп атаған.

«Ақ түйенің қарны жарылған күн»

«Науры»з сөзі парсы тілінің «Нау»- жаңа, «Руз»- күн деген мағына білдіреді. Ал қазақ тілінде «Наурыз» сөзі, біріншіден- жыл басында тойланатын думанды халықтық мейрам, екіншіден- наурыз айы, үшіншіден- ұлыс күні жасалатын көжеге қатысты айтылады.



  1. жүргізуші:

Бұл күні аталарымыз бен әжелеріміз үй- үйді аралап, наурыз көжеден дәм татқан. Ауыз «ақтан айырылмасын, қызылды уақытымен көрсетсін, жас құтты болсын!» деп үлкендер кішілерге ақ баталарын беріп, ізгі тілек тілесетін.

«Үлкен» кісіден бата алса, сонда «олжалы жол болар» деп нақыл айтып, ауыл арасынан бірлікке, татулыққа, ынтымаққа шақыратын.

Жаңа жылда мұнтаздай таза үйге кірсе, ол үй ауру- сырқаудан, пәле- жаладан аман болады деген сеніммен наурызға шейін үй ішіндегі жиһаз-мүліктің шаңы қағылып, жуылып тазартылады.

Мен сіздерге наурыз сөздігінен бір әңгіме айтып берейін.

Әз- 22- не дейінгі үш күннің ішінде өтеді:

«Әз болмай, мәз болмайды» деген тәсіл қалдырған. Сол үш күннің ішінде шаш, тырнақ алуға болмайды. 18 наурызға дейін алып тастау керек. Әз өткенде өсімдік әлемнен бастап, күллі тіршіліктің тұла бойына жан бітіреді.



II- жүргізуші:

Наурыз күні қуанышқа кеңеліп, масайраған жұрт аппақ көйлек пен жаңа киімдерін, таза бір киерін үстеріне іледі. Наурыз күннің бір ерекшелігі- бұл күн көрусіден басталады.

Ұлыс күнінде сәлемдесудің қалыптасқан дәстүрі бар, кісілер бір-бірімен кездескенде:

Наурыз құтты болсын!

Өмір жасын ұзақ болсын!

Ұлыс бақты болсын!

Төрт түлік ақты болсын!

Ұлыс береке берсін!

Пәле- жала жерге енсін!-

деп құттықтап ер адамдар қос қолдасып, төс соқтырады, ал әйелдер болса құшақтасады, ерлер мен әйелдер кездессе, құшақ айқастырады.



II- жүргізуші:

Қазақ халқының ұғымында Наурыз күні адамдар, ағайын арасындағы өкпе, араздық ұмытылуы тиіс. Әр адам ең болмағанда бір жақсылық жасап, қайырым қылып, өз борышын өтеуі керек деп есептелген. Халық дәстүрінде «Көрісуге келер» деп сыбаға даярлайды.



I-жүргізуші:

Ал, халайық, тұрмайық,

Әндетейік, жырлайық.

Ортамызды ашайық,

Думандатып, би билеп,

Інжу-маржан шашайық.


Ән: Махамбет Айжан «Наурыз-думан» әні

II- жүргізуші:
Наурыз қайтып оралды, аты да аңыз.

Сұрамаймыз алығыс та, оны да біз

Үй- дастархан, даламыз- сахнамыз,

Ұлы мейрам- Наурызға шақырамыз!


I-жүргізуші:

Көтеріліп биікке қыран самғай,

Көгімде күн жарқырап тұрар шамдай

Онда ортаға тасталар ұран сондай-

Қонағың да қайтпайды бір ән салмай.

II- жүргізуші:

Мерекенің ажарын жайнатамыз,

Берекенің қазанын қайнатамыз.

Ағымыздан жарылып айтатұғын,

Тілегіміз толассыз,бай батамыз,-

Дей келе, ортаға Қызыр бабамызды шақырып, ақ батасын алайық.



(Ортаға Қызыр баба шығып батасын береді)

Қызыр баба:

Армысыңдар, туыстар!

Ұлыс оң болсын!

Ақ мол болсын!

Қайда барсақ, жол болсын!

Төрт түлік ақты болсын!

Ұлыс береке берсін!

Бәле-жала жерге енсін!

Ұлы халқым тоқ болсын!

Көйлектерің көк болсын!

Қуаныштарың көп болсын!

Әумин!


І-жүргізуші:

-Қызыр баба, Ұлыстың ұлы күнінде Самалық айтылатынын білесіз, ауыл жастары соны айтып беремін дейді.



