Сборник материалов и документов Алматы 2011 ббк а құрастырушы: Х. М. Тұрсұн Алаш қозғалысының Оңтүстік қанаты


Топшылдық – ұлттық элитаның саяси күрес тәсілі



бет5/18
Дата07.11.2016
өлшемі10,34 Mb.
#1221
түріСборник
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   18

Топшылдық – ұлттық элитаның саяси күрес тәсілі
Қазан төңкерісінен кейінгі кеңес өкіметінің «салтанатты шеруі» большевиктерді әлемдік революцияның дайындық алаңы ретінде Шығыс мәселесіне қатысты жан-жақты саясат жүргізуге итермеледі. Осы саясатты іске асырудың аса маңызды тетігінің бірі ретінде жергілікті ұлт өкілдерінің арасынан коммунист кадрлар тәрбиелеуге баса мән берілді. Сол кездегі саяси лексикада жиі қолданылған «шығыс коммунистері» немесе «ұлт коммунистері» ұғымы негізінен Еділбойы, Кавказсырты, Орта Азия мен Қазақстанның түркі-мұсылман халықтарының арасынан шыққан коммунистердің жинақтаушы атауы болып қалыптасып, диалектикалық дамуда одан әрі кең мағынаға ие болған. Әрине, ұлттық кұрамы, әлеуметтік тегі әртүрлі, мәдени деңгейі мен дүниетанымы да ала-құла болғанымен олардың ұлттық құндылықтарды әспеттеуге құрылған саяси көзқарастарында ұлт-азаттық идеялар басым болатын. Содан да, шығыс коммунистерінің дербестікке ұмтылған бұндай әрекеттері Наркомнац басшысы Сталинді 1920 ж. өзінде қатты мазасыздандырып, олардың саяси көзқарастары «панисламизм» және «пантюркизм» деген саяси айдарлармен айыптала бастады. Бұл ағымдар большевиктік биліктің аймақтардағы басты қарсыласы болады деген қауіп болды. Осы саяси бағыттың жолын кесу үшін 1920 ж. тамызында Түркістандағы мұсылман коммунистерінің саяси ұйымы Мұсбюроны таратып, оны Орталық билікке тікелей тәуелді Өлкелік партия комитетімен алмастыру; мұсылман бөлімдері командирлерін босату және тағайындауға құқылы М. Сұлтанғалиев басқарған Наркомнац жанындағы Орталық Мұсылман әскери коллегиясын тарату; жалпы федерациялық орталықтың билік өкілдігіне кедергі болатын Түркістан республикасының конституциясына өзгерістер енгізу туралы шешімдер қабылдады.59

Ұлт коммунистері жетекшілерінің бұқара арасындағы беделі мен ықпалын, ұйымдастырушылық қызметін ақгвардияшыл қозғалыс пен шетелдік басқыншылыққа қарсы күресте шебер пайдаланған большевиктерге кеңес үкіметі нығайған кезде кеңестік Шығыстағы ұлт-азаттық қозғалыстың теоретигі, саяси күрестің басшысы ретінде танылған М. Сұлтанғалиев сияқты саяси тұлғалар қажет болмай қалды. Ресейдің мұсылман халықтарына көптеген жеңілдіктер беру арқылы оларды «шектен тыс еркелеткен» орталық билік өздерінің ерекше ықыласы арқылы шығыс коммунистерін де «тым еркелетіп» жіберді. Ұлт коммунистерімен қарым-қатынасты реттеудегі бұндай қиғаш көзқарас Сұлтанғалиевтың тағдырына касіретті қолтаңбасын қалдырды: ол партия қатарын «пантүркизм» мен «панисламизмнен» тазарту шарасындағы ең оңтайлы және ең алғашқы ірі саяси нысанаға айналды. Л. Троцкийдің сөзімен айтар болсақ М. Сұлтанғалиев осы күрестегі «Бас хатшының алғашқы құрбандығы» 60 болды.

Осыған байланысты РК(б)П ОК ұлт республикалары өкілдерінің IV кеңесінде С. Орджоникидзенің «Мен жолдас Каменевпен сөйлестім, ол Сұлтанғалиев Қазан түбінде біздің катарымызда соғысты, Колчакка қарсы отрядтар дайындады - дейді. Бұл маңызды ештеңені білдірмейді, әрбір прогресшіл мұсылман зиялысы Колчактың қара түнек реакциясына қарсы шығады, өйткені ол мұсылман зиялысына жат... Реакцияға қарсы ол немесе басқа мұсылман зиялысының күресі... әлі де ештеңені дәлелдемейді. Бұл коммунист болу дегенді білдірмейді... Бұл біздің тек сапарласымыз дегенді білдіреді - дей келіп - Сұлтанғалиев менің ойымша біздің ұлт саясатымыз қанша дұрыс болса да кеңес өкіметін мүлде мойындамайтын түркішіл, панисламшыл зиялылардың бірі» деп өрекпуі көп сырдың бетін ашады. Сталиннің жақын серігінің аузымен айтылған бұл сөздер Сұлтанғалиев бейнесіндегі барлық Шығыс коммунистері де большевиктердің коммунизм идеяларын іске асыру жолындағы «сапарластары» ғана деген көзқарасты танытатын еді. Әрине, бұндай ащы шындык партия көсемдерінің сөздерінде көп жағдайда бүркемеленіп айтылатын.

Ұлт мәселесімен тікелей айналысқан Наркомнацтың жүргізген үлкен жұмыстарының бірі көпұлтты кеңестік Ресейдің үлт аймақтары үшін басшы қызметкер кадрлар дайындау болды. Мысалы, 1917 ж. қазан төңкерісіне дейін шығыс халықтары арасында коммунистік партиялық ұйымдар мүлдем болған жоқ, оның есесіне 1918 ж. Наркомнац және оның Мұсылмандар Комиссариаты көмегімен мұсылман коммунистерінің жүзден аса партиялық ұясы (ұйымы) құрылды. Қалыптасқан жағдай бұл үдерісті одан да қарқынды жүргізуді талап етті. Кейінгі кезде Түркістан жағдайында партиялық-мемлекеттік номенклатураның ұлттық бөлігін қалыптастыру, тәрбиелеу және орналастыруды РК(б)П ОК және Орталық өкіметтің эмиссарлық органы - Түрккомиссия өз қолына алды. Осы мақсатты жеделдетіп іске асыру үшін 1919 ж. қараша айының бас кезінде Түрккомиссия Түркістанға өзімен ілестіріп 117 партия және кеңес қызметкерлерін ерте келді, ал желтоқсан айында олардың 150 адамдық екінші тобы шақырылды.61 Бұл қуатты топ Шығыс халықтарының санасына большевиктік саяси құндылықтарды орнықтыруға шұғыл кірісті.

