САЛЫҚ ЖӘНЕ БЮДЖЕТКЕ ТӨЛЕНЕТІН БАСҚА ДА МІНДЕТТІ ТӨЛЕМДЕР ТУРАЛЫ (САЛЫҚ КОДЕКСІ)
Қазақстан Республикасының Кодексі 2017 жылғы 25 желтоқсандағы № 120-VІ ҚРЗ.
МАЗМҰНЫ
Осы Кодекс салық салудың негіз құраушы қағидаттарын белгілейді, салықтарды және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді белгілеу, енгізу, өзгерту, олардың күшін жою, есептеу мен төлеу тәртібі жөніндегі билік қатынастарын, сондай-ақ салықтық міндеттемені орындауға байланысты қатынастарды реттейді.
1. ЖАЛПЫ БӨЛІК
1-БӨЛІМ. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР
1-тарау. НЕГІЗГІ ЕРЕЖЕЛЕР
1-бап. Осы Кодексте пайдаланылатын негізгі ұғымдар
1. Салық салу мақсаттары үшін осы Кодексте пайдаланылатын негізгі ұғымдар:
1) ақпаратты өңдеу бойынша көрсетілетін қызметтер – ақпаратты жинау мен қорытуды, ақпараттық массивтерді (деректерді) жүйеге келтіруді жүзеге асыру және осы ақпаратты өңдеу нәтижелерін пайдаланушының билік етуіне беру бойынша көрсетілетін қызметтер;
2) арнаулы салық режимі – салықтардың және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің жекелеген түрлерін есептеу мен төлеудің, сондай-ақ салық төлеушілердің жекелеген санаттары үшін олар бойынша салықтық есептілікті ұсынудың ерекше тәртібі;
РҚАО-ның ескертпесі!
3) тармақшаның осы редакциясы 01.01.2020 дейін қолданыста болады - ҚР 25.12.2017 № 121-VI Заңымен (тоқтатылған редакциясын ҚР 25.12.2017 Салық кодексінің 25.12.2017 датадағы архивтік нұсқасынан қараңыз).
3) әлеуметтік төлемдер – Қазақстан Республикасының зейнетақымен қамсыздандыру туралы заңнамасына сәйкес төленетін міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары, "Міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес төленетін әлеуметтік аударымдар, "Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес төленетін міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға аударымдар;
4) бағалы қағаздар – акциялар, борыштық бағалы қағаздар, депозитарлық қолхаттар, пайлық инвестициялық қорлардың пайлары, исламдық бағалы қағаздар;
5) бересі – Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалған тәртіппен шағым жасалу кезеңінде шағым жасалатын бөлігінде тексеру нәтижелері туралы хабарламада көрсетілген сомаларды қоспағанда, салықтардың және бюджетке төленетін төлемдердің, оның ішінде олар бойынша аванстық және (немесе) ағымдағы төлемдердің есептелген, есепке жазылған және мерзімінде төленбеген сомалары;
6) борыштық бағалы қағаздар – мемлекеттік эмиссиялық бағалы қағаздар, облигациялар және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес борыштық бағалы қағаздар деп танылған басқа да бағалы қағаздар;
7) борыштық бағалы қағаздар бойынша дисконт (бұдан әрі – дисконт) – борыштық бағалы қағаздардың номиналдық құны мен бастапқы орналастырылу (купон есепке алынбаған) құны немесе сатып алыну (купон есепке алынбаған) құны арасындағы айырма;
8) борыштық бағалы қағаздар бойынша купон (бұдан әрі – купон) – шығарылым шарттарына сәйкес эмитент борыштық бағалы қағаздардың номиналдық құнының үстінен төлейтін (төленуге жататын) сома;
9) борыштық бағалы қағаздар бойынша сыйлықақы – шығарылым шарттары бойынша купон төлеу көзделетін борыштық бағалы қағаздардың бастапқы орналастырылу (купон есепке алынбаған) құны немесе сатып алыну (купон есепке алынбаған) құны мен номиналдық құны арасындағы айырма;
10) бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер (бұдан әрі – бюджетке төленетін төлемдер) – осы Кодексте белгіленген мөлшерлерде және жағдайларда жүргізілетін кедендік төлемдерді қоспағанда, бюджетке төлемақылар, алымдар, баждар түріндегі міндетті ақша аударымдары;
11) валюта айырбастаудың нарықтық бағамы – Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі бухгалтерлік есепке алу және қаржылық есептілік саласындағы қызметті реттеуді жүзеге асыратын уәкілетті мемлекеттік органмен бірлесіп айқындаған тәртіппен айқындалған, теңгенің шетел валютасына бағамы;
12) веб-қосымша – салық төлеушінің электрондық салықтық көрсетілетін қызметтерді алуына және оның салықтық міндеттемелерді орындауына арналған, уәкілетті органның дербестендірілген және санкцияланбаған қолжетімділіктен қорғалған интернет-ресурсы;
13) грант – белгілі бір мақсаттарға (міндеттерге) қол жеткізу үшін өтеусіз негізде:
мемлекеттер, мемлекеттердің үкіметтері – Қазақстан Республикасына, Қазақстан Республикасының Үкіметіне, жеке, сондай-ақ заңды тұлғаларға;
