359-бап. Шетелдік салықты есепке жатқызу
1. Резидент-жеке тұлғаның Қазақстан Республикасының шегінен тыс жердегі көздерден алған кірістерден Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерде төленген кіріс салықтарының немесе жеке табыс салығына ұқсас өзге шетелдік салықтың (бұдан әрі осы баптың мақсатында – шетелдік табыс салығы) сомалары осындай шетелдік табыс салығының төленгенін растайтын құжат болған кезде жеке табыс салығының мөлшерлемесі шегінде осы Кодекстің 303-бабында айқындалған тәртіппен Қазақстан Республикасындағы жеке табыс салығын төлеу есебіне есепке жатқызуға жатады.
2. Қазақстан Республикасындағы жеке табыс салығын төлеу есебіне бақыланатын шетелдік компанияның қаржылық пайдасынан немесе бақыланатын шетелдік компания тұрақты мекемесінің қаржылық пайдасынан шетелдік табыс салығының мынадай формула бойынша есептелген сомасы есепке жатқызуға жатады:
Се = О х Ү х Мт/100 %, мұнда
Се – шетелдік табыс салығының есепке жатқызылуға жататын сомасы;
О – осы Кодекстің 340-бабына сәйкес резидент-жеке тұлғаның жылдық кірісіне енгізілген, бақыланатын шетелдік компанияның қаржылық пайдасының оң шамасы немесе бақыланатын шетелдік компания тұрақты мекемесінің қаржылық пайдасының оң шамасы;
Ү – осы Кодекстің 297-бабына сәйкес айқындалатын, бақыланатын шетелдік компанияға резиденттің тікелей немесе жанама, немесе конструктивті қатысу немесе тікелей немесе жанама, немесе конструктивті бақылау коэффициенті;
Мт – осы Кодекстің 294-бабына сәйкес есептелген тиімді мөлшерлеме.
Осы тармақтың ережелері шетелдік табыс салығы бақыланатын шетелдік компанияның қаржылық пайдасынан немесе бақыланатын шетелдік компания тұрақты мекемесінің қаржылық пайдасынан мынадай мемлекеттерде:
1) бақыланатын шетелдік компания тіркелген немесе бақыланатын шетелдік компанияның тұрақты мекемесі тіркелген мемлекетте;
2) тұрақты мекеме құрған бақыланатын шетелдік компания тіркелген мемлекетте;
3) резидент бақыланатын шетелдік компанияға қатысу үлестерін (дауыс беретін акцияларын) сол арқылы жанама иеленетін не жанама бақылау жасайтын бақыланатын тұлға тіркелген мемлекетте 10 пайыздан аз болатын тиімді мөлшерлеме бойынша төленген жағдайда қолданылады.
Егер бақыланатын шетелдік компанияның қаржылық пайдасына немесе бақыланатын шетелдік компания тұрақты мекемесінің қаржылық пайдасына екі және одан көп шет мемлекетте шетелдік табыс салығы салынса, онда тиімді мөлшерлемесі осындай шет мемлекеттерде төленген шетелдік табыс салығының тиімді мөлшерлемелерінен барынша көп шаманы құрайтын шетелдік табыс салығы ғана есепке жатқызуға қабылданады. Осы абзацтың ережелері:
1) бақыланатын шетелдік компанияға қатысу үлестерін (дауыс беретін акцияларын) жанама иеленген немесе жанама бақылау жасаған және бақыланатын шетелдік компанияның қаржылық пайдасынан немесе бақыланатын шетелдік компания тұрақты мекемесінің қаржылық пайдасынан шетелдік табыс салығы (осындай жанама иелену немесе осындай жанама бақылау сол (солар) арқылы жүзеге асырылатын бақыланатын тұлға (тұлғалар) тіркелген) екі және одан көп шет мемлекетте төленген кезде, немесе
2) бақыланатын шетелдік компанияға қатысу үлестерін (дауыс беретін акцияларын) тікелей иеленген немесе тікелей бақылау жасаған және бақыланатын шетелдік компания тұрақты мекемесінің қаржылық пайдасынан шетелдік табыс салығы:
бақыланатын шетелдік компанияның тұрақты мекемесі;
тұрақты мекеме құрған бақыланатын шетелдік компания тіркелген шет мемлекеттерде төленген кезде қолданылады.
Резидент бақыланатын шетелдік компанияға қатысу үлестерін (дауыс беретін акцияларын) тікелей және жанама немесе тікелей және конструктивті иеленген не резиденттің тікелей және жанама немесе тікелей және конструктивті бақылауы болған жағдайда, бақыланатын шетелдік компанияның қаржылық пайдасынан немесе бақыланатын шетелдік компания тұрақты мекемесінің қаржылық пайдасынан шетелдік табыс салығының осы тармаққа сәйкес есепке жатқызылуға жататын сомасы бақыланатын шетелдік компанияға қатысу үлестерін (дауыс беретін акцияларын) әрбір тікелей және жанама иелену немесе тікелей және конструктивті иелену не тікелей және жанама бақылау жасау немесе тікелей және конструктивті бақылау жасау бойынша жеке есептеледі. Бұл ретте бақыланатын шетелдік компанияға қатысу үлестерін (дауыс беретін акцияларын) тікелей және жанама иелену немесе тікелей және конструктивті иелену не тікелей және жанама бақылау жасау немесе тікелей және конструктивті бақылау жасау бойынша жеке есептелген осындай шетелдік табыс салығы шамаларының сомасы осы тармаққа сәйкес есепке жатқызылуға жатады.
Осы тармақты қолдану үшін резидентте осы Кодекстің 303-бабы 4-тармағының бесінші бөлігінде көрсетілген құжаттар болуға тиіс.
Достарыңызбен бөлісу: |