Осындай келімсек топтың күшіне арқа сүйеген Түрккомиссия ұлт коммунистері арасындағы саяси қозғалысты жіті қадағалап, олардың даму барысына түзетулер енгізіп отырды. Осы бағытта атқарылған жұмыстардың есебі орталыққа берілетін. Осыған байланысты Түрккомиссияның 1920 ж. 1-15 маусым аралығындағы атқарылған жұмыстар бойынша Мәскеуге жөнелткен ақпарына назар аударайық. Ол құжатта өлкедегі партия үйымдарының басында тұрған мұсылман саяси қызметкерлерінің арасындағы жағдайларға тоқталады. Онда ұлттық элита өкілдерін біріктіретін «ешқандай жетекші партиялық орталық жоқ» екендігі атап көрсетіліп, өлкедегі құрылған большевиктік ұйымдардың саяси-әлеуметтік негізіне талдау жасалған. Түркістанда «мұсылмандық партия және кеңес ұйымдарын құрған элементтер - орыстар мен жергілікті халық арасындағы байланыстырушылар (тілмаштар, адвокаттар, писарьлар), сауда қатынасы негізінде орыстанған (приказшілер, делдалдар т.б.) мұсылмандар құрайды. Бұл элементтердің бәрінің де коммунистік партиямен идеологиялық байланысы жоқ» деп қалыптасып келе жатқан ұлттық саяси элита құрамының большевиктік идеялардан алшақ екендігін мойындайды. Сонымен бірге «олардың билік, лауазым үшін бітіспес күрес жолында жекелеген топтарға бірігетіндігіне» назар аударады. Әйтсе де ұлттық мүддені айқындау, ортақ идея қалыптастыру жолындағы элитааралық күрестегі ұлттық құндылықтар, этникалық мүдделер төңірегіндегі тартыстарға таптық, топтық сипат береді. Бұндай сарынды құжаттағы мына жолдар айғақтайды: «Түрлі кеңестік лауазымдар, әсіресе провинцияда тұрғындарды ашық түрде тонау үшін пайдаланылады. Үлесті бөлу мүддесімен топтасқан бұл топтар бірін-бірі қорғаштайды», «Олардың көпшілігі өте бай немесе ірі байлар және саудагерлермен байланысқан адамдар. Әдетте, бұндай топтардың Түркаткомда және Өлкелік комитетте қолдаушылары бар». Осы сипаттар негізінде ұлт коммунистерінің кеңес билігіне қарсы мынадай нақты әрекеттері атап көрсетілген: «Бұл топтар мұсылмандар арасында танылған шынайы коммунистік элементтерге үлкен өшпенділікпен қарайды. Олар коммунистік партия қатарында болмаса да өлкедегі шынайы еңбекшілер арасын қорған сияқты бөліп тұр».62 Осы ақпараттың мазмұнынан мұсылман халықтары арасындағы ұлттық менталитеттен туындаған ерекшеліктер мен нақты саяси жағдай европалык құндылықтарға сай бағаланғандығы аңғарылады.

Түркістан коммунистерінің, әсіресе оның басшылығындағы кадрлардың әлеуметтік тегінің әртектілігі соншалықты үлкен жаңалық емес, ол қалыпты құбылыс еді. Бұл мәселе саяси номенклатураның құбылуына қарай әр кезде бұрқылдап қайнаған саясат қазанының бетіне көбіктей қалқып шығып отырды. Большевиктік саяси қағидаларды бойына сіңірген ұлт коммунистерінің өзі шығыстық мәселелерге батыстық талғаммен қарай бастады. 1924 ж. Түркістаннан Мәскеуге, Коминтернге қызметке ауысқан Т. Рысқұлов та осы мәселеге арнайы тоқталады. «Соңғы кезде Түркістанда патша өкіметінің тілмаштары деп аталатындарға қатысты мәселе өткір қойылып отыр. Халықтың, тарихтың және бәрінің көзі жеткен ақиқат, патша өкіметі кезінде уезд бастықтары мен приставтарға тек патша әкімшілігіне тұрғындарды қанауға көмектескендер ғана тілмаш бола алды» дей келіп, тілмаштарды парақор, мәдениеті төмен, биліктің былығына белшесінен батқандар деп сипаттайды. Ең бастысы осы кәсіп иелеріне «1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс кезінде патша өкіметінің жақтаушылары болды, жазалаушылармен бірге тұрғындарды атуға қатысты» деп қылмыстық айып тағады. Ұлттық мүддеден таптық мүддені жоғары қойған осындай тұжырымдарды алға тарта отырып ол ұлт коммунистерін өз ұлтына қарсы айдап салған И. Сталинге «Сондықтан да тілмаштар туралы партиялық көзқарасты анықтап алу керек»63 деген ұсыныс жасайды. Субъективік сипаты басым бұндай саяси тұжырымды Т. Рысқұлов Түркістандағы өзінің саяси қарсыласы, сол кездегі Түркатком төрағасы И. Қыдырәлиевке қатысты колданады. «Ондаған жыл тілмаш болған», «патша охранкасына қатысы бар» Қыдырәлиев 1919 ж. ғана партия мүшелігіне өткен. Сол сияқты Түркістандағы жоғары лауазымды қызметкерлер Б. Аралбаев (Ішкі істер халкомы), Н. Рүстемовтерді (Түркатком хатшысы) бұрын тілмаш болған еді деп атайды.64 Олар да партия катарына 1919 ж. кейін өткен ұлт коммунистері еді. Бұл ұсыныс ұлт коммунистерін таптық белгіге қарай жіктеп, саяси қуғындауға ықпал жасаған көп әрекеттердің бірі ғана.

Түркістанда кеңес өкіметі жеңіске жеткен бастапқы кезде билік басындағы большевиктер қатарында ұлт өкілдері өте аз болды. Орталықтың берген кең өкілеттігіне сүйеніп, өлкеде большевиктік үлгідегі автономия орнатуға тікелей басшылық жасаған П.А. Кобозевтің сенімді серігі, өлкеде көптеген жауапты қьзметтер атқарған, 1917 ж. партия мүшесі Дүйсенбай Нысанбаев В.И. Ленинмен кездескенде былай дейді: «Мен Ташкентте қазақтан шыққан коммунистердің саны 20-дан астам екенін, облыстарда да олардың аз екенін, әйтсе де бұл жолдастардың бәрінің де тегі кедей екенін айтып бердім. Ұсақ буржуазия тобынан шыққан интеллигенция реакцияшыл ұлтшылдықтың ықпалында қалып отырғанын, сөйтіп, солшыл-эсерлер партиясына бет бұратынын, кедейлер мен жұмысшылар большевиктердің соңынан ілесіп отырғанын, соның нәтижесінде большевик партиясы мүшелерінің қатары толығып келе жатқанын айттым».65 Бұл 1919 ж күзіндегі әңгіме. Қаншалықты партиялық сүзгіден өткенімен естеліктің мәселеге қатысты екі жағдайды нақылауға септігі тиеді. Біріншіден, қазақтар арасынан шыққан большевиктердің өте аз болғандығына, екіншіден, ұлттық интеллигенцияның большевиктерді колдамағандығына көз жетіземіз.

Түркістанда жүмысшылардың партиясы ретінде большевиктік идеяларға әлеуметтік негіз жоқ екендігі жергілікті ұлттың жұмысшы тобының қалыптаспағандығымен түсіндіріледі. Оның есесіне большевиктер саяси дайындығы жоғары ұлттық интеллигенцияны өз қатарына тартуда аса сақтық танытты. Сұлтанғалиев сияқты коммунистік идеяға кұлай берілген ұлт коммунистерінің өзі Ресейдегі ұлт мәселесінің шешілмеуі, әлемдік революцияның іске аспай қалуы сияқты себептермен коммунистік идеялардан кейін шегіне бастады. Ұлттық элита өкілдерінің большевизмнен сырт айналып, ұлт мәселесіне ден қоюының шынайы себебі Ресейдегі түркі халықтарының арасында революцияның жетекші әлеуметтік негізі пролетариаттың аздығы немесе мүлдем жоқтығына байлайысты өрбіген саяси пікірталаста айқындалды. Большевиктер жағына шыққан ұлттық элита өкілдері Кеңес өкіметінің «пролетариат диктатурасын орнату мақсаты және ондай жағдайда тек ресейлік большевиктік партия атымен орыс пролетариатының ғана диктатурасы орнауы мүмкін деген ұстанымды мойындады. Мәселеге айқындық беру үшін сол кезде Шығыс халықтары арасында революциялық күрестің ең алдыңғы шебінде көрінген татар пролетариаты мен большевиктерінің саны жөнінде М. Сұлтанғалиевтың пікіріне назар аударайық. Ол былай деп жазады: «Батыс Еуропалык ұғымдағы яғни білікті жұмыс күші, ұлттық-ұйымдасқан жұмыс күші түріндегі пролетариат болған жоқ. Түркі-татар коммунистері революция кезінде ғана өмірге келді. Олар көбіне коммунистік партияға таптық күрес және таптық революция ұрандары үшін емес, тек ұлттардың өзін-өзі билеу ұрандары үшін ұсақ енбек интеллигенциясы арасынан шыққан кездейсоқ адамдар еді».66 Шығыс коммунистерінің саяси серкесі бұл сөзді өзінің бай тәжірибесіне сүйеніп айтып отырғаны белгілі. Оның осы сөздері арқылы ұлт коммунистері үшін ең жоғары саяси құндылық әлеуметтік теңдік емес, ұлттардың өзін-өзі билеу, тәуелсіздік екендігі ашық айтылды.

Осындай саяси құндылықтарды ұлықтаған ұлт зиялыларының коммунистік партия қатарына өтуге деген ұмтылысына большевиктік басшылық басқаша баға береді. Мысалы, РК(б)П ОК Кавказ бюросының пленумы (3 маусым 1921 ж) қарарында «Үкіметтік партия ретінде коммунистік партияға пайдакүнемдік, мещандық және интеллигенттік ұлтшылдық рухын арқалаған пролетариатқа жат элементтер ұмтылуда»67 деген пікір тұжырымдалды. Түркомиссияның да пікірі осы саяси тұырымнан алыс емес болатын.

Кеңестік билік ұлт аймақтарындағы дәтүрлі қоғамдық жүйені патша отаршылығы кезіндегіден де күрделі дағдарысқа алып келді. Соған байланысты қоғамның жаңа жүйеге сәйкестенуі этникалық санадағы түбірлі өзгерістерді талап етті. Ал жаңа қоғамдық жүйенің маңызды кұрауышы ретінде саяси құндылықтар Түркістан жағдайында қандай жолмен болса да билікке ұмтылған ұлттық элитаның әрекетін реттеуге ықпал жасағанын аңғарамыз. Ұлттық тәуелсіздік, әлеуметтік теңдік, сөз, ождан бостандығы сияқты демократиялық құндылықтардың субъектісі ретінде ұлттық саяси элитаның өзі құрылымдық-мазмұндық сапаларын жаңалаумен бірге ұлттық мүддені көздеген саяси ұрандар қалыптастыру және насихаттау арқылы бұқаралық санаға ықпал жасай бастады. Кез-келген мемлекет пен халықтардың тарихында әлеуметтік қызметке соны серпін беріп, түпкі нәтижеге елеулі ықпал жасаған саяси, діни, демократиялық құндылықтар аз емес. Соның мысалы ретінде бір кездері протестанттық құндылықтардың нарықтық қатынастарды қалыптастырудағы рөлін атауға болады.

Әлемдік деңгейде болмағанымен Түркістан жағдайында осындай ұлттық құндылықтар да белгілі шамада идеологиялық мазмұнға ие болды. Үлкен әлеуметтік топтардың, этностардың түпкі мүддесін танытатын идеялардың жүйесі ретінде идеологияны қалыптастыру, насихаттау және іске асыруда ұлттық элита әлеуметтік әртектілігіне қарамастан кеңестік билікке балама позиция ұстанды. Отаршылыққа, кеңестік билік тұсында большевиктік өктемдікке қарсы тұғырнамада ұлттық маңыз алған саяси құндылықтар негізінде орныққан тұтастыққа көп ұзамай сызат түсті. Түркістан қозғалысындағы жәдиттер мен улемашылар, большевиктерге жуық иттифоқшылар мен «үшжүздіктер» және Алашорданың Оңтүстік бөлігі түріндегі саяси ағымдар билеуші ұйымға айналған Түркістан компартиясының қызметіне ықпалын тигізбей қалған жоқ. Осы ағымдардың өкілдері мүше болып енген ұйымның ұлт мүддесін көздеген қызметін РК(б)П ОК қатты сынға алды. «Түркістан компартиясы өзгерген жағдайды, партиялық жұмысты соған сәйкес жүргізуді ескере алмады, ол өз жұмысының бар ауыртпалығын әлдеқашан шешілген және мәнін жоғалтқан отаршылық туралы әңгімеге бұра береді. Компартия бұрынғыдай үздік пролетарлық және жартылай пролетарлық элементтерді өзінен бездіретін берекесіз қызметтің, топаралық күрестің алаңы болып отыр».68 РК(б)П ОК 27 қыркүйек 1922 ж. Түркістан компартиясына жолдаған хатта айтылған бұл мәселе ұлт коммунистерінің қызмет қырларын толық ашып бере алмайды.

Ұлттық құндылықтар ретінде отаршылыққа қарсы көңіл-күйдің кеңестік билікке қарсы сипат алуы партиялық саясаттың алысты болжаған мақсатты бұрмалауымен ұлт коммунистерінің топаралық күресі ретінде бағаланды. Бұл баға Орталықтың ұлт коммунистеріне коммунизм идеяларына шексіз беріле алмайды деген сенімсіздігінің көрінісі еді. Осы сенімсіздік кеңестік биліктің нығаюы барысында ұлттық элита өкілдерін ұлт мүддесін кеңестік құндылықтармен ұштастыруға жасаған әрекеті үшін солшылдық пен оңшылдыққа, ауытқушылық пен ұлтшылдық сияқты айыптаулармен саяси қуғындауға негіз болды. Кеңестік билік осылайша қоғамдық дамудағы өзі мойындағысы келмегеп ұлттық құндылықтардың өмір сүру құқы түріндегі ақиқатты түрлі саяси айла-шарғылармен бүркемелеуден оны ашықтан-ашық терістеуге қарай ойыса берді. Большевиктік биліктің ұлт саясатындағы бұл бетбұрысы қоғамды тоталитарлық жүйеге итермелеген басты факторлардың біріне айналды.

