Тақырыбы: Батаменен ел көгерер
Мақсаты:
Оқушыларға бата туралы мағлұмат беру, түрлерімен таныстыру, қандай қасиеті бар екенін ұғындыру;
Бата төңірегінде ой қозғау, осы тақырыптағы өз ойларын мемлекеттік тілде сауатты, көркем, толық жеткізе білу;
Батаны өмірде қолдана білуге, бата беріп үйренуге баулу, имандылыққа, салт-дәстүрді дәріптеу. Өз Отанының патриоты болуға, жаман мен жақсыны ажырата білуге, аталы сөзден ғибрат алуға тәрбиелеу.
Сабақтың түрі: аралас сабақ
Сабақты өткізу әдісі: ой-қозғау, ізденіс, талдау, сұрақ-жауап, түсіндіру, әңгімелесу.
Сабақта қолданылатын көрнекіліктер: интерактивті тақта, слайд, бата кітабы.
Сабақтың барысы:
I. Ұйымдастыру.
-Сәлеметсіңдер ме, балалар?
-Бүгін бізде ерекше сабақ, осы сабағымызды бәріміз бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығара отырып ойдағыдай өткізуге тырысайық.
-Сіздерге жақсы көңіл-күй тілеймін!
II. Жаңа сабақ
-Балалар, бүгінгі тәрбие сағатымыздың тақырыбы «Батамен ел көгерер» деп аталады. Сабағымыздың негізгі мақсаты неде деп ойлайсындар?
-Бата дегеніміз не?
-Бата жайлы не білесіңдер? (ой қозғау)
Бір іске қадам баспас бұрын яғни ойға алған дүниені бастамас бұрын адам Ниетті түзеп, Тілек тілейді. Өз мақсатына жету үшін Аллаға сыйынады. Бүкіл Ой, Ниет, Тілек түгелімен жинақталып, сөз болып бір арнаға құйылады. Бата – дегеніміз осы.
Тарих беттеріне үңілсеңдер, күллі елдің аузында жүрген би, шешен, батыр, тіпті хан болған бабаларымыз өздерінен үлкен ақсақал, абыздардың батасын алған. «Халықтың тілек – бата сөздері жеткіншек жас ұрпақты әдепті, сабырлы, зерделі, арлы болып өсуге баулиды, малды-басты, дәулетті, бақытты, кекшіл емес, кешірімді болуын тілейді, жерін, елін қорғауға, талапты тастүлек боп ержетуге талпынтады». Көшпелі халықтың түсінігінде батаның рөлі айрықша болған. Болашаққа үлкен жақсылықтар тілеу – адамзат баласының ежелден асыл мұраты болса керек.
Белгілі әдебиеттанушы, тілші ғалым Ахмет Байтұрсынов аталарың: «Бата – біреуге алғыс бергенде айтылатын сөз. Батаны ақсақал адамдар жасайды. Батагөй шалдар басы бар табақты ап келгенде де, асты жеп болғанда да бата қылады», – деп жазады «Әдебиет танытқыш» деген еңбегінде.
Батаның қалай, қайдан шыққанын нақты ешкім айтпаған. Әдебиет зерттеушісі Серік Негимов батаны Құранның «Фатиха» сүресімен байланыстырады. Арабтың «фатеке» деген сөзі ақ тілек, ақ ниет білдіру, алғыс айту деген мағына береді екен.
Бата тек қазақ жұртында емес, түркі, моңғол халықтарында да баяғы заманнан дәстүрге, салтқа айналған.