Білімгер: Самалық самалық

Қар тауының қақ құсы,

Ұйқыдан көзін ашты ма?

Самалық, самалық

Самарқанның көк тасы

Жібіді ме, көрдің бе?

- деп ескі ыдысты сындырып, «қабақ сынды, қайғы кетті» деп ырым жасаған.

Қызыр баба: -О, рахмет, өркенің өссін, балам!

ІІ-жүргізуші:

Сиыр жылын қарсы алар шақта бұл,

Дабылшылар, дүрсілдете қақ дабыл!

(Дабыл қағылады, көңілді әуенмен сиыр болып киінген бала ортаға шығады)
І-жүргізуші:

Қош келдің, сиыр! Төрге шық, қадірлі қонағымыз бол! Бүгінгі ойын-сауық өзіңе арналады. Елімізге, әр отбасына береке, құт жылы, қуаныш, бақыт жылы болып кір!


Сиыр:

Сәлем ағайын-туыстар!

Айналайын балалар!

Қызыр баба, аман ба?

Жасар жайлы заманда

Уақыт үдеп келдім мен

Бақыт тілеп адамға!

ІІ-жүргізуші:

Мәңгілік жаңару мен жаңғыру белгісі – жыл басы Наурыз, көктем, махаббат, береке мен тыныштық мерекесі қасиетті жерімізге тағы да келді.



І – жүргізуші:

Жалғасып таңға дейін сауық-ойын,

Желпінтер бір жеңілдік елдің бойын,

Дүрілдет, дала болып, қала болып,

Ұлыс тойын – тәуелсіз елдің тойын!

-О, халайық, мерекеміз қыза түссін. Бүгінгі тойға Абай Ақан, Біржан ауыл жастары келіп қалған екен. Сіздердің араларыңызда өнерлі жастар болса, ортаға шықсын. Бүгін сіздерге бәрі де жарасады.



(Топтың отрасынан өз өнерлерін көрсетуге жастар шыға бастайды).

1.Есболава Алуа «Жез киік» күйі.

2.Қайратұлы Жан, Халжанов Елдос «Шашбаулым» әні.

3.Жарбосынова Ақтоты «Ата толғау» күйі.

І-жүргізуші:

Ой, бәрекелді! Жарайсың!



ІІ-жүргізуші:

Көне заман ақылгөйлерінің ірі өкілі, атақты Пифагордың: «Жақсы жасалған заңнан, жақсы салт-дәстүр артық. Ең басты заң-салт –сана» деп тұжырым жасаса, Қожа Ахмет Яссауи «Қалпыңнан айырылсаң да, салтыңнан айырылма» деп өсиет қалдырған.

Алтын емес – салтың қымбат,

Жалқың емес- халқың қымбат.



І-жүргізуші:

Жалғасын бүгінгі күн дәстүр-салтың

Күндей күліп өмірің болсын жарқын.

Бас иіп ұлы баба рухына

Көтерейік бірігіп, қазақ даңқын!

Бүгінгі тойымызға әр ауыл жастары салт-дәстүрімен келген екен. Сол ата-салтын, халық дәстүрін тамашалайық.



  1. Абай ауыл жастары беташар дәстүрін көрсетеді.

Маханов Балдырған «Асыл жеңешем» әні

  1. Ақан ауыл жастары бесікке салу рәсімін көрсетеді.

  2. Біржан ауыл жастары тұсау кесер рәсімін көрсетеді.

ІІ-жүргізуші:

Ата-баба қанына сіңген,

Жақсы ғой, достың салтыңды білген

Салтыңды білген – халқынды білген

Ынтамен оны кел сен де үйрен!

Бәрекелді, ауыл жастары! Бәрің құр қол келмепсіңдер. Өнерлерің өрге жүзсін!



ІІ- жүргізуші:

Пір тұтып салт-дәстүр қазағымның

Шілдехана, бесік той базарлы күн

Арқан тарту, жарысу, күш сынасу

Көрсетейік өнерді болсын бір сын.

І-жүргізуші:

Қазағымда спорттың аты бар

Ойындар көп, бар елді мойындатар.

Бірі жеңіп, біреуі ұтылатын

Топтық ойын жарысын қызықтаңдар.


  1. Сақина салмақ- Абай ауылы

  2. Арқан тарту- Біржан ауылы

  3. Күш сынасу- Ақан ауылы

І-жүргізуші:

Қазақта «Өнерлінің өрісі кең»,-дейді. Ауылдың өнерпаз жастары жиналған екенбіз. ән, би, күй, салт-дәстүр, ұлттық ойындарды тамашаладық. Кезекті енді білім сайысына берсек. Қоржындағы қима қағаздарды алып, сұрақтарға жауап берсек.

