— Сізге жіті қараңғы түнде ат алып шыққандығыңыз үшін мың бір рахмет, жолдас!— деді Балқаш, анадай жерде қараңдап біздің жауабымызды күтіп тұрған Аманжолға,— осы тұрған бәріміз де торғайлықпыз. Ақылдаса кеп, Бәтестің бізбен бірге барғанын мақұл көрдік. Бұл өзі елден оқуға келе жатқан бала. Аманшылық болса, ертеңнен бастап орналастыру жабдығына кірісеміз. Жайғасып болғанға дейін апасы да келер. Содан кейін апасына баланың өзі іздеп барып амандасып шығар.
— Оқасы жоқ,— деді Аманжол,— онда, арбакеш жалдатқанша, өзім апарып салайын.
— Оқасы жоқ,— деді Балқаш,— біз екі жерде тұрамыз, бұл келе жатқан адамдар...
— Он жерде тұрсаң да мейлің,— деді Аманжол,— қайда бөлінсең де осы Қызылорданың ішінде шығарсың.
— Мен сыртқарырақ тұрам,— деді Мүсәпір.
— Ескертулерің көбейіп кетті ғой,— деді Аманжол күліп,— жалдағалы тұрған жоқпын атымды, «алыс-жақын, қисық-қиғаш» дейтін. Мінгілерің келсе жүріңдер!
Мен білетін қазақ ғұрпына қарағанда, бұндай сөз айтылғаннан кейін, серіктерімнің Аманжолға жармаспай, ат жалдап-ақ кетулері қажет еді. Олар бағзалдың оң жағындағы басқыштан төмен қарай түсе берген Аманжолға сүмеңдей ерді де, әлдеқайдағы қараңғы жерде, ағаш арасында тұрған арбасына бірге барды. Сол арада жайдақ тарантасқа жегілген ығы-жығы ат иелері —«маған мін!.. маған мін!» деп кес-кестеп жүргізбейді. Біреулері аттарын «жорға» деп, біреулері «желгіш» деп мақтайды. Сапырылысқан көп көліктің ішінде, үлкендігі бұзаудан аз-ақ қалқыңқы, жылқы сияқтанған бірдемелер де көрінеді, Балқашқа:
— Мынау не мал?—деп сыбырласам:
— Көрмеп пе едің?—дейді ол.
— Жоқ.
— «Есек» деген осы!
Мен туып өскен Торғайдың құлақ естір жерінде есек болмаса, қайдан көрем есекті?..
Аманжолға ерген біз, қаптаған көліктердің арасымен қақтығасоқтыға келе жатыр ек, нақ қасымнан әлдене бақырып қоя берді. Бұрын естімеген бұл тұрпайы және қатты дауыстан қорқып кетіп, «алла?» деп Балқашты құшақтай алдым.
— Не болды?—деді Балқаш.
— Немене, бақырған?..
— Есек!
Бақырған есек лезде қатты даусын бәсеңдетіп, аяғын баяулатып барып, жылаған сияқты ғып бітірді.
— Неге бақырды?—дедім Балқаштан құшағымды жазып.
— Есек, тауықтың қоразы сияқты: таң атарда, түсте, күн батарда осылай бақырады. Тауықтың еркегі ғана шақырады ғой. Есектің ұрғашысы да, еркегі де бақыра береді...
Қазақтың «естімеген елде көп, есек мінген сартта көп» дегені осы екен!.. Кітаптан атын ғана оқып, ақымақтықтың бейнесі саналатын есекті «қандай болады екен?!» деп көруге құмартушы едім. Енді оны да көрдім!..
Аманжолдың жадағай арбасына мініп жүріп кеттік. Ат жүргіш екен. Ол әуелі, анда-сандағы жерінің қақпасында жылтыраған панары, үстіне кедір-бұдыр тас төселген әлдене көшемен жұлқына жортып отырды.
- Ақырын!.. Ақырын!—деп отырды қатты жортқан аттың жадағай арбасының секеңдеп солқылдауына шыдай алмағандай болған Балқаш. Көшенің екі жақ жиегіне де қатарланған қалың ағаш өскен. Аласа үйлер сол ағаштардың арасынан әрең елеңдейді. Онымен аз уақыт жүргеннен кейін:
— Бұл қаланың ең үлкен және ең көркем көшесі осы,— деді Балқаш,— бұның бағзал жағы «Энгельс» боп келеді де, әлгі бір бұрылыстан бергісі «Карл Маркс» болады.
Әріректен барып бұрылған бір көшені Балқаш «Ленин» деді. Соны бойлай біраз уақыт жүргеннен кейін Балқаш Аманжолға «енді былай беттеңіз!» деп, одан «былай бұрылыңыз!» деп әлдеқайдағы қисыққыңыр көшелерге бұрмалап кетті де, ақыры—«осы!» деп әлдене қақпаның алдына тоқтатты.
— Ал, түсейік!— деп Балқаш Жаңылды сүйеп түсірді де, одан кейін нәрселерін түсіріп:
— Жолдарың болсын!—деді бізге.
— Иранбақтың шығыс жағымен сыртына қарай,— деді Мүсәпір.
Жұлқынған атымен тағы да екпіндете жөнелген Аманжол:
— Әлгі жігіттің қасындағы әйелі ме, қарындасы ма? — деді.
— Әйелі,— деді Мүсәпір.
— Ә-ә... Әйелі буаз емес пе өзінің?
— Оны неге сұрадыңыз?— деді Мүсәпір күліп.