Жаңа экономикалық саясат жағдайында ұлттық саяси элита өзінің қоғамдық-саяси қызметін біршама жандандыра алды. 1922-1923 ж.ж. партиялық және мемлекеттік билік құрылымдарында жоғары лауазымдарға қолы жеткен ұлт коммунистері кеңестік биліктің ұлт саясатына наразылықтарын ашық білдіре бастады. 1922 ж. соңында Т. Рысқұловтың алғысөзімен «РК (б)П Мұсбюросы Түркістанда» деп аталатын кітапша жарық көрді. Осы жылдың 21 желтоқсанында қабылданған арнайы қаулымен РК(б)П ОК ұлттық саяси элита өкілдерінің кітапшада көтерген идеяларын «РК(б)П Мұсбюросын қалпына келтіру идеясын орнықтыру әрекеті» деп бағалады. Өз кезінде партиялық құрылыста жергілікті халықтар үшін маңызды рөл атқарған Мұсбюро Орта Азияның барлық комунистері мен еңбекшілерін интернационализм қағидалары төңірегіне біріктіру мақсатына кедергі жасайды деп топшыланды. Содан да РК(б)П ОК Ортаазиялық Бюросына интернационализм қағидаларын мүлтіксіз іске асыруды ұсынып, Рысқұловқа партияның теориясы және практикасымен сыйыспайтын идеяларды дәріптегендігі бетіне басылды.69 Т. Рысқұлов бұл жолы партиялық биліктің қаһарынан жеңіл үркітумен құтылғандай болды.

Экономиканы ырықтандыру әрекетімен бірге саяси идеологиялық ахуалдың да біршама демократиялық сипат алуына байланысты жандана түскен ұлт коммунистерінің белсенді әрекетінен қауіп ойлаған партиялық басшылық республикалық партия ұйымдарындағы ауытқушылық аталуымен күресті күшейту мақсатында ұлт коммунистерінің ІV кеңесін ұйымдастырды. РК(б)П ОК мен ОБК 26 мүшесі мен мүшелікке кандидаты, ұлт республикалары мен облыстары партия ұйымдарының 58 өкілі, сонымен бірге Наркомнац, Коминтерннің Шығыс бөлімінің жауапты қызметкерлері қатысқан Кеңестің саяси өкілеттігі барынша жоғары болды. Бұл Кеңеске Түркістан ұлттық саяси элитасының алдыңғы қатарлы өкілдері Қ. Атабаев, А. Икрамов, С. Қожанов, А. Рахымбаев, Т. Рысқұловтар бастаған қайраткерлер тобы қатысты.

РК(б)П ОК партиялық форумға қатысты ұйымдық және саяси мәселелерді бірнеше рет талқылады. 24 мамырда кеңеске қатысушылардың тізімі бекітілсе, кеңес басталар қарсаңында Саяси бюро Секратариат ұсынған РК(б)П ОК тұғырнамасын бекіткен болатын. Осы саяси құжатта кеңестің алдында тұрған басты міндеттердің бірі былай тұжырымдалды: «Партияның түбірлі мақсаттарының бірі ұлттық республикалар мен облыстарда жергілікті тұрғындардың пролетарлық және жартылай пролетарлық элементтерінен жас коммунистік ұйымдар дайындау және дамыту, бұл ұйымдардың аяғынан тұрып кетуіне жан-жақты көмек көрсету, шынайы интернационалистік коммунистік тәрбие беру, бастапқы кезде аз болса да шынайы интернационалистік коммунистік кадрларды топтастыру».70 Демек ІV Кеңесте партиялық биліктің алға қойған басты міндеттерінің бірі орыс емес халықтардың өкілдерінен сыннан өткен интернационалист кадрларды дайындау болғандығы айқын аңғарылады. Бұл тұжырымның астарында бұғып жатқан үлкен саяси мақсат - большевиктік басшылық ұстанған шовинистік, кеудемсоқ саясатқа қарсы ұлттық элитаның әрекеттерін ұлтшылдық-ауытқушылық деп бағалап, ұлтшылдық ой-пікірлерді пролетарлық интернационализммен алмастыру болатын. Кеңестің басты міндеттерінің бірі ұлтшылдық идеологиясының ірі теоретигі М. Сұлтанғалиевті идеялық тұрғыдан талқандау болды. Сценарийін Сталиннің өзі жазған бұл саяси ойынның нәтижесі белгілі. Соның бір көрінісін саяси ойынға ұлттық мүдденің қорғашысы болып қатысқан Т. Рысқұловтың ойыннан айыпкер болып шыққандығынан көреміз.

ІV Кеңес шешімдері Түркістан КП ОК пленумында (28 шілде 1923 ж.) талқыланып, ХІІ съезде ол шешімдердің «Түркістан жағдайында партия жұмысын анықтау және одан әрі дамытуда негізге алынуы тиіс» 71 екендігі атап көрсетілді. Дегенмен, республика партия ұйымы басшылығының күшпен қабылдатқан бұл шешіміне наразы ұлттық саяси элитаның бір топ өкілдері РК(б)П ОК-не хат жолдап, «...жергілікті халық революцияны тек жерге қатысты деп қабылдады, ...белгіленген іс-шаралар іске асырылмады, іске асырылса да бір ғана ұлттың (өзбектердің) мүддесін көздеді және осы ұлттың ауқатты билеушілерін қамтыды»72 деген тезисті алға тартты. Хатта көтерілген мәселелерді қолдаушылар еңбек ұжымдарымен өткізген кездесулерінде ТКП ОК ұлт саясатын аяусыз сынады. Ұлттық саяси элитаның қандай әрекетін болса да жіті қадағалап отырған Ортаазиялық бюро 1923 ж. 13 желтоқсанында бұл топтың әрекетін ұлтаралық қатынасты шиеленістіру, кеңес өкіметіне зиян келтіру деп бағалаған шешім қабылдады.73

Ұлттық элита арасында топтық күрестің кең етек алуының терең саяси-әлеуметтік астары бар еді. Ұлттық мүдделерге топтасқан элитаның аса ірі тобы кеңестік билікке елеулі қауіп төндіретін күшке айналды. Қауіптің алдын алуға байланысты Түрккомиссия, кейіннен Ортаазиялық Бюро отаршыл биліктің сыннан өткен «бөліп ал да билей бер» идеясы бойынша әрекет жасап, түркістандық бірлікке жол бермеу бағытын ұстанды. Бұл бағытта жүргізілген саяси қитұрқылық шаралары республикадағы ұлттық теке-тіреске дейін ұласып, ұлттық-аумақтық межелеу кезінде этноэлиталық топтар арасындағы өткір саяси күреске ұласты. Оның есесіне жекелеген саяси топтардың мүддесіне біріккен топшылдық большевиктік билікке аса көп қауіп төндіре қоймады. Бұл топтардың алдын-ала дайындаған саяси бағдарламасы болмағанымен өздеріне лайық ұрандары мен мақсаттары болды. Жекелеген ұлтшылдық күштердің дем беруімен әрекет жасаған бұл топтар билікке ұмтылу, жауапты қызметтерге өз жақтасарын орналастыру сияқты әрекеттерімен танылды. Содан да осы сипаттағы топтардың күресі әсіресе, жергілікті және орталықпартия, кеңес органдарын сайлау, басшы кадрлар жасақтау кезінде өрши түсетін. Топшылдықтың ең басты қаупі, олардың тұтас партия ұйымдарын өз ықпалына тартып, идеялық сенімсіздік түрінде ішкі партиялық күреске айналуы еді. Бұл саяси құбылысқа С.А. Назаров былай баға береді: «Топшылдық күрес республиканың экономикалық және мәдени дамуына елеулі тежеу болды, коммунистерді социалистік құрылыстың кезек күттірмейтін міндеттерінен алаңдатып, партия қатарының бірлігіне орасан зор зиян келтірді».74

