393-бап. Жекелеген жағдайларда салық салу
1. Талаптарына сәйкес импортталатын тауарлар қосылған құн салығынан босатылатын, жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт, өнімді бөлу туралы келісім (келісімшарт) шеңберінде Қазақстан Республикасының аумағында қызметін жүзеге асыратын салық төлеушілерге өз өндiрiсiнің тауарларын өткізу бойынша айналымға қосылған құн салығы нөлдік мөлшерлеме бойынша салынады.
Егер жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшартта, өнімді бөлу туралы келісімде (келісімшартта) қосылған құн салығынан босатылатын импортталатын тауарлардың тізбесі айқындалған жағдайда, осы тізбеде көрсетілген тауарларды өткізу бойынша айналымдарға нөлдік мөлшерлеме бойынша салық салынады.
Осы баптың мақсатында салық төлеуші өндірген, шығарылған жері сертификаты бар өнім (тауар) өз өндірісінің тауары болып танылады.
Осы тармақта көрсетілген салық төлеушілердің тізбесін мұнай және газ саласындағы уәкілетті орган уәкілетті органмен және салық саясаты саласындағы уәкілетті органмен келісу бойынша бекітеді.
2. Осы Кодекстiң 722-бабының 1-тармағында көрсетілген жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт шеңберінде қызметін жүзеге асыратын жер қойнауын пайдаланушы өндірген және өткізген тұрақсыз конденсатты Қазақстан Республикасының аумағынан Еуразиялық экономикалық одаққа мүше басқа мемлекеттердiң аумағына өткізу бойынша айналымға қосылған құн салығы нөлдiк мөлшерлеме бойынша салынады.
Осы тармақта көрсетілген салық төлеушілердің тізбесін мұнай және газ саласындағы уәкілетті орган уәкілетті органмен және салық саясаты саласындағы уәкілетті органмен келісу бойынша бекітеді.
3. Газ саласындағы ынтымақтастық туралы үкіметаралық келісім шеңберінде қызметін жүзеге асыратын салық төлеушінің бұрын осы салық төлеуші Қазақстан Республикасының аумағынан әкеткен және Еуразиялық экономикалық одаққа мүше басқа мемлекеттің аумағында өңделген алыс-беріс шикізатынан алынған қайта өңдеу өнімдерін Еуразиялық экономикалық одаққа мүше осындай басқа мемлекеттің аумағында өткізуі бойынша айналымға қосылған құн салығы нөлдiк мөлшерлеме бойынша салынады.
Осы тармақта көрсетілген салық төлеушілердің тізбесін мұнай және газ саласындағы уәкілетті орган уәкілетті органмен және салық саясаты саласындағы уәкілетті органмен келісу бойынша бекітеді.
4. Мыналар осы баптың 1-тармағында көрсетілген салық төлеушілерге тауарлардың өткізілгенін растайтын құжаттар болып табылады:
1) жеткізілетін тауарлардың жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттың, өнімді бөлу туралы келісімнің (келісімшарттың) жұмыс бағдарламасын орындауға арналғаны көрсетіле отырып, талаптарына сәйкес импортталатын тауарлар қосылған құн салығынан босатылатын жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт, өнімді бөлу туралы келісім (келісімшарт) шеңберінде Қазақстан Республикасының аумағында қызметін жүзеге асыратын салық төлеушілерге тауарларды жеткізуге арналған шарт;
2) салық төлеушілерге тауарлардың тиеп-жөнелтілгенін растайтын тауарға ілеспе құжаттардың көшірмелері;
3) салық төлеушілердің тауарларды алғанын растайтын құжаттардың көшірмелері.
5. Мыналар осы баптың 2-тармағында көрсетілген тұрақсыз конденсаттың өткізілгенін растайтын құжаттар болып табылады:
1) Қазақстан Республикасының аумағынан Еуразиялық экономикалық одаққа мүше басқа мемлекеттердің аумағына әкетілген (әкетілетін) тұрақсыз конденсатты жеткізуге арналған шарт (келісімшарт);
2) құбыржолдар жүйесі арқылы өткізілген тұрақсыз конденсаттың мөлшерін есепке алу аспаптарының көрсетілімдерін алу актісі;
3) Қазақстан Республикасының аумағынан Еуразиялық экономикалық одаққа мүше басқа мемлекеттердің аумағына құбыржолдар жүйесі арқылы әкетілген тұрақсыз конденсатты қабылдап алу-тапсыру актісі.
Құбыржолдар жүйесі арқылы өткізілген тұрақсыз конденсаттың мөлшерін есепке алу аспаптарының көрсетілімдерін алу тәртібін мұнай және газ саласындағы уәкілетті орган айқындайды.
6. Мыналар осы баптың 3-тармағында көрсетілген тауарлардың өткізілгенін растайтын құжаттар болып табылады:
1) алыс-беріс шикізатын қайта өңдеуге арналған шарттар (келісімшарттар);
2) солардың негізінде қайта өңдеу өнімдерін өткізу жүзеге асырылатын шарттар (келісімшарттар);
3) алыс-беріс шикізатын қайта өңдеу жөніндегі жұмыстардың орындалу фактісін растайтын құжаттар;
4) алыс-беріс шикізатының Қазақстан Республикасының аумағынан Еуразиялық экономикалық одаққа мүше басқа мемлекеттің аумағына әкетілгенін растайтын тауарға ілеспе құжаттардың көшірмелері.
Алыс-беріс шикізаты магистральдық құбыржолдар жүйесі арқылы әкетілген жағдайда тауарға ілеспе құжаттар көшірмелерінің орнына осындай алыс-беріс шикізатын қабылдап алу-тапсыру актісі ұсынылады;
5) аумағында алыс-беріс шикізатын қайта өңдеу жүзеге асырылған Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттің салық төлеушісіне – оларды сатып алушыға қайта өңдеу өнімдерінің тиеп-жөнелтілгенін растайтын құжаттар;
6) салық төлеушінің Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалған тәртіппен ашылған, Қазақстан Республикасының аумағындағы екінші деңгейдегі банктердегі банктік шоттарына өткізілген қайта өңдеу өнімдері бойынша валюталық түсімнің түскенін растайтын құжаттар;
7) осы Кодекстің 449-бабының 8-тармағында көзделген, тиісті уәкілетті мемлекеттік органның Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттің аумағында тауарларды қайта өңдеу шарттары туралы қорытындысы.
Қайтаруға жататын қосылған құн салығының асып кету сомасын айқындау кезінде Қазақстан Республикасы салық органының сұрау салуы бойынша Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттің салық қызметі қайта өңдеу өнімдерін сатып алушыға қатысты жүзеге асырған тексерудің нәтижелері ескеріледі.
45-тарау. САЛЫҚ САЛЫНБАЙТЫН АЙНАЛЫМ ЖӘНЕ САЛЫҚ САЛЫНБАЙТЫН ИМПОРТ
Достарыңызбен бөлісу: |