СабырбаеваР.Қ. қазақ әдебиеті кафедрасының доцент м а., ф.ғ. к



бет17/62
Дата22.12.2021
өлшемі2,2 Mb.
#980
1   ...   13   14   15   16   17   18   19   20   ...   62
Тастанбекқызы, Сара (1878-1916) - айтыскер ақын. Туған жері қазіргі Алматы облысының Қапал ауданы. Руы Найман.

Өзінің қысқа ғұмырында тауқыметтің талайын көріп, әлеуметтік теңсіздіктің тәлкегіне ұшыраған Сараның шығармашылық жолы тым ауыр да күрделі жол. Ол үш жасында әкесінен айырылып, еңсе басқан жетімдік пен жоқшылықтың зардабын көріп өседі. Бұл аз дегендей, сырттай болса да жалғыз сүйенер тірегі немере ағасы Жайсаңбек «өгіз ұрлады» деген жаламен түрмеге түседі. Жоқшылық өтінде жеке қалған жетім бала, жесір әйелге қамқоршы болып, ауылына көшіріп әкелген Тұрысбек қажы Сараны шырылдатып, өзінің теңі емес, жаратылысынан кеміс туған, бай баласы Жиенқұлға атастырады.

Жетім қыз үшін мал алған Тұрысбек қажының әрекетін естіген Есімбек қажы дау шығарып, Сараны өз ауылына көшіріп алады. Бірақ бұдан Сараға жақсылық болмайды. Ақырында бар шаруа екі қажының қыздың қалың малын тең бөліп алуға келісуімен тынады.

Осылайша қаршадайынан басы дау шарға түскен ақын қыздың бағының ашылуына осы кезде найман елін аралап, серілік жасап жүрген атақты Біржан салмен кездесіп, шаршы топтың алдына онымен айтысуы үлкен себепші болады. Бұл айтыс Сараның халық алдындағы беделін арттырып, атағын алысқа жаяды. Елдің құрметіне бөленіп, халықтың махаббатына ие болған ақын қыздың тағдыр тізгінің өз қолдарынан сусып шығып бара жатқанын сезген қажылар да көпке көренеу қарсы шыға алмай, оның басына бостандық береді. Сөйтіп ақын Сара өзінің асқан дарынының арқасында теңдікке қол жеткізіп, он тоғыз жасында өз теңі Алтынбекұлы Бекбай дегенге тұрмысқа шығады. Теңдікке жетіп, теңіне қосылып, көзі ашылғандай болған осындай күндердің бірінде Верный қаласынан Әбіштің (Әбдірахманның) сүйегін алып қайтқан жолда Қапалда Абайға көңіл айтуға келген Найман елінің игі жақсылармен бірге Сара да келіп, ұлы ақынмен көріседі, аяулы баласынан айырылған ауыр қайғысына ортақтастығын білдіреді.

Жастай жоқшылықты көп көріп, ауыр тұрмысты бастан кешкен теңсіздіктің зардабын шегіп, қайғы мұңды серік еткен ақын қыз көп ұзамай ауруға шалдығып, жалғанның қызығын жарытып көре алмай, ерте көз жұмады.

Сара Тастанбекқызының Біржан салмен айтысы ғасырдан ғасырға үзілмей жалғасып келе жатқан қазақтың айтыс өнерінің шоқтығы биік, көркем үлгісі болып саналады. Ақынның бұл айтыстан басқа «Жүрек», «Ашындым», «Арсалаң аға алдында», «Жүрек сыры», « Жайлауда», « Әбіштің аруағына», « Хош бол, елім» секілді көптеген өлеңдері мен «Тұзақ» атты дастаны бар.