1921 ж. желтоқсанында облыстық, губерниялық партия комиттері хатшыларының кеңесі шақырылып, РК(б)П ОК топтық күрестің принципті емес сипаттағы мәселелер бойынша ұрыс-керіс пен дау-жанжал өрбітіп және оған партия бұқарасын тартуы «партияны жікке бөлуге бағытталған ауыр қылмыс» деп сыныпталып, оған кінәлілерді қатаң жауапкершілікке тартуды талап етті.75 Дегенмен, әлеуметтік тамыры терең бұл саяси құбылыс жойылып кете қойған жоқ. РК(б)П ОК ақпараттық есептерінің бірінде Сырдария және Жетісу облыстық ұйымдарының кейбір партия мүшелері топшылдықпен айналысып кеткені соншалықты бай-манаптарды қолдап және қуттап, экономикалық тұрғыда нығая түскендігі анықталғанын жазады. Бұл күрес ұлттық-мемлекеттік межелеу кезеңінде барынша шиеленісіп, оны шешуге 1924 ж. жазында РК(б)П ОК тікелей араласуға мәжбүр болып, Әулиеата, Шымкент уездері мен Арыс аудандарындағы топтық күреске белсене араласқан жауапты қызметкерлерді өз қарамағына шақырып алған.76

Қазақстандағы топшылдықтың қызығына да, шыжығына да белшесінен батқан, өзін осы топшылдықпен күрестің аса ірі білгірі санаған Ф. Голощекин 1926 ж. сөйлеген сөздерінің бірінде былай дейді: «Топшылдықтың себебі неде?.. Біреулер руды, екіншілері ауданды, үшіншілері интеллигенцияны кінәлі деп атайды, төртіншілері топшылдықтың себебін өнеркәсіптік пролетариаттың жоқтығынан көреді және т.б. Біріншілер де, екіншілер де, үшіншілер де дұрыс, бірақ жекелей алғанда емес. Оның негізгісі, біз көріп отырғанымыздай, бұқарадан қол үзу-міне, мәніс қайда?».77 Бұл жерде кәсіпқой революционердің ұлттық қызметкерлер арасындағы топшылдықтың сыртқы түрін біршама дәл анықтап отырғандығын айта кетуіміз керек.

Билік құрылымдарының қызметтеріне араласқан ұлт кадрларының теориялық және интеллектуалдық дайындық деңгейінің төмендігі, саяси жұмыстардағы тәжірбиесіздігі оларды отарлық әкімшілік жүйесінде қалыптасқан жағымсыз дәстүрлерге жүгініп, оны кеңестік билік жағдайында түрлендіріп пайдалануға итермеледі. Бұл жағымсыз көрініс элита қалыптасуындағы инкубациялық кезеңге тән белгілер еді. Ұлттық мүддеге тиімді даму, басқару әдіс-тәсілдер жүйесін іздестіруге қызмет еткен топшылдықтың мәні Голощекин анықтағандай, «бұқарадан қол үзу емес», қайта біртұтас ұлттық сана қалыптасып үлгермеген бұқараның жекелеген саяси, әлеуметтік жіктерінің кеңестік билікке деген көзқарасы мен қатынастарын білдірумен ерекшеленетін. Саяси элитаның кемелденуі барысында ұлттық идеяларға топтасып, қуатты күшке айналатын бұл қозғалысты ыдырату мақсатында партия органдары ондай топтардың жағымсыз сипаттарын жасанды түрде өршітті. Жоғары органдар кейде ашық, кейде жасырын өршіткен топшылдық күрестің бұл белгілері партия құрылысынан да бұрын ұлттық топтасу мүддесіне көбірек кедергі келтірді. Осыған байланысты Т. Рысқұлов «Түркістанның жергілікті қызметкерлері арасында топтық күрес неге жасанды түрде қуатталды (мысалы, Бүкілтүркістандық ХІІ Кеңестер съезі және одан кейін), мысалы, ОК Ортаазиялық бюросы тарапынан болса да» деп партияның топтық күресті өршітуге қатыстылығын жақауратып болса да айтып өтеді. Одан әрі «Егер әртүрлі ағымдардың пікірлерін салыстыру, дұрыс жолды табу үшін әр шет аймақта бірнеше топтың болғаны пайдалы болса және егер бұл белгілі бір саяси жүйе болса, онда бұл іске кейде партияда үлкен рөл атқаратын сауда капиталы агенттері мен түздік байлар неге тартылады?» - деген сұрақ қоюы арқылы мәселенің таптық сипатына назар аударады. Т. Рысқұлов қалыптасқан жағдайдың оңтайлы шешілуіне байланысты нақты ұсыныс жасаудан тартынған жоқ. «Неге ондай оппозицияны өз табымыз-жұмысшылардан жасақтамасқа. Бұл әлдеқайда түсінікті және табиғи болар еді. Оның есесіне нағыз жұмысшылар, мысалы, өзбектер арасында, өзбек сауда капиталының ерекше құлдығында отыр»78 деп практикалық маңызы зор ұсынысын Түркістандағы қалыптасқан топшылдық күрестің салдарымен дәйектейді. 1924 ж. қаңтарда өткен ТКП ХІІ съезінде Т. Рысқұлов Халкомкеңес төралығынан босап, Түрікатком мүшелігіне сайланбай қалады. Рысқұловты Түркістаннан ығыстыруды ойластырған РК(б)П Ортаазиялық бюросы бұл мақсатқа топшылдық күресті пайдаланды. Тұрардың айтуы бойынша, «маған мына үштік одақ: өзбек саудагерлері, аудармашылар және Алашорда ұйымы қарсы шықты деп есептеймін».79 Бұл топшылдық күресті Орталықтың өз мүддесіне пайдалануының алғашқы ірі мысалы ретінде тарихи танымда өз бағасын алуы тиіс дәйек.