қызметі қайырымдылық және (немесе) халықаралық сипатқа ие және Қазақстан Республикасының Конституциясына қайшы келмейтін, мемлекеттік органдардың қорытындылары бойынша Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейтін тізбеге енгізілген халықаралық және мемлекеттік ұйымдар, шетелдік және қазақстандық үкіметтік емес қоғамдық ұйымдар мен қорлар – Қазақстан Республикасына, Қазақстан Республикасының Үкіметіне, жеке, сондай-ақ заңды тұлғаларға;
шетелдіктер және азаматтығы жоқ адамдар – Қазақстан Республикасына және Қазақстан Республикасының Үкіметіне беретін мүлік;
14) гуманитарлық көмек – халықтың өмірі мен тұрмыс жағдайларын жақсарту, сондай-ақ соғыс, экологиялық, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою үшін шет елдерден және халықаралық ұйымдардан жіберілген азық-түлік, халық тұтынатын тауарлар, техника, құрал-жарақтар, жабдықтар, дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар, өзге де мүлік түрінде Қазақстан Республикасына өтеусіз берілетін, Қазақстан Республикасының Үкіметі уәкілетті ұйымдар арқылы бөлетін мүлік;
15) демеушілік көмек – осы көмекті көрсететін тұлға туралы ақпаратты тарату мақсатында өтеусіз негізде:
жарыстарға, конкурстарға, көрмелерге, байқауларға қатысу және шығармашылық, ғылыми, ғылыми-техникалық, өнертапқыштық қызметті дамыту, білім мен спорт шеберлігі деңгейін арттыру үшін жеке тұлғаларға қаржылық (әлеуметтіктен басқа) қолдау түрінде;
өздерінің жарғылық мақсаттарын іске асыру үшін коммерциялық емес ұйымдарға берілетін мүлік;
16) дивидендтер – бұл:
акциялар бойынша, оның ішінде депозитарлық қолхаттардың базалық активтері болып табылатын акциялар бойынша төленуге жататын таза кіріс немесе оның бір бөлігі түріндегі кіріс;
қордың басқарушы компаниясы пайларды сатып алған кезде олар бойынша кірісті қоспағанда, пайлық инвестициялық қордың пайлары бойынша төленуге жататын кіріс;
заңды тұлға өз құрылтайшылары, қатысушылары арасында бөлетін таза кіріс немесе оның бір бөлігі түріндегі кіріс;
заңды тұлғаны тарату немесе жарғылық капиталды азайту кезiнде, сондай-ақ заңды тұлғаның құрылтайшыдан, қатысушыдан осы заңды тұлғадағы қатысу үлесін немесе оның бір бөлігін сатып алуы, эмитент-заңды тұлғаның акционерден осы эмитент шығарған акцияларды сатып алуы кезінде мүлікті бөлуден түсетін кіріс;
исламдық қатысу сертификаттары бойынша төленуге жататын кіріс;
акционер, қатысушы, құрылтайшы немесе олардың өзара байланысты тарапы заңды тұлғадан:
тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің нарықтық бағасы мен осындай тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің акционерге, қатысушыға, құрылтайшыға немесе олардың өзара байланысты тарапына өткізілген бағасы арасындағы оң айырма;
тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің нарықтық бағасы мен осындай тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің акционерден, қатысушыдан, құрылтайшыдан немесе олардың өзара байланысты тарапынан сатып алынған бағасы арасындағы теріс айырма;
заңды тұлғаның кәсіпкерлік қызметіне байланысты емес, оның акционерінде, қатысушысында, құрылтайшысында немесе олардың өзара байланысты тарапында үшінші тұлға алдында туындайтын шығыстардың немесе міндеттемелердің заңды тұлғаға акционері, құрылтайшысы, қатысушысы немесе олардың өзара байланысты тарапы өтемей, заңды тұлға өтейтін құны;
осы Кодекстің 322 – 324-баптарында көрсетілген кірістерді және тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді өткізуден түсетін кірістерді қоспағанда, заңды тұлға өзінің акционеріне, қатысушысына, құрылтайшысына немесе олардың өзара байланысты тарапына беретін кез келген мүлік пен материалдық пайда түрінде алатын кіріс.
Осы тармақшада көрсетілген мүлікті бөлуден түсетін кіріс мынадай тәртіппен айқындалады:
К = Қа – Қк,
мұнда:
К – мүлікті бөлуден түсетін кіріс;
Қа – мүлікті бөлу кезінде акционер, қатысушы, құрылтайшы алатын (алған), оның ішінде бұрын енгізілгеннің орнына алатын (алған) мүліктің қайта бағалау мен құнсыздануын есепке алмағанда, беретін тұлғаның бухгалтерлік есебінде көрсетілуге жататын (көрсетілген) беру күнгі баланстық құны;
Қк:
төленген жарғылық капиталдың мүлікті бөлу жүзеге асырылатын акциялар санына тиесілі мөлшері;
төленген жарғылық капиталдың мүлікті бөлу жүзеге асырылатын қатысу үлесіне тиесілі, бірақ оны сатып алу және (немесе) пайдасына мүлікті бөлу жүзеге асырылатын қатысушы жүргізген жарғылық капиталға жарналар төлеуге жұмсалатын шығындардың сомасынан аспайтын мөлшері.
