Мұғалім-зор тұлға!
Ұстаз болу- жүректің батырлығы,
Ұстаз болу- мінездің асылдығы.
Абай
« Ұстаз… жаратылысынан өзіне айтылғанның бәрін жете түсінген, көрген, естіген және аңғарған нәрселердің бәрін жадында жақсы сақтайтын, ешнәрсені ұмытпайтын… алғыр да аңғарымпаз ақыл иесі…, мейлінше шешен, өнер-білімге құштар, аса қанағатшыл жаны асқақ және ар-намысын ардақтайтын, жақындарына да, жат адамдарына да әділ…, жұрттың бәріне… жақсылық пен ізгілік көрсетіп…қорқыныш пен жасқану дегенді білмейтін батыл, ержүрек болуы керек»,-деп Әл-Фараби айтқандай менің өмірлік өзіме үлгі тұтатын екі ұстазым бар .Олардың бірі- мектеп қабырғасында жүргенде сабақ берген қазақ тілі мен әдебиетінің мұғалімі , қазір де өзіммен иықтасып тіл жанашыры боп сонау Елордада қызметте отырған – Құрманова Несібелі Жәкенқызы . Мейірімділікті бойына жинаған ,тілге деген жанашырлығымен кішкентай жүрегімізге ұлтжандылықты ұялата білген Несібелі апайдың тұлғасы мәңгі жадымда . Сол кісінің тікелей әсері болар менің де осы мамандық иесі атануым . Ал, екінші ұстазым қазақ жігіттерінің мәрттігін бойына жинаған , сөз зергері- Серікқали Шарабасов болатын.Серікқали ағай туралы әңгіме басқаша . Бізді көк өрім бала демей, өзі дәріс бере жүрсе де өмірлік жол таба білуімізге көп үлесін қосты. Серікқали ағайдың әр сабағы әдебиеттен гөрі әдемі әлемге ұқсап баурап алып кететін. Күні кеше ғана марқұм атанғаны жүрегімізді сыздатады. Дегенмен өмір өз дегенін істейді . Менің адам болып қалыптасуыма осындай ұстаздардың ықпалы әсер еткендей. Кім білген өмір жолымда осындай адамдар кездеспесе, менің де алар асуларым аз болар ма еді?!
Мұғалім -зор тұлға , ол күннің құдіретті сәулесі іспетті,- дейді Ушинский. Осы бір сөздің өзінде қаншама құдіретті күш бар десеңші . Күннің сәулесі тек қана мейірімді аналардың арайлы жүздерінде кездеспей ма? Сол аналар сияқты ұстаздарымыз да екінші ананың қызметін атқарып жүр. Бойындағы ерекше жан шуағын біліммен бірге жас буын бойына сусындатқанға не жетсін!
Ұлы Отан соғысы жылдарында баспа бетіне бір мұғалім өзінің неміс тұтқындарының қолына түскенін балаларға білдіртпей оларды «біз саяхатта жүрміз , қазір криматоридің қандай екенін көріп қайтамыз»,- деп өз оқушыларын ажал аузына ерітіп кірген . Осы мақаланы оқып , естіп білгендердің ішінде жыламаған адам қалмаған . Бір жауынгер мұғалімнің ерлігіне таң қалып , көзіне жас алып отырып «егер соғыстан аман қалсам, мен мұғалім болам »,- деген екен. Аталған жауынгер ұлы данышпан педагок Макаренко еді . Айтқанындай-ақ жеңіске аман-сау жетіп , атақты ұстаз мамандығының һас шебері болу бұйырыпты оның маңдайына . Міне , бұл жерден қандай ой түюге болады? Мұғалімнің өз басын ғана ойламай жүрегі үлпершектей балаларды да «бұлыңғыр » ертеңіне сендіре білгендігін көреміз.
«Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» ,-дейді халық даналығы , сондықтан адамның адам болып қалыптасуында да ұстаздардың еңбегі өлшеусіз.Өз заманының мұңын көтеріп, ұзақ еңбек арқасында , жатпай-тұрмай қазақ топырағында тұңғыш мектеп ашқан , сол мектептің жүрегі мен тірегі бола білген « Әліппенің атасы » атанған Ыбырай Алтынсарин атамыз: « Маған жақсы мұғалім бәрінен де қымбат , өйткені мұғалім мектептің жүрегі »,- дейді .Айтса –айтқандай мұғалім мейірімі оқушыға ғана емес оның айналасындағы туған-туыс, ата-ана , бауырларына да ықпал етуі шексіз.
«Бір жыл алдына-ала ойлаған ел – нан өсіреді,
Он жыл алдына-ала ойлаған ел – бау өсіреді,
Жүз жыл алдына-ала ойлаған ел – жас ұрпақ өсіреді» -деген ежелгі қытай кемеңгері Конфуций. Сол айтқандай біз де болашағымызды ойлаған кемелденген елміз, сондықтан ұрпақ тәрбиесі, оның өмір деген даңғыл жолда өзіндік адаспас жол таба білуі- басты мақсатымыз. «Ұстаздық еткен жалықпас,Үйретуден балаға»-деп заманының ұлы кемеңгері хакім Абай айтқандай осы қиындығы мен қызығы қатар жүретін соқпақ жолда балаға білім беріп,жасөспірімді ертеңгі өмір соқпағынан адаспайтындай тәлім-тәрбие беріп келе жатқаныма міне табаны күректей жиырма жылдан асыпты. Бұл саналы адам үшін оңай іс емес.Осы уақыт арасында қанша бала көздері жәудіреп алдымызға келмеді дерсің,шыны керек ,кей-кейде осы мамандықты таңдағаныма өкінген де кездерім болды. Енді қазіргі заман талабына сай дәстүрлі мұғалімнен «құзіреттілікке» ауысатын кез келіпті.Бұл-өмір бір қалыпты болмайды деген сөз. Бір кездері өзіміз де тығырықтан жол таба алмай,қайтсем осы баланың көзін ашамын,қалай ғана білімге деген құштарлығын арттырамын деп қиналған кездеріміз болды.Осы жылдар көп нәрсеге көзімді жеткізгендей ма деп қалам іштей. Бұл жерде -оқу үрдісіне шығармашылықтың енуі . Атап айтсам ойтолғау жаза білуі, эссе жазу, екі жақты күнделік жүргізу, әңгіме –дебатқа түсу арқылы өз ойын толықтыра жеткізу,көшбасшылыққа дағдылану . Жұппен жұмыс жүргізу - екінші адамның көзқарасымен санаса білуі , бұл – болашақта балаға ең керек қасиеттердің бірі . Себебі- қазіргі оқушылар бір-бір үйдің маңдай алды еркесі болғандықтан топта да , жұп та да өзін дұрыс көрсете білу . Бүгін топпен жұмыс жүргізу дегеніміз- ертеңгі еңбек ұжымындағы әріптестері деген сөз емес па?
Баланың ұстанатын басты қағидаттарының бірі - күнделік жаза білу, ол дегеніміз өз уақытын тиімді падалана алды ма? Әлде бір күні бекер өтті ме?Қазіргі ғаламтордың қарыштаған шағында компьютер алдында алтын уақыттарын зая кетіріп алмаса игі еді. Осыны өзіне өмірлік дағды етіп алса, ол бала болашағында көп рол атқарарары сөзсіз. Себебі біз жас балаға білім береміз. Бірақ көп жағдайда олар тәрбиені ата-анадан, көшеден алады емес пе? Ойтолғау немесе эссе жазу арқылы да өз ісіне есеп беру немесе өзіне басқа бір сыни көзбен қарай білу деген сөз. Заманының Ұлы кемеңгері данышпан Абай айтқандай айына немесе аптасына өзіңе –өзің есеп беру емес пе? «Сын түзелмей - мін түзелмейді»,- деген дана халық. Сол айтпақшы болашақта бала қандай маман иесі болса да ол өз ісінің шебері, уақытын зая кетірмейтін адам болып өсуіне ықпал етсек бұл менің көп жылдық еңбегімнің бекер кетпегені дер едім.
Уақыттың жылдамдығында шек жоқ. Оның алдымызға қойған сан алуан жауапкершілігі толып жатыр. Өмірге адам болып келгеннен кейін мына жалпақ дүниеден өз орныңды таба білгенің де жөн. Абай сөзімен айтсақ: «Сен де бір кірпіш дүниеге , Кетігін тап та бар қалан». Мен де осы өмірден өз орнымды дұрыс тапқандаймын.Үш баланың анасы болғандығыммен қатар, қаншама баланы білім нәрімен сусындатар ұстаз атанғаныма да табаны күректей отыз жылға таяды. Мектеп ғимаратының қабырғасынан қанша бала оң мен солын танып , мәңгілік нұр- Мұғалімнен сусындап,үлкен өмірге жолдама алды десеңші.Өндірісте жүрген жұмысшыдан анау жоғарыдағы ел басқару тізгінінде отырған азаматтар да дәл осындай мектеп қабырғасынан қанаттанып шықты емес пе? Бұл жер-киелі жер, оқушы тұрмақ оның ата- анасына да қымбат ұлы мекен ғой . Себебі қаріп танымайтын баласын жетектей келіп бір кездегі өзінің де балалық шағына іштей сағынышпен саяхат жасайды емес пе? Қандай қимас, тәтті сезім десеңші?! Осындай білім ордасының белді бір мүшесі қызметін атқарып жүргенімді мақтаныш етемін , өйткені өмір бір орнында тұрмайды. Біздің болашағымыз- алдымда отырған тұлымшағы желбіреген , буыны қатпаған, әлі оңы мен солын ажырата алмайтын қара көздеріміз емес пе? Олардың болашағына мен сияқты ұстаздар жауап береді ғой, сондықтан осы қызығы мен қиындығы қатар жүретін жолда аянбай тер төгуге тура келеді.Бұл жолда енді «құзырлылыққа» өзгеруімізге тура келді, өйткені бір орнында тұрмайтын,қарыштап алға дамыған заман соны талап етеді. Дегенмен де, мен таңдаған мамандық- қай заманда болса да өзіндік тұғырынан түспесіне сенемін!