Саралау: Бұл кезеңде саралаудың «Қорытынды» тәсілі көрінеді
|
Оқушылар бүгінгі сабақтың мақсаты, тақырыбы бойынша өз ойын айту арқылы сабаққа қорытынды жасайды.
|
Мұғалім оқушыларды «Жапондық бағалау» әдісі арқылы бағалайды. Яғни «Дұрыс келісемін», «Толықтырамын, басқа көзқарасым бар», «Менің сұрағым бар». Сонымен қатар 1-10 баллдық жүйе бойынша оқушылардың сабаққа қатысу белсенділігі бойынша бағаланады.
|
|
Үй тапсырмасы
|
«Өлсем орным қара жер сыз болмай ма» өлеңге өз ойын жазып келу.
|
“Өлсем орным қара жер” өлеңі – Абайдың заманы мен өмірінен мол мағлұмат беріп қана қоймайды, ол – сонымен қатар Абай өмірін зерттеушілер үшін жол нұсқар - бағдаршам. Бұл жыр өлім жайлы толғанады. Жырда ақын келешекпен, келешек ұрпақпен тілдесіп, бар өмірін, шерлі сырын соларға айтып отырғандай. Өмірден әбден қажыған ақын, ешкімге шағынбайды. Болашақ оқушысымен жәй сырласып отырғандай. Ақын оқушыға өзі туралы, заманы, халқы туралы имандай шынын айтады.
Өлсем орным – қара жер сыз болмай ма,
Өткір тіл – бір ұялшақ қыз болмай ма.
Махаббат, ғазауатпен майдандасқан,
Қайран менің жүрегім мұз болмай ма!
Амалсыз тағдыр бір күн кез болмай ма,
Біреуге жай, біреуге тез болмай ма.
Асау жүрек аяғын шалыс басқан,
Жерін тауып, артқыға сөз болмай ма!
Сонда жауап бере алман мен бишара,
Сіздерге еркін тиер, байқап қара.
Екі күймек бір жанға әділет пе,
Қаны қара бір жанмын, жаны жара.
Жүрегімнің түбіне терең бойла,
Мен бір жұмбақ адаммын, оны да ойла.
Соқтықпалы, соқпақсыз жерде өстім,
Мыңмен жалғыз алыстым, кінә қойма!
Жасымда албырт өстім, ойдан жырақ,
Айлаға, ашуға да жақтым шырақ,
Ерте ояндым, ойландым, жете алмадым,
Етек басты көп көрдім елден бірақ.
Ой кіргелі тимеді ерік өзіме,
Сандалмамен күн кешкен түспе ізіме.
Өзі ермей, ерік бермей, жұрт қор етті,
Сен есірке, тыныш ұйықтат, бақ сөзіме!
Ішім – толған у мен өрт, сыртым дүрдей,
Мен келмеске кетермін түк өндірмей.
Өлең шіркін – өсекші, жұртқа жаяр,
Сырымды тоқтатайын айта бермей.
Бұл – ақынның өзі мен қоғамы, заманы туралы, өзге емес, өзі айтқан жан сыры. Ақын болашақты болжай білгендей. Ол өзінің болашақтың ұлы ақыны екенін білді ме екен? Білген секілді. Әйтпесе, ақын Абай өзі туралы осылай жазар ма еді?
Кез-келген ұлы ақынның өмірі, заманы кейінгі ұрпақ үшін, тарих үшін аса құнды тарихи мұра екені белгілі. «Асау жүрек» аяғын шалыс басқан жерін кейінгі ұрпақ дұрыс түсіну үшін, өз өмірін өзге емес, ақынның өзі айтып отыр. Араб тілінен еніп, біздің тілге сіңісіп кеткен «махаббат» сөзі ол түсінікті, «мейірім», «сүйіспеншілік» мағынасында. Ал, «ғазауат» ше? Ол – зұлымдық, дұшпандық деген мағынада.
Сонда, басқа жәй пенделер секілді, Абай ақынның жүрегінде де махаббат пен зұлымдық қатар орын алған екен-ау! Абай ештемеден қысылмай, тайсалмай ақиқатты айтады. Ол сонысымен де сыйлы һәм құдіретті. Оның бір жүрегінде махаббат та, зұлымдық та орын алған. Ұлы Шекспир: «Махаббат пен зұлымдықтың арасы бір-ақ қадам»,- деп еді-ау. «Асау жүрек аяғын шалыс басқан жерін» Абайдың өзі айтқысы келіп отыр. Сонда Абай, зұлымдықпен күн көрген пенде болды ма? Олай емес секілді.
«Екі күймек бір жанға әділет пе?» дейді. Демек, ол бірінші рет өзін-өзі жерлеп, қатты сынап, күйінген.
Ақын: «Енді екінші рет, болашақ ұрпақ, сенің күйдіргенің әділет пе?»-дейді. Болашақтан ақын әділет сұрайды. «Қаны қара бір жанмын, жаны жара». Әділетсіздікке барсам да, сол үшін күйінген жаным жаралы, деді-ау ақын. Ол тіршілігінде өз жанын өзі жегендей ар жазасымен күн кешкен.