№1 1.Жеті күнді қазақша атап бер.

2.Қойдың мүшелерін ата.

№2 1.Түлікті қалай шақырады?

2.Наурыз көже қалай жасалады?

№3 1.Жеті атаңды атай білесің бе?

2.Қызға айтар өсиет сөздерден мысал келтір.

№4 1.Тілашар тойы туралы не білесің?

2.Қазақтың сусын түрлерін ата.

№5 1.Жылдың 12 айын ата(қазақша атауы)

2.Сүттен жасалатын тағамдарды ата.

№6 1.Ер жігіттің үш жұртын ата.

2.Дәннен жасалатын тағамдарды ата.

№7 1.Табақтың жасалуы туралы айт.

2.Мүшел жас деген не?

№8 1.Еттен жасалатын тағамдарды ата.

2.Наурыз туралы ән немесе күй тарт, өлең оқы.

№9 1.Наурыз мерекесінде ойналатын ойын түрлерін ата.

2.Бесік тойы туралы не білесің?

№10 1.Наурыз айында гүлдейтін көп жылдық өсімдікті ата?

2.Ұлттық ойындарды ата?

№11 1.Наурыз төлін ата.

2.Жеті қазынаны ата.

№12 1.Наурызға қатысты әз деп аталатын сөз бар. Ол қандай ұғым?

2.Наурызша деген не? Қалай түсінесің?



ІІ-жүргізуші:

Бүгінгі тойға ат тереліп «Ақ кигізге орап хан көтерген» Абылай ауылы келіп қалыпты.

Армысыздар, Хан ауылы! Хош келдіңіздер!

Ақ ниет, адал көңілмен,

Күтеді ауыл жастары

Сіздерді ағынан жарылып,

Ауылдың ақ пейіл, дәм-дастарханы

Хан ауылы, әр ауылдың дайындаған ұлттық тағамдарынан дәм татсаңыздар.



І-жүргізуші:

Ауыл астан бұйырған, дәм татсын, ел жиылған

Бидай салдым көжеге, мол болсын деп биыл нан

Тары салдым көжеге, женті көп болсын деп,

Күріш салдым көжеге, тойда палау болсын деп

Ауыздан ақ кетпесін, судан ерін кетпесін

Келген риза, кеткен тоқ, құтты қонақ ет жесін

Осы ақ дәмнен бәріміз де ауыз тиейік.



ІІ-жүргізуші:

Ал, енді құрметті достар! «Жыл бойы тоқшылық болсын, қазанымыз оттан түспесін, дастарханымыз кең жайылсын» деген ақ тілекпен Наурыз көжеден дәм татайық.



(кеселерге құйылған көже жиналғандарға ұсынылады. Қазан жанына төселген дастарханына түрлі тағамдар қойылады.)

ІІ-жүргізуші:

Иә, бүгін ойын-сауыққа құлшынып тұрған өнерлі жастар көп келген екен. Кезекті өнерге берейік.



Абдықадыр Бағдат «Шынарым» әні

«Ұлытау» биі. Бишілер тобы

І-жүргізуші:

Ал, көпшілік қауым! Қазақ халқы «Батамен ел көгерер, жаңбырмен жер көгерер» деген ғой. Ендеше, бүгінгі ұлыстың ұлы күні мерекесіне Абылай хан ауылының құрметті адамы бата берсін.



ІІ-жүргізуші:Алма Дайырқызы құттықтауға ниет білдіріп отыр, сөз кезегі сізде.

Әр топтың дайындап келген ұлттық тағамдарына, шығарған қабырға газеттеріне, әр ауылдың көрсеткен салт-дәстүрлеріне әділ бағаларыңызды беріп, сыйлықтарды табыс етсеңіздер.

ІІ-жүргізуші:

Наурыз әр отбасында өзара түсіністік пен қайырымдылықты нығайта берсін! Барлық келеңсіздіктер бізді айналып өтіп, әр үйге Наурыз бақыт, қуаныш пен игілік әкеле берсін!



Маликова Айгерім «Домбыра» әні

І-жүргізуші:

Кеңпейіл дарқан халқымыз,

Кеңейді дәстүр салтымыз

Дәстүрін елдің сыйлаңдар!

Дәстүрлі салтты тойлаңдар!

