200-бап. Жер қойнауын пайдаланушылардың бірлескен қызметті жүзеге асыру ерекшеліктері
1. Егер жер қойнауын пайдалануға арналған бір келісімшарт бойынша жер қойнауын пайдалану құқығы жай серiктестiк (консорциум) құрамындағы бірнеше жеке және (немесе) заңды тұлғаға тиесiлi болса, жай серiктестiкке (консорциумға) әрбір қатысушы Қазақстан Республикасының салық заңнамасында белгіленген салықтар және бюджетке төленетін төлемдер бойынша салық төлеуші болады.
2. Егер жер қойнауын пайдалануға арналған бір келісімшарт бойынша жер қойнауын пайдалану құқығы жай серiктестiк (консорциум) құрамындағы бірнеше жеке және (немесе) заңды тұлғаға тиесiлi болса, онда жер қойнауын пайдалануға арналған мұндай келісімшарт бойынша жүзеге асырылатын қызмет бойынша жай серiктестiкке (консорциумға) қатысушылар осындай қызмет бойынша жиынтық салықтық есепке алуды жүргізуге жауапты жай серiктестiкке (консорциумға) қатысушылардың уәкілетті өкілін айқындауға міндетті.
Жай серiктестiкке (консорциумға) қатысушылардың уәкілетті өкілі осы Кодекстің талаптарына сәйкес жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт бойынша жүзеге асырылатын қызмет бойынша жиынтық салықтық есепке алуды жүргізуге міндетті.
Өнімді бөлу туралы келісім (келісімшарт) шеңберінде жер қойнауын пайдалану жөніндегі операциялар жүзеге асырылған жағдайда, осындай уәкілетті өкіл ретінде оператор әрекет етеді.
Жай серiктестiкке (консорциумға) қатысушылардың уәкілетті өкілінің, оның ішінде оператордың өкілеттіктері осы Кодекстің 16 немесе 17-баптарының талаптарына сәйкес расталуға тиіс.
3. Жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт бойынша салықтық міндеттемелерді орындауды осы Кодексте айқындалған тәртіппен жай серiктестiкке (консорциумға) қатысушы (қатысушылар) және (немесе) осындай қызмет бойынша жиынтық салықтық есепке алуды жүргізуге жауапты жай серiктестiкке (консорциумға) қатысушылардың уәкілетті өкілі жиынтық салықтық есепке алу деректерінің негізінде жүргізеді. Бұл ретте осы Кодекстің 722-бабы 3-тармағының 2) тармақшасында көзделген жағдайларды қоспағанда, салықтық есептілік нысандарын ұсыну жөніндегі салықтық міндеттемелерді орындауды жай серiктестiкке (консорциумға) қатысушылар өзі дербес жүзеге асырады.
24-тарау. "БУХГАЛТЕРЛІК ЕСЕП ПЕН ҚАРЖЫЛЫҚ ЕСЕПТІЛІК ТУРАЛЫ" ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ЗАҢЫНА СӘЙКЕС БУХГАЛТЕРЛІК ЕСЕПКЕ АЛУДЫ ЖҮРГІЗУДІ ЖӘНЕ ҚАРЖЫЛЫҚ ЕСЕПТІЛІК ЖАСАУДЫ ЖҮЗЕГЕ АСЫРМАЙТЫН ДАРА КӘСІПКЕРЛЕРДІҢ САЛЫҚТЫҚ ЕСЕПКЕ АЛУДЫ ЖҮРГІЗУ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ
Достарыңызбен бөлісу: |