Қазақтың батасы көбінесе өлең түрінде өріліп, ол: «А, құдайым оңдасын, Желеп-жебеп қолдасын», «Уа, Жаратқан Ием құдірет, Тілегімді қабыл ет», «Ақ батамды берейін, Арта берсін мерейің», - деген сөздермен басталып, сөз түріндегі баталар: «Батыр бол», «Бай бол», «Бақытты бол», «Ақ сақалды қария бол», «Қосағыңмен қоса ағар», «Үбірлі-шүбірлі бол», «Алла Тағала пәле-жаладан сақтасын», - деген ақ тілекпен де аяқталады. Дастарқанға бата бергенде оны «Дастарқаның мол болсын, абыройың зор болсын!», «Бақ берсін, бас берсін, өміріңе ұзақ жас берсін!», «Дастарқаның берекелі болсын, өмірлерің мерекелі болсын!», - деп те қайыратындар бар.
Бата берілген кезде жиналған жұрт та қолдарын жайып, іштерінен «Әумин!», - деп айтып, тыныштық сақтап, бір-бірімен сөйлеспеуге, ыржалақтап күлмеуге, ас-су ішпеуге, басқа шаруамен айналыспауға тиісті.
Батаның мақсаты: (интерактивті тақтадан)
1.Ел-жұрттың бір-біріне деген сүйіспеншілігін айту.
2. Достыққа, береке-бірлікке, ынтымаққа шақыру.
3. Жақсы іске бас болу.
4. Үлкен-кішінің жолын ашу.
5. Алдағы өмірге мақсаттар белгілеу.
Батаның түрін көрсету (интерактивті тақтадан). Қазақ халқы сөзбен ойнамаған. Жаман сөз айтпауға тырысқан. «Жақсы сөз – жарым ырыс» деген түсініктің мұсылманшылықтан шыққандығы белгілі. Жақсы сөз айтса, «Құдайдың құлағына шалынсын», жас бала тілек айтса, «періште әумин десін» деп тілек тілейді. Алда-жалда жаман сөз айтса, «өзіне көрінсін, тарт тіліңді» деп тыйып тастап отырады. Батаның түрлері болады.
Батаның негізі үш түрі бар:
Ақ бата;
Теріс бата;
Серттесу (Баталасу);
Ақ бата – шын жүректен шыққан тілек, өсиетнама. Ақ батаның негізгі мақсаты – ағайынның бір-біріне деген мейірім-шапағатын, сүйіспеншілігін білдіру, бірлікке шақыру, үлкен-кішінің жолын ашу, келешекте жүзеге асатын мақсаттарға береке тілеу.
жаңа туған нәрестеге,
өмір жолын жаңа бастаған ұл-қызға,
жас отауға,
алыс жолға шығушыларға,
үлкен бір істі қолға алушыларға,
жорық-шеруге аттанушы сарбазға,
тойларға,
асқа,
Наурызға (Наурыз бата),
Жаңа жылға,
мүшел жасқа,
дастарқанға,
Ораза ұстағандарға (Жарапазан бата) беріледі.
ШАПАҒАТ:
Жас нәрестенің шілдеханасынада берілетін бата:
Нәрестенің бауы берік болсын,
Ата-анасына серік болсын!
Азамат болып ер жетсін,
Ақсақал болып төрлетсін,
Азамат болсын көрікті,
Ғұмыры ұзын берікті,
Қолқанаты көп болып,
Артынан ерте берсін серікті,
Мінезі болсын салмақты,
Өнері болсын жан-жақты,
Осы айтқанның бәрі келсін,
Алла берсін зор бақты,
Аллаһу әкбар!...
СЫРЫМ
Тұсау кесерде айталатын бата:
Жас ұрпақ өмірлі болсын,
Тұрмысы көңілді болсын.
Ата-анаға мейірлі болсын,
Ағайын-туысқа пейілді болсын.
Өнеге-білімге зейінді болсын,
Он саусағы майысқан шебер болсын.
Ел қорғайтын батыр болсын,
Шындықты айтар ықн болсын.
Халқым деген жүрегі болсын,
Жұртының қамқор тірегі болсын.
Абыройы өрлесін,
Жаманшылық көрмесін!
Әумин!
НУРИ:
Ұл балаға берілетін бата:
Жортқанда, балам, жолың болсын,
Қалтаң ділдаға толсын!