Орындалсын ойларың,

Тойға ұлассын тойларың!-

Дей келе, бүгінгі «Армысың, әз-Наурыз!» атты ойын-сауық бағдарламамыз аяқталды.

Бай, қуатты болыңыздар!

Токтагазина Жансая Ауелбековна

57 орта мектеп



Сабақтың тақырыбы: Ана – өмірдің шырағы!

Сабақтың мақсаты:

1. Отбасының бірлігін, берекесін сақтаушы жан жылуын дарытушы ана екендігін және ананың балаға мейірімі мен махаббатының шексіздігі жайлы оқушыларға түсіндіру.

2. Оқушыларды ана махаббатын, мейірімін сезініп құрметпен қарауға, перзенттік борышын сезінуге тәрбиелеу.

3. Оқушылардың бойында мейірімділік, кішіпейілділік қасиеттерінің дамуына ықпал жасау.



Сабақтың көрнекілігі: «Ана-өмірдің шырағы» тақырып жазылған лозунг, Аналар жайында ұлағат сөздер. Аналар жайында ақын-жазушылардың кітап көрмесі. Оқушылар шығармашылығынан үнқағаз.

Сабақ түрі: Аралас.

Әдісі: Топпен жұмыс. Сұрақ-жауап. Әңгімелесу. Пікір алысу. Ситуациялық сұрақтар қою.
Сабақ барысы:

І. Ұйымдастыру.

1-жүргізуші: (Ербол): Армысыздар, ардақты аналар, құрметті ұстаздар!

2-жүргізуші: (Азамат): Сәлеметсіздер ме, аяулы асыл жандар, қадірлі оқушылар!

1-жүргізуші: Сіздерді 8-наурыз халықаралық әйелдер күнімен құттықтай отырып, бүгінгі ашық тәрбие сағатымызды бастауға рұқсат етіңіздер!

2-жүргізуші: «Ана – өмірдің шырағы!» атты ашық тәрбие сағатымыздың басты мақсаты: оқушыларға «Ана» тұлғасының ұлылығын, «Ана» ұғымының кеңдігін түсіндіру, оқушылардың аналарға құрметпен қарауына, сыйлауына тәрбиелеу...

1-жүргізуші: және келешекте ана болатын қыз балалар тәрбиесіне баса көңіл аудару.

ІІ. Ой шақыру сұрақтары:

2-жүргізуші: Ербол, ендеше тәрбие сағатымызды бастамас бұрын оқушыларға бір-екі сұрақ қоя кетейік?

1) 8-наурыз не себепті аналар мерекесі деп аталған?



1-жүргізуші:

2) Бұл мереке қай жылдардан бастап белгілі болды?


ІІІ. Негізгі бөлім. Оқушылар шығармашылығы тарапынан шағын әдеби-монтаждық қойылым.

1-жүргізуші:

Әлемнің жарығын

Сыйладың сен маған.

Даланың әр гүлін

Жинадың сен маған.

2-жүргізуші:

Сен бердің құстардың

Қанатын талмаған.

Балалық құштарым

Өзіңе арналған – дей отырып, әсем әнге кезек берейік:

1. 1-жүргізуші: Алдарыңызда Садықова Әйгерім «Анашым» әнімен.

2. 2-жүргізуші: «Ана туралы аңыз» көрініс.
Көрініс

Қатысатындар:

Жігіт: Абильдин Дулат

Анасы: Жұманазарова Жанар

Қыз: Ошанова Маржан

1-көрініс:

Мұңды әуен (күй) ойнап тұрады.

1-жүргізуші: Автор сөзін оқиды.

Ертеде бір ер жігіт,

Жар іздеп жүрді-ау ел кезіп,

Жолықты бір күн сұлуға

Сәті де түсті кезігіп.

Сахнада сыланып-сипанған, қысқа юбка, қысқа жең көйлек киген қыз бен жігіт.

Жігіт:

Ей, аруым, жүрегіме құлақ түр,

Ол сені іздеп жылап тұр.

Тебесің бе, өбесің бе сен оны,

Көптен бері мазалаған сұрақ бұл.

Сол жүрегім керек болмай қалса егер,

Жеті қабат жер астына лақтыр.

Өміріңде мәңгі бақи сүйіп өт

Егер оған төккің келсе шуақ-нұр.

Қыз: - (маңғазданып, менсінбей қарайды да, қайтадан алысқа көзін қадап тұра береді).

Жігіт: Қисайшы өміріңнің таңын маған,

Берейін дүниенің бәрін саған

Кетейін сеніменен көкті кезіп,

Садаға болса дағы жаным соған.