— Қайдам!.. Арбаға мініп көрмегендей, әлде буаз қатынның баласы түсіп қалардай, «ақырын!» деп мазамды алды ғой әлгінде.
— Әйелінің жүкті екені рас!— деді Мүсәпір күліп.— Балаға зар боп жүрген адам. Зақым келе ме деп қорықса қорқады да.
— Ал, мынау қарындас қайсыңа жақын?— деп сұрады Аманжол.
— Екеумізге бірдей,— деді Мүсәпір.— Ру жағынан бәріміз де Арғынбыз, оның ішінде Өтейміз...
— Онда әлгі үйде неге қалмады Бәтес?
— Неге дейсіз?
— Әйелге әйел үйір емес пе, әдетте? Оқуға орналасқанша Бәтестің әлгі әйелмен бірге бола тұрғаны мақұл емес пе?
— Ол рас қой,— деді Мүсәпір ыңғайсызданғандай.— Бәтестің маған, иненің жасуындай жақындығы бар еді, сондықтан бірге еріп келе жатыр...
Аржағын қазбалағысы келмегендей, Аманжол —«ә-ә» деді де қойды.
«Айранбақ» дегені ит өлген жер екен: әлде не тар және қисық көшелермен бұралаңдай жүріп келеміз, жүріп келеміз... Міне таң да бозарып, жолшыбайғы үйлердің кейбірінің қорасынан тауықтар да шақырып жатыр... «Ит» деген мұншама көп болар ма бұл қалада!.. Көшелерде шұбыра шауып жүрген, қора-қорадан үріп шыққан иттерде қисап жоқ, сияқты... Кеңесетін тақырып таба алмай келеміз бе, немене, ешқайсымызда үн жоқ... Сөйтіп отырып, қаладан да шығып бара жатқан сияқтымыз... Бір кезде құман төмпелердің арасына кіріп кеттік... Ол төмпелердің кейбірінің астынан адамдар шығып жүр.
— Бұл не?—десем:
— «Кепе» деген үй осындай болады,— деп жауап береді Мүсәпір. — Төбе сияқты, жар сияқты биіктеу жер болса, іргесін жырады да, төбесін жауып, жарық түсетін шаңырақ сияқты бірдеме орната салады. «Кепе» дегені сол.
— Көп пе мұндай кепелер қалада?
— Әдетте, қаланың шеткі жақтарында болады кепелер. Қызылорда халқының төрттен бірі осындай кепелерде тұрады деген сөз бар. «Дарияны» бұл ел «Дайра» дейді. Кигіз үйді бұл ел «қара үй» дейді...
— Онысы несі?!
— Жатақ жатып егін себушілер көп бұл елде. Олар, әрине, кедейлер. Кедейде ақ кигіз үй түгіл, боза да болмайды ғой. Көбі жыртық қара үйде отырады ғой. Сондықтан «қара» деп атаған болу керек. Кедейлердің көбінде қара үй де болмай, кетпеншілердің, яғни, егіншілердің көбі жерден қазған кепеде тұратын болу керек. Дайраның осы тұстағы аржағында, «қырық кепе» дейтін ауыл да бар. Алғаш «қырық» болу керек. Кәзіргі саны жүзден астам сияқты.
Мүсәпір одан әрі Сыр елінің егіншілігіне, егінді қолдан суарудың қиындығына тоқтай кеп:
— Мал бағып күнелтетін біздің Торғай елімен салыстырғанда, Сырдағы егіншілердің бейнеті мың есе артық деуге болады,— деп қойды.
Кепелердің арасындағы жазықтау жерлерде жайпақ төбе, шағын үйлер де кездесіп отырған. Солардың біреуіне таяна:
Менің пәтерім осында!—деді Мүсәпір, бір үйді нұсқап.
Ұзақ жүруден бе, әлде, қала шетінің жолында есілген құм жатудан ба, Аманжол ақ көбіктеніп қарқындаған атын бұрды да, нұсқаған үйдің қақпасыз ашық қорасына кіргізді. Ат тоқтай, үйден қияғы ұзын қара мұрты бар, басында қарамен тыстаған түлкі бөркі бар, қалаша жобалғылау киінген орта жасты еркек шыға келді де:
— Ә, келіп қалдың ба, Мүсәпір?—деп, арбадан түскен оған қолдасып амандасты.
Ие, мал-жан аман ба, Күзеке?— деп шүйіркелесе кетті Мүсәпір.
— Құдай-ау, Мүсәпір ме, мынау келіп қалған?—деп басына ақ орамалды шаршылап байлай салған, көйлекшең, орта жасты семіз қара бұжыр әйел шыға келді.
— Есеке, амансыз ба?—деп қолдасты оған Мүсәпір.
Ішімнен «анасы — ері, мынасы — әйелі болар» деп жорыдым. Екеуі де «мынау кім?» дегендей маған қараған соң:
— Біздің елдің қызы,— деді Мүсәпір оларға мені таныстырып,— оқуға келген қыз.
Тегі, мені Мүсәпірдің қалыңдығы деп жорыды ма, немене,—«Ә, түсінікті» дегендей, екеуі де жымиып қойды. Аманжолмен таныстықтары болмау керек және оны арбакешке санау керек, әйелі де, ері де амандасқан жоқ.
— Ал, Есектас,— деді еркек әйелге,— қонақ келерін білмей қалдық қой. Базарға мен-ақ барайын енді. Сен төргі бөлмеде жатқан балаларды ауыз бөлмеге шығар да, қонақтарды жайғастыр. Бол, тез!.. Бүгін күн жексембі. Базар ерте басталады. Мен, — деді ол Аманжолды нұсқап,— нәрселерді мына кісінің арбасына сала қояйын да, базар тұсынан түсіп қалайын...
— Мен сені апармаймын,— деді Аманжол оған.
— Неге?
— Үйім базардан теріс жақта.
— Бола берсін. Жәй сұрап тұрған жоқпын, ақша төлеймін.
— Оған сенің ақшаң жетпейді.
— Не айтып тұрсың өзің? Кімге санап тұрсың мені?!— деп «Күзекең» (артынан білсем, шын аты — Күзен екен. Б.) едіреңдеп келе жатыр еді:
— Едіреңдеме!— деді Аманжол түйіліп,— мені де кім деп тұрсың өзің?
— Сен кім ең?
— Амандықов Аманжол деген кісіні естіп пе ең?
— Ә-ә...— деп Күзен сасқалақтап қалды...
— Ол кім еді?—деген әйеліне, Күзен теріс қарап ернін тістеп, «өшір үніңді!» деген белгі көрсетті.
— Едіреңдей түс, ендеше!— деп Аманжол күле қарап еді, Күзен одан жаман сасқалақтап:
д
— Жо-жоқ, ағат сөйлеп қалдым, кешіріңіз, —деп, «ұстап алар» деген адамдай артына жалтақтай қарап үйіне кіріп кетті. «Бұл бір пәле адам екен ғой!» дегендей, Есектас та ерінің артынан үйіне сып берді.
— Апырай, жолдас-ай,— деді Аманжол, мана, жолшыбай атыжөнін сұрап алған Мүсәпірге,— мынау Күзен деген алаяққа қайдан үйір боп жүрсің?!
— Білетін бе едіңіз оны?— деді Мүсәпір.
— Неге білмеймін? Атақты жүлік емес пе бұл? Барып тұрған жалдап. Саудаға қатын-баласынан басқаның бәрін салады деп естимін. Өзі өлердей картожник деседі. Қартқа бір уақыт қатынын да ұтқызып, бірер айдан кейін қайта ұтып алды деген. Сонысы — әлгі «Есектас» дегені болу керек. Моншақ атаулының ең құнсызының атын қойған екен бейбаққа. Өзінің де атын тауып қойған «Күзен!» деп. Кішкенелігіне қарамай, ең жауыз, ең батыл аң емес пе ол?.. Басқа жемтік табылмаса, өлген адамның көріне түспей ме?..
— Сізден неге қорқып тұр, сонша батыл адам болса? — деді Мүсәпір.
— Қызметімнен.
— Айтпақшы, сұрамаппын-ау, қызметіңіз қандай еді сіздің?— деді Мүсәпір...
— Шағын ғана,— деді Аманжол жымиып.
— Сонда да?
— Күзендерді қорқытарлық қана,— деді Аманжол күліп.
— Рас айтам, не қызметтесіз?
— Қалалық финанс бөлімінің бастығы...
— Ә, онда түсінікті,— деді Мүсәпір сабырлы кескінмен.
— Немене түсінікті?— деді Аманжол.
— «Саудагер» деп тұрған жоқсыз ба Күзенді. Саудагерге салықпен дем алдыра ма финотдел? Бірақ, бұл сіз ойлағандай саудагер емес қой деймін.
Неге?
Мен бұл үйде тұратын кісі емеспін. Ағасы Қарсақтың үйінде, қалада тұрам. Бұлар бізге жамағайындар, төртінші атадан қосыламыз. Арғы аталары Түлкі — Торғайдан осы Ақмешітке ақшөмші28 боп келіп жүріп, қалып қойған екен. Күзен мен Қарсақтың әкесі— Борсық, менің кішкене кезімде Торғайға біздің үйге келіп кеткені бар. Менің әкем де ана жылы бұларға келіп кеткен. Содан таныс болған ағайын. Бұл үй қаланың шетінде, жәйлі жерде болғандықтан, маңайдағы елдің жүкшілері үнемі түсіп жүреді. Олар қысы-жазы үздіксіз қаптап жататын еді, бүгін неге жоғын білмеймін. Бәтесті ағасы Қарсақтың үйіне де апаруға болар еді. Онда апармаған себебім: қазыналық пәтерде туратын ол, биыл талап қып, горкомхоздан жер алып, өкіметтен қарызға ақша алып, орталық тұстан өзіне баспана жасатып жатқан. Жаңа үйі әзірге бітпеген болу керек. Ескі пәтеріне бір танысы кірмек боп, мен елге кетерде ремонтқа кіріскен, өздері қора ішіндегі сарайда қалған. Сол ремонтының біткен-бітпегенін біле алмадым... Күзенде «сауда» дейтін сауда жоқ қой деймін: өзі де, қатыны да оқымаған адамдар. Қара жұмыс істеуге көксаулау адам. Әйелі үй жабдығынан босана алмайды. Малдары жоқ. Сонан кейін ескі-құсқы бірдемелерді алып-сатып, тиын-сиын пайда түсіріп күн көретіні рас болу керек.
— Бұл ақтауың, не Күзенді білмеуің, білсең әдейі айтып тұруың. Ал, біз оны жақсы білеміз.
— Шын саудагер болса, ол неге сізді жақсы білмейді?
— Жақсы білмейтіні: Москвадағы үш жылдық финанс курсын әнеукүні ғана бітіріп келдім. Курстан бұрын да осы қалада финанс агенті боп істегем. Сонда байлар мен саудагерлер мен туралы: «Салықшы агент Аманжол, қолына түссең аман бол!» деген мақал да шығарған. Жаңа сырғи жөнелгені,— бұл Күзен менің атымды, қызметімді білетін болу керек те, өзімді көрмеген болу керек. Бұрын Тәшкенде тұрып, бұнда мен оқуға кеткен соң келді деген.
— Өзі неге кешікті? — деді, бұл тақырыпта енді сөйлескісі келмеген кескінмен Мүсәпір.
— Аузында қарулы қақпан тұрғанын білетін аңның інінен шыққанын қашан көріп ең, жолдас!—деді Аманжол,— ал, нәрсеқараларыңды түсір, мен кетем.
— Үй ішін жинастырып болған-болмағанын біліп шығайын,— деді, нәрселерін арбадан түсірген Мүсәпір маған.— Мыналарды қалдыра тұрайын, сен қарай тұр.
— Шырағым,— деді Аманжол, Мүсәпір кете, асығыс сөйлеп,— бір сұрау сұрайын, көңіліңе ауыр алма!
— Айтыңыз!
— Бұл Мүсәпірмен байланысың жоқ баламысың?
— Алла сақтасын!—дедім мен шошып кетіп, «байланысың» дегенің «күйеуің» деген мағынада ұғып.— Оқуға бірге шыққан серік қана, басқа ешбір жақындығы жоқ..
— Ендеше, ойыма келгенімді айтайын, шырағым: «жорғa жүрісінен бұл болады, жаман жүрісінен құл болады» депті. Мынау — Мүсәпір дегеніңнің жүрісі жаман екен, осынша үлкен қаладан, мынадай жаман адамның үйін іздеп кеп түскен!.. Тілімді алсаң, мұнда тұра көрме, шырағым!.. Үйінде әйелі жоқ демесең, әлі де біздің үйге жүр!..
— Елден бірге келген жолдастан ұлықсатсыз бөлініп кеткенім ұят қой, аға.
— Қандай оқуға келіп ең, өзің?
— Аты жадымда жоқ, аға! Оны Мүсәпір біледі.
— Қасында жатақханасы бар оқу болса, бүгіннен бастап көшіп ал. Апаң келген соң, біздің үйде тұрарсың. Ал, мен кеттім!—деп Аманжол атын бұра берді. Қимаған сияқтанып, томсарып төмен қараған мені де қимағандай, Аманжол қақпаға қаратқан атын тоқтатты да:
— Ал, хош бола тұр, шырағым! Біреудің «бесік табы арқаңнан, емшек табы аузыңнан кетпеген» баласы сияқты екенсің!.. «Жолың оң болсын!» дегеннен басқа не айтайын,— деп жүріп кетті.
Осындай иман жүзді адамдар да дүниеде көп екен ғой!.. О, жасаған, мені сондайлардың арасында болдыра гөр!..
Аманжолдың кетуін аңдып тұрғандай, үйден Күзен мен Мүсәпір қосарланып шыға келді. Күзеннің иығында іші толы қап.
— Ал, Мүсәпір, мен кеттім!— деді ол қақпаға қарай жөнеле беріп.
— Ә, жақсы!— деп Мүсәпір маған қарай жақындады да,— әлгі Аманжол дегенің алымға тоймайтын адам көрінеді. Біреуді «байсың», біреуді «молдасың», біреуді «саудагерсің» деп, жоқты сылтау ғып, пара берсе тимей, бермесе салықты үстемелетіп сілесін қатыратын көрінеді. Әлгі Күзен сияқты күнін зорға көріп отырғандарды да тіміскілеп тауып ап, пара бермесе, салықпен тұншықтырады екен. Манағы айтып тұрғандарының бәрі ықтырып алудың айласы екен. Мына бейшара оның көзіне түспей-ақ жүреді екен, әдейі алып келгендей, біз үстінен түсірдік. Енді күн көрсетпейді бұған,— деді.
— Ондай кісі сияқты емес қой,— дедім мен.
— Сөзіне қарама оның, ісіне қара.
— Егер бұл үй бейкүнә біреулер болса, біз айтармыз, ол кісіге.
— Айтқаныңды тыңдаса!..
Біздің көңілімізді Есектастың дыбысы бөлді.
— Үй жиналды, келіңдер!—деді ол.
Кіріп көрсем, жинайтын да ештеңесі жоқ үй екен: ортасын шұбалма пешпен бөлген үлкендеу бөлме, төсеніші, жасауы жоқ, ауыз бөлмеде қоқырсып жатқан ыдыс-аяқ пен самауыр, шәшкелер, олардың үстіне быжынай үймелеген шыбын; төргі бөлмеге кірсек, сәкісіз соққан балшықтың үстіне құрақ төселіп, оның үстіне қырық жамау ескі, кең кенеп тастай салынған; сол жақта тақтайдан тұрпайылау ғып құрастыра салған ағаш төсек, оның үстіндегі жамаулы кір көрпенің астында, кір жастықтың үстінде кескіні Есектастың аузынан түсіп қалған сияқтанған, ап-арық, қап-қара, дудар шаш кішкене қыздың басы қылтиып, көзі жылтырайды, басқаша жасау, жиһаз, киім-кешек көрінбейді, бұнда да құжынаған шыбын!..
— Түн қатып келдіңдер ғой,— деді Есектас бізге,— жатып біраз ұйықтап алыңдар. Әлгі біреулердің бізді «саудагер» деп тантыды ғой. Осындай бола ма саудагердің үйі, келген қонаққа салып берер төсегі жоқ?..
— Бәсе, деймін-ау!— деп Мүсәпір оны қуаттап қойды.
— Киімдеріңді жастанып жатасыңдар, ұят та болса!— деді Есектас.
— Енді, амал қанша, оған!— деді Мүсәпір,—«жоққа жүйрік жетпейді» дегендей, қайдан табасың жоқты. Қисайып көз шырымын алсақ болды...
— «Сыпайы сырын жасырмайды» дегендей,— деді Есектас,— расын айтқанда, бұл «саудагердің» үйінде кәзір ішетін ас та жоқ. Сендер оянғанша жортып қаладағы базарға барайын да, сендерге жүрек жалғайтын бірдеме алып қайтайын.
— Үйтіп қысылмаңыз, жеңгей!— деді Мүсәпір.— Ұйқыны қандырсақ болды. Одан кейін қаладағы асханаға барып тамақ ішеміз.
— Жоқ... сонда да... «Қонғанша қонақ ұялады, қонғаннан кейін үй иесі ұялады» дегендей, үйге түсіп қалған соң дәм татырмауымыз ұят қой, әсіресе, Бәтестен! (Менің атымды қайдан біліп қойған?!.. Б.) Бұрын біздің үйден дәм татпаған бала. Сені қойшы!.. Сен өз кісімізсің ғой...
Есектас жөнеле берді де, есік алдына тоқтап «Қодық!» деп еді, «әу!» деді төсекте жатқан кішкене қыз. «Ұйықта сен де, ұйықтамасаң, қонақтардың мазасын алмай, қимылдамай жат!» «Жарайды!» деді қыз.
Есектас төргі бөлменің есігіне құрылған кір пердені түсірді де әрі қарай кетті.
— Сен, Бәтес, анау Қодықпен бірге жатсаң қайтеді?— деді Мүсәпір маған.
— Жоқ!— дедім Қодықтан да, төсегінен де жеркенген мен,— бұрышқа, жерге қисаям.
— Ендеше, кроваттың басындағы бұрышқа!
— Жоқ, оң жақтағы бұрышқа!..
— Мейлің. Ендеше, мен қисаяйын ол бұрышқа.
Мүсәпір кроват басындағы бұрышқа барды да, пальтосын басына жастанып, бетін іргеге қаратып жатып қалды. Өз бұрышыма барып отырған маған, манағы қалпында жатқан Қодық, мысық көрген жыландай қысық қара көзімен, үн-түнсіз, қимылсыз қадалды да қалды. Жатқым келе қоймаған мен, сол тесірейе қарауға шыдай алмағандай, түйе жүн жеңді қамзолымды басыма жастап, бетімді іргеге бере қисая кеттім. Бірақ, қалғи алсамшы көрейін!..
Біздің елдің шыбындары денеңнің ашық жерін жыбырлатқаны болмаса, шақпайтын еді. Бұл үйдің шыбындары адамды сонадан кем шақпай, тістеген жерін удай ашытады екен. Оның үстіне, қайдан кіргенін кім білсін, бұл үйдің ішіне ызыңдап қаптаған сары маса!.. Иіс-қоңысы көп үйде бүрге де көп қой деймін, әлденелер көйлегімнің ішіне кіріп ап, арадай талап барады!.. Тағы бірдемесінің шаққаны, етіңді ит тістегендей ауыртады!.. («Қандала» дегенді бұған дейін көрмек түгіл естіген жоқ едім, кейін білсем, мынауы сол екен).
Қандала, бүрге, шыбын, маса сияқты «жәндіктердің» талауына түскен мен, өз денеммен өзім арпалысып жатып қалғып кетем де, дуылдаған денемді тырналап қайта оянам. Мүсәпірге қарасам, қорылдап ұйқтап жатады. Қызға қарасам, басын көрпесімен бүркеп алған. Бірақ, оны да жәндіктер шаға ма, немене, көрпе астында тыпыршып, бүлкің-бүлкің етеді. Осы бөлменің маңдайшасында, тықылдап соққан даусы төбеңді тескендей боп шынжырлы қаңылтыр сағат ілулі тұр. Былай қарасаң, оның жүрісі шапшаң-ақ сияқты. Ал, қалғып оянып бетіне қарасам, тықылдауы жылдам болғанмен, тілдерінің жылжуы шабан сияқтанып, жүрісі өнер емес.
Мазамның бұл кетуі аздай-ақ, бір кезде бұл үйдің ішіне шақырайған күн сәулесі түсе қалды. Бет қарап жатқан қабырғадан ол сәулені көргеннен кейін артыма бұрылсам, қарсы терезеден көрінген күннің жоғарғы жақ қызғылт ернеуі көкжиектен жаңа қылтиып келеді екен. Түріне қарап, мен оны алғаш өрттің жалыны екен деп қалғам. Қадала қарап жатсам, көтеріліп келе жатқан күн!..
Біздің Торғайдың күні бұлайша шақырайып сирек күндерде ғана шығатын еді. Ол, әдетте, көкжиектегі тұмандау бұлттан көтерілетін еді. Егер ашыққа шыға қалса, жаңа түскен келіншектей, лезде бетіне жұқа бұлтты бүркеніп, төркінін сағынып оңашада жылап алатын келіншектей, жеңіл ғана жаңбырын сіркіретер еді... Ол, тек, сәске көтеріле қызар еді, сол қызуды жан-жануар ауырсынар дегендей ыстық күндердің көбінде салқын самал есер еді...