Имандай шынын айтқан ақын, енді оқушысымен сырласады. Ақталып, түсініскісі келеді.
Жүрегімнің түбіне терең бойла,
Мен бір жұмбақ адаммын, оны да ойла.
Иә, айналасы үшін Абай жұмбақ жан еді...
Оның бір басында ақындық ұлы дарын, ғұлама ғалымға тән ақыл-білім, әрбір пенде армандайтын байлық, билік, атақ, даңқ – бәрі болды.
Бірақ, ол өте бақытсыз еді. Сондықтан да ол айналасына «Жұмбақ адам» болып көрінетін. Бір басында жәй пенделер армандайтын бақыт пен бақтың бәрі бола тұра, Абайдың бақытсыз болуының себебін, сол феодалдық-патриархалды мешеу қоғамда ақынмен қатар өмір сүрген сауатсыз да қараңғы оның замандастары түгіл, атом, компьютер, жаһандану заманында өмір сүріп отырмыз, білімдіміз, жоғарғы оқу орнын бітірдік дейтін менің замандастарымның өзі толық түсінген жоқ. Түсіне де алмайтын шығармыз...
Данышпан ақын, ғұлама ғалым, хакім Абайдың жұмбағының сыры тым тереңде.
Абай шығармаларының сыртқы түр-келбеті қандай қарапайым, түсінікті болса, оның ішкі мазмұны соншалықты терең, күрделі де, сан қилы, түсініксіз. Сондықтан да Абай әлемі – мәңгілік ғалам, сыры терең жұмбақ.
Біз «Жұмбақ адамның» сырын – ол өмір сүрген қоғамды жан-жақты саралап, зерттеп, зерделей отырып, тек қана оның шығармалары арқылы түсіне алсақ керек. Тек қана шығармалары арқылы ғана! Басқаша болуы мүмкін емес. Осы шумақтың соңғы екі жолында ақын:
Соқтықпалы, соқпақсыз жерде өстім,
Мыңмен жалғыз алыстым, кінә қойма,- дейді.
«Түсінсеңші» - деген ақын заманына шағынғандай да болады. Ақынның «мыңмен жалғыз алысқаны» түсінікті. Халқы қараңғы, мешеу, надан еді. Бар саналы ғұмырында ақын солардың «көкірек көзін» ашып, халқына өркениеттің, болашақтың жарқын жолын нұсқағысы келді.
Ал, «соқтықпалы, соқпақсыз» жерді қалай түсінеміз? Ол қандай жер? «Соқтықпалы» дегенде ағылшын физигі Браун ашқан молекулалардың ретсіз қозғалысы еске түседі. Кез-келген денедегі молекулалар ешбір заңға бағынбай, осындай «соқтықпалы» түрде ретсіз қозғалады. Абай өмір сүрген кездегі орыс империясына отарланған қазақ қоғамы осындай «соқтықпалы» күйде өмір сүрген екен-ау! Қайран, ақын аға! Қараңғы, надан халқыңмен бірге, белгілі заңы, жолы жоқ қоғамда өмір сүру сен секілді данышпан, хакім Ақынға қандай ауыр болғанын түсінеміз.
Жасымда албырт өстім, ойдан жырақ,
Айлаға, ашуға да жақтым шырақ.
Ерте ояндым, ойландым, жете алмадым,
Етек басты көп көрдім елден бірақ,- деген жолдарда Абай өмірінің таза шындық ақиқаты жатыр. Ақынның «албырт, жас» кезінде ел басқарғаны рас, ал ел басқаруда әкесі Құнанбайдың үлгілі шәкірті болып, «айлаға да, ашуға да шырақ жаққаны» тағы да рас.
Кейін, оқу-білімнің арқасында өз басында ой-пікір өзгерістері болған, санаткер-ұстаз Абайдың еліне өркениет жолын көрсеткісі келгені тағы да шындық. Қараңғы, надан елінің ұстаз Абайдың айтқанына көніп, соңынан ермегені бұл да ақиқат!
Ерте оянып, жете алмаған ақын: «Өзі ермей, ерік бермей жұрт қор етті» - деп, еліне деген өкпелі ызасын да жасырмайды.
Мен қолымнан келгенінің бәрін де жасадым. Бірақ, түк өндіре алмадым. Осыны түсін. Сандалмамен күн кештім,- дейді. Менің бұл жолыма енді сен түспе! Басқа жол тап дегендей. Осылай ғұмыр кешкен мен бейбақты, сен есірке, тыныш ұйықтат,- дейді ұлы ақын.
Ол өз өлеңін әзілмен «өсекші» дейді. Ішімдегі сырымды ашып, жеткізуші сен боларсың-ау деп, өлең сырласына наз айтып тоқтайды.
Ол өмір-тірлікке лағынет-қарғыс айтпайды. Дана ақынның кең, сабырлы мінезімен тіршілік есігін ақырын жауып шығып кеткендей. Ол болашаққа үмітпен қарайды, күдіксіз сенеді.
Достарыңызбен бөлісу: |