Сагимова Жанар Жумабаевна ІІІ деңгейлі бастауыш сынып мұғалімі. Ол өзінің сабақ



Дата25.08.2017
өлшемі130,7 Kb.
#27522
түріСабақ
ОҚЫТУДЫҢ ЖАҢА ӘДІС-ТӘСІЛДЕРІН ҚОЛДАНУ АРҚЫЛЫ БАСТАУЫШ СЫНЫП ОҚУШЫЛАРЫНЫҢ САУАТТЫЛЫҒЫН АРТТЫРУ
САГИМОВА ЖАНАР ЖУМАБАЕВНА

Шардара ауданы

«Қоссейіт» жалпы орта мектебі
Резюме
Сагимова Жанар Жумабаевна ІІІ деңгейлі бастауыш сынып мұғалімі. Ол өзінің сабақ беру үрдісінде үнемі жаңа әдіс-тәсілдерді қолдана отырып, оқушылардың қызығушылығы мен белсенділігін арттыру және білім сапасын көтеру жолында шығармашылықпен ізденіп келе жатқан маман. Жанар өзінің бұл жұмысында балалардың сауаттылығын арттыру және білім сапасын көтеру жолында логикалық ойлау қабілеттерін дамытатын логикалық ойындар мен тапсырмаларға ерекше мән берген. Сонымен бірге шығармашылық жұмыстар да баланың логикалық ойлау қабілетін дамытуға көп ықпал етеді деп санайды. Әр пәннің өз ерекшеліктерін атай келе, оқушылардың сол пәнге деген ынтасын арттыруда мұғалімнің шығармашылықпен құрған сабақ жоспары болу керектігін және әрбір тапсырма оқушы өзі ізденетіндей етіп құрылу керектігін баса айтады.

Қазіргі заман талабына сай, теориялық білімді практикалық өмірмен байланысын жүзеге асыра білудің жолдарын көрсете білген.



КІРІСПЕ
     Қазіргі уақыттың  негізгі талаптарының бірі – білімді әлемнің бүтіндей бейнесін қабылдай алатын, логикалық ойлауы дамыған жаңаша, тәуелсіз ойлай алатын шығармашыл адамға айналдыру.

     Мектептегі оқыту үрдісінің негізгі  мақсаттары – баланың білімді игеру кезінде ойлау қабілетін қалыптастыру, сол арқылы таным әрекетін белсендіріп, жан-жақты жеке тұлғаны тәрбиелеу.

     Оқытудың мақсаты оқушыларға білім беру ғана емес, сонымен бірге олардың ойлау қабілетін дамыту және белсендіру оқушылардың білімді, дағдыны меңгеру үшін, болашақта танымдық және тәжірибелік іс-әрекетке оқушыларды дайындау қажетті шарт болып табылады.

     Әлемдік психологиялық – педагогикалық әдебиеттерде адамның ойлауын дамытатын мәселелерді А.Н.Монтьев, С.П.Рубинштейн, М.В.Занков т.б. атақты ғалымдар теориялық тұрғыдан қарастырған.

     Ойлау дегеніміз – ақиқат дүниені өзара барлық байланыс қатынастарымен сәулелендіретін, миымызда жалпылай және жанама түрде сөз арқылы бейнеленетін процесс.

     Балалардың ойлауын дамыту туралы М.Жұмабаевтың сөзімен алсақ: «Ойлау жанның өте бір қиын, терең ісі.Жас балаға ойлау тым ауыр, сондықтан басқыштап іс істеу керек. Оқулықтағы берілген тапсырмалар, суреттер баланың жанына дұрыс әсер ететіндей, оқушының оқуға, білімге деген ынта – ықыласы, құштарлығы болуы керек».

     Оқу материалын балалардың ойлау қабілеті жетерліктей  жас ерекшеліктерін ескере ұйымдастырса ғана, оның ойлау қабілетінің дамуына мүмкіндік туады.Сондықтан да мұғалім балаларды үнемі ойланып оқуға бағыттауы тиіс, бұған оқу үрдісін жүйелі ұйымдастыру, сабақта бала логикасын дұрыс дамыта алатын мүмкіндіктерді мол пайдалану арқылы жетуге болады.

     Дұрыс ойлаудың формалары мен заңдары туралы ғылым логика деп, ал ой қорытындыларының обьектив пікірлерге негізделетін процесі логикалық ойлау деп аталады.