Қызылорданың күні басқаша екен. Көкжиектен жалыны лаулай шыққан ол жоғарылаған сайын қызына түсіп, биіктеп алған шағында, үйренбеген адамды дем ала алмастық халге келтіреді екен. Осылай қызына бастаған шақта, самалға желпінейін деп тысқа шықсам, самал орнына ыстық жел соғып тұншықтырып жібере жаздады. Үйге қашып кіріп, төргі бөлмеге барсам, ұйқы жеңген бе, әлде, үйге бұрын да талай қонып дағды алған ба, бөлме ішінің қапа боп кетуіне, «үй жәндіктерінің» мазалауына қарамастан, Мүсәпір манағы қалпымен қор-қор етеді!.. Қыз манағы бүлкілдеген қалпында әлі жатыр...
Әрі пысынаған, әрі ұйқым ашылған мен, жуынып, таранып... дегендей, азырақ желпініп алуды ойладым да, әуелі үстімдегі төс қамзолымды шештім. Содан кейін, ерулі шашымды тарқатып тарайын деп, бұрымымды кеудеме қарай түсірсем, ұшындағы екі теңгелігі бар шашбауым жоқ!.. Бұрымымның ұшы тарқатылып тұр!.. Әлгінде қисайғанда ғана бар шашбау!.. Оның Қалиса қара жібектен ызып берген ұзын бауын тұлымымның түбінен шашыма қоса өріп, шаштың ұшына таяна тас қып түйіп тастайтынмын... Ол байлауым ешуақытта шешіліп көрген емес!.. Ендеше, Қостанайдан поезға мінер алдында тас қып өріп тастаған, жолшыбай сол қалпынан былқ етпеген шашбауым, «қас пен қабақтың, арасында» дегендей, қайда кетеді?.. Біреудің ұрлағаны ма, сонда?.. Жын ба, шайтан ба ол, «біреу», лезде білдіртпей ұрлап алатын?.. Әлде қалғып оянған шақтарымды біреу аңдып тұрды ма екен?!.. Сонда тастай қатты өріп түйген бұрымымды тарқатып шашбауымды алғанша оянбайтын өлікпін бе?.. Хош, ояна алмаған екем дейін!.. Сонда ұрлайтын кім? «Мүсәпір» дейін десем, жатқан қалпында қата қалған. Ұйықтаған түрі оянар адамдікі емес. Және ұрлап қайтеді ол шашбауды?.. Ұрлағысы келсе, жолшыбай қайда қалды?.. Әлде, анау бүлкілдеп жатқан кішкене қыз ұрлады ма екен?.. Қаршадай ол ұрлық дегенді біледі деймісің?.. Енді кім алады?.. Басқа жан бұл бөлмеге кірмеген сияқты еді ғой!..
Шашбауымның қалай жоғалуын біле алмай басым даң боп кетті.
«Есім дұрыс па екен менің?» деп, өзімді өзім байқасам, дұп-дұрыс!.. Ендеше, бұл не?..
Қазақ қызына күміс жинайды. Сол күмістің ішінде «адал» және «арам» дегені болады. «Адал» деген күмістің он тиындығынан бастап, жиырма бес тиының жарты сөлкебайын (елу тиындық), бүтін сөлкебайын (бір сомдық) ішіне қоса, дөңгелегінің қырлары иректелген сызық болады және бір бетінде «қатын патшаның» сүгіреті болады, ондай күмістердің даусы сыңғырлап әдемі естіледі; «арам» аталатын күмістердің қырлары егеудің жүзіндей кертінді келеді, дауыстары адал күмістей емес, жездей қаңғырлайды, бір жағында «еркек патшаның» сүгіреті болады. «Адалды» қазақтар асыл күміс көреді де, «арамды» — жасық көреді. (Кейін білсем: «қатын патша» дегендері Анна Иоановна, Елизавета Петровна және I-ІІ Екатериналар екен, олар шығарған күміс ақшаның сапасы, кейінгі еркек патшалар шығарған күміс ақшадан жоғары болатыны рас екен.
Б.) Қыз-келіншектерінің киімдеріне күміс қадайтын, білезік, сақина, жүзік, шолпы жасататын қазақтар, әсіресе, ауқаттылар «адал» күмісті ғана қолданып, мүмкіншілігі жеткенше «арамын» жуытпайды.
Әжем менің шашбауыма жап-жалпақ, қап-қалың екі «адал» сөлкебай тақтырған еді... Кәзір жоғалған шашбауымның маған күмісінің «адалдығы» емес, әжемнің өз қолынан жасатып бергендігі қымбат болды... Сәкпаяшымда моншақтарым — анау!.. Олар жоғалғаннан кейін мына екі сөлкебай, маған екі шешемнің көзіндей, екеуін қосқан бауы — жақсы жеңгем Қалисаның көзіндей көрінген еді. Енді ол көздерден де айырылдым!..
Осы ойдан өртеніп кетердей боп, не істеуге білмей қалдым. «Алдырған анасының қойнын ашады» дегендей, «қыз ұрлады ма?» деген күдікпен қасына бардым да, үстіндегі көрпесін жұлып алдым. «Немене?!» дегендей, жап-жалаңаш жатқан қыз атып тұрып, орнында шоқия қойды да, маған бажырайып қарай қойды. Жасы алты-жеті шамасындағы бала екен. Талай арық баланы көре жүре, бұндай арық баланы өмірде кездестірген емен: қайыстай қап-қара денесінде сүйегіне жабысып қалған терісінен, сүйек атаулысын да, тамыр атаулысын да санап алатын!.. Кескін түріне қарасам, ұйқысы алдақашан ашылған адам. Жыланның көзіне ұқсаған кіп-кішкене, қап-қара көздері маған қарап жаутаң-жаутаң етеді. Басында дударланған қап-қара көмірдей шашы сеңсең тоқтының жүніне ұқсайды... Аты есімде сақталған қызға:
— Әй, Қодық, шашбауымды алдың ба?—деп ем, жауап берудің орнына, өткір көздерін қадай түсіп басын шайқады.
— Бер, алсаң!— деп жекіп ем, қыз тағы да үн-түнсіз басын шайқады.
Менің даусыммен оянып кеткен болу керек:
— О не, Бәтес?!—деді Мүсәпір, былшық басып қызарған көздерін уқалай басын көтеріп.
— Ұрыдан құтылмайтын болдым ғой, қайда барсам да!— дедім мен жасқа булығып.
— Не болды?!.
Болған оқиғаны өксіген дауыспен Мүсәпірге әрең айтып ем, ол таңданғаннан басқа ештеңе дей алмады.
— Мен бұл үйден кетем!—дедім Мүсәпірге.
— Ұсқынынан қорқайын дедім осы үйдің.
— Қайда барасың сонда?
— Көзім, тілім, аяғым бар кісі емеспін бе? Сұрай-сұрай табармын.
— Нені?
— Оқу үйін.
Шығып кетпек болған мені, Мүсәпір зорлағандай тоқтатып, күн түскен терезеге өз пальтосын, менің желеңімді құрды да, көлеңке бөлменің ішіне мені де отырғызып, өзі де жақындау тұсқа отырып, әңгіме айта бастады.
— Бетіңмен қаңғыруға болмайды, Бәтес,— деді ол маған,— Қызылорда Торғай емес, «пәленшенің үйі, түгеншенің үйі қайда?» деп кім көрінгеннен сұрасаң, «әне тұр» деп айтып беретін. Мұнда баратын жеріңнің көшесін, номерін білмесең босқа адасасың. Өйтпе, сен. Айттым ғой жолда,— «шамаң келетін қай оқуға ниет етсең де, өз қолымнан апарып орналастырам» деп. Сол сөзім сөз. Кәзір қалаға баруғa мезгіл тым ерте. Барлық оқу орындары да, мекемелер де бұл кезде жабық. Сағат жаңа ғана жеті болды. Тоғыз кезінде ашылады олар. Оған дейін көшені босқа шарлаймыз. Сегізге дейін шыдайық. Үй иелері де келер оған дейін. Бұл үйге кіргенде шашбауыңның бары рас болса, қайда кетеді ол? Қалғыған шағыңда, бөгде біреу қымқыра жөнелмеуін кім біліпті. Айтайық, үй иелеріне, олар іздестірер, мүмкін, табар.
«Үміт дүниесі» деген қызық емес пе?.. Үміттен айырылса не болар еді адам?.. Мүсәпірдің «мүмкін, табар» деген сөзінен, сөнген сияқты болған үмітім тұтанып, мен енді «кетем» деп арпалыспадым. Мүсәпір:
— Үй іші көлеңкеленген соң, салқындауға айналды. Әлде, қисайып мызғимысың?— деп еді:
— Жоқ, ұйқым келмейді,—дедім мен.
— Бұл үйдің іші бұндай жүдеу болмайтын еді,— деді Мүсәпір біраздан кейін,— жыл басынан бері кіргенім осы еді. Табысы жоқ байғұстар сатынып-сұғынып... дегендей, одан бері бар мүлкін ішіпжеп қойған ғой. Уақытында жігіт-ақ болған жігіт. Совет орнағанға дейін бір байдың прикащигі де болған. Байсыз да күн көре алатын жігіт. Совет заманында еңбексіз күн көре ала ма адам. Еңбекке денсаулығы жарамаған соң-ақ шаруасы шайқалып, берекесі кеткен. «Жаңғырық жалап ит тоймайды» дегендей, базарда ескі-құсқы сатумен қанша табысы болады дейсің.
Одан әрі Мүсәпір Күзеннің «тәуір» деген күндерін сипаттап кетті. Ол кеңесі мені еліктіре алмағанын көргеннен кейін, «сырты қара болса да, іші сара» деп Есектасты біраз мақтады. Маған: «Бұларды босқа мақтап отырмаған боларсың, мені осында тұрғызудың қаразы болар оның» деген ой келді де, Мүсәпірдің сөзін кесіп тастағым кеп: — Қайтейін, бұрын кім болғанын. Кәзір берекеден айырылған адамдар ғой, бұлар. «Ит байласа тұрғысыз» деген үй осы ғой!— дедім.
Мүсәпір одан кейін Күзен мен Есектас кеңесін доғарып, мені даярлық класына апарып түсірем деген институтты мақтап кетті.
— Бастығы Молдағали Жолдыбаев,— деп аяқтады бұл ұзақ кеңесін Мүсәпір.— Таныс адам. Өзі «бір» деген коммунист. Биялайға жуық жақсы да кісі. Тәубасын ішіне қосқанда, оған сені қабылдатам.
Сыртқы есіктен тықыр естілгенде, екеуміз құлақ түре бергенде, төсекте көрпесін жамылып қимылсыз жатқан қыз «апа» деп бақырып қоя берді. Қыздың жылаған сияқты тұрпайы даусынан Мүсәпір екеуміз де шошып кеттік.
Немене? - деген әйел даусы естілді ауыз үйден. Есектастың даусы сияқты...