Партиялық басшылық ұлт саясатын басқаруда осындай тәсілдермен ұлт зиялылары арасындағы топшылдықты өз мүддесіне шебер пайдалана білді. Осы мәселеге байыпты талдау жасай отырып М. Қойгелдиев «Қазақстандағы саяси ахуалға Орталықтың білек сыбана араласуына жол ашып берген себептердің бірі және бірегейі - ұлттық интеллигенция арасындағы өзара алауыздық. Сыртқы түрі рушылдық, жершілдік сияқты феодалдық сипат алған бұл топаралық күрестің түптеп келгенде, негізі қызмет үшін талас жатқан болатын. Өкінішке орай, құжаттардың көрсетуіне қарағанда топаралық күрестің өршіп отыруына ресми орындар да түрткі болған»80 деп баға береді. Ал кезі келгенде бұл топшылдық құбылысқа саяси айдар тағып, оған қатысқан ұлттық саяси элита өкілдерін жазықты-жазықсыз қудалау құралы ретінде де пайдаланды. Т. Рысқұловтың саяси күрестегі ұстанымдар жүйесіне осы тәсілмен «рысқұловшылық» деп айдар тағылды. Сол сияқты Қазақстанда үлкен саяси айыптауларға ұласқан «Қожанов тобы» шын мәнінде ұлттық элита құрамын ұлттық мәселелерден шеттетуге бағытталған саяси даңғаза еді. Кеңестік қоғамда ресми билік топшылдыққа қатысты: «Сәдуақасов, Ходжанов, Мыңбаев және басқалардың тобы шын мәнінде және күрес әдісі бойынша ауылдағы ауқатты топтардың ықпалын бейнелейтін әрекеттегі топ екендігін көрсетті...», «20-жылдардың басынан бастап республикада басты қызметтерде болған С. Ходжановтың тобы да осындай ұлтшылдық позицияда болды.., Ходжановтар негізінен «Ақ жол» газетінің төңірегіне топтасып, онда өздерінің ұлтшыл-уклонистік көзқарастарын жарнамалады»81 деген ұстанымда болып, ұлттық идеялардың қалыптасу негіздерін бұрмалады. «Ақ жол» газетіне қатысты Сталиннің хатына байланысты қабылданған партиялық шешімнің ықпалы ұлттық элитаның саяси қызметіне берілген теріс бағаны қоюлата түсті.

Б. Аралбаевқа партия қатарынан шығарылғанында «Ұзақ уақыт бойы топшылдыққа қатысқан» деген айып тағылған. 19 тамыз 1929 ж. өзін партия қатарына қайта қабылдау жөнінде жазған өтінішінде топшылдықтың қалыптасуы, қызметінің сипаты жөнінде кең көлемде мәлімет береді. Бұл құжаттың саяси қысым жағдайында жазылғандығын ескерер болсақ, ондағы ақпараттың бәрін шынайы деп қабылдауға болмас еді. Дегенмен, құжатта айтылғандарды өзге мәліметтермен салыстыра қарастырар болсақ, онда Түркістандағы қазақ саяси элитасының өкілі ретінде оның айтқандарынан бірқатар мәселелерге айқындық табамыз. Ол «Түркістанда қазақ қызметкерлері арасында «қожановшылар» және «рысқұловшылар» деп аталатын екі топ болды. Сірә, қандай да бір топқа қосылмаған бірде-бір қазақ қызметкері болмаған да уақыттар болған деп айтсам қателеспейтін болармын. Ол кезде ТКП ОК сияқты РК(б)П ОК Түркбюросы да топқа қосылуды үлкен айыпқа санамағандығын айтуым керек, керісінше Түркбюроның жекелеген мүшелері топтық сипаттағы жабық жиналыстарды басқаратын. Мысалы, РК(б)П ОК Түркбюросының мүшелері Сафаров пен Томский жолдастар Түркістан Компартиясының VІ съезі кезінде солай жасады. 1921 немесе 1922 жылы болуы керек, РК(б)П ОК Түркбюросының төрағасы Томский жолдас Қожановты Түркістан ОК құрамынан шығарып тастау үшін топшылдық жиналыс шақырды. Ал ж. Сафаров та Қырғызағарту ғимаратында қожановшылардың жиналысын өткізді» деп жазады. Бұл сөздер Г. Сафаровтың алашордашылармен идеялық тұрғыда жақын қарым-қатынаста болғандығын тағы да айғақтайды.

Аралбаевтың көрсетуі бойынша Ташкентте топшылдыққа қатысқандығы үшін партиядан шығарылған жағдай болмаған, есесіне топ көсемдері айыпкер болып, қызметтен босаған кезде оның ізімен тобындағылардың бәрі де қызметтерінен босап, бір топтан екінші топқа өтіп кететін «епті қашқындардан» басқасы қуғындауға ұшыраған. Оның айтуына қарағанда «Қожанов тобы Ташкентте 1920 жыл мен 1925 жылдардың аралығында жекелеген тыныштық кезеңдерін айтпағанда (1922 жылы Рысқұловтың ТАКСР ХКК төрағасы болып келген кезі) билеуші топ болды да ешқандай қуғындауға ұшырамаған». Ол осы сөздері арқылы Түркістандағы топшылдыққа да біршама айқындық беруге тырысады.

Рысқұлов пен Қожанов тобының айырмашылығы туралы «Менің пікірім бойынша шын мәнінде ешқандай айырмашылық болмады және болған да жоқ: Қайсысы болса да басшылық үшін күресті, бұл мақсаттарын іске асыру үшін шынайы берілген адамдарды өздеріне тартты және алғашқы мүмкіндікте-ақ оларды уездік атком төрағалығы мен уездік партия комитеті хатшылығына және т.б. қызметтерге жоғарылатты. Қысқасы, оларды бұқараны игеруге қызмет жасайтын лауазымдарға қоюға ұмтылды» дей келіп, «Қожанов тобының және топтық күрестің негізгі мәні неде? Менің жеке өз басым оның мәні ең алдымен партия комитетінен тыс және кейіннен соның бекітуі арқылы портфель бөлісу деп түсінемін.

1925 жылдың өзінде ж. Голощекин топшылдыққа байланысты сөйлеген сөздерінің бірінде былай деген «Орталық Комитеттің Есепкеалутаратуынан (бөлімінен) басқа үйдегі Есепкеалутарату (бөлімі) бар». «Үйдегі Есепкеалутаратуды» Қожанов та қолданды, барлық жеке мәселелер партия комитетінде талқыланғанға дейін Қожановтың сүзгісінен өтетін. Облатком төрағасы болып тұрған кезеңде менің өзім жеке мәселелерді онымен алдын-ала келісіп барып, содан кейін ғана тиісті органдардың талқылауына ұсынатынмын»82 деп топтық күрестің тактикалық тәсіліне өз қызметінен нақты мысал келтіреді.

Партиялық жұмыста кең өріс алған топшылдықтың сырын оның әлеуметтік негізінен іздеген де мәселеге қатысты ақиқатқа сәуле түсіреді. Мысалы, Ұ.Құлымбетов 1926 ж. қазан айында Өлкелік Бақылау комиссиясына жазған хатында 1919-20 жж. Қазақстандағы партия ұйымдарының құрамын негізінен интеллигенция, интеллигенцияның біліксіз төменгі тобы және аз санды жұмысшылар мен шаруалар құрады деген пікір айтады. Одан әрі интеллигенцияның құрамы «а) бывшие народные учителя б) бывшие переводчики и письмоводители царских чиновников в) сыновья баев и влиятельных лиц (казаков), только что окончившие или учившиеся в средних и высших учебных заведениях г) участники национальной партии «Алаш-Орды». Плюс к этим разношерстным элементам совершенно политически неграмотные, но революционно настроенные рабочие и сыновья трудящихся из категории, так называемых, недоучек»83 сияқты элементтерден тұратындығына баса мән береді.