     Логикалық ойлаудың ерекшелігі – қорытындылардың қисындылығында, олардың шындыққа сай келуінде. Логикаға түскен құбылыс түсіндіріледі, себептері мен салдарлары қатесіз анықталады. Ұғымдар арасындағы байланыстар мен қатынастар логикалық ойлау жолымен ашылады. Бұл байланыстар мен қатынастардың дұрыстығын теріске шығаруға болмайтыны пікірлерде көрсетіледі.

     Психолог – ғалымдар: Н.Н. Поспелов, Ю.А.Петров, А.Н.Леонтьев, «логикалық ойлау» ұғымына нақты анықтама берген. Олардың пікірінше «логикалық ойлау»  дегеніміз логика заңдылықтарын пайдалана отырып ой-пікірлерді, тұжырымдарды қолдануға негізделген ойлаудың бір түрі.

     Оқушылардың логикалық ойлау қабілеттерін дамыту жөнінде А.В.Запорожец, Л.Н.Венгер, И.С. Якиманская еңбектері жарық көрді.

    Жоғарыдағы авторлардың  пікірлерінше «Логикалық ойлауды дамыту» дегеніміз:



  • барлық логикалық ойлау операцияларын (талдау, жинақтау, салыстыру, жалпылау, саралау) арнайы жүйелі түрде қалыптастыру;

  • ойлау белсенділігін, өзбеттілігін дамыту.

    «Логикалық ойлау – логикалық сөйлеудің негізі, ал мұны –

    логикалық сөйлеуді ұстаз дамытуға тиіс», деп көрсетті К.Д.Ушинский.

Мектептің тірегі де, жүрегі де, білімнің тұтқасы да – мұғалім. Бала тағдыры қолына сеніп тапсырылып отырған басты тұлға да ұстаз екені де баршаға белгілі.

К.Д.Ушинский пікірін П.Ф.Каптерев одан әрі дамыта отырып, педагогикалық үрдіс оқушы мен мұғалімнің бірлескен әрекеті: бір жағынан, бұл - мұғалімнің бағыттаушы, ал екінші жағынан - оқушының өзіндік ішкі әрекеті. Ол оқушының белсенді білім игеруі мен қызығушылығына, талпынысына ерекше мән берді. Каптерев оқушының білімді игерудегі ішкі процестерін зерттеуді бірінші орынға қойды. Ең маңыздысы, бұл процестерге жағымды жағдайлар жасау дейді.

Қазақ мектептерінде дидактикалық міндеттерді шешуде Ы.Алтынсарин үлкен үлес қосты. Алтынсариннің мұғалім міндеттері туралы, қалай оқыту керек, қалай оқу керек деген талаптары біздің зерттеулерімізде маңызы болды. Ы.Алтынсарин бойынша оқытудың жеке әдіс - тәсілдеріне:

а) оқыту әдісі - бұл баланың білімге құштарлығын оятатын, кейіннен өз бетінше білім көтеруіне бастайтын жол;

ә) сабақта баланың ой-әрекетін жаттықтыру. «Маңыздысы, оқушының өз бетінше ойлана білуі.».

Тәуелсіз елдің тірегі – білімді ұрпақ, өркениет біткеннің өзегі – білім, ғылым, тәрбие дейтін болсақ, осының барлығының бастауы – бастауыш мектеп. Ал бастауыш буынның негізгі міндеті баланың жеке басын бастапқы қалыптастыруды қамтамасыз ету, оның қабілеттерін дамыту, адамзаттың асыл қасиеттерін оқушы бойына сіңіру.

Кейбір зерттеулерде оқушының танымдық белсенділігі – бұл интеллектуалды және кәсіптік дайындыққа бағытталған үздіксіз оқу үрдісі, оқу тиімділігі мен оқытудың ғылымилығы деңгейін оптималдандыру ретінде түсіндіреді.
ОҚУШЫЛАРДЫҢ ЛОГИКАЛЫҚ ОЙЛАУЫН ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ ЖАТТЫҒУЛАР АРҚЫЛЫ ДАМЫТУ
     Бастауыш сынып баланың логикалық ойлауын дамытудың  негізгі кезеңі деп есептеледі. Өйткені логикалық ойлау кейінірек бейнелік ойлаудың негізінде қалыптасады, ауқымы кеңірек мәселелерді шешуге ғылыми білімдерді меңгеруге  мүмкіндік береді.Әйтседе бұл баланы қайткенде де, неғұрлым ертерек логикалық «жолға» шығару дегенді көрсетпейді. Біріншіден, ойлаудың логикалық формаларын игерудің  өзі ойлаудың логикалық жетілген бейнені формалары ретінде игерілмейінше, толық құнсыз күйде қалып отырады. Дамыған көрнекі схемалық ойлау  баланы логика табалдырығына жеткізеді. Екіншіден, логикалық ойлауды игеріп болғаннан  кейін, бейнелік ойлау өзінің мәнін ешбір жоғалтпайды.