Қыз: - Маған бүйтіп көрсеткен өнеріңнің бес тиынға да керегі жоқ.

Жігіт: - (қипақтап): Енді, енді не керек? Не істейін? Айтшы?

Қыз: - (жігітке біраз тесіліп қарап тұрады да, теріс бұрылып кетеді).

Жігіт: - Неге үндемейсің, жаным? Айтшы! Сен не айтсаң да мен дайынмын! Аспандағы Айды әперейін бе?

Қыз: -(әлі үнсіз).

Жігіт: - Жоқ, әлде, көктегі Күнді әперейін бе?

Қыз: - (ашуланып): Айттым ғой, ештеңе де керек емес деп! Маған тек жүрек қана керек. Жүрек! (жалт бұрылып) Естимісің? Жүрек!

Жігіт: -(күлімсіреп): Ой, сұлуым, сен дегенде жалғыз жүрегімде де жан қалмайды...

Қыз: -(айқайлап): Жоқ!

Жігіт: -(селк етеді): Қандай жүрек?

Қыз: - Анаңның жүрегі. Соны әкеліп бер! Қолыма! (теріс айналады).
2-көрініс:

Ас бөлмеде анасы мен жігіт.

Жігіт: (ары-бері сахнада қозғалып, ойға батып жүреді): Жүрек! Анаңның жүрегі! – деді ме? Жоқ! Мүмкін емес!

Анасы күйбеңдеп бірдеңе істеп жатады.

Жігіт: -(тағы да қозғалып жүреді): Мұндай сұлуды енді еш жерден таба алмаспын! Анам, қайран, анам! Не істесем екен? Әттең!

Анасы: (Ұлына жақындап келіп): - Ұлым, саған не болды? Неге қиналып жүрсің? Бір жерің ауырып тұр ма? Не болды, айтшы?

Ұлы: - Жоқ, анашым! Ештеңе болған жоқ. Жай, әншейін!

Осы кезде ұлы мен анасы сахна сыртына қарай сырғи береді. Сахна сыртынан анасының шыңғырған даусы, ыңырсыған, қиналған дыбысы естіледі.

Сахнада зарлы әуен ойнай жөнеледі.

Сахнаны кесіп, жігіт жүгіріп өтіп бара жатып қолында ұстаған жүрекпен қоса жерге құлайды. Осы кезде анасының даусы сахна сыртынан жүрек болып сөйлей жөнеледі:

- Қатты жүгірем деп жығылдың ғой, бір жеріңді ауыртып алдың ғой, ұлым-ау! Бір жеріңді сындырып алған жоқсың ба, жарығым?



Зарлы әуен қаттырақ естіліп, ойнай жөнеледі. Осымен көрініс бітеді.

3. 2-жүргізуші: Т.Айбергенов. «Ана». Оқитын - Қасенбаева Бақытнұр.

4. Топпен жұмыс. 1-жүргізуші: Бүгінгі ашық тәрбие сағатымызды алдымызда отырған 3 топ жалғастырады. Ол үшін топтар өздерін таныстырып, ұрандарын айтсын.

2-жүргізуші: ұраны мен топтың атын әр топтан бір оқушыдан шығып, түсіндірсін-қорғасын.
1-топ: «Наурыз»

Ұраны: «Анасы бар адамдар ешқашан қартаймайды».


2-топ: «Көктем»

Ұраны: «Әке көрген оқ жонар, Шеше көрген тон пішер».


3-топ: «Мейірім»

Ұраны: «Анаңды үш рет Меккеге арқалап апарсаң да қарызынан құтылмайсың».


1-жүргізуші: Балалар, қазір әр топтан бір адам келіп менің қолымда тұрған үш конверттің біреуін таңдайсыңдар. Таңдаған конверттеріңде бір сұрақ болады. Сол сұраққа топ мүшелерімен ойланып жауап бересіңдер. Ойлануға 5 минут уақыт беріледі.

Топтарға сұрақтар:



  1. «Наурыз» тобына: Тарихымызда аты қалған, ұрпақтар сиынатын аналар, қыздар жайында не білесіздер. (Томирис, Домалақ ана, Ұмай ана)

  2. Қазақтың батырлар жырында, лирикалық эпостарында махаббатты биік ту еткен қыздар туралы не айта аласыңдар?

( Қыз Жібек, Ақжүніс, Гүлбаршын т.б )

  1. Қазақтың батыр қыздары туралы қандай хабарлама бересіңдер?