Сара Тастанбекқызы Абайдың көзін көріп, онымен замандас болған тұлға. Оның өмір жолын оқып, ауыр тағдырына үңіліп көрсеңіз сол кезеңдегі әйел теңсіздігінің қандай болғанын шамалайсыз. Расында да, Сараның басына түскен тауқыметті екінің бірі көтере алмас еді. Ол үш жасында әкесінен айрылып, анасы екеуі жетімдік пен жоқшылықтың зардабын көрді. Бұларды алғашында қамқорына алған немере ағасы Жайсаңбекке де жала жабылып, ол ертеректе қамалып кеткен болатын.
Онсыз да әбден қиыншылықта бой жеткен қыз бен оның жесір анасын Тұрысбек қажы деген кісі алғашында өз ауылына көшіріп әкелген. Кейін ол Сараны кеміс туған бай баласы Жиенқұлмен атастырып, одан қыздың қалыңмалын алады. Мұны естіген Есімбек қажы дау шығарып, Сараны өз ауылына көшіреді. Алайда, бұл жағдай ақын қыздың өмірін жеңілдеткен жоқ.
Тек Біржан салдың Сара ауылына келген сапарынан кейін ғана жетімнің өмірі өзгере бастады. Барлығы да осы екі ақынның айтысынан кейін, әрине. Таңды таңға ұрып айтысқан Біржан мен Сара сол маңдағы бүкіл жұртты тамаша өнерімен тамсандырған. Нәтижесінде ақын қыздың абыройы ел алдында бірден көтеріліп, халықтың оған қошеметі артты. Сараның тағдыр тізгінінің өз қолдарынан сусып шығып бара жатқанын сезген қажылар да көпке көренеу қарсы шыға алмай, оның басына бостандық береді. Сөйтіп ақын Сара өзінің асқан дарынының арқасыңда теңдікке қол жеткізіп, он тоғыз жасында өз теңі Алтынбекұлы Бекбай дегенге тұрмысқа шығады.
Сара мен Абайдың кездесуі жайында «Абай жолы» романында айтылады. Ұлы ақынның перзенті Әбіш қайтыс болғанда Найман елінің игі жақсыларымен бірге Сара да Абай ауылына келеді. Алайда ақын қыздың өзі де мұнан кейін көп ұзаған жоқ, жастайынан әбден қиындық көріп өскен ол ауруға шалдығып, ерте көз жұмған. Оның артынан "Жүрек", "Ашындым", "Арсалаң аға алдыңда", "Жүрек сыры", "Жайлауда", "Әбіштің аруағына", "Хош бол, елім" секілді көптеген өлендері мен "Тұзақ" атты дастаны қалды. 

Сол Сараның соны жырлары ортамызға оралды. Жақында Елордадағы ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында "Сара саңлақ" атты жинақты тұсаукесері өтті.  

Жобаның жетекшісі әрі идея авторы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жазушы Шәрбану Бейсенова: «Сара Тастанбекқызы қазақ әдебиеті тарихында өшпес із қалдырған өз заманының шәйір ақыны. Ал Біржан мен Сара айтысы бүгінде қыз бен жігіт айтысының қайталанбас үлгісіне, қазақ өнерінің рухани мұрасына айналған. Бұл жинаққа ақын Сараның өлеңдері мен айтыстары, сонымен қатар өнерпаз қыздың өнері мен өмір жолын арқау еткен мақалалар, естелік әңгімелер, ақын өнеріне бас иген ақындардың өлең-жырлары топтастырылды», - дейді.

«Негізі ол қазіргі ақындарша өз өлеңдерін жазып қалдырмаған, кезі келгенде ауызша айтқан, солай таратқан. Соған кезінде бір жырында «Қағазға жалғыз сөзім түспеген соң, Ұмтылып қалар Сара құр аңыз боп» деп наласын да айтқан екен. Сол сөзі бізге қатты әсер етті. Сол кісінің өлеңдерін жинастырып, бүгінгі оқырманға танытуды өзімізге мақсат тұттық», - деп атап өтті ол.


Тұсаукесер рәсімге ақын-жазушылар, Парламент депутаттары, белгілі зиялы қауым өкілдері қатысты.

Біржан – айтыскер ақын. Қазақ ауыз әдебиетінің бір саласы – айтыс өлеңдері. «Айтыс» деген сөздің мағынасына назар аударсақ, екі адамның сөз таластыру, сөз жарастыру, сынасуын, т.б білдіреді. Айтыс өзара сөз түрінде де, өлең түрінде де болған. Әдебиетте сөз болатыны – көбінде өлең түріндегі айтыстар.