Осы тармақшада көрсетілген оң немесе теріс айырма салық салу объектілерін түзету кезінде айқындалады. Бұл ретте салық салу объектілерін түзету Қазақстан Республикасының трансферттік баға белгілеу туралы заңнамасында белгіленген жағдайларда және тәртіппен жүргізіледі. Осы тармақшаның мақсаттары үшін өзара байланысты тараптар осы баптың 2-тармағына сәйкес айқындалады;
17) дизайнерлік көрсетілетін қызметтер – көркемдік нысандарды, бұйымдардың сыртқы түрлерін, ғимараттардың қасбеттерін, үй-жайлардың интерьерлерін жобалау бойынша көрсетілетін қызметтер; көркемдік конструкциялау;
18) жалпыға бірдей белгіленген салық салу тәртібі – осы Кодекстің 20-бөлімінде белгіленген, тәртіпті қоспағанда, осы Кодекстің Ерекше бөлігінде белгіленген салықтарды және бюжетке төленетін төлемдерді есептеу, төлеу, олар бойынша салықтық есептілікті ұсыну тәртібі;
19) жеке практикамен айналысатын адам – жекеше нотариус, жеке сот орындаушысы, адвокат, кәсіпқой медиатор;
20) жеке тұлғаны әлеуметтік қолдау – салық агентінің Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес әлеуметтік қолдауға құқығы бар жеке тұлғаға республикалық бюджет туралы заңда белгiленген және тиiстi қаржы жылының басына қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіштің 647 еселенген мөлшері шегiнде мүлікті бiр жыл өтеусіз беруі.
Осы тармақшада көзделген тұлғалар санаттарының тізбесін уәкілетті органмен келісу бойынша мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган бекітеді;
21) жеке тұлғаның жеке мүлкі – жеке тұлғаның меншік құқығындағы немесе ортақ меншіктегі оның үлесі болып табылатын, бір мезгілде мынадай шарттар орындалған кезде:
жеке тұлға кәсіпкерлік қызмет мақсатында пайдаланбайтын;
жеке тұлғаның өз бетінше салық салуына жататын кірістерден жеке табыс салығын салу объектісі болып табылмайтын материалдық нысандағы заттары;
22) жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт – Қазақстан Республикасының жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы заңнамасында белгіленген құзыретке сәйкес құзыретті орган немесе жер қойнауын зерттеу мен пайдалану жөніндегі уәкілетті орган немесе облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органы мен жеке және (немесе) заңды тұлға арасындағы пайдалы қазбаларды барлауды, өндіруді, бірлескен барлау мен өндіруді жүргізуге не барлаумен және (немесе) өндірумен байланысты емес жерасты құрылысжайларын салуға және (немесе) пайдалануға арналған не жер қойнауын мемлекеттік геологиялық зерттеуге арналған шарт.
Осы Кодекстің мақсаттары үшін жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшартқа Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жер қойнауын пайдалануға арналған лицензиялар мен жер қойнауын пайдалану және (немесе) су пайдалану құқығын берудің басқа түрлері де жатады.
Бұл ретте осы Кодексте пайдаланылатын "барлауға арналған келісімшарт", "өндіруге арналған келісімшарт", "бірлескен барлау мен өндіруге арналған келісімшарт" және "барлауға немесе өндіруге арналған лицензия" деген терминдер "жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт" деген ұғымға сәйкес келеді, "барлау мен өндіруге арналған келісімшарт" деген термин "бірлескен барлау мен өндіруге арналған келісімшарт" деген ұғымға сәйкес келеді;
23) жер қойнауын пайдалану жөніндегі операциялар – жер қойнауын геологиялық зерттеуге, пайдалы қазбаларды барлауға және (немесе) өндіруге қатысты, оның ішінде жерасты суларын, емдік балшықтарды барлауға және өндіруге, жер қойнауын ағынды суларды ағызу үшін барлауға байланысты, сондай-ақ барлауға және (немесе) өндіруге байланысты емес жерасты құрылысжайларын салу және (немесе) пайдалану жөніндегі жұмыстар;
24) жер қойнауын пайдаланушылар – Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес Қазақстан Республикасының аумағында, мұнай операцияларын қоса алғанда, жер қойнауын пайдалану және (немесе) су пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу құқығына ие жеке немесе заңды тұлғалар;
25) жұмыскер:
жұмыс берушімен еңбек қатынастарында тұратын және еңбек шарты (келісімшарт) бойынша жұмысты тікелей орындайтын жеке тұлға;
мемлекеттік қызметші;
мемлекеттік қызметшілерді қоспағанда, директорлар кеңесінің немесе жоғары басқару органы болып табылмайтын салық төлеушінің өзге де басқару органының мүшесі;
осы Кодекстің 220-бабы 7-тармағының ережелеріне сәйкес қызметі тұрақты мекеме құрмайтын бейрезиденттің резидентке немесе Қазақстан Республикасында қызметін тұрақты мекеме арқылы жүзеге асыратын өзге бейрезидентке персоналды беруіне арналған келісімшарт бойынша жұмыс істеу үшін ұсынылған шетелдік немесе азаматтығы жоқ адам;
26) заңды тұлғаның құрылымдық бөлімшесі – филиал, өкілдік;
27) инвестициялық алтын – мынадай шарттарға сәйкес келетін алтын:
алтын монеталар үшін:
мұндай алтын монеталардың нумизматикалық құндылығы болмайды;
алтын монеталардың тазалығы жалпы массасының 1000 үлесінің 900 мыңдық үлесіне тең немесе одан асады (бұл 900-сынамаға, 900 промиллеге, 90,0 пайызға немесе 21,6 каратқа сәйкес келеді).