(Әлия, Мәншүк, Ләззат т.б)

2-жүргізуші: оқушылар ойланып болғанша тағы да ән тыңдай тұрсақ:

1-жүргізуші: Дұрыс айтасың, Азамат. Бүгінгі ашық тәрбие сағатымыздың арнайы қонақтары ретінде Еуразия ұлттық университетінен студенттер келіп отыр. Олар аналар күніне арнап ән шашу ала келіпті. Қошаметтеп қарсы алайық. Ортада: 3-курс студенттері Күнтуған Әлібек пен Сәрсембеков Еркебұлан.

  1. Ситуациялық пікірталас. (10 мин.)

1-жүргізуші: Оқушылар, мен сендерге бір әңгеме айтып берейін, жалпы бұл әңгімені білесіңдер, сендер осы әңгімеге байланысты пікір алмасасыңдар.

Баяғыда бір қария өзінің туған ұлы мен келінінің қолында тұрып жатыпты. Сол ұлы мен келіні әкесіне жөнді қарамайды, сыйлау, құрметтеуі былай тұрсын, тіпті, қарияға ішер асты да итаяққа құйып береді екен. Бұған шыдамаған қарияның немересі, яғни ұл мен келіннің баласы ағаштан жонып, ас құятын астау жасап жатады. Мұны көрген ұл мен келін себебін сұрайды. Сонда қарияның немересі: «-Кейін сендер қартайғанда атам секілді осы астаудан ішесіңдер, сендерге тамақты осы астауға құйып беретін боламын» – деген екен. Ұл мен келін өздерінің ісіне ұялып, осыдан бастап, қарияны үстел басына өздерімен бірге ас ішуге шақырып, тамақты да таза ыдысқа құйып беретін болыпты. Сонда бұл кімнің ісі деп ойлайсыңдар?

Осындай оқиғаға ұқсас мынадай әңгіме бар. Қазір бұл теледидардан да клип түрінде көрсетіліп жүр, мүмкін көрген де боларсыңдар?

Қария ана (әже) өзінің ұлы мен келінінің қолында тұрып жатады. Ұлы үлкен қызметте. Не ішем, не кием демейді, баспанасы да, үйі де, баласы да, астында су жаңа шетелдік автокөлігі де бар. Нағыз ұйыған бақытты жанұя. Қарт әже ұлы-келіні, немересі десе ішкен асын жерге қояды. Олар жұмысқа кеткенде, үйде немересін бағады. Бірақ, бірақ... Келін қарт әжені жек көреді. Күйеуіне болмай жүріп, қарияны қарттар үйіне тапсыртады. Қарт әже қарттар үйінде ұлына соңғы хатын жазып, ауырып қайтыс болады. Ұлы өкінеді. Осыған кім кінәлі деп ойлайсыңдар? Қандай қорытынды жасайсыңдар? Бағана өздерің тамашалаған көрініспен ұқсастығы бар ма? Бір сәт ойланып қараңдаршы: егер сол жерге өзіңді қойып, «мен болсам қалай істер едім?» деген сұраққа жауап іздеп көріңдерші. т.б. сұрақтар.



  1. Күй. Дина Нұрпейісова «8 март». Орындайтын: Бекенов Зейнолғабден.

IV Сабақты бекіту.

Мерекеге сай тек ер мұғалімдерге, практиканттарға сұрақ.

Қазақ қыздарының бойынан қандай қасиеттерді көргілеріңіз келеді? т.б.

V. Қорытынды.

Оқушыларға көріністен алған әсеріне байланысты сұрақтар қойып, қандай тәлім алғанын сұрау.



Жүргізушілер: кезекпен: Міне өздеріңіз көріп отырған қаншама ақын-жазушылардың еңбектері арқылы біз қандай өнер адамы болмасын анасына өз өнерінің туындысын арнамаған адам кемде-кем деген қорытынды жасай аламыз. Ана – өмірдің шырағы! Ана – өмірдің тірегі! Ана – өмірдің тұтқасы! Асыл анамыз аман болсын!

Әрқашан Күн сөнбесін,

Аспаннан бұлт төнбесін,

Қасымда болсын анам,



Болайын мен де аман! – дей отырып, ендеше, белгілі ақын Қайрат Жұмағалиевтің өлеңіне жазылған «Анашым» әнін барлығымыз орнымыздан тік тұрып орындап, сабағымызды аяқтайық.

Оқушылар мен көрермендер тік тұрып «Анашым» әнін орындап сабақты аяқтау.

Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет