391-бап. "Қорғас" халықаралық шекара маңы ынтымақтастығы орталығы" арнайы экономикалық аймағының аумағына өткізілетін тауарларға салық салу ерекшеліктері
1. "Қорғас" халықаралық шекара маңы ынтымақтастығы орталығы" арнайы экономикалық аймағын құру мақсаттарына сай келетін қызметті жүзеге асыру кезінде тұтынылатын немесе өткізілетін тауарларды осындай арнайы экономикалық аймақтың аумағына өткізуге қосылған құн салығы нөлдік мөлшерлеме бойынша салынады.
Осы баптың мақсаттары үшін еркін кедендік аймақ кедендік рәсімімен орналастырылатын (орналастырылған) және кедендік бақылаудағы осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген тауарлар деп тауарлар түсініледі.
2. Мыналар "Қорғас" халықаралық шекара маңы ынтымақтастығы орталығы" арнайы экономикалық аймағын құру мақсаттарына сай келетін қызметті жүзеге асыру кезінде тұтынылатын немесе өткізілетін тауарларды өткізу кезінде нөлдік мөлшерлеме бойынша салық салынатын айналымды растайтын құжаттар болып табылады:
1) "Қорғас" халықаралық шекара маңы ынтымақтастығы орталығы" арнайы экономикалық аймағының аумағында қызметін жүзеге асыратын ұйымдармен және (немесе) тұлғалармен тауарларды жеткізуге арналған шарт (келісімшарт);
2) еркін кедендік аймақ кедендік рәсімі бойынша тауарлар шығаруды жүзеге асыратын кеден органының белгілері бар тауарлар тізбесі қоса беріле отырып, тауарларға арналған декларацияның және (немесе) көліктік (тасымалдау), коммерциялық және (немесе) өзге де құжаттардың көшірмелері;
3) осы баптың 1) тармақшасында көрсетілген ұйымдарға және (немесе) тұлғаларға тауарлардың тиеп-жөнелтілгенін растайтын тауарға ілеспе құжаттардың көшірмелері;
4) осы тармақтың 1) тармақшасында көрсетілген ұйымдардың және (немесе) тұлғалардың тауарларды алғанын растайтын құжаттардың көшірмелері.
3. "Қорғас" халықаралық шекара маңы ынтымақтастығы орталығы" арнайы экономикалық аймағының аумағына өткізілетін тауарларды берушілерге қосылған құн салығының асып кетуін қайтару арнайы экономикалық аймақтарды құру мақсаттарына сай келетін қызметті жүзеге асыру кезінде іс жүзінде тұтынылған әкелінген тауарлар бөлігінде жүргізіледі.
4. Осы бапқа сәйкес қайтаруға жататын қосылған құн салығының сомасын айқындау кезінде арнайы экономикалық аймақты құру мақсаттарына сай келетін қызметті жүзеге асыру кезінде әкелінген тауарлардың өткізілгенін немесе іс жүзінде тұтынылғанын растайтын, арнайы экономикалық аймаққа қатысушы ұсынған деректер негізінде қалыптастырылатын кеден органының мәліметтері есепке алынады.
Арнайы экономикалық аймаққа қатысушы осы баптың 1-тармағының бірінші бөлігінде көзделген шарттарды орындамаған жағдайда еркін кедендік аймақ кедендік рәсімімен орналастырылған тауарлар салық салынатын импорт деп танылады және Еуразиялық экономикалық одақтың кеден заңнамасында және (немесе) Қазақстан Республикасының кеден заңнамасында айқындалған тәртіппен және мөлшерде импортталатын тауарларға қосылған құн салығын төлеу үшін белгіленген мерзімнен бастап өсімпұл есепке жазыла отырып, "Қорғас" халықаралық шекара маңы ынтымақтастығы орталығы" арнайы экономикалық аймағының аумағына тауарлар әкелінген күннен бастап оларға қосылған құн салығы салуға жатады.
Достарыңызбен бөлісу: |