Бір толмасын, жылда толсын,
Өмір жасың ұзақ болсын!
Қатарыңнан озар, ерен бол,
Қыз кезінде терең бол!
Сынай қалса, құлақ сал,
Мақтай қалса – керең бол!
Әумин!
ӘСЕМ:
Қыз балаға берілетін бата:
Талдай бой берсін,
Сұңғыла ой берсін.
Жаздай жамал берсін,
Қардай жанар берсін!
Анаға шуақ болсын,
Ағаға қуат болсын,
Нәзік жаны болсын,
Еліңнің ары болсын,
Басына өнердің бағы қонсын,
Ақ орданың шамы болсын!
Әумин!
АРМАН:
Наурызда берілетін бата:
Ұлыс оң болсын,
Ақ мол болсын
Қайда барсаң жолың болсын!
Жасың құтты болсын!
Өмір, жасың ұзақ болсын!
Төрт түлік ақты болсын!
Ұлыс береке берсін!
Пәле-жала жерге енсін!
ЖАНСЕРІК:
Жарапазан батасы:
Міне, бата, ақ ниет,
Бола берсін берекет.
Қиын дейді қиямет,
Жақын дейді ақырет.
Құлшылық қыл Аллаға,
Қыл көпірмей таймай өт!
Кірсін дәулет,
Шықсын бейнет,
Алла атымен ниет ет.
Жоқ-жітікке рақым ет.
Тәңір сені қолдасын,
Уайым-қайғы болмасын.
Қабыл болсын оразаң,
Әулетіңді оңдасын!
Әумин!
АЯКӨЗ:
Дастарханға берілетін бата:
Түндерің тыныш болсын,
Үйлеріңе ырыс толсын!
Келіндерің есті болсын,
Ұлдарың сесті болсын.
Балаларың қуаныш әкелсін,
Немерелерің жұбаныш әкелсін.
Орындарың төр болсын,
Дастархандарың мол болсын.
Қатарларың көп болсын,
Уайым-қайғыларың жоқ болсын.
Жастардың қазасын көрмеңдер,
Зұлымдардың жаласын көрмеңдер!
Еліңде бірлік болсын,
Жарасты тірлік болсын!
Әумин!
Екінші түрі – серттесу батасы (баталасу). Құдалықта, серт пен уәдеде, елшілікте, ел арасындағы жасалатын үлкен маңызды шараларда жасалатын жол. Қазақ баталасуды елдіктің, тектіліктің, азаматтықтың белгісі санайды. Батаны бұзу – қарғыспен тең.
Этнограф-жазушы Сейіт Кенжеахметұлы баталасуға байланысты мынандай бір оқиғаны айтады. «Шақшақ қайтыс болғанда (ХVII ғасыр) оның жас әйелі Сомалтынды жақын қайнысы Әйдеркеге қосады. Осы Сомалтынның Шақшақтан туған жас баласы Есназар мен Әйдеркеден туған Жылқыайдар екеуі енелес. Екі бала бірге өсіп, ер жеткеннен кейін елдің басты адамдары жиналып: «Сомалтын қасиетті, өнегелі ана болды. Бұдан былай одан туған Есназар мен Жылқыайдар бір ананың баласы болғандықтан, қанша ата өтсе де, бір-бірінен қыз алыспасын, өмір бойы туыс болып саналсын», – деп, қол жайып, баталасыпты. Міне, сол бата арада 400 жылдай уақыт өтіп, арасы 12 атаға толса да, әлі бұзылған жоқ».
Батаның үшінші түрі – теріс бата. Қарғыстың қатты, жазаның өте ауыр түрі. Мұндай батаны ата-анасы сенімін ақтамай, үлкен ұятқа қалдырып, әулетін, ата тегін масқаралаған, өздеріне қолы, тілі тиген, дінін, тілін, Отанын сатқан, жауыздық, ауыр қылмыс, күнә жасаған баласына қолын теріс жайып тұрып берген. Батаның бұл түрі ел арасында сирек қолданылады. Теріс бата ұрпақтан-ұрпаққа қара таңба болып қалып келген. Ата-анасының теріс батасын алғандарды халық жек көрген. Олармен құдаласпаған. Теріс батаны қайтару, қайтып алу үшін алқалы жұрт жиналып, Алла тағаладан теріс батаны өзгертуді сұрап, жалбарыну рәсімдері жасалған. Ата-анасы тірі болса, «Теріс батамды қайтып алдым» деп айтқан. Адамдар қанша ашуланып, қорланып намыстанса да, теріс бата беруге асықпаған, теріс батадан сақ болған.
1) Әр топқа берілген өлең шумақтын жалғасын тауып, бата құрастыру
І топ : Шілдехана батасы:
Жорытқанда жолың болсын
ІІ топ Ас батасы:
Дастарханыңа береке берсін,
Бастарыңа ынтымақ берсін,
ІІІ топ Наурыз батасы:
Ұлыс оң болсын,
Ақ мол болсын,
2). «Жалғасын тап» ойыны:
Берілген мақал мәтелдердің жалғасын табу, мағынасын түсіндіру
1. Жаңбырмен жер көгерер,
(Батамен ел көгерер.)
2. Ұлы кісіден бата алсаң,
(Сонда олжалы жол болар.)
3) Ақ тілек аянды болсын,
(Ақ бата баянды болсын.)
4) Ақыл көпке жеткізер,
(Өнер көкке жеткізер)
5) Ата өнері – (балаға мұра.)
6) Асыл тастан шығады,
(Өнер жастан шығады.)
7) Көп жасаған қария –
(Ақылы теңіз – дария.)
8) Ақылдының сөзі қысқа...
( көпке болар нұсқа).
9) Шешен сөз бастар,...
( батыр қол бастар).
3) Топтық тапсырмалар:
ЖАРАПАЗАН
ДАСТАРХАН БАСЫНДА
ШІЛДЕХАНАДА берілетін баталар
4) «Бата» сөзінің мағынасын ашу.
1-топ: ”Бата” мағынасын ашу үшін сөздерді топтастыр:
Сөздер: сыйластық , тәрбие сөзі, жылы сөз, алғыс сөз, мадақтау ,
игі тілек, теріс қылық, жай сөз , мағынасыз сөз, тәрбиесі жоқ.
Сабақты бекіту:
• Бата отбасының бақытты болуына ………………………… деп есептеледі.
• Батаны ……………………………….. береді.
• Бата отбасының ………….., адамгершілігін сақтауда ерекше ………………. атқарады.
• Бата үйдегі адамдарды …………………… тәрбиелейді.
• Сондай-ақ әртүрлі мерекелерде, ………………………………………., т.б. жағдайларда бата береді.
Керекті сөздер: бірлігін, ықпал етеді, жасы үлкен адамдар, дастарқан басында қызмет, сыйластыққа, тамақ ішкенде.
VIIІ. Қорытынды:
-Балалар бүгінгі сабақта не біліп, не үйрендік?
-Жақсы білім көрсеткендерін үшін бата берейін. Қолдарынды жайыңдар
Әлемнің бетін жарық ет,
Ұл - қызды түгел білімді ет,
Келесі оқу жылына
Аман - есен түгел жет!
«4» пен «5»-болсын алар бағамыз,
Білімнен бақыт табамыз!
Өнер білім көп тоқып,
Өсе берсін санамыз!
Әумин!
-Бүгінгі сабағымызды мынадай өлең шумақтарымен аяқтайыз:
Ниет, ықылас білдіру,
Әр адамға аманат!
Ата - баба дәстүрі –
Батаны біл жамағат!
Тексерілді: /Тәрбие ісінің меңгерушісі БОТАШЕВА Ж
Достарыңызбен бөлісу: |