322-бап. Жұмыскердің кірісі
1. Салық агенті болып табылатын жұмыс беруші есепке жазған және, оның ішінде Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы заңнамасына сәйкес жұмыс берушінің бухгалтерлік есебінде шығыстар (шығындар) ретінде танылған мынадай кірістер жұмыскердің салық салуға жататын кірістері болып табылады:
1) еңбек қатынастарының болуына байланысты жұмыс беруші жұмыскердің меншігіне беруге жататын, қолма-қол және (немесе) қолма-қол емес нысандарындағы ақша;
2) осы Кодекстің 323-бабына сәйкес жұмыскердің заттай нысандағы кірістері;
3) осы Кодекстің 324-бабына сәйкес жұмыскердің материалдық пайда түріндегі кірістері.
2. Қазақстан Респбликасының немесе шет мемлекеттің заңнамасына сәйкес жасалған еңбек шарты (келісімшарты) бойынша алынған (алуға жататын) кіріс салық агенттері болып табылмайтын тұлғалардан алынған (алуға жататын) жұмыскердің салық салуға жататын кірісі болып табылады.
3. Жұмыскердің салық салуға жататын кірісіне мынадай кірістер жатпайды:
1) жеке тұлғаның салық агентінен алатын кірісі;
2) зейнетақы төлемдерi түріндегі кіріс;
3) дивидендтер, сыйақылар, ұтыстар түрiндегi кіріс;
4) стипендиялар;
5) жинақтаушы сақтандыру шарттары бойынша кіріс;
6) жеке тұлға дербес салық салуға жататын кірістер.
Достарыңызбен бөлісу: |