Дәрістің жоспары:
Біржан сал Қожағұлұлы
Сара Тастанбекқызы
Өнер тұтастығы мазмұнындағы ақындар (сал-серілер, әнші ақындар) шығармашылығындағы көрнек өнерінің ежелгі замандық тұтастық (синкретизм) белгілерінің сақталуы, жаңғыра қолданылуы (әншілік, ақындық, жыршылық, сазгерлік, аңшылық-мергендік, атбегілік-сейістік, құсбегілік-саятшылық, әртүрлі мазмұндағы күлдіргі ойынпаздық, палуандық, ұсталық-зергерлік, т.б.).
Біржан сал Қожағұлұлы
Әйгілі қазақ ақыны, сазгер. Көкшетау өңірінде дүниеге келген. Бойында әншілік дарыны бар, домбырада шебер ойнайтын Біржан жастайынан қазақ даласына танымал болған. Ол бірегей сазды-поэтикалық шығармаларды дүниеге келтірген. Ел аралап, алуан түрлі айтыстардың ортасында жүрген. Айналасына дарынды жастарды жиып, өзіндік көшпелі театр құрған.
Рулық-патриархалдық әдет-ғұрыпқа қарсы шығып, жырына әйел теңсіздігін, әлеумет күйін арқау еткен өнерпаздың өмірі қиындықтар мен мұқтаждыққа толы болды. Қуғынға ұшырап, руарарлық қақтығыстардың куәгері болып, ауруға шалдыққан ол 1897 жылы қайтыс болды.
Біржан шығармаларында махаббат тақырыбы негізгі орын алады. Осы тақырыпта оның "Айтбай", "Ғашығым", "Ғашық жар", "Ләйлім-шырақ" т. б. шынайы сыршылдықтан туындаған өлеңдерін атап айтуға болады.
"Орынбор әнінде" жан серігі домбыраны жырлайды.
Ақын халық мүддесін қозғайтын өлеңдері "Жанбота" мен "Адасқақта" Азнабай мен Жанбота сияқты болыстардың халыққа көрсетіп отырған қысымшылығын әшкерелейді.
Ақынның "Жамбас сипар", "Теміртас" тағы басқа да әндері мұң мен шерге толы. Біржанның 40-тан астам өлеңдері бүгінгі күнге дейін жетті. Ол айтыс өнерінің де шебері болғаны мәлім. Оның Жетісуға арнайы келіп, Сара Тастанбекқызымен айтысы осы жанрдың озық үлгісіне жатады. Біржан өлеңдері ұлттық өлең өнерін жоғары деңгейге көтерген. Біржанның ерекше ақын-сазгер, өте дарындылығын бағалаған халық, оған "сал" атты қосымша ат берген. Сал өзінің шығармашылығында халық өнерінің барлық әуендік, поэтикалық, драмалық түрлерін біріктірді. Біржан салдың соңында есімдері жұртшылыққа танымал Ақан сері Қорамсаұлы, Жаяу Мұса Байжанов, Әсет Найманбаев, Балуан-Шолақ Баймұрзин, Доскей Әлімбаев, Құлтума Сармұратов сынды шәкірттері мен ізбасарлары қалды.
Сал ақындар ауыл-ауылды аралап, екеуара бірігіп немесе хормен өлең айтып, халықтың көңілін көтеретін болған.
1865 жылдың жайма шуақ жаз айы. Көк майсалы Көкшетау етегіне тігілген ақ шаңқан үйлер шапқан ат шаршайтындай аймақты алып жатыр. Себебі Сары Арқаның астанасы Омбыдан "генерал-губернатор келе жатыр" деген хабар алыс-жақын аймақты түгел шарлап, қалың ел әуре-сарсаңға түскен. Әсіресе болыс, старшындар қатты әбігер үстінде. Үй тігу, қонақ күту, сән-салтанат көрсету жөнінде бірінен-бірі асып түскісі келіп жанталасуда. Бұл аймақтағы көп болыстың ішіндегі ең көрнектілері - Азнабай мен Жанбота. Азнабай - жуан тұқым Қоңырқожаның баласы болса, Жанботаның "сегіз болыстан шені артық" (Біржан салдың сөзі)...
Түске салым Жанбота тіктірген үйлер жақтан шырқау ән естілді. Бұл - "Сары Арқаны әнмен сандалтқан" Біржанның дауысы екенін естіген жұрт сол жаққа құлақ түріп, аңсары ауа бастаған. Басқа шаруа былай қалып, әсіресе жас жігіттер, қыз-келіншек ән шыққан жаққа ағыла бастады. Бұл - Жанботадан абыройын асырғысы келіп жүрген Азнабай болысқа ұнаған жоқ. Генерал-губернатор келмей жатып, Жанбота ауылының той-думанға айнала бастағанын жақтырмай, араға кісі салып көріп еді, бақталас болыс: "Жастардың қолқалауымен ән салып отырған Біржанға мен не деймін?" - деп қырсық жауап қайтарыпты.
Біржан отырған үйдің иесіне: "генерал-губернатор келгенше қоя тұрсын" - деп сөз айттырса, ол да: "Жиналып тұрған көпшілікке топырақ шаша алмаймын", - десе керек. Бұған ашуланған Азнабай мінезі дөкір, дойыр қамшылы поштабайын жұмсап: "Тоқтат Біржанды!" - деп бұйырады. Поштабай барып бұйрықты жеткізсе, Біржан тоқтамайды. Поштабай әуелі қолындағы домбырасын тартып алмақ болады. Өзі де балуанға түсіп жүрген қарулы Біржан домбырасын бермейді. Сосын поштабай қолындағы қамшымен Біржанды бір тартып жібереді. Мұның аяғы төбелеске айналып, отырған жұрт поштабайды үйден қуып шығады. Бірақ денесіне қамшы тиген Біржан бұған қатты намыстанып, жан айқайы "Жанбота" әнін шығарған. Мұнда өзін қолқалап ертіп келген Жанбота болысқа:
"Жанбота, осы ма еді өлген жерім?
Көкшетау боқтығына көмген жерің?!" -
деп ашулана шырқаса да, "қарғаның көзін қарға шұқымайды" дегендей, "азуы алты қарыс" Азнабайға ештеңе істей алмасын байқаған соң, атақты "Адасқақ" әнін шығарған. Онда бұл дүниеде әділеттің жоқтығын, кім болса да біреуге жағынудың, жағымпазданудың керек еместігін, өз күшіңе, біліміңе, қабілетіңе қарай өмір сүру керектігін өкіне, ашына айтқан.
Бұдан кейін Біржан сал өз ауылында тұрақтамай, ел кезіп кетеді. "Үш жүзді сайран қылған Біржан едім" деп өлеңінде өзі айтқандай, қазақ жерінің барлық түкпірін аралайды. Ел көреді, жер көреді, талай той-думандардың сәні, көркі болады. Жүрген жерлерінің бәрінде бүгінге дейін ел аузында жүрген, халқымыздың өшпес мәдени қазынасына айналған әндер шығарады. Бүгінгі әншілеріміз айтып жүрген "Ләйлім шырақ", "Теміртас", "Жайма шуақ", "Айтпай", "Бурылтай", "Айбозым", "Асыл-Ақық", "Керкекіл", "Ақ серкеш", "Мәті-Дәулен", "Алтын балдақ", "Телқоңыр", "Аққошқар", "Көкек" т. б. әндері - мәңгі өлмейтін туындылар. Бұлардың бәрі бұрын жеке дауыста орындалса, ұлы композиторымыз Мұқан Төлебаев біразын "Біржан - Сара" операсында пайдаланған. Арқаның ақиығы Біржанның Жетісу бұлбұлы атанған ақын Сарамен айтысы да - өлмес қазынамыз.
Біржанды өз құлағымен тыңдаған данышпан Абай:
Құлақтан кіріп бойды алар,
Әсем ән мен тәтті күй.
Көңілге түрлі ой салар,
Әнді сүйсең - менше сүй, -
Деген мәңгілікке жетерлік сөз қалдырған.
Достарыңызбен бөлісу: |