Бұл ретте алтын монета мынадай шарттардың біріне сәйкес болған кезде:
1800 жылға дейін соғылған;
"пруф" (proof) сапасымен бетінің айнадай болып шығуын қамтамасыз ететін технология бойынша соғылған;
шығарылымының таралымы 1 000 данадан аспаған;
оның нарықтық бағасы монета құрамындағы алтын құнының 80 пайызынан асқан жағдайда, оның нумизматикалық құндылығы бар деп танылады.
Монетаның құрамындағы алтынның құны алтын монетаны өткізу күні Лондон бағалы металдар нарығы қауымдастығы белгілеген алтынның таңертеңгі фиксингін (баға белгіленімін) көрсетілген күннің алдындағы соңғы жұмыс күні айқындалған валюта айырбастаудың нарықтық бағамына көбейту арқылы айқындалады.
Қалған алтын үшін:
мұндай алтын аффинирленген болып табылады (мұндай алтынның тазалығы лигатуралық массаның 1 000 үлесінің 995 мыңдық үлесіне тең немесе одан асады (бұл 995-сынамаға, 995 промиллеге, 99,5 пайызға немесе 23,88 каратқа сәйкес келеді);
мұндай алтын ұлттық немесе халықаралық стандартқа сәйкес келеді, өлшеуіш немесе стандартты құйма және (немесе) тілім түрінде дайындалып, мынадай таңбалау салынады:
стандартты құйма және (немесе) тілім үшін:
сериялық нөмірі (дайындалған жылы қамтылуы мүмкін);
дайындаушының тауар белгісі;
алтынның тазалығы (массалық үлесі);
егер сериялық нөмірге енгізілмеген болса, дайындалған жылы;
өлшеуіш құйма үшін:
металдың атауы;
дайындаушының тауар белгісі;
алтынның тазалығы (массалық үлесі);
құйманың массасы;
28) инжинирингтік көрсетілетін қызметтер – инженерлік-консультациялық көрсетілетін қызметтер, зерттеу, жобалау-конструкторлық, есептеу-талдау сипатындағы жұмыстар, жобалардың техникалық-экономикалық негіздемелерін дайындау, өндірісті ұйымдастыру және басқару, өнімдерді өткізу саласында ұсынымдар әзірлеу;
29) интернет-алаң – тауарлармен электрондық сауданы ұйымдастыру бойынша делдалдық қызметтер көрсететін, Интернетте орналастырылған ақпараттық жүйе;
30) интернет-дүкен – тауарларды өз интернет-ресурсында өткізуге арналған, Интернетте орналастырылған ақпараттық жүйе;
31) исламдық бағалы қағаздар – исламдық жалдау сертификаттары мен исламдық қатысу сертификаттары;
32) кәсіпқой медиатор – "Медиация туралы" Қазақстан Республикасы Заңының талаптарына сәйкес қызметін кәсіби негізде жүзеге асыратын медиатор;
33) кезең үшін валюта айырбастаудың орташа арифметикалық нарықтық бағамы – мынадай формула бойынша айқындалған бағам:
R = (R1+ R2+ … + Rn)/n,
мұнда:
R – кезең үшін валюта айырбастаудың орташа арифметикалық нарықтық бағамы;
R1, R2…, Rn – кезең ішінде кезеңнің әрбір күні алдындағы соңғы жұмыс күні айқындалған, тиісті валютаны айырбастаудың күн сайынғы нарықтық бағамы;
n – кезеңдегі күнтізбелік күндердің саны;
34) келісімшарттан тыс қызмет – жер қойнауын пайдаланушының жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттың ережелерінде тікелей көзделмеген кез келген өзге қызметі;
35) келісімшарттық қызмет – жер қойнауын пайдаланушының жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттың ережелеріне сәйкес жүзеге асырылатын қызметі;
36) консультациялық көрсетілетін қызметтер – басқарушылық, экономикалық, қаржылық, инвестициялық мәселелерді, оның ішінде стратегиялық жоспарлау, кәсіпкерлік қызметті ұйымдастыру мен жүзеге асыру, персоналды басқару мәселелерін шешу мақсатында тұлғаның проблемаларын және (немесе) мүмкіндіктерін айқындауды және (немесе) бағалауды қоса алғанда, түсіндірмелер, ұсынымдар, кеңестер және өзге де нысандағы консультациялар беру бойынша көрсетілетін қызметтер;
37) көмірсутектерді дайындау – көмірсутектерді дайындайтын технологиялық процестердің кешені, оның ішінде жинау, дайындауға жеткізу, ұңғыма сұйықтығының өлшегіш қондырғыларға түсуі, газсыздандыру, сусыздандыру, тұзсыздандыру, тұрақтандыру, демеркаптанизациялау;
38) қайырымдылық көмек – өтеусіз негізде:
демеушілік көмек түрінде;
жеке тұлғаны әлеуметтік қолдау түрінде;
