Қазақ тілі сабағы.
Мұғалімі: Есетова Қ.З.
Сынып: 9
Сабақтың тақырыбы: Тіл мәдениеті
Мақсаттары:
Тіл мәдениеті жөнінде мәлімет беру, сан есім, қаратпа сөз туралы алған білімдерін түрлі тапсырмалар арқылы бекіту;
лексикалық материалды жүйелі түрде ұсыну арқылы оқушылардың тілдерін дамыту, оқушыларды ауызекі тілде сұхбаттасу арқылы таза сөйлеуге, ойлауға, жазуға дағдыландыру сөздік қорын молайту; танымдық, есте сақтау қабілеттерін, сөйлеу мәдениетін дамыту;
өз Отанын, тілін сүюге және достық қарым-қатынаста жұмыс жасауға баулу,өз елінің мәдениетті азаматы болуға баулу.
Көрнекіліктер: бейнежазба, флипчарт, суреттер, семантикалық карта, ребустар, карточкалар, сөздіктер.
Сабақтың түрі: аралас сабақ
Оқыту әдістері: сын тұрғысынан ойлауды дамыту мен диалогтік оқытудың әдістері (топтық, жұптық, жеке жұмыс; түртіп алу, бес жолды өлең, кластер, түйін сөз); интерактивті тақтаның мүмкіндіктері (шымылдық, сәйкестендіру, телеграфтық таспа, т.б.)
Сабақтың барысы:
І. Ұйымдастыру кезеңі
-сәлемдесу, психологиялық ахуал туғызу мақсатындағы «Достар шеңбері» тренингі: оқушылар шеңберге тұрып, бірі-біріне сын есімді жақсы сөз айтады (..., сен мәдениеттісің! т.б.);
- кезекшімен әңгімелесу
Қызығушылығын ояту: бейнежазбаны қарап шығып, бүгінгі сабақта не туралы білім алатындарын анықтау
Фонетикалық жаттығу. Оқушылар флипчарт бетінде шеңберлердегі тапсырмаларды орындайды:
Қазақ тілінде неше әріп бар?
Одағай неше түрге бөлінеді?
«Жиырмадай» қандай сан есім?
Қазақстан нешінші жылы тәуелсіздік алды?
22 қыркүйек қандай мереке?
Қ.Сәтбаевтің қанша еңбегі бар?
Қандай қазақ шешен билерін білесіңдер?
Ш.Уәлиханов қазақ, орыс тілінен басқа қандай тілді жақсы білген?
Сабақтың тақырыбы «Араб сауаты» әдісі бойынша анықталады («Тіл мәдениеті»). Оқушылар өздерінің мақсаттарын айтады, мұғалім өз мақсаттарымен салыстырады.
ІІ. Үй тапсырмасын тексеру.
Үй тапсырмасын тексеру үшін, сынып екі топ және бір жұп ішінде тапсырмаларды орындайды:
1.Жеке жұмыс (нашар оқитын оқушы орындайды, дарынды оқушы тексереді): тұрақты сөз тіркестерін дұрыс құрастырып, асты сызылған сөйлемге синтаксистік талдауды жасаңдар
1.Тілі байлану ... 1.келісу, түсінісу
2. Тілде тиек жок ... 2.көп сөйлеу
3 .Тілім бармай тұр ... 3.сөзге шебер,шешен
4. Тілдің майын тамызу... 4.айтуға батпау
5 .Тілдеп жіберді ... 5.бір сөзде айта алмау
6. Тілге келмеді ... 6.ұрысты, балағаттады
7. Тіл табысу ... 7.үндемеу
2. Топтық жұмыс:
А) «Тіл» тақырыбына кластер жасап қорғаңдар (топ ішінде кластер жасайды, әр топтан оқушы тақтаға шығып қорғайды)
Ә) «Сандар сөйлейді» парақтары бойынша жұмыс
3. Жұптық жұмыс: үйге берілген мәтін бойынша диалог құрап айтып беріңдер
4. Фронталды жұмыс:
ребустарды шешіңдер: қаратпа сөз
Өлеңнен берілген үзінділерден қаратпа сөздерді тауып астын сызыңдар, тыныс белгісін қойыңдар.
1.Қарағым, оқу оқы, босқа жүрме!
Ойыннан құр қаларсың көңіл бөлме.,
2. Балалар, бұл- жол басы даналыққа,
Келіңдер: түсіп байқап, қаралықта.
3. -Тәкәппар оны халық жаман,- дейді.
-Тұтынба бұл мінезді, балам,-дейді.
ІІІ. Жаңа тақырыппен жұмыс.
-Берілген мәтінді мұқият тыңдап, оқып, бейтаныс сөздерді теріп жазып, олардың аудармасын сөздіктерден табыңдар (күйдіру, бүлдіру, жұбату, сүріндіру, ), жаңа сөздермен сөйлем құрастырыңдар
Тіл мәдениеті
Тілді қадірлеу дұрыс сөйлеуден басталады.Адам мәдениетінің алғышарты — дұрыс сөйлей білу болып табылады.Түсіне білгенге сөйлей білу де өнер.Тілін білмеген — түбін білмейді.Ондай адам күлдіремін деп күйіндіреді, сүйсіндіремін депсүріндіреді, білдіремін деп бүлдіреді, қуантамын деп қуартады, келтіремін деп кетіреді, жұбатамын деп жылатады.Біздің қазақ «Аталы сөз — баталы сөз» дегенде, осы дұрыс сөйлей білуді айтқан.
