592-бап. Есептеу мен төлеу тәртiбi
1. Осы тармақта көзделген жағдайларды қоспағанда, төлеушілер төлемақы сомасын белгіленген мөлшерлемелерді және ерекше қорғалатын табиғи аумақта болған күн санын негізге ала отырып, дербес есептейді.
Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың шекараларындағы жер учаскелерінің меншік иесі мен жер пайдаланушы жеке және заңды тұлғалар үшін:
1) өздерінің жұмыскерлерінің саны;
2) осындай ерекше қорғалатын табиғи аумақтағы стационарлық емдеу, демалыс мекемелерінде, спорттық-сауықтыру мекемелерінде болатын жеке тұлғалардың саны төлемақы салу объектісі болып табылады.
2. Төлемақы сомасы ерекше қорғалатын табиғи аумақтың орналасқан жері бойынша бюджетке төленеді.
3. Төлемақы сомасын бюджетке төлеу екінші деңгейдегі банктер немесе банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйымдар арқылы аудару не оны бақылау-өткiзу пункттерiнде не "Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы" Қазақстан Республикасының Заңында айқындалған табиғат қорғау ұйымдары орнататын өзге де арнайы жабдықталған орындарда қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган белгiлеген нысан бойынша қатаң есептiлiк бланкiлерi немесе көрсетілген төлемді растайтын бақылау-кассалық машинаның, терминалдардың чектерi негiзiнде қолма-қол ақша енгiзу жолымен жүргiзiледi.
4. Қолма-қол ақшамен қабылданған төлемақы сомаларын "Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы" Қазақстан Республикасының Заңында айқындалған табиғат қорғау ұйымдары ақша қабылдау жүзеге асырылған күннен бастап келесі операциялық күннен кешіктірмей екінші деңгейдегі банктерге немесе банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйымдарға кейіннен оларды бюджетке есепке жатқызу үшін тапсырады. Егер қолма-қол ақшаның күн сайынғы түсімдері АЕК-тің 10 еселенген мөлшерінен аз болса, ақшаны тапсыру ақша қабылдау жүзеге асырылған күннен бастап операциялық үш күнде бір рет жүзеге асырылады.
5. Жеке тұлғалар төлемақы сомасын қолма-қол ақшамен төлеген кезде қатаң есептілік бланкілерінде жеке тұлғаның жеке сәйкестендіру нөмірінің орнына "Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы" Қазақстан Республикасының Заңында айқындалған табиғат қорғау ұйымдарының сәйкестендіру нөмірі көрсетіледі.
8-параграф. Радиожиілік спектрін пайдаланғаны үшін төлемақы
Достарыңызбен бөлісу: |