612-бап. Азаматтық хал актiлерiн тiркегенi үшiн мемлекеттiк баж мөлшерлемелері
Азаматтық хал актiлерiн тiркегенi үшiн, азаматтарға азаматтық хал актiлерiн тiркеу туралы қайтадан куәлiктер, сондай-ақ азаматтық хал актілерінің жазбаларын өзгертуге, толықтыруға, түзетуге және қалпына келтiруге байланысты куәлiктер бергенi үшiн мемлекеттік баж мынадай мөлшерде алынады:
1) неке қиюды тiркегенi үшiн – 1 АЕК;
2) неке бұзуды тiркегенi үшiн:
кәмелетке толмаған балалары жоқ ерлi-зайыптылардың өзара келiсiмi бойынша – 2 АЕК;
сот шешiмi негiзiнде – 1,5 АЕК (ерлi-зайыптылардың бiреуiнен немесе екеуiнен);
белгіленген тәртiппен хабарсыз кеткен деп немесе жүйке ауруы немесе ақыл-есiнің кемдiгi салдарынан әрекетке қабiлетсiз деп танылған адамдармен не қылмыс жасағаны үшiн үш жылдан астам мерзiмге бас бостандығынан айыруға сотталған адамдармен сот шешiмi негiзiнде – 0,1 АЕК;
3) тегiн, атын немесе әкесiнiң атын өзгертуді тiркегенi үшiн – 2 АЕК;
4) азаматтық хал актiлерiнің жазбаларын өзгертуге, толықтыруға, түзетуге және қалпына келтiруге байланысты куәлiктер бергенi үшiн – 0,5 АЕК;
5) азаматтық хал актiлерiн тiркеу туралы қайтадан куәлiктердi бергенi үшiн – 1 АЕК;
6) шетел азаматтарының ұл бала (қыз бала) асырап алуын тiркегенi үшiн – 2 АЕК;
7) азаматтық хал актілерін тіркеу туралы анықтамалар бергені үшін – 0,3 АЕК;
8) Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдерінен азаматтық хал актілерін тіркеу туралы куәліктерді талап еткені үшін – 0,5 АЕК;
9) Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдерін қоспағанда, шет мемлекеттерден азаматтық хал актілерін тіркеу туралы куәліктерді талап еткені үшін – 1 АЕК.
613-бап. Қазақстан Республикасының визаларын берген, Қазақстан Республикасынан тұрақты тұрғылықты жерге кетуге құжаттарды ресімдеген, шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың Қазақстан Республикасына келуіне шақыруларды ресімдеген және келіскен, Қазақстан Республикасының азаматтығын алған, Қазақстан Республикасының азаматтығын қалпына келтiрген немесе Қазақстан Республикасының азаматтығынан шыққан кездегi мемлекеттiк баж мөлшерлемелері
Қазақстан Республикасының визаларын беруге, Қазақстан Республикасынан тұрақты тұрғылықты жерге кетуге құжаттарды ресімдеуге, шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың Қазақстан Республикасына келуіне шақыруларды ресімдеуге және келісуге, Қазақстан Республикасының азаматтығын алуға, Қазақстан Республикасының азаматтығын қалпына келтiруге немесе Қазақстан Республикасының азаматтығынан шығуға байланысты әрекеттер жасағаны үшiн мемлекеттік баж мынадай мөлшерлерде алынады:
1) Қазақстан Республикасының аумағында шетелдiктер мен азаматтығы жоқ адамдарға мынадай құқыққа визалар бергенi, қалпына келтіргені немесе ұзартқаны үшiн:
Қазақстан Республикасынан кетуге – 0,5 АЕК;
Қазақстан Республикасына келуге және Қазақстан Республикасынан кетуге – 7 АЕК;
көп рет Қазақстан Республикасына келуге және Қазақстан Республикасынан кетуге – 30 АЕК;
2) Қазақстан Республикасының азаматтарына, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға Қазақстан Республикасынан тұрақты тұрғылықты жерге кетуге құжаттарды ресімдегені үшін – 1 АЕК;
3) шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың Қазақстан Республикасына жеке істері бойынша келуіне шақыруларды ресімдегені, Қазақстан Республикасының визаларын беру бойынша қабылдаушы тұлғалардың шақыруларын келіскені үшін – әрбір шақырылушы үшін 0,5 АЕК;
4) Қазақстан Республикасының азаматтығын алу, Қазақстан Республикасының азаматтығын қалпына келтiру, Қазақстан Республикасының азаматтығынан шығу туралы құжаттарды ресiмдегенi үшiн – 1 АЕК.
Достарыңызбен бөлісу: |