Республикалық басшылықтың жоғарғы эшелонында қызмет істеген Ұ. Құлымбетовтың 1925 ж. кейінгі кезеңдегі топшылдыққа берген бағасы мынадай: «В связи с присоединением трех южных районов и отходом Оренбургской губернии, наша организация изменяет свою физиономию, именно вливаются коммунисты с разделением на 2 группы (для ясности назову их вождей), Ходжановской группы и второй Рыскуловской. Не беру смелость точно характеризовать, но должен заявить (помоему мнению) эти две группы не имеют принципиального разногласия, а вели борьбу за портфеля и за первенство Ходжанова или Рыскулова, а идеологически они оба были одного происхождения... В последнее время есть, правда, зафиксированное мнение тов. Рыскулова взятой им линии, но это заставляет нас пожелать провести это на деле, а у Ходжанова своеобразная программа, которую, я лично, не смог понять, но одно понятно: «работай для казаков», конечно, это тоже есть отход от линии партии».84 Оның бағалауымен толық келіспегенімізбен де Қожанов тобының ұлтшылдық бағытына қатысты тұжырымы күмәнмен айтылса да мәселеге нақтылық береді.

Сол кезеңнің өзінде партия-кеңес қызметкерлері тарапынан топшылдықты ұлттық және таптық мүддеден туындайды деген пікірлер айтылмай қалған жоқ. Бұндай батыл пікірлерді теріске шығара отырып, Өлкелік Бақылау комиссиясының сұрауына 1926 ж. 12 желтоқсанында М. Қайыпназаров былай деп жауап қайтарады: «Некоторые т.т. склонны объяснять наличие группировок влиянием родовых, межнациональных и территориальных отношений на работников. Правда, бываеть случай особенно на местах, когда можно обьяснить группировку этими моментами. Но группировку краевого актива этими моментами объяснить нельзя. Она объясняется тем, что я говорил выще т.е. борьбой между собой за первенство, за власть, за влияние и т.д.». Ол осыған байланысты жергілікті жерлерде «қоныс аударушылардың жаңа толқынын болдырмау үшін» орыстарға қарсы және қазақ жерін тартып алушыларға қарсы «барлық қазақтар бірігіңдер» деген ұрандарды топшылдардың «көсемдері» топшылдық мақсаттар үшін көтеретіндігіне тоқталады. Сонымен бірге топшылдықтың әлеуметтік негізіне М. Қайыпназаров мынадай сипаттама береді: «Группировщикам можно дать такую характеристику что они большей частью социально чужды нам люди и большей частью служилцы Николаевского времени, они находятся под влиянием Алаш-Ордынск. нац интеллигенции и казакского байства отражая их идеологию в партий».85 Ол өзінің осы тұжырымын олардың арасында топшылдыққа кездейсоқ тартылып жүргендер де болуы мүмкін, оларды қайта тәрбиелеуге болады деген сөздермен аяқтайды.

Өлкелік Бақылау комиссиясының 1926 ж. қыркүйектің 21 күнгі сұратуы бойынша А. Лекеров «БК(б)П қазақ ұйымдарындағы топшылдықтың пайда болу себептері және оларды жоюдың тәсілдері» деген тақырыппен көлемді жазбаша мәлімет дайындаған. Ол топшылдық күрестің сырын тура мағынасында ұлттық және таптық идеялардан іздейді. «1917 ж. соң ұлтшыл-интеллигенттердің басқаруымен ұлтшылдардың партиясы және «Алашорда» үкіметі құрылды, ақпан және қазан төңкерісі аралығындағы қоғамдық қозғалыста олардың идеологиясы үстем болды, қазан төңкерісінен соң қазақтардың арасынан революцияны қолдаушылар шықты – дей келіп, - Қазақ-большевиктердің саяси тұғырнамасы алашордашыларға мүлдем қарама-қарсы позицияда болды, осылайша бір-біріне жауыққан қарама-қарсы екі саяси топ құрылды. Қазақ қоғамында бұрыннан тамыр жайып қалған және дәстүрлі байланыстары мықты алашордашылардың салмағы большевиктерден басым болды» деген қорытынды жасайды. Оның тұжырымы бойынша алашордашылардың «қазақ халқының мүддесі», «ұлттың мүддесі» дегендері бос сөз, бөспелік, бетперде ғана, шындығында олар үшін нағыз еңбекші халықтың мүддесі мүлдем жат болды, олар үшін тек қана байлардың мүддесі болды. Топшылдыққа таптық тұрғыда осындай саяси бірбеткейлікпен баға берген А. Лекеров «Алаш-Орда» умерла политическою смертью и похоронена в 1919-20 г.г. и с тех пор она является покойной»86 деген қорытынды жасайды.

Қазақ өлкесіндегі партиялық қызметте орын алған топшылдық әрекеттерге қатысты оның жасаған тұжырымдарынан жеке тұлғалардың атымен аталған «шылықтардың» бірінің сипаттамасын кездестіреміз. Ол 1920-1924 жж. аралығында саяси билік бұрынғы тілмаштар мен болыс басқарушылары тобының қолында болды дей келіп: «Группа переводчиков, управителей господствовало в течении 4-5 лет. Это было до некоторой степени неизбежно, закономерно, ибо в переходный трудный период, в период неразберихи всегда моментом пользуются грязные элементы и они выступают на сцену. Принципиалом и идеологом этой группы был Мендешев, поддерживаемый тогдашним секретарем Обкома ВКП (б) товарищ Корестелевым. Этот период по моему войдут в историю казакской организации, как эпоха Мендешева-Корестелева» деген тұжырым жасайды. Бұл тұжырым «меңдешовшіліктің» сырын ашуға бағытталғаны белгілі. Оның топшылдықтың қалыптасуы жөніндегі бағасы да қызғылықты. Осы мәселеге қатысты былай дейді: «Причину возникновения группировок можно формулировать так: внутренные и внешние противоречия Казакстана порождают разногласия, группировка есть борьба мнении и взглядов по принципиальным вопросам, при чем она переплетается с родовыми и национальными моментами, которые затушевывают вопрос и придают ему своеобразную специфическую форму».87 Таптық көзқараста жасалған Лекеровтың бұл тұжырымы қазіргі таным талаптарына сай таратуды қажет етеді. Әсіресе топшылдықтағы рушылдық фактордың әсеріне қатысты мәселе. Дәстүрлі қоғамда рулық қатынастар қоғамдық өмірдегі реттеуші, үйлестіруші тетік болғаны рас. Бірақ бұл үйлестіруші тетік кеңестік билік жағдайында іргесі сөгіліп, өзінің бұрынғы мәнінен айрылған еді. Ауылдық, болыстық, әрі кеткенде уездік деңгейдегі саяси үрдістерде белгілі дәрежеде ықпалын сақтап қалған рулық қатынастар ұлттық деңгейдегі мәселелерде шешуші мәнге ие бола алған жоқ. Алаш қозғалысының басшылары ұлттық идея төңірегінде тастүйін тұтастық танытуына дәстүрлі қоғамдағы рулық бөліністер ықпал еткен жоқ. Ал республикалық деңгейде орын алған топшылдық күрестерден рушылдық ықпалын іздеу қате болар еді. Кеңес өкіметінің алғашқы жылдарында таптық және ұлттық мүдде элиталық топтардың пайда болуы мен қызметінде басты үйлестіруші фактор болды. Олардың қызметінде қазақ қоғамын жаңыртудың тәсілдері мен түрлерін таңдаудағы көзқарас айырмашылығы билікке қол жеткізу үшін күреске ұласты. Демек, элиталық топтардың қалыптасуында партиялық билік басты мән беретіндей рулық қатынастар шешуші фактор болған жоқ, ол тек қосалқы мәнге ие болды.