Ап-па! - деп жылаған қыз төсектен түсе берді.
Немене, күнішегім?—деп төргі бөлменің есігінен Есектас кіре берді.
— Ұрды!—деп, шешесін бақырып бассалды қыз...
— Кім?—деді шешесі.
— Анау, келіншек!— деді қыз, мені қолымен нұсқап.
— Астапыралда, қашан?!—дедім мен шошып кетіп.
— Ұрдың, ұрдың!— деді қыз, бажылдаған даусымен баспалатып.
— Ұрмаса неге жыласын?—деді Есектас.
— Олда-білде ұрған жоқпын, жеңгей!—дедім мен орнымнан түрегеп, қасына қарай беттеп.— Шашбауым жоғалып, соны сұрағаным рас.
— Не қылған шашбау?— деген Есектасқа мән-жайын қысқаша айтып беріп ем:
— Мұнда келгенше жоғалтқан шашбауың ғой ол,— деді Есектас, — поезда ұрлатқаныңды білмей қалғансың ғой...
— Олай емес, жеңгей!.. Бұл үйге келгенде бар, анау бұрышқа қисайып жатқанда бар...
д р
— Қайда кетеді, ендеше?.. Тышқаннан басқа жан мақұлық бұл үйге жоламайды. Сонда менің мынау шынашақтай балам ұрлады деп тұрмысың?
— Желге ұша ма, енді?— дедім мен.
— Ойбой,— деді Есектас, таңданған дауыспен,— еліңнен неге шығып жүр десем, осындай пәлеқорлығыңнан шығып жүр екенсің ғой...
— Олай деме, жеңгей! — деді Мүсәпір,— пәлеқор кісі бұл емес. Мен де «қызың алды» демеймін. Жап-жас бала, қайдан білсін ұрлықты. Көрші-қолаңның біреуі алған болу керек, Бәтестің қалғып жатқан шағында кіріп.
— Қояйық осы кеңесті!— дедім мен. Шашбау менікі ғой. Барсын. Салауат. Кім алса аса айтарым: «Тамағына тас болып қадалсын».
— «Жаман қатын қарғысшыл» деп, жас басыңнан қарғысшыл екенсің!—деді де, қызын көтеріп қолына алған Есектас ауыз бөлмеге шығып кетті.
— Алған сол қыз екен!— дедім мен Мүсәпірге.
— Оны қайдан білдің?
— Әлгі «ұрды» деп жылауынан. Ұрмақ түгіл, денесіне қолымды тигізген де жоқпын. Біздің ауылда дәл осындай ұры қыз болушы еді, жиын-тойда жанасып кеткен қыз-келіншектің үстіне қадаған моншағын үзіп ала қойып, «алдын, ба?» десе, байбалам сап жылап қоя беретін, сонысынан қорқып, алдырған адам біле тұра үндемейтін. Егер үндемейін десе, әлгі Есектас сияқты жалақор шешесі «баламды ұры қылдың!» деп байбалам сап, жоқшы адамды балағаттап, үйді басына көтеретін. Сонысынан қорқатын жұрт, «тимеңдер, кәпірге!.. Қызыл көзді пәлеге жуымаңдар!» десетін. Мынау қыз да, шешесі де дәл сол!..
Есектас бізге аздан кейін шай даярлап берген болды. «Базардан әкелдім» деп оның дастарқанға тураған наны,— «тандыр» аталады екен. Бірінші рет көрген наным. Жобасы біздің елдің таба нанына ұқсайды. Бірақ, негізі солай ма, әлде кеуіп қалған ескі нан ба, шайнасаң сағыздай созылады да, езілмейді. Кесеге құйып әкелген аппақ, қоп-қою бірдеменің атын «иншалла» дейді, дәмі тәтті болғанмен, ірің сияқты көрінген бұнысын аузыма салдым да түкіріп тастадым. «Құмшекер» деген сап-сары бірдемесін «қайнатқан ұсақ қант» деп ұсынып еді, дәмі күйік татиды екен. Қойдың тоғышар шегі сияқтандырып өрілген бірдемені «қауын шек» дейді. Ол да тәтті сияқты. Мен өзім тәттіге үйір емеспін де. Дастарқан үстінде қант тұрғанда, шайды онсыз іше беретінмін. Сондықтан, Есектастың дастарқанына қойылған, бұрын көрмеген тәттілерді де жемей, нанын да жемей, жалғыз кесе қара шай іштім.
Сағат тоғызға жақындай, Мүсәпір екеуміз институтқа кетпек болдық.
— Күн тіпті қайнап кеткен,— деді оның алдында тысқа шығып келген Мүсәпір,— көйлекшең жүрмесе шыдамас адам. Сыртқы киімдеріңді тастап кет мұнда.
— Жоқ, тастамаймын!— дедім мен.
— Неге!..
— Бұл үйге, мен енді сүйресе де келмеймін. Барлық киімдерімді ала кетем.
— Келмесең келмессің,— деді Мүсәпір,— кейінірек мен келіп алып кетермін. Ыстықта арқаламай, тастап кете тұр.
— Тастамаймын!— дедім мен,—«пәледен масайық қашыпты» дегендей, бұл үйден менің қайтып оралмастай боп қашқым кеп тұр. Шашыма өрген бауымды ұрлап алған бұл үй киімдерімнен түк қоймас. Үйде, қолдан тіккізген киімдерім еді, тіккен адамдарды көздеріндей көре тұрайын. Бұған дейінгі тоналуым да жететін болды ғой, енді тоналғым келмейді.