коммерциялық емес ұйымға оның жарғылық қызметін қолдау мақсатында;
әлеуметтік салада қызметін жүзеге асыратын ұйымға, осы ұйымның осы Кодекстің 290-бабының 2-тармағында көрсетілген қызмет түрлерін жүзеге асыруы мақсатында;
осы Кодекстің 290-бабының 3-тармағында көрсетілген шарттарға сай келетін, әлеуметтік салада қызметін жүзеге асыратын ұйымға берілетін мүлік;
39) қатысу үлесі – акционерлік қоғамдар мен пайлық инвестициялық қорларды қоспағанда, жеке және (немесе) заңды тұлғаның бірлескен қызметке, заңды тұлғаның жарғылық капиталына үлестік қатысуы;
40) құпиялылық туралы келісім – геологиялық ақпаратты пайдалануға беруге негіз болған, жер қойнауын пайдаланушы мен жер қойнауын зерттеу мен пайдалану жөніндегі уәкілетті орган арасындағы шарт (келісім). Мұндай шартқа (келісімге), оның ішінде ақпаратты иемденіп алу туралы шарт (келісім) жатады;
41) қыздырылатын темекісі бар бұйымдар – темекінің жану процесінсіз электрондық немесе өзге де тәсілмен темекіні қыздыру нәтижесінде түзілген аэрозольді ішке тартуға арналған темекісі бар бұйымдар;
42) маркетингтік көрсетілетін қызметтер – тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің сипаттамасын, баға стратегиясын және жарнама стратегиясын әзірлеуді қоса алғанда, тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің өндірісі мен айналысына үздік экономикалық жағдайлар жасау жөніндегі шараларды айқындау мақсатында тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің өндірісі мен айналысы саласындағы зерттеуге, талдауға, жоспарлауға және болжамдауға байланысты көрсетілетін қызметтер;
43) мемлекет атынан алушы – Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған, Қазақстан Республикасының салық заңнамасында және (немесе) осы Кодекстің 722-бабында көзделген өнімді бөлу туралы келісімдерде (келісімшарттарда), Қазақстан Республикасының Президенті бекіткен жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшартта көзделген салықтық міндеттемені орындау есебіне жер қойнауын пайдаланушы заттай нысанда беретін пайдалы қазбаларды алушы ретінде мемлекет атынан әрекет ететін заңды тұлға;
44) мемлекеттік кіріс органы – өз құзыреті шегінде салықтардың және бюджетке төленетін төлемдердің түсуін қамтамасыз етуді, Қазақстан Республикасында кедендік реттеуді, Қазақстан Республикасының заңнамасында осы органның қарауына жатқызылған әкімшілік құқық бұзушылықтардың алдын алу, анықтау, жолын кесу және ашу жөніндегі өкілеттіктерді жүзеге асыратын, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де өкілеттіктерді орындайтын мемлекеттік орган;
45) минералды шикізат – жер қойнауының жер үстіне шығарылған, құрамында пайдалы қазба (пайдалы қазбалар) бар бір бөлігі (тау-кен жынысы, кен шикізаты және басқалар);
46) минералды шикізатты бастапқы өңдеу (байыту) – тау-кен өнеркәсібі қызметінің түрі, ол өндірілген жерінде жинауды, бөлшектеуді немесе ұсақтауды, жіктеуді (сұрыптауды), брикеттеуді, агломерациялауды және физикалық-химиялық әдістермен байытуды (пайдалы қазбалардың минералды нысандарын, олардың агрегаттық-фазалық жай-күйін, кристалдық-химиялық құрылымын сапалық жағынан өзгертпестен) қамтиды, сондай-ақ пайдалы қазбаларды өндіру жөніндегі жұмыстардың арнайы түрлері (жерастын газдандыру және балқыту, химиялық және бактериялық сілтісіздендіру, ұсақ тау-кен жынысы бар кен орындарын түйіршіктеу және гидравликалық жолмен игеру) болып табылатын өңдеу технологияларын қамтуы мүмкін;
47) мұнай операциялары – көмісутектерді барлау, өндіру, қажетті технологиялық және өндірістік объектілерді салу және (немесе) пайдалану жөніндегі жұмыстар;
48) оператор – өнімді бөлу туралы келісім (келісімшарт) шеңберінде жай серіктестік (консорциум) құрамында жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүзеге асыратын жер қойнауын пайдаланушылар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес құратын немесе айқындайтын заңды тұлға;
49) өндіру – пайдалы қазбаларды жер қойнауынан жер бетіне, оның ішінде жерасты суларын ала отырып шығарумен, сондай-ақ техногендік минералды түзілімдерден алумен байланысты жұмыстардың (операциялардың) бүкіл кешені;
50) өткізу – сату, айырбастау, өтеусіз беру мақсатында тауарларды не өзге де мүлікті тиеп жіберу және (немесе) беру, жұмыстарды орындау, қызметтер көрсету, лизинг шарты бойынша мүлікті беру, сондай-ақ борышкер кепілмен қамтамасыз етілген міндеттемені орындамаған кезде, кепілге салынған тауарларды кепіл ұстаушыға беру;
51) пайдалы қазбалар – химиялық құрамы мен физикалық қасиеттері оларды материалдық өндіру және (немесе) тұтыну саласында және (немесе) өзге де мұқтаждарға тікелей немесе өңдеуден кейін пайдалануға мүмкіндік беретін жер қойнауындағы табиғи минералды түзілімдер, көмірсутектер және жерасты сулары, сондай-ақ құрамында пайдалы құрамдастар бар табиғи минералды түзілімдер мен органикалық заттар;
52) роялти – мыналар:
пайдалы қазбаларды өндіру және техногендік түзілімдерді қайта өңдеу процесінде жер қойнауын пайдалану құқығы үшін;
зияткерлік меншік объектісіне мүліктік (айрықша) құқықтарды толығымен немесе ішінара іске асыруды қоспағанда, авторлық құқықтарды, оның ішінде бағдарламалық қамтылымды, сызбаны немесе модельді пайдаланғаны немесе пайдалану құқығы үшін; патенттерді, тауар белгілерін немесе басқа да осыған ұқсас құқық түрлерін пайдаланғаны немесе пайдалану құқығы үшін;
өнеркәсіп жабдықтарын, оның ішінде бербоут-чартер немесе димайз-чартер шарттары бойынша жалға алынатын теңіз кемелерін және димайз-чартер шарттары бойынша жалға алынатын әуе кемелерін, сондай-ақ сауда немесе ғылыми-зерттеу жабдықтарын пайдаланғаны немесе пайдалану құқығы үшін; "ноу-хауды" пайдаланғаны үшін; кинофильмдерді, бейнефильмдерді, дыбыс жазуды немесе өзге де жазу құралдарын пайдаланғаны немесе пайдалану құқығы үшін төленетін төлем;
53) салық агенті – осы Кодекске сәйкес төлем көзінен ұсталатын салықтарды есептеу, ұстап қалу және аудару жөніндегі міндет жүктелген дара кәсіпкер, жеке практикамен айналысатын адам, заңды тұлға, оның ішінде оның құрылымдық бөлімшелері, сондай-ақ бейрезидент-заңды тұлға;
54) салық режимі – осы Кодексте белгіленген салықтарды және бюджетке төленетін төлемдерді төлеу жөніндегі барлық салықтық міндеттемені есептеу кезінде салық төлеуші қолданатын Қазақстан Республикасының салық заңнамасы нормаларының жиынтығы;
55) салықтар – осы Кодексте көзделген жағдайларды қоспағанда, мемлекет біржақты тәртіппен заң жүзінде белгілеген, белгілі бір мөлшерде жүргізілетін, қайтарымсыз және өтеусіз сипатта болатын, бюджетке төленетін міндетті ақшалай төлемдер;
56) салықтар бойынша аудит қорытындысы – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес салықтар бойынша аудиттің нәтижелері бойынша жасалған қорытынды;
57) салық төлеуші – салықтарды және бюджетке төленетін төлемдерді төлеуші болып табылатын тұлға және (немесе) заңды тұлғаның құрылымдық бөлімшесі;
58) салық төлеушінің (салық агентінің) жеке шоты – салықтардың және бюджетке төленетін төлемдердің, әлеуметтік төлемдердің есептелген, есепке жазылған (азайтылған), аударылған және төленген (есепке жатқызылғандары және қайтарылғандары ескерілген) сомаларын, сондай-ақ өсімпұл мен айыппұлдардың сомаларын есепке алуға арналған құжат, оның ішінде электрондық нысандағы құжат;
59) салық төлеушінің электрондық құжаты – белгіленген электрондық форматта берілген, қабылданғаннан және теңтүпнұсқалылығы расталғаннан кейін салық төлеушінің электрондық цифрлық қолтаңбасымен куәландырылған электрондық құжат;
РҚАО-ның ескертпесі!
60) тармақшаның осы редакциясы 01.01.2020 дейін қолданыста болады - ҚР 25.12.2017 № 121-VI Заңымен (тоқтатылған редакциясын ҚР 25.12.2017 Салық кодексінің 25.12.2017 датадағы архивтік нұсқасынан қараңыз).
60) салық төлеушінің электрондық цифрлық қолтаңбасы –электрондық цифрлық қолтаңба құралдарымен жасалған және электрондық құжаттың анықтығын, оның салық төлеушіге тиесілігін және мазмұнының өзгермейтінін растайтын электрондық цифрлық символдардың реттілігі;
61) салықтық берешек – бересі сомасы, сондай-ақ өсімпұл мен айыппұлдардың төленбеген сомалары. Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалған тәртіппен шағым жасалу кезеңінде шағым жасалатын бөлігінде тексеру нәтижелері туралы хабарламада көрсетілген өсімпұл сомасы, сондай-ақ әкімшілік жаза қолдану туралы қаулыда көрсетілген айыппұлдар сомасы салықтық берешекке қосылмайды;
62) сыйақы – мыналарға:
кредиттің (қарыздың, микрокредиттің) алынған (берілген) сомасын, екінші деңгейдегі банктердің ақша аударғаны үшін комиссияларды және қарыз алушы үшін қарыз беруші, өзара байланысты тарап болып табылмайтын тұлғаға төленетін өзге де төлемдерді қоспағанда, кредитпен (қарызбен, микрокредитпен) байланысты;
кредиттің (қарыздың, микрокредиттің) алынған (берілген) сомасын, ақша аударғаны үшін комиссияларды және қарыз алушы үшін қарыз беруші, өзара байланысты тарап болып табылмайтын тұлғаға төленетін өзге де төлемдерді қоспағанда, талап ету құқығы "Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы" және "Микроқаржы ұйымдары туралы" Қазақстан Республикасының заңдарында көрсетілген заңды тұлғаға берілген кредитпен (қарызбен, микрокредитпен) байланысты;
мыналарды:
мұндай мүлік алынған (берілген) құнды;
қаржы лизингі шартының талаптарына сәйкес коэффициентті (индексті) қолдану кезінде лизингтік төлемдер мөлшерінің өзгеруіне байланысты төлемдерді;
лизинг алушы үшін лизинг беруші, өзара байланысты тарап болып табылмайтын тұлғаға төленетін төлемдерді қоспағанда, қаржы лизингі шарты бойынша мүлікті беруге байланысты, оның ішінде өзара байланысты тарапқа осындай төлеу шартымен байланысты;
салым (депозит) сомасын, сондай-ақ салымды (депозитті) қабылдап алған тарап үшін салымшы (депозитор), өзара байланысты тарап болып табылмайтын тұлғаға төленетін төлемдерді қоспағанда, салымдар (депозиттер) бойынша;
сақтандыру сомасының мөлшерін, сақтанушы үшін сақтандырушы, өзара байланысты тарап болып табылмайтын тұлғаға төленетін төлемдерді қоспағанда, жинақтаушы сақтандыру шартымен байланысты;
дисконт не купон (дисконтты не бастапқы орналастыру құнынан және (немесе) сатып алу құнынан алынған сыйлықақы ескеріле отырып), сыйақы төлейтін тұлға үшін оның борыштық бағалы қағаздарын ұстаушы, өзара байланысты тарап болып табылатын тұлғаға төленетін төлем түріндегі борыштық бағалы қағаздар бойынша;
вексельде көрсетілген соманы, вексель беруші үшін оның вексельдерін ұстаушы, өзара байланысты тарап болып табылмайтын тұлғаға төленетін төлемдерді қоспағанда, вексель бойынша;
репо операциялары бойынша – репоны жабу бағасы мен ашу бағасы арасындағы айырма түріндегі;
исламдық жалдау сертификаттары бойынша барлық төлемдер.
Осы тармақшаның мақсатында банктік шот шарттары бойынша төленетін сыйақылар да сыйақы деп танылады;
63) 01.01.2020 бастап қолданысқа енгізіледі - ҚР 25.12.2017 № 121-VI Заңымен.
64) тауарлар импорты – Еуразиялық экономикалық одақтың кеден заңнамасына және (немесе) Қазақстан Республикасының кеден заңнамасына сәйкес жүзеге асырылатын, тауарларды Еуразиялық экономикалық одақтың кеден аумағына әкелу, сондай-ақ тауарларды Еуразиялық экономикалық одаққа мүше басқа мемлекеттің аумағынан Қазақстан Республикасының аумағына әкелу;
65) тауарлармен электрондық сауда – бір мезгілде мынадай шарттар сақталған кезде:
тауарларды өткізу жөніндегі мәмілелерді ресімдеу электрондық нысанда жүзеге асырылса;
тауарлар үшін ақы төлеу қолма-қол емес төлеммен жүргізілсе;
тауарларды сатып алушыға (алушыға) жеткізетін өз қызметі болса не жүктерді тасымалдау бойынша көрсетілетін қызметтерді, курьерлік және (немесе) пошталық қызметті жүзеге асыратын тұлғалармен шарттар болса, интернет-дүкен және (немесе) интернет-алаң арқылы ақпараттық технологиялар көмегімен жүзеге асырылатын, жеке тұлғаларға тауарларды өткізу жөніндегі кәсіпкерлік қызмет;
66) туроператордың көрсетілетін қызметтері – Қазақстан Республикасының туристік қызмет туралы заңнамасына сәйкес өздері қалыптастырған туристік өнімді турагенттерге және туристерге өткізу жөніндегі туристік операторлық қызметке (туроператорлық қызметке) лицензиясы бар дара кәсіпкердің және заңды тұлғаның көрсетілетін қызметтері;
67) тұлға – жеке тұлға және заңды тұлға; жеке тұлға – Қазақстан Республикасының азаматы, шетелдік немесе азаматтығы жоқ адам; заңды тұлға – Қазақстан Республикасының немесе шет мемлекеттің заңнамасына сәйкес құрылған ұйым (бейрезидент-заңды тұлға). Шет мемлекеттің заңнамасына сәйкес құрылған компания, ұйым немесе басқа да корпоративтік құралым осы Кодекстің мақсаттары үшін олар өздері құрылған шет мемлекеттің заңды тұлғасы мәртебесіне ие ме, жоқ па осыған қарамастан дербес заңды тұлғалар ретінде қаралады;
68) уәкілетті заңды тұлға – салық төлеушінің (салық агентінің) және (немесе) үшінші тұлғаның осы Кодекске сәйкес билік етілуі шектелген және (немесе) кепілге қойылған мүлкін өткізу саласында, уәкілетті орган айқындаған заңды тұлға;
69) уәкілетті мемлекеттік органдар – салық органдарын және жергілікті атқарушы органдарды қоспағанда, Қазақстан Республикасының Үкіметі бюджетке төленетін төлемдерді есептеуді және (немесе) жинауды жүзеге асыруға уәкілеттік берген, сондай-ақ осы Кодекске сәйкес Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген өз құзыреттері шегінде салық органдарымен өзара іс-қимыл жасайтын Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары;
70) уәкілетті орган – салық және бюджетке төленетін төлемдердің түсуін қамтамасыз ету саласындағы басшылықты жүзеге асыратын мемлекеттік орган;
71) 01.01.2020 бастап қолданысқа енгізіледі - ҚР 25.12.2017 № 121-VI Заңымен.
72) ұтыстар – салық төлеушілердің конкурстарда, жарыстарда (олимпиадаларда), фестивальдарда, лотереялар бойынша, салымдар мен борыштық бағалы қағаздарға байланысты ұтыс ойындарын қоса алғанда, ұтыс ойындары бойынша алатын заттай және ақшалай түрдегі кірістердің кез келген түрі, сондай-ақ құмар ойында және (немесе) бәс тігуде алынған мүліктік пайда түріндегі кірістер;
РҚАО-ның ескертпесі!
73) тармақшаның осы редакциясы 01.01.2020 дейін қолданыста болады - ҚР 25.12.2017 № 121-VI Заңымен (тоқтатылған редакциясын ҚР 25.12.2017 Салық кодексінің 25.12.2017 датадағы архивтік нұсқасынан қараңыз).
73) электрондық салық төлеуші – осы Кодексте белгіленген тәртіппен электрондық салық төлеушіні тіркеу есебі туралы салықтық өтініші негізінде салық органдарымен электрондық тәсілмен өзара іс-қимыл жасайтын салық төлеуші;
74) электрондық сигареттер – электрондық технологиялардың көмегімен құрамында никотин бар сұйықтықты (картридждердегі, резервуарлардағы және электрондық сигареттерде пайдалануға арналған басқа да контейнерлердегі) қыздыратын және ішке тартуға арналған аэрозольді түзетін темекісіз бұйымдар;
75) электрондық шот-фактуралардың ақпараттық жүйесі – уәкілетті органның электрондық нысанда жазып берілген шот-фактураларды қабылдауды, өңдеуді, тіркеуді, беруді және сақтауды жүзеге асыратын ақпараттық жүйесі.
2. Осы Кодекстің мақсатында:
1) бір тұлға Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес басқа тұлғаның үлестес тұлғасы болып танылатын;
2) бір тұлға басқа тұлғаның ірі қатысушысы болып табылатын;
3) шартпен байланысты тұлғалар, оған сәйкес олардың біреуі басқасының қабылдайтын шешімін айқындауға құқылы болатын;
4) заңды тұлға басқа заңды тұлғаның ірі қатысушысының немесе лауазымды адамының бақылауында болатын;
5) бір заңды тұлғаның ірі акционері, ірі қатысушысы немесе лауазымды адамы басқа заңды тұлғаның ірі акционері, ірі қатысушысы не лауазымды адамы болып табылатын;
6) заңды тұлға басқа заңды тұлғамен бірлесіп, үшінші тұлғаның бақылауында болатын;
7) тұлға өзінің үлестес тұлғаларымен бірлесіп, заңды тұлғаның не осы тармақтың 2) – 6) тармақшаларында көрсетілген заңды тұлғалардың қатысу үлестерінің 10 және одан да көп пайызын иеленетін, пайдаланатын, оған билік ететін;
8) акционерлік қоғамның тәуелсіз директорын қоспағанда, жеке тұлға осы тармақтың 2) – 7) тармақшаларында көрсетілген заңды тұлғаның лауазымды адамы болып табылатын;
9) жеке тұлға заңды тұлғаның ірі қатысушысының не лауазымды адамының жақын туысы не жекжаты (ерлi-зайыптылардың аға-iнiлерi, әпке-сiңлiлері (іні-қарындастары), ата-анасы, ұлы немесе қызы) болып табылатын талаптардың біреуіне не бірнешеуіне сәйкес келетін өзара қатынасы бар жеке және (немесе) заңды тұлғалар өзара байланысты тараптар деп танылады.
Осы тармақтың мақсатында, акционерлік қоғамдарды қоспағанда, заңды тұлғаның мүлкіндегі үлесі 10 және одан да көп пайызды құрайтын қатысушы ірі қатысушы деп түсініледі.
Заңды тұлға қабылдайтын шешімдерді айқындау мүмкіндігі заңды тұлғаны бақылау деп түсініледі.
3. Қазақстан Республикасының салық заңнамасының басқа арнайы ұғымдары мен терминдері осы Кодекстің тиісті баптарында айқындалатын мағынасында пайдаланылады.
4. Осы Кодексте пайдаланылатын, Қазақстан Республикасының азаматтық және басқа да заңнамасы салаларындағы ұғымдар, егер осы Кодексте өзгеше көзделмесе, Қазақстан Республикасы заңнамасының сол салаларында пайдаланылатын мағыналарында қолданылады.
Ескерту. 1-бапқа өзгерістер енгізілді – ҚР 26.12.2018 № 203-VI (01.01.2019 бастап қолданысқа енгізіледі); 28.12.2018 № 211-VІ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 28.12.2018 № 210-VІ (01.01.2019 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
Достарыңызбен бөлісу: |