     Тәжірибе барысында жасөспірімдерде ой тұтастығының сақталмауы байқалады. Мұндай қателерді болдырмау үшін оқушының  ой  жүйелігінің  қажеттігін сезінуіне көз жеткізудің амал – тәсілдерін тауып, орнықты ой түйіндеуге жетелеу қажет.

     Ал оқушылардың ойлауын дамытып, дұрыс ой түйіп, өздігінен сапалы, дәлелді шешімдер қабылдай білуге үйрету – математика сабағының міндеті.

     Жаңа буын математика оқулығының  басты ерекшеліктерінің бірі – оның әрбір сабаққа  лайықталған  материалы, негізінен алғанда, төрт текті жаттығулардың тобынан  тұрады.  Солардың бірі - балалардың шығарамашылық іс-әрекетке бейімдеу мақсатын көздейтін, оқулықта жасыл түсті қоршауға алынған шығарамашылық жаттығулар. Бұрынғы оқулықтардың ешқайсысында жаттығулардың осындай тобы қарастырылмағандықтан, қазіргі мектеп тәжірибесінде шығармашылық жаттығуларды орындаумен байланысты  оқушылардың іс-әрекетін ұйымдастыруда үлкен қиындықтар туындап отыр. Оқушылардың шығарамашылық жаттығуларды орындау икемділігін бағдарлама талаптары деңгейінде қалыптастыруда айтарлықтай кемшіліктер мен олқылықтар орын алуда.

     Математиканы оқыту процесінде жаттығулардың алатын орны ерекше. Жаттығу дегеніміз не? Жалпы алғанда, ғылым мен тұрмыстың  әр алуан салаларында, «жаттығу» термині әр түрлі мәнде қолданылады. Ал, педагогикалық әдебиетте жаттығу ұғымы оқытудың әдісі жөніндегі дәстүрлі түсінікпен  іштей байланысты мағынада анықталады. Анықтамалардың көпшілігі, жаттығу дегеніміз білімді бекітудің және білік пен дағдыларды қалыптастырудың, сондай –ақ оқушылардың ойлау қабілетін дамытудың негігі әдістерінің бірі дегенге әкеп саяды.

     Математикалық білімді жаттығулар орындау негізінде игеру мәселесіне ғылым тарихында ұлы жаңалықтар ашқан атақты ғалымдар да жоғары баға берген.

     Жаттығулар алуан түрлі болады және олар, ең алдымен, оқу пәнінің ерекшелігіне байланысты ажыратылады.

     Кең мағынада алғанда,  математикалық жаттығу деп кез келген математикалық мазмұндағы тапсырмаларды түсінеміз. Басқаша айтқанда, математикалық жаттығуларды құрылысы жағынан мысалдар, есептер, логикалық жаттығулар, есеп құрастырумен байланысты жаттығулар, т.с.с. деп бөлуге болады.

     Қазақстан Республикасы бастауыш білімнің мемлекеттік стандартына сәйкес, математикалық білімнің жаңа мазмұны  біртекті емес және әр түрлі екі деңгейді қамтиды. Олар міндетті және мүмкін деңгейлер.

     «Міндетті  деңгейге бастауыш мектеп көлеміндегі берік игерілуі тиісті  материалдар жатады. ...

     Ал, мүмкін деңгейге, мазмұны тұрғысынан алғанда, негізгі мәселемен үйлесетін, алайда оқушының  математикалық  ой-өрісін кеңейтуге бағытталатын, үйреншікті емес   түрде ұсынылатын және де оны орындау шығармашылық іс-әрекетпен  ұштасатын  және де оны орындау шығармашылық іс-әрекетпен ұштасатын материалдар жатады. Мұның бәрі міндетті деңгейдің материалымен кеңейте және тереңдете түсуге қызмет етеді, математиканың жүйелі курстарының аса маңызды тарауларын ілгеріде  оқытып – үйретудің негізін қалайды. Сондай-ақ балалардың дамуына әсерін тгізеді және негізгі материалды терең меңгеріп  алуға көмектеседі».