Айтыстың бірнеше түрлері бар. «Қыз бен жігіт» айтысы, «Бәдік» айтысы, «Жұмбақ» айтысы және «Ақындар» айтысы.
Осылардың ішінен қазірге дейін жеткені – «Ақындар» айтысы. Ақындар айтысы – айтыс өлеңдерінің ішіндегі ең көркемі көлемдісі.
ХІХ ғасырда ақындар айтысына араласқан жүз елуден аса адамның өмірбаяндық деректері Қазақстан Ғылым Академиясының қолжазба қорында сақтаулы. Бұл деректер ХІХ ғасырда ақындар айтысының ерекше дамығанының дәлелі. ХІХ ғасырда Жанақ, Шөже, Кемпірбай, Тоғжан, Орынбай, Балта, Біржан, Әсет, Рысжан, Майкөт, Сабырбай, Сара, Кеншімбай, Нұрпейіс, т.б.жүзден жүйріктер «айтыс» өнері арқылы ақын атанғандар.
Қазақ халқының айтыс өлеңдерінен ойып орын алатын, көркемдік дәрежесі жоғары айтысы – «Біржан мен Сараның айтысы». Жетісу өңірінде Сара атты әрі әнші, әрі атақты ақын қыздың бар екенін, оның сан жүйріктерді сөзбен буғандығын ақын Біржан естиді. Ал Біржан жайын, оның қандай әнші, ақын екендігін Сара да естіген. Бұлар бір-бірін көрмесе де, сырттай таныс, көрісіп, айтысуды арман етіп жүреді.
Біржан бір жолы қасына шәкірттерін, жолдастарын ертіп, Сараның еліне келеді. Біржан келсе, Сара үйінде жоқ екен. Біржанның алдынан Сараның шешесі мен сіңлісі шығады, олармен бір – екі ауыз сөз қағыстырады. Сараның қажы аулына кеткендігін естіп, оны іздеп сол ауылға тартады.
Бұл кезде Сара жиналған көпшіліктің алдында қажы атасына:

... Қажыеке, сізге айтарлық арызым сол,


Қапамын бастан билік алмағанға, -
деп мұңын шағып отыр екен. Осы тұста Біржан келіп: «Бұл үйде Сара бар ма, шықсын бері», - деп хабар салады, жұрт жиналып қалады, осылайша екі ақынның айтысы да басталып кетеді. Біржанның:

Адымым күні бүгін қалыбында,


Екі жыл отыз беске келгеніме, -
деуіне қарағанда, Біржан Сарамен Отыз жеті жасында айтысқан. Екі ақынның екеуі де жүйрік, алғыр. Біржан:
... Қырандай аспандаймын желді күнгі,
Даусымның көтерілер шықса тері.
Болжаған жер шарасын майталманмын,
Жасымнан маған мәлім қыз не дері.
Алтын менен күмістің нақысындай,
Міні жоқ бізден шығар сөз бедері...
Ақ иық мұзбалықпен жерге түспес,
Кең қолтық арғымақпын алқымы іспес, -
деп, өзін мұзбалық қыранға, жүйрік арғымаққа теңейді.

Ақын қолданған көркемдегіш сөздер сөзді ойнатып, айшықтандыра түседі. Бейне асыл ақ сандығын ашқандай. Біржанның тілі өткір, поэзиясы сомдалған құрыштай жұп-жұмыр. Ақын өлеңінің өткірлігін, әнінің әсемдігі мен әсерлігін аспандағы аққулардың жүз құбылған сыңқылына ұқсатады. Бұл тәрізді бейнелі теңеулерді табан астында табатын шеберлік – ақын талантының куәсі. Айтыс өнерінің шырқау биігіне шығу, әрине, жалғыз Біржан ақындығының қуатына ғана байланысты емес. Ол қарсыласының да мықтылығына байланысты. Айтыс өлеңді оқып отырып, жеңіс Сара жағында болуы тиіс деп отыратын тұстар да бар. Мысалы:

Арыстан, сол Ниязбек іздеп келіп,
Шошынған жүрісімнен танбағанға...
Жанақ та қобызбенен түк қылған жоқ,
Оңай ма сендей сорлы бейшараға... –
дейді. Айтыста осындай өрелі ақындарды жеңген Сара Біржанға дай айрықша айбын танытады. Сараның уытты тілі тиген жерін күйдірердей. Ақын Біржан Сараның әдемілігіне, ақындығына көңіл толып, жоғары бағалайды. Біржан:

Жарайды, жаным Сара, осы сөзің,


Тастүлек түрымтайдай екі көзің...
Шіркін-ай, мұндай жүйрік туармысың,
Сөйлейсің алтындай ғып сөздің жезін.

Қанатын күн шалмаған ақ тұйғынның


Жапалақ иемденер басқан ізін...
Кемітер дұшпан шіркін қай жеріңді,
Адамзат озар емес бір басыңнан, -
деп сүйсіне мақтап, шын бағасын береді.

