237-бап. Бұрын жүргізілген шегерімдер бойынша алынған өтемақылар
1. Бұрын жүргізілген шегерімдер бойынша өтемақы түрiнде алынған кірістерге:
1) бұрын шегерімге жатқызылған және кейiнгi салықтық кезеңдерде, оның ішінде мұндай талап ету құқықтарын басқаға беру жолымен өтелген, күмәндi деп танылған талап етулер сомасы;
2) шығындарды (шығыстарды) жабу үшін мемлекеттiк бюджет қаражатынан алынған сомалар;
3) осы Кодекстің 270-бабында көрсетілген сақтандыру төлемдерін қоспағанда, сақтандыру ұйымы немесе нұқсан келтірген тұлға төлеген нұқсанды өтеу сомасы;
4) бұрын шегерімге жатқызылған шығындарды өтеу бойынша алынған басқа да өтемақылар жатады.
Алынған өтемақы ол алынған салықтық кезеңнің кірісі болып табылады.
2. Салық төлеуші осы Кодекстің 288-бабы 1-тармағы 4) тармақшасының ережелерін қолданған оқыту шығыстарын жеке тұлға өтеген болса, жеке тұлға мұндай өтеуді өзін оқыту аяқталған (еңбек шарты жасалған күнінен бастап үш жыл өткенге дейін бұзылған) салықтық кезеңді, сондай-ақ одан кейінгі салықтық кезеңді қамтитын уақыт кезеңі ішінде жүргізген жағдайда, мұндай өтеу сомасы алдыңғы салықтық кезеңдердің салық салынатын кірісін азайтуға жатқызылған осындай шығыстар сомасы бөлігінде салық төлеушінің жылдық жиынтық кірісіне қосылады.
3. Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес жинақтаушы емес сақтандыру шарттары бойынша сақтандыру ұйымының сақтанушыға қайтаруына жататын немесе ол қайтарған және сақтанушы бұрын шегерімге жатқызған сақтандыру сыйақыларының сомасы олар сақтанушыға қайтарылуға жатқан немесе қайтарылған салықтық кезеңнің жылдық жиынтық кірісіне қосылады.
Достарыңызбен бөлісу: |