Мәтін бойынша тапсырмалар:
Негізгі ойын табыңдар
Мәтін мазмұнына бес сұрақ қойып жауабын табыңдар (топтар арасында)
РАФТ әдісі бойынша шағын шығарма жазыңдар.
Рөлім – оқушы
Аудитория – сынып
Формасы – мәдениетті сөйлеу
Тақырып – Тіл мәдениеті
ІV.Сергіту сәті «Полиглот » ойыны
Оқушылар үш тілде (қазақ, орыс, ағылшын) жауап береді
V. Білімдерін бекіту
Қорытынды ретінде мұғалім оқушыларға сөйлемдерді хормен оқытқызып, жеке ауызша айтқызады)
Бағалау
Үйге тапсырма (оқушылардың таңдауы бойынша):
А деңгейі: “Тіл- қылыштан өткір” (эссе);
В деңгейі: сұхбат құрастыру
С деңгейі: мақал- мәтелдер (жазу және жаттау);
V. Рефлексия
«Қошеметтейміз!» тренингі
Мұғалімнің сөзі: «Әр адам үшін, әрине, ана тілі ең ыстық та ең қымбатты. Бүгінгі сабақты әр оқушының ұлты мен ана тіліне құрмет көрсетуімізбен аяқтайық! (әр оқушы ұлтын және ана тілін атайды, барлық бала оған қол шапалағымен қошемет көрсетеді)
РЕФЛЕКСИВТІ ЕСЕП
«Тіл мәдениеті» тақырыбы бойынша қазақ тілі пәнінен ашық сабақ 9А сыныбында өткізілді.
Сыныпта 14 оқушы, үшінші тоқсанның нәтижесі бойынша аталған сынытың қазақ тілі пәнінен білім сапасы 75%. Сыныпта дарынды балалармен қатар нашар оқитындар да бар.
Сабақтың тақырыбы қазақ тілі пәнінен типтік оқыту бағдарламасына негізделген күнтізбелік-тақырыптық жоспарға сәйкес.
Сабақтың мақсаттары:
Тіл мәдениеті жөнінде мәлімет беру, сан есім, қаратпа сөз туралы алған білімдерін түрлі тапсырмалар арқылы бекіту;
лексикалық материалды жүйелі түрде ұсыну арқылы оқушылардың тілдерін дамыту, оқушыларды ауызекі тілде сұхбаттасу арқылы таза сөйлеуге, ойлауға, жазуға дағдыландыру сөздік қорын молайту; танымдық, есте сақтау қабілеттерін, сөйлеу мәдениетін дамыту;
өз Отанын, тілін сүюге және достық қарым-қатынаста жұмыс жасауға баулу,өз елінің мәдениетті азаматы болуға баулу.
Сабақ психологиялық ахуал туғызу мақсатындағы «Достар шеңбері» тренингісінен баталды: оқушылар шеңберге тұрып, бірі-біріне сын есімді жақсы сөз айтты (Анастасия, сен мәдениеттісің! т.б.).
Сабақ барысында сын тұрғысынан ойлауды дамыту мен диалогтік оқытудың әдістері (топтық, жұптық, жеке жұмыс; түртіп алу, РАФТ, кластер, түйін сөз); интерактивті тақтаның мүмкіндіктері (шымылдық, сәйкестендіру, телеграфтық таспа, т.б.) пайдаланды. Қолданған көрнекіліктер: бейнежазба, тұрақты сөз тіркестері, суреттер, семантикалық карта, ребустар, карточкалар, сөздіктер.
Таңдалған әдістер мен көрнекіліктер оқушылардың пәнге деген қызығушылығын оятуына, мотивациясын арттыруға бағытталған. Сабақтың кезеңдері сын тұрғысынан ойлауды дамыту технологиясына сәйкес болды (қызығушылығын ояту, мағынасын ажырату, рефлексия) және де араларында логикалық байланыстар байқалды. Нашар оқитын оқушылар үшін арнайы тапсырма берілді.
Топтық, жұптық жұмыс өткізілгенде оқушылар жүйелі түрде өз білімдерін көрсете алды.
Сабақ үстінде жаңаша жеті модуль бойынша оқыту да іске асырылды, әсіресе, келесі модульдер байқалды: білім беру мен білім алудағы жаңа тәсілдер, сыни тұрғыдан ойлауға үйрету, білім беру үшін бағалау және оқуды бағалау, білім беруде ақпараттық-коммуникациялық технологияларды пайдалану, талантты және дарынды балаларды оқыту, оушылардың жас ерекшеліктеріне сәйкес білім беру және оқыту.
Сабақтағы сәтті және сәтсіз жерлерін белгілесек, сәтті кезеңдері ретінде сабақтың басында және аяғындағы тренингтерді, топтық кластерді жасау мен қорғау, семантикалық картаны толықтыру мен қатені табу, мәтінмен жұмыс жасағанды атауға болады. Сәтсіз кезеңдері оқушылардың сөз қорының жетіспеушілігімен байланысты, сондықтан сұраққа жауап бергенде тек қана жай сөйлемдер мен қарапайым сөздерді пайдаланғаны байқалды.
Жалпы қорытынды: сабақ мақсаттарына жетті. Сабақтың тәрбиелік мәні де зор болғаны анық.
Достарыңызбен бөлісу: |