231-бап. Сақтандыру, қайта сақтандыру ұйымының сақтандыру, қайта сақтандыру шарттары бойынша кірістері
1. Сақтандыру, қайта сақтандыру ұйымының:
1) сақтандыру сыйлықақылары (жарналары);
2) еңбекпен табылмаған сыйлықақылар, болмаған залалдар, мәлімделген, бірақ реттелмеген залалдар, болған, бірақ мәлімделмеген залалдар бойынша құрылған қайта сақтандыру активтері;
3) сақтандыру төлемдері бойынша шығыстарды өтеу;
4) сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдары сақтандыру (қайта сақтандыру) шарттары бойынша құрған сақтандыру резервтерін төмендетуден түсетін кірістер;
5) осы Кодекстің 237-бабында көрсетілген кірістерді қоспағанда, сақтандыру, қайта сақтандыру шарттары бойынша өзге кірістер түріндегі кірістері сақтандыру, қайта сақтандыру ұйымының сақтандыру, қайта сақтандыру шарттары бойынша кірістері болып танылады.
2. Осы баптың ережелері өздері бойынша сақтандыру сыйақылары түріндегі кіріс халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына және Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы заңнамасының талаптарына сәйкес 2012 жылғы 1 қаңтарға дейін толық мөлшерде танылған сақтандыру, қайта сақтандыру шарттарына қолданылмайды.
3. Қазақстан Республикасының сақтандыру және сақтандыру қызметі туралы заңнамасына сәйкес еңбекпен табылмаған сыйлықақылар, болмаған залалдар, мәлімделген, бірақ реттелмеген залалдар, болған, бірақ мәлімделмеген залалдар бойынша құрылған қайта сақтандыру активтерінің есепті салықтық кезеңнің соңында мөлшері мен осындай активтердің алдыңғы салықтық кезеңнің соңындағы мөлшері арасындағы оң айырма сақтандыру, қайта сақтандыру ұйымының еңбекпен табылмаған сыйлықақылар, болмаған залалдар, мәлімделген, бірақ реттелмеген залалдар, болған, бірақ мәлімделмеген залалдар бойынша құрылған қайта сақтандыру активтері түріндегі кірісі деп танылады.
4. Зиян келтірген тұлғаға кері талап қою (регресс) құқығы негізінде сақтандыру төлемдері бойынша сақтандыру, қайта сақтандыру ұйымының және (немесе) қайта сақтандыру шартына сәйкес қайта сақтандыру ұйымының шығыстарын өтеу сақтандыру, қайта сақтандыру ұйымының сақтандыру төлемдері бойынша шығыстарды өтеу түріндегі кірісі болып танылады.
Бұл ретте сақтандыру, қайта сақтандыру ұйымының 2012 жылғы 1 қаңтарға дейін күшіне енген, өздері бойынша сақтандыру жарналары түріндегі кірістер халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына және Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы заңнамасының талаптарына сәйкес, оның ішінде 2011 жылғы 31 желтоқсаннан кейін де танылатын, жинақтаушы сақтандыру, қайта сақтандыру шарты, жинақтаушы емес сақтандыру, өмірді қайта сақтандыру шарты бойынша сақтандыру төлемдері жөніндегі шығыстарды өтеу түріндегі кірісі мынадай формула бойынша айқындалады:
К х (А/Б), мұнда:
К – есепті салықтық кезеңде алынуға жататын (алынған), сақтандыру төлемдері бойынша шығыстарды өтеу түріндегі кіріс;
А – 2011 жылғы 31 желтоқсаннан кейін есепті салықтық кезеңде сақтандыру төлемдері бойынша шығыстарды өтеу түріндегі кірісті тану күнін қоса алғанда, алынуға жататын (алынған) сақтандыру жарналары;
Б – шарт күшіне енген күннен бастап есепті салықтық кезеңде сақтандыру төлемдері бойынша шығыстарды өтеу түріндегі кірісті тану күнін қоса алғанда, алынуға жататын (алынған) сақтандыру жарналары.
Достарыңызбен бөлісу: |