Сабақты зерттеу барысында мұғалімдердің бақылау дағдыларын дамыту
Мауленова Галина Сапаргалиевна
«№3 орта мектебі» КММ
Лисаков қаласы
maulenova_1969@mail.ru 87751934790
Елбасымыз Н.Назарбаевтың көрегендігінің арқасында Кембридж Университетімен келісілген жаңа оқыту бағдарламасының болашақ ұрпақты жаңа қырынан танытатын әдіс-тәсілдерінің білім саласына аяқ басуы біз үшін қуанарлық жағдай. Дәстүрлі білім берумен енжарлыққа енген ұстаздар қауымын дүр сілкіндірген сындарлы оқыту әдісінің алдағы уақытта мектеп өмірін тұтастай қалай өзгертетіндігі бізді қызықтыруда. Біздің алдымызда «Мұғалімдер оқушыларды XXI ғасырға қалай дайындайды?» деген мәні зор мәселе көтеріліп отырғаны аян. Яғни, біздің ендігі мақсатымыз - алдымыздағы оқушыларымыздың білімі мен дағдысын дамыта отырып, өзін-өзі таныған жеке тұлға ретінде қалыптастыру.
Осы мақсатты жүзеге асыру жолында біздің Лисаков қаласы №3 орта мектебінде сабақты зерттеу (Lesson study ) әдісі 2016-2017 оқу жылында қолданысқа еніп кетті. Сабақты зерттеудің үш түрі бары анық: бірыңғай тақырыпқа байланысты, оқыту дағдыларын дамыту, мұғалімдердің бақылау дағдыларын дамыту. Бастауыш сынып мұғалімдерінен құралған фокус тобы өзара ақылдаса келе мұғалімдердің бақылау дағдыларын дамыту түрін таңдады. Себебі, өткізіліп жатқан жаңа әдіс-тәсілдердің біріншіден оқушыларға, екіншіден сыныпқа әсерін танып-білу үшін алдымен мұғалім-өзіміздің зерттеу, зерделей алу дағдыларымызды дамыту керек болды. Бұл зерттеу түрінің өзгешелігі барлық фокус мүшелері зерттеу сабағын өткізеді, сонымен қатар, әріптестерінің сабағын бақылайды, сабақ барысында өзара жақсы деген әдіс–тәсілдерді таңдайды, оларды қолданудың тиімді жақтарын саралап ой қосады және зерттеу барысында мұғалімдер тәжірибелерінде оқыту мен бақылау дағдыларын дамытады.
Жалпы зерттеу тақырыбымыз: «Оқу пәндерін оқытуда сын тұрғысынан ойлау әдісін қолданудың тиімділігін анықтау». Мақсатымыз мұғалімдердің оқу пәндерін жүргізуде оқушыларға сын тұрғысынан ойлау үшін қолданатын әдістердің тиімді жақтарын бақылай алу дағдыларын қалыптастыру болды. Жоспар құру барысында көзделген зерттеу әдісімен қоса 7 модульдің ішіндегі «АКТ», «Оқыту үшін бағалау және оқуды бағалау», «Оқыту мен оқудағы жаңа тәсілдер» де жақсы көрініс тапты. Жоспарланғандай сабақ өз кезеңдерімен өтті. Алғашқы отырыста-ақ өткізілетін СТО әдіс-тәсілдерін саралап, түсініп, қолдану кезеңдерін талқылап алдық. Әр мұғалім өз сабағын жоспарлап келді, ал біз оның жоспарына тиімді өтетін әдіс-тәсілдерді енгізіп отырдық. Сабақ соңынан ол жоспар талданып, енгізген әдіс-тәсілдердің жетістігі мен тиімсіздігі сараланып, келесі сабаққа және басқа да мұғалімдерге ұсыныс жасалып отырды. Сонымен қатар, үш деңгейлі (А,В,С) оқушылар таңдап алынып, зерттелді. Біздің басты мақсатымыз өзіміздің бақылау дағдымызды дамыту болғандықтан, мұқият қадағалау мен нысананы анық бақылай алуға тырыстық. Біз де оқушыларымыз сияқты өзімізді-өзіміз бағалап отырдық. Осы әрекет арқылы енгізіліп, қолданылып жатқан әдістердің өз тәжірибемізде дұрыс немесе бұрыс қолданылып жатқанына назар аудардық. Бақылаушының рөлі өте ауыр, жауапты. Сабақты зерттей отырып, өзіміздің зерделей алу қасиетімізді де дамыта отырамыз. Өзіміз байқамайтын қателіктерімізді бақылап, сабақ аламыз. Сабақ кезеңдеріне алынған әдісті біріге таңдап, әр кім өз сабағында қолданды. Мұндай әдіс өте тиімді көрінді, себебі, бірте-бірте өңделе, түзетіле жүргізілген тәсілдер оң нәтиже беріп отырды.
Бірінші цикл сабақтарында диалогтық тәсіл көп қолданылды. Блум таксаномиясын басшылыққа ала отырып төменгі және жоғары дәрежедегі сұрақ-жауаптар қолданылды. Барлық жағдайда да оқушыларды сыни ойлауға, сын көзқарасты қалыптастыруға басты назар аударылып отырды. Бағалау кезінде осы көзқарас жақсы нәтиже көрсете бастады. Сондай-ақ кері байланыс кезінде де оқушылар өз пікірлеріне сынмен қарай бастағаны байқалды.