     Жаңа буын оқулықтарында бастауыш математикалық білім мазмұнының мүмкін деңгейін қамтамасыз ету мақсатында ұсынылып отырған  жаттығулар ерекше назар аудартады. Олар бір сарынды іс-әрекеттер орындаудан бас тарта отырып, өзгермелі әр түрлі бағыттағы ізденістер тудыру арқылы оқушыны  шығармашылық әрекет жағдайына  енгізуге мүмкіндік  жасайды. Шығарамашылық  жаттығулар ұсынылғанда, оқушының алдында  мақсатқа  өзіне мәлім әрекет тәсілімен жете  алмайтын  проблемалық  жағдаят пайда болып, ол оқушының  интеллектуалдық қиналуын туғызуы мүмкін. Осының барысында  оқушы жаңа әрекет тәсілін іздестіру бағытындағы шығармашылық сипаттағы іс -әрекеттер  орындауға талпынады.Осы тұрғыдан алғанда  математикалық жаттығуларды, біздің пікірімізше, шығармашылық жаттығулар деп атаған орынды сияқты.

     Шығармашылық жаттығу – бұл нақты мәні берілмеген, есепті шартты математикалық заңдылықтар арқылы орындау.

     Шығармашылық тапсырмалар оқушылардың  жаңа бір нәрсені ашуы, яғни оқушы өзін белгілі бір жаңалықтардың авторы ретінде сезінеді. Бұл оған белгілі бір пән төңірегіндегі қызығушылығын жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Яғни, оқушыны өзіне тарта, баули түседі.

     Оқушылардың логикалық ойлау қабілетін дамытуға бағытталған стандартты емес тапсырмаларды шығармашылық жаттығулар деп атаймыз. Сондықтан шығармашылық жаттығуды ұдайы жүргізе отырып біз оқушылардың тек пәнге деген қызығушылығын ғана емес, логикалық ойлауын да дамыта аламыз.

     Мектеп тәжірибесінде шығармашылық жаттығулар үздіксіз орындалмай жатқандығы белгілі. Кейбір мұғалімдер шығармашылық жаттығу міндетті деңгейге жатпайтындықтан оны орындамайды,  орындағанымен сабақ соңында асығыс шешуін  оқушыларға жалпылама айтқыза салады, яғни талдау жүргізілмейді. Балаларда ой операиялары толық жүргізілмегендіктен  логикалық ойлаудың даму деңгейі төмен болады. Ал оқушылардың логикалық ойлауын дамытудың  бір жолы - шығармашылық жаттығуды жүйелі орындату.

     Сыныптағы  оқушылардың білім деңгейі бірдей емес. Олардың ішінде математиканы сүйіп оқитын, оған деген ынтасы зор оқушылар да бар. Оларды жеңіл, бірыңғай жаттығулар орындау жалықтырады. Сондықтан мұғалім  оқушыларға  міндетті емес тапсырмаларды үнемі орындатып отыруы тиіс.

     Оқушылардың логикалық ойлауын  дамыту үшін:



  • есепті, жаттығуларды талдай білу іскерліктерін қалыптастыру;

  • сызба графиктік модель бойынша есеп объектілерінің арасындағы байланыстарды түсіндіру;

  • Есептегі нақты заттарды оның моделімен ауыстыру;

  • Пәнге деген қызығушылығын, сүйіспеншілігін арттыру;

  • Сыныпқа дұрыс психологиялық жағдай орнатуға мүмкіндік туғызу.

    Оқу процесіндегі  осындай іс-әрекеттердің  арқасында  қоғам талап етіп отырған шығармашылық қабілеті жоғары, өз ойын жүйелі де ашық айта алатын, қоғамға еркін сіңетін, өндіріске белсене араласатын азамат қалыптасады. 
БАСТАУЫШ СЫНЫП ОҚУШЫСЫНЫҢ ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ

ІС-ӘРЕКЕТІН ҚАЛЫПТАСТЫРУ ЖОЛДАРЫ
Баланың шығармашылық іс-әрекеттерін, ұлттық мәдениет пен рухани құндылықтарын тәрбиелеу ана тілі арқылы жүзеге асады. Осы пәннің маңызы туралы Ж.Аймауытов былай дейді: «Оқытатын пәндердің бәріне бірдей керекті, бәрін қаусырып, орап алатын пән - ана тілі екені даусыз. Ана тілін жақсы меңгеріп алмай, өзге пәндерді түсіну мүмкін емес. Ана тілін үйрену – сөздерді жаттау, олардың жүйесін, өзгеру заңдарын білу ғана емес, тіл үйренумен қатар, бала тілдің сансыз көп ұғымдарын, ойларын, сезімдерін, сұлу үлгілерін ойлау жүйесін, ой пәлсафасын да меңгереді». Ал ана тілін оқыту арқылы шығармашылық іс - әрекетті қалыптастыру дегеніміз- өмір шындығында өзін-өзі тануға ұмтылу, іздену. Осыған орай В.В.Давыдов: «Бастауыш мектепте шығармашылық қабілеттіліктерді оқу әрекетіндекөрінеді, даму өнімі- оқуға құштарлық, ынталылық» - дейді. Ал шығармашылық қабілет әр баланың табиғатында болуы мүмкін. Біздің міндетіміз оқушыға оның бойында көрінбей тұрған мүмкіншіліктерін ашып көрсету. Осы міндеттерді орындауға мұғалімге бірден-бір керегі – дұрыс, тиімді әдіс-тәсілдерді таңдап пайдалану. Мен өз тәжірибемде жаңа технологияларды қолдану арқылы біраз нәтижеге жеттім. Бұл жұмысты дұрыс ұйымдастырған жағдайда оқушының өз даму деңгейіне сәйкес ойы шыңдалып, белгілі бір жетістіктерге жетері сөзсіз. Мұғалім оқушының өзін ізденуге жетелейді, ойлауға үйретеді, түрлі іс-әрекетке бағыттайды.

Оқушылардың танымдық ізденімпаздығы қалыптастыруға бағытталған шақтар түрлері төртке бөлінеді: «танымдық, коммуникативтік, шығармашылық , әдіснамалық».

Оқушылардың танымдық ізденімпаздығы арттыруда шығармашылық сипаттағы сабақтар түрлерін өткізудің маңызы зор.

Мұндай түрдегі сабақтардағы түрлі оқу жұмыстары оқушының шындық белсенділігін арттырып, оқу мен ойлау әрекетінің тиімді амал-тәсілдерін, яғни материалының негізгі ұғымдары мен тұжырымдарын айыру, жаңа материалды өткен материалмен салыстыру оларды белгілі жүйеге топтастырады және қортындылау жасау сияқты амалдарды дайындауға үйренеді.

Шығармашылық сабақтардың жоспарын жасауда оқушының шығармашылық әрекетінің бағдарына сәйкестендіріп, олардың қабілетері, ескерілуі тиіс. Оқушылардың шығармашылық әрекетін тудыратын сабақтарды өткізу жоспары мен кезеңдерін қарастырамыз.

Шығармашылық сипаттағы сабақтардың жоспарын жасау үшін


тақырыбы, мақсаты, әрекет түрі және нәтижелері бір-біріне жуық
байланысты сабақтарды топтастырып, таңдап алуға болады. Жалпы бағдарламада көрсетілген пәндік сабақтардың әр тарауында жететін жетістіктері негізінде оқушылар білім алуда нәтижеге жетеді.

Оқушылардың шығармашылық әлеуетін көтеруді мұғалім алдына мақсат етіп қояды. Мұғалім оқушы күйіне кіріп, олардың тақырыпқа қатынас әрекетін ойлайды, өтілетін сабақтың проблемасына қажет жағдайда жоспарланған сабақ мазмұны мен оқыту әдістеріне түзетулер енгізеді.

Сабақ тақырыбы бойынша мұғалім оқулықтар, кітаптар, әдістемелік кітаптар, басқа да материалдармен танысады. Мұғалім өзіне, оқушыларға мықты болатын мәселелерді іздестіреді. Осы мәселелер жөнінде көптеген материалдарды қарастырып, мамандардың пікірлерін ескере отырып, табу қажет.

Оқушыларды шығармашылық іс-әрекетке баулып, олардың белсенділіктерін, қызығушылықтарын арттыра түсу үшін әр түрлі әдіс-тәсілдерді қолдануға болады:



  1. Балаларға белгілі тақырыпта әңгіме оқып, оқушыларға басқаша аяқтауға кілт боларлық сюжет ұсыну;

  2. Әңгіменің, ертегінің сюжетін бастап беру, аяқтауды оқушыларға тапсыру;

  3. Ертегіні ұжым болып тыңдау;

  4. Ұнатқан кейіпкерлеріне мінездеме беру;

  5. Қиялдау арқылы сурет салғызу, рөлмен ойнату;

  6. Арнайы тақырыпта пікірталас тудыру.

