608-бап. Мемлекеттік бажды төлеушілер
1. Уәкiлеттi мемлекеттiк органдарға немесе лауазымды адамдарға заңдық мәнi бар әрекеттер жасау жөнiнде өтiнiш жасайтын тұлғалар мемлекеттiк баж төлеушілер болып табылады.
2. Заңды тұлға өз шешімімен өзінің құрылымдық бөлімшесіне мемлекеттік баж сомаларын төлеу жөніндегі міндетті осындай құрылымдық бөлімше мүддесі үшін тиісті уәкілетті органдар заңдық мәні бар әрекеттер жасаған кезде жүктеуге құқылы.
609-бап. Алу объектілері
1. Мемлекеттік баж:
1) сотқа берiлетiн талап қою арыздарынан, ерекше талап қою ісін жүргізу арыздарынан, ерекше іс жүргізу iстері бойынша арыздардан (шағымдардан), сот бұйрығын шығару туралы арыздардан, атқару парағының телнұсқасын беру туралы арыздардан, төреліктің және шетелдік соттардың шешiмдерiн мәжбүрлеп орындатуға арналған атқару парақтарын беру туралы арыздардан, сот актілерінің, атқару парақтарының және өзге де құжаттардың көшiрмелерiн қайтадан беру туралы арыздардан;
2) нотариаттық әрекеттер жасағаны үшiн, сондай-ақ нотариат куәландырған құжаттардың көшiрмелерiн (телнұсқаларын) бергенi үшiн;
3) азаматтық хал актiлерiн тiркегенi үшiн, сондай-ақ азаматтарға азаматтық хал актiлерiн тiркеу туралы анықтамалар мен қайтадан куәлiктер бергені және азаматтық хал актiлерi жазбаларын өзгертуге, толықтыруға, түзетуге және қалпына келтiруге байланысты куәлiктер бергенi үшiн;
4) Қазақстан Республикасынан тұрақты тұрғылықты жерге кетуге құжаттар ресімдегені үшін;
5) шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың Қазақстан Республикасына жеке істері бойынша келуіне шақыруларды ресімдегені, Қазақстан Республикасының визаларын беру бойынша қабылдаушы тұлғалардың шақыруларын қабылдағаны және келіскені үшін;
6) Қазақстан Республикасының аумағында шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға Қазақстан Республикасынан кету және Қазақстан Республикасына келу құқығына визалар бергені, оны қалпына келтіргені немесе ұзартқаны үшін;
7) Қазақстан Республикасының азаматтығын алу, Қазақстан Республикасының азаматтығын қалпына келтiру және Қазақстан Республикасының азаматтығын тоқтату туралы құжаттарды ресiмдегенi үшін;
8) аңшы куәлiгiн (аңшы куәлiгiнің телнұсқасын) бергенi (қайта ресімдегені) үшiн;
9) өсімдіктердің, жануарлардың және бекiре тұқымдас балықтардың сирек кездесетiн және жойылып кету қаупi төнген түрлерiн, сондай-ақ олардың бөлiктерi мен дериваттарын әкелуге және әкетуге рұқсаттар бергенi үшiн;
10) жеке басты куәландыратын құжаттар бергені үшін;
11) азаматтық, қызметтік қару мен оның патрондарын иеленуге, сақтауға немесе сақтау мен алып жүруге, тасымалдауға рұқсаттар бергені үшін;
12) азаматтық, қызметтік қаруды және оның патрондарын Қазақстан Республикасының аумағына әкелуге және Қазақстан Республикасының аумағынан әкетуге қорытындылар бергені үшін;
13) азаматтық, қызметтік қаруды және оның патрондарын комиссиялық сатуға жолдама бергенi үшін;
14) жеке және заңды тұлғалардың азаматтық, қызметтiк қаруының (аңшылық суық қаруды, белгi беретiн қаруды, механикалық шашыратқыштарды, аэрозольдi және көзден жас ағызатын немесе тiтiркендiретiн заттар толтырылған басқа құрылғыларды, үрлемелі энергиясы 7,5 Дж-дан аспайтын және калибрi 4,5 мм-ді қоса алғанға дейiнгi пневматикалық қаруды қоспағанда) әрбiр бiрлiгiн тiркегенi және қайта тiркегенi үшiн;
15) Қазақстан Республикасының Үкiметi уәкiлеттiк берген мемлекеттiк органдардың Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартқа сәйкес Қазақстан Республикасында жасалған ресми құжаттарға апостиль қойғаны үшiн;
16) жүргізуші куәліктерін, тракторшы-машинист куәліктерін, механикалық көлік құралдарын мемлекеттік тіркеу туралы куәліктер бергені үшін;
17) iшкi iстер органдарының тiркеу-емтихан қабылдау бөлiмшелерiнде отыз күннен аспайтын мерзімде сақтауда тұрған автомобильге мемлекеттiк тiркеу нөмiрі белгілерін қоспағанда, мемлекеттiк тiркеу нөмiрi белгілерін (телнұсқаларын) бергені үшін;
18) зияткерлiк меншiк саласындағы уәкiлеттi мемлекеттік органның осы Кодекстiң 614-бабында көзделген заңдық мәнi бар әрекеттер жасағаны үшiн;
19) жүктерді халықаралық автомобильмен тасымалдауды жүзеге асыруға рұқсат беру куәлігін және оның телнұсқасын бергені үшін;
20) теңізшінің жеке куәлігін, Қазақстан Республикасының теңізде жүзу кітапшасын және кәсіби диплом бергені үшін;
21) азаматтық пиротехникалық заттар мен олар қолданылып жасалған бұйымдарды сатып алуға рұқсаттар бергені үшін алынады.
2. Егер осы Кодекстің 610-бабында өзгеше белгiленбесе, мемлекеттiк баж мөлшерлемелері республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және мемлекеттік баж төлеу күніне қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіштің (бұдан әрі осы тараудың мәтіні бойынша – АЕК) еселенген мөлшерiнде немесе талап қою сомасының пайызымен айқындалады.
Достарыңызбен бөлісу: |