Тіпті топшылдыққа қатысты Өлкелік партия комитетінің сауалына жауап берушілердің қатарында «Мы знаем, как на группировках отыгрывался всякий преступник и всякий идиот пристав к одной из группировок, тем самым прикрывая свою преступность, объясняя все что угодно «родовым» и «группировочными» моментами. Мы знаем, как из-за групировок стиралась грань между буржуазными националистами и коммунистами, нередко первые руководили, последили в их внутрипартийной борьбе. Так эксплоатировали партию и власти эта последняя категория лиц»88 деген ұшқары пікірлер де орын алды. Бұл пікірден аңғаратынымыз, партиялық билік ел ішіндегі азаматтық, қылмыстық құқықтармен шешілетін жайттарды да топшылдық күреске тықпалау арқылы Қазақстанда жүргізген саясатының саяси-әлеуметтік негізінің қасаңдығын танытты.

Голощекиннің Қазақстанда саяси ұйымдардағы топшылдық ағым ретінде кеңінен «насихаттаған» «қожановшылық» үшін Сұлтанбек Қожанов өзін саяси айыптаудан қорғап, 1927 ж. 12 ақпанында ВК(б)П Өлкелік Комитетіне арнайы хат жолдайды. Осы құжатта оның «Группировка в моей политической жизни, как указывал выше, являлась результатом моего активного реагирования на окружающую политическую среду, а отнюдь не плод моего личного творчества. Поэтому я с не меньшей категоричностью и торжественностью, чем любой из бывших группировщиков, как тт. Исаев, Садвокасов и другие, заявляю, что я всегда осуждал и ныне осуждаю группировки и всецело солидарен с решением Казкрайкома о группировках»89 деген мәлімдемесі топшылдық пайда болуының саяси тетіктеріне назар аударуға мүмкіндік береді. Солай дей отырып С. Қожанов өткен уақытта өзінің де топшылдыққа қатысының болғандығын, топшылдықтың Қазақстанның мүддесі үшін зияндығын алғашқылардың бірі болып «айғайлап» айтқандығын еске салады. Сонымен бірге топшылдықтың өзі республика партия ұйымы басшыларының бірі болған кезінде жойылмағандығы «менің кінәм емес, ол менің сорым: өйткені беделді басшы болмады» деп мәлімдейді. Қожановтың «беделді басшы болмады» деген сөзі одан әрі тарқатуды қажет етеді.

Қазақстандағы топшылдық күрестің сипаты және салдары туралы оның өзі былай дейді: «В такой обстановке группировки были неизбежны, и они в Казахстане приняли форму узаконенного метода партийной работы. Об этом очень многое могли бы рассказать тт. Ежов и Нанейшвили, все руководящее влияние которых тогда было построено главным образом на учете соотношений групп и умелом "сбалансировании" групп. Я всегда протестовал против узаконения групп, но это всегда невольно принимало форму требования монопольного господства своей группы, поскольку на деле выходило, что я сам руководил одной из групп. Не хватало бесспорно авторитетного, без сомнения, вне группы и выше группы стоящего руководителя. Об этом в своем письме на имя т. Сталина и т. Куйбышева 6 июня 1925 г. я писал следующее: "По-моему основы работы должны заключаться в учете местных условий, выявлении нужд мест и обслуживании их, проводя в то же время без зигзагов общеполитическую линию партии, преподаваемую в директивах ЦК».90 Ол өз хатында топтардың арасында «Өлкелік Комитеттің тепе-теңдік ұстауы, тығылмашақ ойнауы және дипломатиялық сыпайылық жасауы жағдайында, сенімсіздік ахуалы мен қателіктерді таяқтың ұшымен және дөрекі тәсілдермен» топшылдықты жеңу мүмкін емес екендігін атап көрсетеді.

Қазақстандағы топтық күресті БК(б)П ОК қызметінде орын алған саяси күреспен салыстыруға болады. Орталықтағы және аймақтардағы билеуші саяси элитаның басым бөлігін «ескі гвардия» құрағанымен 1920 жылдан 1930 жылдардың басына дейін биліктің жоғарғы эшелонының өз ішінде жікшілдік сипатты белгіге айналған. Мемлекеттің өмір сүруіне қауіп төндіреді деген бұндай жікшілдікті жою үшін басқару аппаратын тазарту қажеттілігі айқын сезілді. Партияның Х съезінде (1921 ж.) «Партияның бірлігі туралы» қаулы қабылданып, онда партия қатарында фракция ұйымдастыруға тиым салынды, кез келген деңгейдегі сайланбалы орган басшыларын үштен екі дауыспен партия қатарынан шығаруға Орталық Комитет пен Орталық Бақылау комиссиясына құқық берілді. Съезд шешімдерінде экономикалық бағыт жұмсартылғанымен саяси тәртіп күшейе түсті. 1930 ж. Саяси Бюро құрамынан А. Рыков пен С. Сырцов шығарылғаннан кейін биліктің жоғарғы эшелонында тек басты бағытты жақтаушылар ғана қалды. Солай дей тұрғанымен де саяси элитаның ішкі құрылымы іштей топтасқандық сипат ала алмады, қайта ол саяси алыс-беріс жасайтын алыпсатарлар қауымдастығына көбірек ұқсады. Осыған байланысты В. Молотов Лениннің кезінде-ақ «Саяси Бюроның әрбір мүшесінің арқасында өз жақтастарының тобы»91 болатын еді деп еске алады. Осылайша жікке бөлініп тұрған жоғары басқару эшелонындағы бірлікті Лениннің беделі сақтап тұрғандай еді. Лениннің қазасынан соң билеуші номенклатураның арасындағы ішкі қарама-қайшылық күшейе түсті. Алғашқы кезде элитаішілік күрестің басты себебі елдегі модернизацияны іске асыру концепциясы және билік үшін күрес түрінде маңызды сипат алса, Саяси Бюро құрамы оппозициялық күштерден тазарған кезде бұл күрес асқынғанда ведомстволық мүдде үшін қақтығыспен шектеледі. Бұл жағдай биліктің жоғары эшелонындағы алауыздық және тартыс мақсаттарының ұсақтығы түрінде көрініс тауып, элита қызметінің тиімділігін барынша төмендетіп жібереді. Орталық биліктің қызметінде орын алған даму барысында айналып өтуге болмайтын бұндай саяси ахуал қазақ қоғамында жоғарыда айтылғандай топшылдық күрес түрінде барынша түрленіп, көрініс тапты.

Демек, ұлттық саяси элита өкілдерінің топшылдық күресінің мәні мен мақсаттарына берілген партиялық билік бағасының негізсіздігін әшкерелей келе осы саяси құбылысқа жаңаша көзқарас қалыптасуы қажеттілігіне көз жеткіземіз. Ол көзқарас топшылдықты саяси құбылыс ретінде кемшілік, жетістігімен бірге саяси элитаның кеңестік билік жағдайында ұлттық мүддені қорғауға бағытталған күрес тәсілі ретінде қарастыруға негіз болады.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   18




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет