493-бап. Салықты есептеу тәртiбi
1. Салық төлеушi осы Кодекстің 492-бабына сәйкес салық салу объектiсіне салықтық мөлшерлемелерді қолдану арқылы салықтық кезең үшiн салық сомасын өз бетінше есептейдi.
2. Ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілер үшін арнаулы салық режимін қолданатын салық төлеушілер көлік құралы салығын есептеуді осы Кодекстің 490-бабы 3-тармағының 1) тармақшасында көрсетілген көлік құралдарын қоспай, осы Кодекстің 78-тарауының ережелерін ескере отырып жүргізеді.
3. Көлік құралы салық кезеңiнен аз уақыт меншік құқығында, шаруашылық жүргізу құқығында немесе жедел басқару құқығында болған жағдайда, салық сомасы көлiк құралы осындай құқықта іс жүзінде болған кезең үшiн жылдық салық сомасын он екіге бөлу және көлiк құралы осындай құқықта іс жүзінде болған айлардың санына көбейту арқылы есептеледi.
4. Салықтық кезең ішінде меншік, шаруашылық жүргізу немесе жедел басқару құқығын басқаға берген кезде салық салу объектілеріне салық сомасы мынадай тәртіппен есептеледі:
1) беруші тарап үшiн:
салық кезеңiнiң басында болған көлiк құралдары бойынша салық сомасы салық кезеңiнiң басынан бастап көлiк құралына меншiк құқығы, шаруашылық жүргiзу құқығы немесе жедел басқару құқығы берілген айдың 1-күнiне дейiнгi кезең үшiн есептеледi;
салық кезеңiнiң iшiнде беруші тарап сатып алған көлiк құралдары бойынша салық сомасы көлiк құралына меншiк құқығы, шаруашылық жүргiзу құқығы немесе жедел басқару құқығы алынған айдың 1-күнiнен бастап осындай құқық басқаға берілген айдың 1-күнiне дейiнгi кезең үшiн есептеледi;
2) алушы тарап үшiн – салық сомасы көлiк құралына меншiк құқығы, шаруашылық жүргiзу құқығы немесе жедел басқару құқығы алынған айдың 1-күнiнен бастап салық кезеңiнiң соңына дейiн немесе алушы тарап кейiннен осындай құқықты басқаға берген айдың 1-күнiне дейiнгi кезең үшін есептеледi.
5. Жеке тұлғалар сатып алу кезінде Қазақстан Республикасында есепте тұрмаған көлiк құралын сатып алған кезде салық сомасын көлiк құралына меншiк құқығы туындаған айдың 1-күнiнен бастап салық кезеңiнiң соңына дейiнгi немесе меншік құқығы тоқтатылған айдың 1-күніне дейінгі кезең үшiн есептейді.
6. Көлік құралдарын тіркеу саласындағы уәкілетті мемлекеттік орган салық органдарына беретін көлік құралын айдап әкету (ұрлау) туралы қылмыстық іс қозғау фактісін (күнін) растайтын мәліметтер иелерінен айдап әкетілген және (немесе) ұрланған деп саналған көлік құралын іздестіру кезеңінде салық төлеуден босату үшін негіз болып табылады.
Бұл ретте мұндай салықты есептеу (есепке жазу) көлік құралын айдап әкету (ұрлау) туралы қылмыстық іс қозғалған күннен бастап тоқтатылады.
Салықты есептеу (есепке жазу) көлік құралдарын тіркеу саласындағы уәкілетті мемлекеттік органның салық органдарына берген мәліметтер негізінде көлік құралын айдап әкету (ұрлау) және оны қайтару туралы қылмыстық істі тоқтатқан күннен бастап бастап қайта басталады.
7. Заңды тұлғалар салықтық кезеңнің басында меншік құқығында, шаруашылық жүргізу құқығында немесе жедел басқару құқығында болған көлік құралдары бойынша, сондай-ақ салықтық кезеңнің басынан бастап салықтық кезеңнің 1 шілдесіне дейінгі кезеңде мұндай құқықтар туындаған және (немесе) тоқтатылған көлік құралдары бойынша ағымдағы төлемдерді:
1) егер көлік құралдарына меншік құқығы, шаруашылық жүргізу құқығы немесе жедел басқару құқығы салықтық кезеңнің басынан бастап салықтық кезеңнің 1 шілдесіне дейінгі кезеңде туындаған және салықтық кезеңнің 1 шілдесіне дейін тоқтатылмаған жағдайда – осындай құқық туындаған айдың 1-күнінен бастап салықтық кезеңнің соңына дейінгі кезең үшін есептелген салық сомасы мөлшерінде;
2) егер салықтық кезеңнің басынан бастап салықтық кезеңнің 1 шілдесіне дейінгі кезеңде көлік құралдарына меншік құқығы, шаруашылық жүргізу құқығы немесе жедел басқару құқығы:
тоқтатылған жағдайда – салықтық кезеңнің басынан бастап осындай құқық тоқтатылған айдың 1-күніне дейінгі кезең үшін есептелген салық сомасы мөлшерінде;
туындаған және тоқтатылған жағдайда – көлік құралдарына меншік құқығы, шаруашылық жүргізу құқығы немесе жедел басқару құқығы туындаған айдың 1-күнінен бастап осындай құқық тоқтатылған айдың 1-күніне дейінгі кезең үшін есептелген салық сомасы мөлшерінде;
3) қалған жағдайларда – жылдық салық сомасы мөлшерінде есептейді. Бұл ретте салықтық кезеңнің 1 шілдесінен бастап салықтық кезеңнің соңына дейінгі кезеңде көлік құралдарына меншік құқығы, шаруашылық жүргізу құқығы немесе жедел басқару құқығы тоқтатылған жағдайда, декларацияда салықтық кезеңнің басынан бастап осындай құқық тоқтатылған айдың 1-күніне дейінгі кезең үшін есептелген салық сомасы көрсетіледі.
8. Заңды тұлғалар салықтық кезеңнің 1 шілдесінен бастап салықтық кезеңнің соңына дейінгі кезеңде меншік құқығы, шаруашылық жүргізу құқығы немесе жедел басқару құқығы туындаған көлік құралдары бойынша ағымдағы төлемдерді есептемейді және ағымдағы төлемдердің есеп-қисабын ұсынбайды. Бұл ретте декларацияда осы баптың 4-тармағының 2) тармақшасында айқындалған тәртіппен есептелген салық сомасы көрсетіледі.
9. Есепті салықтық кезең үшін жеке тұлғалардың көлік құралдары салығы бойынша есеп-қисаптар сальдосын айқындау мақсатында салық органдары көлік құралдарын есепке алуды және тіркеуді жүзеге асыратын уәкілетті органдар автоматтандырылған режимде ұсынатын мәліметтердің негізінде есепті салықтық кезеңнен кейінгі жылдың 1 наурызынан кешіктірмейтін мерзімде салық есептеуді жүргізеді.
Достарыңызбен бөлісу: |