Айтыскерлердің бар мақсаты – жеңу. Осы қасиеті жағынан айтыс спорт түріне де ұқсайды. Біржан ақын Сараның өнерін ардақтай отырып, осындай сөзге жүйрік ақын қызын елі қалай қадірлейді екен деп, тың тақырып бастап кетеді.


Біржан аяқ астынан Сараға:

Шақыртып, осында алдырт күйеуінді,


Көрейін таңдап қосқан сыңарыңды, -
дейді. Сан жүйрікті сөзбен буған Сараның қауіптенетіні де осы еді... Тағдыры аянышты ақын Сара дәл осы жерде жеңілгенін мойындайды.

... Адамға жол бермеген есіл тілім,


Күн өтпей желпін ұшқан қызыл гүлім.
Сіздерден ұялғаннан жүруші едім,
Есекке қосақтаулы өтті күнім.
Өзі білер деуші едім жақсылардың,
Ақыры қайғы болды енді мұным.
Сіздерге сенетұғын сорлы басым,
Келгенде Жиенқұлға шықпайды үнім... –
деп қатты қамығады, басына теңдік беруін сұрайды. Өзімен теңдес әріптесінің қайғысына Біржан да ортақтасып:

Обалың Есімбек пен Тұрысбекке,


Күйеуің жаман екен, ей, бейшара, -
деп аяушылық білдіреді.
Бүкіл қазақ баласы білетін «Біржан – Сара айтысы» атақты екі ақынның өнер жарысы ғана емес, әлеуметтік теңсіздікті, әйел теңсіздігін көтерген саяси мәні бар өнер туындысы болып саналады.
Елді ардақтап, халқы қадірлеген Біржан салдың сан қырлы өнерінің рухани өмірі ғасырлар бойы жасайды.

Қорытынды.


Біржан сал үш бірдей өнер иесі – асқақ үнді ақын, сазгер, әнші. Ол – қазақтың әншілік-орындаушылық өнерін дамытып, халық музыкасын өз шығармашылығымен биік белеске көтерген аса дарынды халық композиторы. Біржан салдың лирикалық өлеңдерінде өзі өмір кешкен заманның әлеуметтік, адамгершілік, мәселелері алға тартылып, адам жанының нәзік сезім-күйлері шертіледі, оқушысына эстикалық сұлулық, ұмытылмас эмоциялық әсер сыйлайды.
Біржан салдың «Айтбай», «Ақтентек», «Алтын балдақ», «Ғашығым», «Бірлән» шығармалары өзіндік көркемдік шешімін тапқан тамаша туындылар. Ал «Ләйлім Шырақ» немесе «Көлбай – Жанбай» өлең-әндері қазақ аруларының қайталанбас көркем бейнелерін сомдаған шығармалар.
Біржан әнші, сазгер, орындаушылығымен қатар өте талантты суырыпсалма айтыс ақыны да болған.
«Біржан мен Сара» айтысы-көркемдігі жағынан айтыс үлгілерінің ішіндегі ең таңдаулысы. Біржанның өлеңдері, әндері бірнеше рет кітап болып басылды. Оның жалпы шығармалығы туралы бірқатар зерттеулер жазылды.
Біржан мен Сара айтысының негізінде композитор Мұқан Төлебаев «Біржан–Сара» операсын жазды.

Каталог: ebook -> umkd
umkd -> Мамандығына арналған Сұлтанмахмұттану ПӘнінің ОҚУ-Әдістемелік кешені
umkd -> Қазақстан Республикасының
umkd -> Қазақстан Республикасының
umkd -> Студенттерге арналған оқу әдістемелік кешені
umkd -> ПӘннің ОҚУ Әдістемелік кешені 5В011700 «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығына арналған «Ұлы отан соғысы және соғыстан кейінгі жылдардағы қазақ әдебиетінің тарихы (1941-1960)» пәнінен ОҚытушыға арналған пән бағдарламасы
umkd -> «Балалар әдебиеті» пәніне арналған оқу-әдістемелік материалдар 2013 жылғы №3 басылым 5 в 050117 «Қазақ тілі мен әдебиеті»
umkd -> ПӘннің ОҚУ-Әдістемелік кешенінің
umkd -> 5 в 011700- Қазақ тілі мен әдебиеті
umkd -> 5 в 011700- Қазақ тілі мен әдебиеті
umkd -> «Филология: қазақ тілі» мамандығына арналған


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   13   14   15   16   17   18   19   20   ...   62




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет