77-тарау. ШАҒЫН БИЗНЕС СУБЪЕКТІЛЕРІ ҮШІН АРНАУЛЫ САЛЫҚ РЕЖИМДЕРІ БОЙЫНША ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР
1-параграф. Жалпы ережелер
680-бап.Жалпы ережелер
1. Арнаулы салық режимі шағын бизнес субъектілері үшін:
1) патент негiзiнде арнаулы салық режимiн қолдану кезiнде төлем көзiнен ұстап қалатын салықтарды қоспағанда, жеке табыс салығын;
2) оңайлатылған декларация негiзiнде арнаулы салық режимiн қолдану кезiнде төлем көзiнен ұстап қалатын салықтарды қоспағанда, әлеуметтiк салықты, корпоративтiк немесе жеке табыс салығын;
3) арнаулы салық режимiн тіркелген шегерімді пайдалана отырып қолданған кезде төлем көзiнен ұстап қалатын салықтарды қоспағанда, жеке немесе корпоративтік табыс салығын есептеу мен төлеудің оңайлатылған тәртібін белгілейді.
Осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілмеген, салық және бюджетке төленетін төлемдер бойынша салықтық есептiлiкті есептеу, төлеу және табыс ету жалпы белгіленген тәртіппен жүргізіледі.
2. Шағын бизнес субъектілері үшін арнаулы салық режимiн қолданатын салық төлеуші төлем көзінен салық салынуға жататын кірістерден жеке табыс салығы бойынша осы салықты есептеу, ұстап қалу және оны аудару бойынша салық агентінің міндеттемелерін осы Кодекстің 38-тарауында белгіленген тәртіппен және мерзімдерде орындайды.
Патент негізінде арнаулы салық режимін қолданатын салық төлеуші төлем көзінен салық салынуға жататын кірістерден жеке табыс салығы бойынша салықтық есептілікті осы Кодекстің 38-тарауында белгіленген тәртіппен және мерзімдерде ұсынады.
Достарыңызбен бөлісу: |