Саясат өнер ретінде
/Политология /Саясат өнер ретінде
Саяси басқару өнерінің принциптері. «Саясат сөзі көне грек тілінен («politike») аударғанда мемлекетті басқару өнері дегенді білдіреді екен, яғни бұл сөздің этимологиясының өзі «саясат» ұғымының мағынасын тамаша білдіріп тұр деп мойындауға тиіспіз. Расында, мемлекет өміріндегі саяси мәселелердің дұрыс шешілуі дұрыс саяси шешімдердің қабылдануына, яғни саяси басқару өнеріне тікелей тәуелді.
Саяси басқару өнерінің мазмұнына мынадай ұстанымдарды жатқызуға болады:
адамдармен жұмыс істей білу, бұқара халықтың үніне құлақ асу;
саясаттың субъектісі мен объектісінің қиюласу мүмкіндіктерін көре білу қабілеті;
алыс-жақын болашақты анықтайтын ғылыми негізделген саясат жасақтап, оны шығармашылықпен іске асыра білу;
саяси-қызметтің белгіленген мақсаттарға ұтымды қол жеткізуге жарамды формаларын, әдістерін, құрал-жабдықтарын анықтай білу;
адамдардың мінез-құлқына тән күрделі ерекшеліктерді тап баса білу;
мемлекеттік және қоғамдық ұйымдар мен институттардың қызметін реттеп әрі бағыттап отыру;
көздеген мақсаттар мен міндеттерді іске асыруға қабілетті мамандарды таңдауға, тәрбиелеуге және орын-орнына тағайындауға деген іскерлік, шығармашылық іс-әрекеттер;
табыстар мен жеңістерден ғана емес, сәтсіздіктер мен жеңілістерден де дұрыс қорытындылар жасай білу.
Саясат дегеніміз мемлекет басқару ісіндегі нәзік өнер болып табылады. Ал дәл солай болуы үшін ол ғылымның жетістіктеріне сүйенумен бірге адамгершіліктің ең жоғары критерийлеріне үйлесімді болуы тиіс, өйткені әлеуметтік қызметтердің ішінде саяси қызмет ең жауапкершілігі басымы болып табылады. Саясат, сонымен бірге саяси шешім қабылдау өнері: көптеген мүмкіндіктерден таңдап дұрыс жол таба білу керек. Ал бұл болса, саясаткердің біліміне, тәжірибесіне, интуициясына дүниетанымына және т.б. байланысты іске асатын үлкен өнер. Сондықтан кейде саясатты «мүмкіндік өнері» деп те атайды, өйткені толған мүмкіндіктер ішінен ең қолайлысын, ең сәттісін тап баса білу керек, — ал мұны өнер демеске лаж жоқ. Бұдан әрі осы параграфта саяси басқару өнерінің қоғамның саяси жүйесін қалыптастырудағы әрекетімен танысамыз.
Компромисс - [латынша Соmрrоmissum - өзара келісім, тіл табысу] - екі жақтың бір-біріне жол беріп, келісімге, ортақ ымыраға келуі; саясатта - өзара шарттарға көніп, қабылданған шешім. Оның негізінде екі жақтың талаптары толық орындалмаса да, ортақ, жоғарғы мақсатқа жетуі айқын.
[1] Консенсус (лат. consensus — келісім, бірауыздық, ынтымақтылық) — келіссөздер барысында қандай да бір мәселе бойынша дауыс берусіз ортақ шешімге келу.
Консенсус саясатта саяси басқару мен ықпалдасудың құралдары мен әдістерін қоғамдық мойындау тәсілі. Саяси консенсус арқылы саяси үстемдікті шынайы, іс жүзінде заңдастыру жүзеге асырылады. Келісім деңгейі неғұрлым жоғары болса, саяси жүйе соғұрлым тұрақты.
Консенсустың субъектілері, деңгейі және мазмұны әркелкі, оны қалыптастыру әдістері, тұрақты және тұрақсыз қоғамдық жүйелерде қолдау табуы дәл солай ажыратылады. Әдетте, азаматтардың ықтимал келісімдер мен мүмкін болар шиеленістерінің үш нысанын бөліп көрсетеді: көзқарастар жүйесінің құрылымын құрайтын соңғы мақсаттары; "ойын ережелері" немесе процедуралар; нақтылы үкіметтер және үкіметтік саясаттар. Бұл нысандар өз кезегінде консенсустың үш деңгейіне өзгеруі мүмкін:
1) қауымдастық деңгейіндегі консенсус (яғни, негізгі консенсус);
2) тәртіп деңгейіндегі консенсус (процедуралық консенсус);
3) үкімет және оның саясаты деңгейіндегі консенсус. Бірінші нысан немесе консенсус деңгейі негізгі әрі құндылықты болып табылады: бұл осы қоғамның біркелкі құндылықты көзқарастар мен мақсаттарды қаншалықты бөлісетіндігінің көрінісі. Негізгі құндылықтарда келісімге бірден келмейді, бірақ оған мақсатты нәтиже түрінде қол жеткізуге болады. Екінші нысан немесе консенсустың деңгейі, процедуралық - ол "ойын ережелерін" орнатады. Әдетте, олар конституцияда, заңнамалық актілерде, келісімді құжаттарда және т.б. көрініс тапқан. Билік бүтақтарының өзара қарым-қатынас ережелерінің және олар¬дың артында тұрған саяси күштердің ең бастысы қақтығыстарды шешуші тәртіпті анықтайтын ережелер болып табы-лады. Бұл іс жүзінде демократияның алғышарты, оның шынайы бастамасы, қажетті шарты. Үшінші нысан немесе консенсус деңгейі - үкімет пен оның саясатының келісімділігі - саяси шешімдер қабылдау мен өңдеу процесіне байланысты және ең әлсіз әрі жағдайға тәуелді болады. Мықты саяси тұрақтылық консенсустың тек осы үш түрінің бірдей болған кезінде орнайды. Демократиялық ережелер мен процедураларды қолдану саяси консенсус аймағын кеңейтуге мүмкіндік туғызады.[1]
Достарыңызбен бөлісу: |