661-бап. Халықаралық шартты қолдану тәртібі
Халықаралық шарттың ережелерін қолдану осы Кодексте және тиісті халықаралық шартта айқындалған тәртіппен жүзеге асырылады.
662-бап. Қазақстан Республикасындағы көздерден алынған кірістерге салық салу мақсатында бейрезидент-заңды тұлғаның басқару және жалпы әкімшілік шығыстарын шегерімге жатқызу тәртібі
1. Егер тұрақты мекеме арқылы Қазақстан Республикасындағы қызметтен бейрезидент-заңды тұлғаның салық салынатын кірісін айқындау кезінде халықаралық шарттың ережелерінде бейрезидент-заңды тұлғаның басқару және жалпы әкімшілік шығыстарын (бұдан әрі – бейрезидент-заңды тұлғаның бөлінетін шығыстары) шегеруге жол берілген болса, онда мұндай шығыстардың сомасы өз таңдауы бойынша осындай бейрезидент-заңды тұлғамен мынадай:
1) шығыстарды пропорционалды бөлу әдісінің;
2) шығыстарды шегерімге тікелей (тура) жатқызу әдісінің бірі бойынша айқындалады.
Осы Кодекстің осы бабының және 663, 664 және 665-баптарының мақсаттары үшін бейрезидент-заңды тұлғаның бөлінетін шығыстары бейрезидент-заңды тұлғаның Қазақстан Республикасында қызметті тұрақты мекеме арқылы жүзеге асыруға байланысты Қазақстан Республикасында да, оның шегінен тыс жерлерде де іс жүзінде шеккен басқару және жалпы әкімшілік шығыстары деп танылады.
Бұл ретте:
қызметі Қазақстан Республикасында тұрақты мекеме құруға алып келген бейрезидент-заңды тұлғаның құрылымдық бөлімшесі немесе бейрезидент-заңды тұлғаның Қазақстан Республикасында құрылымдық бөлімше ашпай тұрақты мекемесі тікелей шеккен, осы Кодекстің 242 – 273-баптарына сәйкес шегерімге жататын басқару және жалпы әкімшілік шығыстары (бұдан әрі – Қазақстан Республикасындағы тұрақты мекеменің басқару және жалпы әкімшілік шығыстары);
бейрезидент-заңды тұлғаның құрылымдық бөлімшелері немесе тұрақты мекемелері басқа елдерде тікелей шеккен, Қазақстан Республикасында салық төлеуші ретінде тіркелген тұрақты мекеменің қызметіне байланысты емес басқару және жалпы әкімшілік шығыстары (бұдан әрі – басқа елдердегі тұрақты мекемелердің басқару және жалпы әкімшілік шығыстары);
бейрезидент-заңды тұлғаның Қазақстан Республикасында тіркелген тұрақты мекеменің қызметіне байланысты емес басқару және жалпы әкімшілік шығыстары бейрезидент-заңды тұлғаның бөлінетін шығыстарына енгізуге жатпайды.
2. Басқару және жалпы әкімшілік шығыстар – ұйымды басқаруға, басқарушы персоналдың өндірістік процеске байланысты емес еңбегіне ақы төлеуге байланысты шығыстар.
3. Бейрезидент-заңды тұлға өз таңдауы бойынша есепті салықтық кезең ішінде бейрезидент-заңды тұлғаның бөлінетін шығыстарын шегерімге жатқызу әдістерінің біреуін ғана қолданады.
Бейрезидент-заңды тұлғаның бөлінетін шығыстарын шегерімге жатқызудың қолданылатын әдісі бейрезидент-заңды тұлғаның шегерімге жатқызылатын басқару және жалпы әкімшілік шығыстары жөніндегі ақпаратты қамтитын корпоративтік табыс салығы бойынша декларацияға қосымшада көрсетіледі.
4. Бейрезидент-заңды тұлғаның бөлінетін шығыстарын Қазақстан Республикасындағы тұрақты мекеме:
1) халықаралық шарттың талаптары сақталған;
2) осы Кодекстің 663-бабының 3-тармағында немесе 665-бабының 3-тармағында көрсетілген құжаттар болған;
3) бейрезидент-заңды тұлғаның резиденттігін растайтын құжат болған кезде шегерімге жатқызады.
5. Осы баптың 4-тармағының 2) тармақшасында көрсетілген құжаттар шет тілінде жасалған болса, мұндай құжаттардың Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалған тәртіппен нотариус куәландырған қазақ немесе орыс тілдеріне аудармасының болуы міндетті.
6. Бейрезидент-заңды тұлға резиденттікті растайтын құжатты корпоративтік табыс салығы бойынша декларацияны беру үшін белгіленген мерзімдерде тиісті салық органына тапсырады.
Достарыңызбен бөлісу: |