683-бап. Арнаулы салық режимiн қолданудың шарттары
1. Осы Кодекстiң мақсаттары үшiн шағын бизнес субъектiлерiне арналған арнаулы салық режимiн қолданатын дара кәсiпкерлер мен Қазақстан Республикасының резидент-заңды тұлғалары шағын бизнес субъектiлерi деп танылады.
2. Шағын бизнес субъектілеріне арналған арнаулы салық режимін мынадай талаптарға сәйкес келетін:
1) арнаулы салық режимi үшiн салықтық кезеңдегі жұмыскерлердiң орташа тізімдік саны:
оңайлатылған декларация негізінде – 30 адамнан;
тіркелген шегерімді пайдаланумен – 50 адамнан аспайтын;
2) арнаулы салық режимі үшін салықтық кезеңдегі кірісі:
патент негізінде – республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және тиісті қаржы жылының 1 қаңтарына қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіштің 3 528 еселенген мөлшерінен;
оңайлатылған декларация негізінде – республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және тиісті қаржы жылының 1 қаңтарына қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіштің 24 038 еселенген мөлшерінен;
тіркелген шегерімді пайдаланумен – республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және тиісті қаржы жылының 1 қаңтарына қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіштің 144 184 еселенген мөлшерінен аспайтын;
3) мынадай қызмет түрлерін:
акцизделетін тауарлар өндiруді;
акцизделетін тауарларды сақтауды және көтерме саудада өткiзуді;
мұнай өнiмдерiнің жекелеген түрлерін – бензинді, дизель отынын және мазутты өткiзуді;
лотереялар өткізуді;
жер қойнауын пайдалануды;
шыны ыдыстарды жинауды және қабылдауды;
түсті және қара металл сынықтары мен қалдықтарын жинауды (дайындауды), сақтауды, қайта өңдеуді және өткiзуді;
консультациялық қызметтер көрсетуді;
бухгалтерлік есеп немесе аудит саласындағы қызметті;
сақтандыру брокері мен сақтандыру агентінің қаржы, сақтандыру қызметін және делдалдық қызметін;
құқық, әділет және сот төрелігі саласындағы қызметті;
қаржы лизингі шеңберіндегі қызметті жүзеге асырмайтын салық төлеушілер қолдануға құқылы.
3. Агенттiк шарттар (келiсiмдер) негiзiнде қызмет көрсететiн дара кәсіпкерлер мен заңды тұлғалар патент немесе оңайлатылған декларация негiзiнде арнаулы салық режимiн қолдануға құқылы емес.
Осы тармақтың мақсаттары үшін агенттік шарттар (келісімдер) деп Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жасасқан азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар (келісімдер) түсініледі, олар бойынша бір тарап (агент) сыйақы үшін екінші тараптың тапсырмасы бойынша өз атынан, бірақ екінші тараптың есебінен не екінші тараптың атынан және есебінен белгілі бір әрекеттер жасауға міндеттенеді.
4. Шағын бизнес субъектілері үшін арнаулы салық режимін қолдануға:
1) құрылымдық бөлімшелері бар заңды тұлғалар;
2) заңды тұлғалардың құрылымдық бөлімшелері;
3) әртүрлi елді мекендерде өзге де оқшауланған құрылымдық бөлiмшелерi және (немесе) салық салу объектiлерi бар салық төлеушiлер құқылы емес.
Арнаулы салық режимдері қолданылатын тұлғаларға салық салу мақсатында салық төлеушінің өзге де оқшауланған құрылымдық бөлімшесі деп оның функцияларының бір бөлігін орындайтын, тұрған жерінде стационарлық жұмыс орындары жабдықталған аумақтық оқшауланған бөлімше танылады. Егер жұмыс орны бір айдан асатын мерзімге құрылса, ол стационарлық болып есептеледі.
Осы тармақшаның ережесі қызметін тек қана мүлікті мүліктік жалдауға (жалға) беру бойынша жүзеге асыратын салық төлеушілерге қолданылмайды;
4) басқа заңды тұлғалардың қатысу үлесі 25 пайыздан асатын заңды тұлғалар;
5) құрылтайшысы немесе қатысушысы бір мезгілде арнаулы салық режимін немесе салық салу ерекшеліктерін қолданатын басқа заңды тұлғаның құрылтайшысы немесе қатысушысы болып табылатын заңды тұлғалар;
6) коммерциялық емес ұйымдар;
7) ойын бизнесi салығын төлеушiлер құқылы емес.
5. Осы баптың мақсаттары үшін дара кәсіпкердің шекті кірісі:
1) осы Кодекстің 681-бабына сәйкес айқындалатын салық салу объектісінен;
2) дара кәсіпкердің негізгі құралдары болып табылатын мүлікті өткізумен және жарғылық капиталға берумен байланысты туындайтын, осы Кодекстің 330-бабында көрсетілген құн өсімі түріндегі кірістерден;
3) осы Кодекстің 366-бабына сәйкес айқындалатын кірістен тұрады.
6. Осы баптың мақсаттары үшін заңды тұлғаның шекті кірісі:
1) осы Кодекстің 681-бабына сәйкес айқындалатын салық салу объектісінен;
2) осы Кодекстің 241-бабында көзделген түзетулер ескеріле отырып, осы Кодекстiң 7-бөліміне сәйкес айқындалатын жылдық жиынтық кірістен тұрады.
7. Осы бапқа сәйкес шағын бизнес субъектісі болып табылатын дара кәсіпкер шағын бизнес субъектілеріне арналған арнаулы салық режимін қолданған кезде салықтық есепке алуды осы бөлімде көзделген оңайлатылған тәртіппен жүргізуге құқылы.
Ескерту. 683-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 26.12.2018 № 203-VI Заңымен (01.01.2019 бастап қолданысқа енгізіледі).
Достарыңызбен бөлісу: |