Алғашқы зерттеуде байқалған сабақтың жақсы жақтары: топтың жақсы бірлесуі, ынтымақтастықпен жұмыс жасауы, өзара бағалауы, бір-біріне жылы қарым-қатынаста болуы, сабақтардың белсенді өтуі болды. Ал, әлсіз жақтары: әлі де топтан жырақ қалатын оқушылардың болуы, төменгі дәрежелі сұрақтардан аса алмаулары, уақыттың үнемделмеуі және кері байланысты толық бере алмауы көрініс тапты. Келесі циклде осы кемшіліктерге баса екпін түсіріле отырып, сабақтарды жоспарлау және зерделеу жұмыстары жүргізілді.
Екінші айналым сабақтарында СТО модулінің ЖИГСО , 5 жол өлең, эссе, Блумның «Түймедағы», «Түртіп оқу» әдістері қолданылды. Оқушылар мұндай әдістерді өте қызығушылықпен қабылдады. Бірлескен жұмыстарда өзара ақылдасу, пікір алмасу, талдау, сұрақ қою, шешім шығару әрекеттерін жасады. Қызу жұмыспен атқарылған тапсырмаларға С оқушылардың да еріксіз араласуы, өзіне берілген тапсырманы ыждағаттылықпен орындауы бақылаушылардың назарына ілікті. Яғни, оларға бағытталып құрылған табыс критерийлері өз нәтижесін көрсетті.
Жалпы «Ақылдаса пішкен тон-келте болмас» деген қазақ мақалы осы тұста дәлел болды. Фокус тобы әр мұғалімнің сабағынан соң талдау жүргізуін жалғастырды, келесі мұғалімнің сабағы одан жақсы өтуіне септігін тигізген мұндай отырыстар оң нәтижесін берді. Байқалған қиындықтар мен кемшіліктер дер кезінде ескеріліп, өңделіп, басқаша жолдармен оқушыларға жеткізіліп отырды. Соның арқасында сабақ өткізуші мұғалім де өз сабағын жеңіл, нақты, сенімді өткізді. Мұғалімге де қолдаушы достарының болу қатты әсер етті. Сабақ соңынан оқушылардан кері байланыс алғанда, олардың барлығы да өздерін жоғары деңгейлерден белгілеп, жақсы көңіл-күйде болғандарын көрсетті. Осы цикл аз да болса өз нәтижесін көрсете алды. Мұғалімдердің де бақылау нәтижесін нақты әрі уақытылы орындағандықтарынан да болар. Десе де, бұл жолғы сабақта ынтымақтасқан топтың бірлесе шешім шығара алмаулары, ортақ түйінге келе алмай, көшбасшы оқушылардың биліктерінің басымдығы байқалды. Сондай-ақ , С оқушыларды әлі де сынды қабылдай алуға үйретіп, өзіндегі жауапкершіліктің өзгеге қатысты екендігін ұғындыру жұмыстарын жасау керек болды. Соңғы айналымда осындай мәселелерге басты назар аударыла отырып, сабақ жоспарлары құрылды.
Алғашқы сабақтардай емес, осы соңғы сабақ айтарлықтай өз нәтижесін көрсетті. А оқушылар үнемі көш басынан көрінді, ал В және С оқушылары біз күткен нәтижелерді көрсете бастады. Топтық жұмыстар алғашқыдай емес, уақытпен санаса, бірлескен ұйымшылдықпен өтті. Оқушылар белсенді жұмыстар жасады, жеке, жұптық , үштік, топтық жұмыстар оларға қатты ұнады. Бір-бірімен байланыса отырып, өзге топтан озуға деген бәсекелестіктері артты. Соның арқасында көшбасшы оқушылар тобындағы нашар оқитын оқушыларға қолдау жасап, көмек беріп, оларды да жұмысқа талпындырып отырды. Топ мүшелері де өздеріне берілген қызметтеріне жауаптылықпен қарай бастады.
Біздер үшін, яғни бақылаушы мұғалімдер үшін де сабақты қайта жоспарлап отыру біртіндеп жеңілдік туғызып, қызыға кірістік. Өз ойларымызды қосып, сабақтарды түрлендіре түсу амалдарын қарастырдық. Сол жоспарымыздың іске асу, аспауын қадағалау арқылы бақылай алу дағдысын меңгеріп, саралап сыни көзқараспен талдауды игердік. Бақылай отырып, өзімізден кететін кемшіліктерді көрдік. Атап айтсақ, әр оқушы жеке тұлға екендігін, сондықтан да сабақ барысында А,В,С оқушылардың ақпаратты әр түрлі деңгейде қабылдайтындығын біле тұрып, кейде көңіл аудармай кететін тұстарымызды бақылап мойындадық. Алдағы уақытта өз тәжірибемізде осындай келеңсіздіктерді болдырмау мақсатында жұмыс жасауға бағыт-бағдар алдық.
Осылайша биылғы оқу жылындағы сабақты зерттеу тәсілі аяқталды. Келесі оқу жылында өз жалғасын табары анық. Және мұндай зерттеулер оң нәтиже беретіндігіне сенімдіміз.
Достарыңызбен бөлісу: |