Сыныбымдағы әр оқушының пән бойынша ізденімпаздық деңгейлері анықтаймын. Сонымен қатар пәнге қабілеттілігі, қызығушылығы анықталады. Шығармашылық әр оқушының жеке қабілеттері мен мүмкіндіктерін, танымдық іс-әрекеттері мен дағдыларының дәрежесін көрсетіп береді.

Шығармашылық жұмыстарды тәжірибемде мынадай тәртіппен орындаймын: мақсаты жұмыс барысы, алынған нәтижелері бойынша өзіндік ұстауы, сондай-ақ оқушылардың пікірлері енгізіледі, таңдаулы жұмыстардың авторларына қорғау қорытындысы бойынша марапаттау рәсімі жүргіземін, жұмыс мектеп көрмесіне қойылады немесе шығармашылық жұмыс жинақта жарияланады т.б.

Оқушылар өздері таңдаған шығармашылық жұмыстарды ықыласпен тындайды. Кейбір оқушылар жыл бойына әр түрлі пәннен 10-15 шғармашылық жұмыс орындағанын тәжірибемде кездесті.

Шығармашылық жұмысты мына жоспар бойынша көркемдеймін:



  1. Тақырып, оқушының және жетекшінің аты - жөні, сыныбы, мектебі, жылы.

  2. Тақырыптың өзектілігі.

  3. Негізгі идеясы, мақсаты.

  4. Жұмыс мазмұны, жоспары.

  5. Жұмыс орындауда туындалған проблемалар, қиындықтар және оның шешілуі.

  6. Жұмыс қорытындысы және оның практикалық мәні.

  7. Жұмысқа өзіндік талдау, өзіндік баға беруі.

Шығармашылық ай қорытындысы бойынша ғылыми жұмысқа қабілетті оқушылар іріктеліп, белгілі бір тақырып бойынша ғылыми жұмыстар беріледі.

Осындай шығармашылық жұмыс барысында оқушының бұрыннан білетініне жаңа мәліметтер қосылып, тәжірибесін практикада қолдану білігі қалыптасады. 4-сыныпта Асқар Алпысбайдың «Желтоқсанда үзілген жауқазын» әңгімесін оқытқанда «Екі түрлі сипаттама» әдісін қолдану барысында оқушылардың сабаққа деген қызығушылығы артып, тілдік қоры дамыды. Өмірге деген көзқарасы, өзіндік ой-пікірі қалыптасты.

Екінші сыныпта Б.Соқпақбаевтың «Бурыл ат» әңгімесін өткенде жылқының жасына қарай аталуын және ат әбзелдерінің атауларын мынадай кестеге толтыруға болады.


Жылқы жасына,

түріне қарай:



Құлын, жабағы, тай, құнан, байтал, сойтал, дөнен, бесті, қулық, бие,ат, сәурік

Құнан - екі жасқа толып, үш жасқа аяқ басқан еркек жылқы мал

Дөнен – үш жасқа толып, төрт жасқа аяқ басқан жылқы



Ат әбзелдері:

Жүген, қамшы, тізгін, тартпа, үзеңгі, ер, тоқым, құйысқан, өмілдірік

Үзеңгі – атқа міну үшін ер-тұрман әбзелінің аяқ салатын бөлігі

Тартпа – ер-тоқымды ұстап тұратын бел тартпа

Өмілдірік – аттың омырауында бел тартпаны ұстап тұратын әбзел

Оқушылар жылқының жасына, түріне қарай қалай ажыратылатынымен, ат әбзелдерімен танысады және сөздік жұмысы да қоса жүргізіліп кетеді. Әр сөзге мұғалім көмегімен түсініктеме беріледі.



Баланың шығармашылық әрекетін ұйымдастыру барысында бала өзінің бұған дейінгі білетін амал-тәсілдерінің жаңа мәселені шешуге жеткіліксіз екенін сезетіндей жағдайға түсуі керек. Содан барып оның білім алуға деген ынта-ықыласы артады, білім алуға әрекеттенеді.
    Әдебиеттер:

  1. Сейдахметова А. Даярлық сынып оқушыларының логикалық ойларын дамыту жолдары. // Бастауыш мектеп, 2000.  №8,9.

  2. Жарықбаев Қ. Психология. – Алматы,  2002.  – 415 бет.

  3. Ильина Т.А. Педагогика. – Алматы, 1977 – 454 бет.

  4. Қазақстан Республикасы бастауыш білімінің мемлекеттік стандарты. – Алматы, 2003. -  135 бет.

  5. Қосанов Б.М. Математика курсындағы шығармашылық жаттығулар: орындау технологиясы. – Алматы,  2005. -  72 бет.





Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет