Сборник материалов и документов Алматы 2011 ббк а құрастырушы: Х. М. Тұрсұн Алаш қозғалысының Оңтүстік қанаты



бет1/18
Дата07.11.2016
өлшемі10,34 Mb.
түріСборник
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   18
АЛАШ ҚОЗҒАЛЫСЫНЫҢ ОҢТҮСІК ҚАНАТЫ

Құжаттар мен материалдар жинағы

ЮЖНОЕ КРЫЛО ДВИЖЕНИИ АЛАШ

Сборник материалов и документов

Алматы

2011



ББК

А

Құрастырушы: Х.М.Тұрсұн



Алаш қозғалысының Оңтүстік қанаты.

Құжаттар мен материалдар жинағы. Наурыз 1917 ж – мамыр 1935 ж

Алматы: « » 2010.

ISBN


Кітап Алаш қозғалысының Оңтүстік қанатының тарихына арналған. Бірінші бөлімде Түркістан ұлт-азаттық қозғалысы құрамындағы Алаш қозғалысы Оңтүстік қанатының қалыптасуы мен қызметін айқындайтын мақалалар топтастырылған. Екінші бөлімде осы құбылыстың тарихына қатысты тарихи деректер ұсынылады.

© Тұрсұн Х.

*******

Назарларыңызға ұсынылып отырған жинақ осы кезге дейін «Алаш мұрасы» сериясымен жарық көрген көптомдықтың жалғасындай болып көрінгенмен мазмұны және құрылымы бойынша олардан дербес дүние екендігін еске саламыз.



Қазақ жеріндегі Алаш ұлт-азаттық қозғалысы тарихи жағдайларға байланысты Шығыс (Орталық) және Батыс Алашорда болып бөлінгені – тарихи дәйек. Бір-бірінің идеялық бағытында, саяси ұстанымдарында елеулі айырмашылықтары болмаған бұл үкіметтік құрылымдардың қызметін айғақтайтын тарихи деректер жоғарыда аталған жинақтарда ғылыми айналымға ұсынылды. Ал осы жинақ Алаш қозғалысы қызметінің жаңа қыры - Оңтүстік қанаты туралы ғылыми тұжырымды негіздеуге және оның тарихын нақты тарихи деректермен айғақтауға арналып отыр. Осы мақсатқа сай кітаптың бірінші бөлімі «Алаш қозғалысының оңтүстік қанаты» деген атпен тақырыптың өзекті мәселелерін ғылыми-деректік тұрғыда талдаған мақалаларды құрайды. Бұл мақалалар топтамасында күрделі тарихи тақырыптың қыры мен сыры толық ашылды деп ойламаймыз. Ең басты мақсат – тарихи таным үшін елеулі жаңалық болуы тиіс ғылыми тұжырымның негізін қалау. Түркістан өлкесіне қараған қазақ облыстары қазақ жерінің құрамды бөлігі екендігі сияқты онда қалыптасқан және қызмет жасаған Алаш қозғалысының Оңтүстік қанатының тарихы да Отан тарихының құрамдас бөлігі екендігі ақиқат.

Түркістан ұлт-азаттық қозғалысында саяси күрестің алдыңғы легіне шыққан С. Лапин, М. Тынышбаев, М. Шоқай, Қ. Қожықов сияқты ұлттық элита өкілдері 1917 ж. қос төңкеріс арасында өлкедегі қоғамдық-саяси өмірге белсене араласты және «Шурои-Исламия», «Шурои-Улема» ұйымдарын құруға бастамашыл болды. Сонымен қатар Бүкілқазақ съездеріне қатысып, Алаш партиясын құруға, Алашорда үкіметін жасақтауға белсене араласты. 1917 ж. 26 қарашасында құрылған Түркістан мұхтарияты Уақытша үкіметін, Уақытша Халық кеңесін жасақтауға белсене араласып, осы мемлекеттік құрылымдарға басшылық жасады. Олардың саяси бастамашылығымен қазақ мемлекетінің территориялық, ұлттық тұтастығы идеясы алғаш рет көтерілді.

1920 ж. көктемінде Қазақ өлкесін басқару жөніндегі Революциялық комитеттің бұйрығымен алашордашыларға рақымшылық жасалған соң қазақ жеріндегі бірқатар Алаш қайраткерлері қалыптасқан жағдайларға байланысты Түркістанның орталығы Ташкент қаласына шоғырланып, саяси және мәдени тұрғыда аса жемісті еңбек етті. Алаш партиясы бағдарламалық құжаттарында тұжырымдалған ұлттық идеялар олардың өлкедегі сан-салалы қызметтері арқылы кеңес өкіметінің қоғамды жаңарту үрдісінде түрлі мазмұнда жалғасын тауып жатты. Соның бір мысалы ретінде Түркістанда жүргізілген жер-су реформасының алаштық идеямен іске асқандығын айтуға болады. Өлкедегі мәдени-ағарту жұмыстарында алашордашылардың бастамашыл әрекеттері айқын білініп тұрды.

Түкістандағы кеңестік биліктің жоғарғы эшелонына тартылған Т. Рысқұлов, Н. Төреқұлов, С. Қожанов, С. Асфендияров және т.б. ұлттық элита өкілдерінің саяси қызметінде ұлт-азаттық идеясы одан әрі жалғасын тапты. Дегенмен, осы аталған саяси элитаның арасында большевиктік билік қуаттаған таптық ұстанымдар мен алаштық үлгідегі зиялылар ту етіп көтерген ұлттық құндылықтарға байланысты жіктелу пайда болды. Біртұтас ұлттық элитаның арасына түскен бұл жік 1924 ж. ұлттық-территориялық межелеуге дейін-ақ саяси сипат алып, элитаішілік алауыздыққа айналып, топтық күреске ұласты. Осы саяси күрес барысында дүниеге келген құжаттар қазіргі тарихи танымға Отан тарихының тұтас кезеңінің ақиқатын ғылыми тұрғыда қалпына келтіруге қызмет ететін тарихи деректерге айналып отыр.

Осыған байланысты кітаптың екінші бөліміне архив қорларынан алынған көптеген құжаттар алғаш рет ғылыми айналымға ұсынылады. Өз кезінде нақты мақсаттарды көздеген кейбір құжаттардың өзі қазіргі уақытта тарихи танымның нысанына айналып, тарихи-мәдени ескерткіш сипатын иеленді. Демек, ұсынылып отырған құжаттарға назар аударғанда арада қанша уақыт өткені, сонымен бірге қоғам өзгеріп, танымдық құндылықтардың ауысқандығы, ең бастысы жалпы оқырман қауымның мәдени-интеллектуалдық деңгейінің өскендігі есте болуы керек. Ұсынылған құжаттар мазмұнының күрделі сипаты ондағы саяси, әлеуметтік ақпараттың сезімдік қабылдаумен игерілмейтін қиындығын алға тартады. Солай екен деп архив қорларында Отан тарихының бүгінгі қоғамдық санаға қызмет жасауы тиіс ақиқатты бүгіп жатқан құжаттық деректерді айналымға ұсынбауға, тарихи танымнан жасыруға болар ма еді? Әрине, тарихшының міндеті өткен оқиғаға, тұлғаларға баға беру емес, тарихи ақиқатты тануға ықпал жасау болғандықтан да, бұл құжаттар топтамасы көтерілген тұжырымды интеллектуалды тарих тұрғысында талдауға қызмет жасайды деп сенеміз.

Жинаққа барлығы 37 құжат топтастырылған. Құжаттар негізінен Қазақстан Республикасы Президентінің архивы мен Мәскеудегі РГАСПИ қорларынан алынды. Осы архив қорларынан іріктелген 27 құжат алғаш рет жарық көріп отыр. Олардың көпшілігі стильдік ерекшелігі сақталып, өзгеріссіз берілді. «Алаш қозғалысы» жинағының 3 томы бірінші кітабына енген кейбір құжаттардың (№8, 10) толық нұсқасы ұсынылды. Алаш қозғалысы Оңтүстік қанатына қатысты кейбір құжаттар (№1, 2, 3, 16, 18, 20, 26, 34, 37) бұрын жарық көрген жинақтардан іріктеліп алынды.



Кітаптың құрылымы алғы сөз, мақалалар топтамасы, құжаттар мен материалдар топтамасы, есімдер көрсеткіші, пайдаланылған құжаттық және анықтамалық әдебиеттер тізімі түріндегі бөліктерден құралады. Әр құжаттың соңына мүмкіндігінше ескертпелер берілді. РГАСПИ қорынан алынған құжатты (№19) ұсынған ҰҒА акаденигі М.Х. Асылбековке, жинақтағы құжаттарды дайындауға ғылыми кеңесімен көмек жасаған ҚРПА бөлім меңгерушісі, т.ғ.к. Е.М. Грибанова ханымға алғысымды білдіремін.
Тарих ғылымдарының докторы Х.М.Тұрсұн.

І БӨЛІМ
АЛАШ ҚОЗҒАЛЫСЫНЫҢ ОҢТҮСТІК ҚАНАТЫ
Түркістан ұлт-азаттық қозғалысының сипатты белгілері
Түркістан өлкесінде ХХ ғ. бас кезінде жергілікті халықтардың түрлі саяси, ағартушылық ұйымдары құрыла бастады. Ағартушылық мақсатта құрылған бұндай ұйымдар өлкедегі қоғамдық-саяси даму барысында өз қызметінің ауқымын кеңейтіп, отаршылыққа қарсы күрес дәлелдерін бағдар етіп, қуатты қозғалыстарға ұласа бастады. Шағын үйірмелердің қуатты қозғалысқа айналуында Түркиядағы жастүріктер, Ирандағы жаспарсылар, Бұқарадағы жасбұқарлықтар сияқты саяси қозғалыстардың ықпал әсері аз болған жоқ. Ұлт-азаттық қозғалыстағы бұл шығыстық фактордың басым болуы өлкедегі қозғалыстардың басты үш бағытын айқындады, олар: жәдитшілік, мұсылмандық және түркішілдік. Бұл бағыттардың әрқайсысының ұстанған позицияларына қарай сипаттық, мазмұндық ерекшеліктері болды. Айталық, Махмутқожа Бехбуди, Мүнавар Қары Абдрашитханов бастаған жәдитшілердің діни білім беруді реформалауға бағытталған іс-әрекеті қоғамдық өмірді демократиялық жолмен жаңарту бағытына ойысып, саяси сипат ала берді. Ал мұсылмандық қозғалыс қоғамдық өмірді жаңалауда конфессиялық құндылықтарға басымдық берді. Бұл қозғалыс өз ішінде мемлекеттік құрылыста құран мен шариғат заңдарын басшылыққа алуды талап еткен «Шуро-и Улема» сияқты консерваторлық күштерге және діни белгіні отаршылыққа қарсы күреске жұмылдыратын ортақ белгі деп бағалайтын біршама демократияға бейім күштерге бөлінді. Ал түрікшілдік қозғалыс отарлық билікке қарсы полиэтникалық бірлікті басты бағдар етіп ұстанды. 1917 ж. қазан төңкерісіне дейін осындай негізгі үш ағымға бөлінген ұлт-азаттық қозғалыс өз қатарына әлеуметтік тегі әртүрлі, мәдени деңгейі ала-құла, ең бастысы саяси күрес тәжірбиесі әркелкі топтарды біріктірді. Олай дейтін себебіміз, Түркістан ұлт-азаттық қозғалысын құрайтын бұл саяси күштер арасынан 1917-1924 жылдардағы қаурыт қоғамдық-саяси даму практикасы барысында ұстанымдары мен әрекеттері бір-біріне мүлдем қарама-қарсы «Шуро-и Улема» мен «Иттифок-и-муслимун» (Мұсылмандар одағы) сияқты ағымдар саяси сахнаға шықты. Тіпті мұсылмандық, түркілік бірлік идеясын ту етіп көтерген саяси қозғалыс өкілдерінің кейбірі кеңестік билікке қарсы қарулы күрес жолына түсті. Кеңестік билік «басмашылар» деп атаған бұл күрескерлердің ұлттардың өзін-өзі билеуіне, ұлттық тәуелсіздікке қол жеткізуге бағытталған әрекеттеріне қармастан олардың арасында да саяси-идеялық тұтастық бола қойған жоқ. Бұл әрине, күрес тәжірбиелерінің кемшіндігіненде бұрын олардың саяси-идеялық ұстанымдары мен бағдарламалық мақсат-міндеттерінің бір арнаға тоғысуына қолайлы жағдай туғызбаған әлеуметтік әртектілігі еді.

Түркістан ұлт-азаттық қозғалысы өлке халықтарының тәуелсіздік жолында ХІХ ғ. соңы – ХХ ғ. басында қазіргі заманғы жалпыадамзаттық және демократиялық құндылықтар мен ұстанымдар негізінде әрекет жасаған ұлт-азаттық қозғалысының жиынтық атауы ретінде айқындалады. Қарулы және саяси күрес сипатындағы қозғалыс уақыт шегінде бірнеше кезеңдерді қамтиды. Бірінші кезең – ХІХ ғ. 60 жылдарының соңынан ХХ ғ. бас кезіне дейінгі аралық. Бұл кезең ең шырқау биігі 1889 ж. Андижан көтерілісі болған тәуелсіздік үшін қарулы күрес кезеңі болды. Екінші кезең – 1917 ж. дейінгі аралықты қамтып, өлкеде жәдитшілік сияқты мәдени-ағартушылық ағымдардың билікті конституциялық жолмен өзгертуді мақсат етіп қойған саяси күрес тетіктерінің қалыптасып, орнығуы. Бұл кезең 1916 ж. өлкенің көп аймақтарын қамтыған, әсіресе Сырдария облысында күрделі сипат алған ұлт-азаттық көтеріліспен қортындыланады. Үшінші кезең – 1917 ж. ақпан төңкерісінен 1918 ж. Түркістан мұхтариятының қуып, таратылуы және Түркістан кеңестік социалистік автономиясы құрылғанға дейінгі аралықты қамтиды. Бұл кезеңнің басты белгілері «Шурои Исламия», «Шурои Улема», «Иттифоқи муслимун» сияқты ұлттық саяси партиялар мен қозғалыстардың қоғамдық-саяси қызметі және Түркістан мұхтарияты (Қоқан автономиясы) атты ұлттық мемлекеттік құрумен ерекшеленеді.

1917 ж ақпан төңкерісіне дейін Түркістан ұлт-азаттық қозғалысының қалың ортасында жүрген М. Тынышбаев, М. Шоқай, С. Лапин, Ә. Оразаев, С. Ақаев, Қ. Қожықов сияқты этноэлита өкілдері европалық білім алған, Ресейдің демократиялық қозғалыстарының ықпалында саяси дайындықтан өткен тұлғалар еді. Олар 1917-1918 жж. Түркістандағы тарихи оқиғалардың алдыңғы сапында болды. Үшінші кезең 1918-1929 жж. аралығындағы кеңестік билікке тартылған ұлт коммунистері Т. Рысқұлов, С. Қожанов, С. Асфендияров және т.б. жергілікті ұлт қайраткерлерінің кеңестік билік құрылымына ұлттық мазмұн беру жолындағы күресімен ерекшеленеді. Бұл күрестің апогейі 1920 ж. қаңтарында Ташкентте өткен Мұсбюроның ІІІ төтенше конференциясында РКФСР құрамындағы болашақ Түрік Кеңес республикасының саяси ұйымын «Түрік халықтарының Коммунистік партиясы» деп атау туралы шешім қабылдау болды. Төртінші кезең кеңестік билікке қарсы қарулы күрес түрі ретінде басмашылық қозғалыстың өршіп, бірнеше ұлттық мемлекеттердің құрылуымен ерекшеленеді.

Қазақстанның тәуелсіз дамуы ұлттық, жалпыадамзаттық және демократиялық құндылықтар мен ұстанымдар негізінде биік мұраттарға бағыт түзеп келеді. Елімізде әлеуметтік-экономикалық, саяси-құқықтық реформалардың іске асырылуы мәдени-рухани өмірімізге жаңа сипат, тың мазмұн берді. Сондай түбірлі өзгерістер тарих ғылымының әлеуметтік қызметіне де ықпал жасады. Осыған байланысты Нұрсұлтан Назарбаев «Тарих дегеніміз өткеннің ғана сабағы емес, ол едәуір дәрежеде болашақтың да көрінісі», «қазақ тарихы фактілердің өлі қоймасы емес, бұл өзі орасан зор дәйектеуші және дәлелдеуші күш»1 деп атап көрсеткен болатын. Бұл тұжырым еліміздің алдында тұрған қоғамдық сананың жаңару үрдісіндегі тарих ғылымының кешенді міндеттерін айқындайды.

Отандық тарихтың мазмұнын байытып, осы кезге дейін қалыптасқан тарихи таным мен тарихи сананы қайта қарауда күрделі де түйінді зерттеу нысанының бірі - Түркістан тарихы. Бұл тақырып отандық тарихшылар тарапынан біршама зерттелгенімен геосаяси ерекшеліктеріне байланысты концептуалды тұрғыда терең қарастыруды қажет етеді. Ғылыми зерттеу бағыттарының міндеттері осы күрделі тарихи құбылыстың себеп, салдарлы байланыстарын, ортақ заңдылықтары мен ерекшеліктерін айқындауды тың әдіснамалық тәсілдерді қолданып игерілуі тиіс. Осындай ерекшеліктер Түркістан ұлт-азаттық қозғалысы тарихының мынадай өзектілігін айқындайды: біріншіден, патшалы Ресейдің Қазақстанның оңтүстігі мен Орта Азияны отарлауы нәтижесінде құрылған әкімшілік-мемлекеттік бірлік ретінде Түркістан генерал-губернаторлығы мен Түркістан кеңестік автономиялық республикасының тарихы отандық тарихтың ажырамас құрамды бөлігі. Тарихи жағдайлармен Түркістанның құрамында болған қазақ елі мен жерінің біртұтас ұлттық мемлекеттілігімізді қалыптастырудағы маңызы өте зор. Жарты ғасыр әкімшілік-территориялық оқшаулық жағдайында өлкеде патшалық, кеңестік биліктер ұлттық еркін ой-сананы озбырлықпен бұғаулап, ұлттық болмысты деформациялау саясатын жүргізді. Бұл саясат, әсіресе, өлкеде мемлекеттік билік құрылымдарының қалыптасуы мен ұлттық элита жүйесінің орнығуындағы кереғарлықтардан айқын байқалды.

Осыған байланысты өлкеде ұлыдержавалық шовинизмге қарсы тұрған күш ретінде кең өріс алған түркілік бірлік идеясы мен кеңестік тәртіптің ұлттық-территориялық межелеу арқылы ұлт республикаларын құру саясаты да тәуелсіздік идеологиясы талаптарына сай дәстүрлі тұжырымдардың ықпалынан арылып, қазіргі заманғы әдіснамалық тұрғыда қайта бағалауды қажет етеді; екіншіден, ХХ ғасыр басындағы дүниежүзілік ұлт-азаттық қозғалыстың аймақтық көріністері түрінде пайда болып, даму барысында дербес саяси құбылыстарға айналған Түркістан ұлт-азаттық қозғалысы мен Алаш қозғалыстары да қазіргі кезде тарихи ойдың қызығушылығын оятып отыр. Қазақстан мен Орта Азия республикалары тәуелсіздігінің бастауында тұрған бұл қозғалыстарды бірін-бірі толықтыратын біртұтас ортақ құндылықтарымен және саяси-рухани ерекшеліктерімен қайталанбас дара құбылыстар ретінде қарастыру қажеттілігі айқын сезіліп келеді. Бұл мәселеге тың әдіснамалық тәсілдер бойынша назар аударылар болса тарихи танымның игілігіне айналатын соны нәтижелерге қол жеткен болар еді. Бұл қозғалыстардың идеялық сабақтастығы мен бағдарламалық мақсаттарының сәйкестігі үйлестіруші факторларының ортақтығымен бірге олардың басқарушы элита өкілдерінің де саяси көзқарасы мен рухани-мәдени ұстанымдарының ортақтығынан туындап жатты. Бұндай саяси, мәдени-рухани ортақ ұстанымдардың негізділігі қазіргі бауырлас мемлекеттер арасындағы интеграциялық ықпалдастықты одан әрі өрбітуге жаңа тыныс береді .

Түркістан өлкесінде іске асырылған кез-келген модернизация осындай себептермен «жоғарыдан төменге» қарай бағытталғаны белгілі. Оның бір мысалы ретінде Г. Сафаровтың «Қазан төңкерісі Түркістанға телеграф арқылы келді» деген тұжырымын атауға болады. Тоталитарлық биліктің саясаты халықты терең әлеуметтік, саяси күйзелістерге ұрындырғандықтан да осының бәріне тікелей араласқан басқарушы элитаның қоғамдық құбылысқа айналған қызметін тану қажет-ақ.

Маркстік методология тарихи таным мен тарихи сананы өзінің табиғатынан таптық сипатта болып келеді, сондықтан да ол таптық тұрғыдағы дәйектілікті қажет етеді деп бағалады.2 Ұлт-азаттық қозғалыстардың тарихына кеңестік тарихнаманың қалыптастырған таптық негіздегі тарихи танымын қайта қарап, осы құбылыстар туралы тәуелсіз тарихи сана қалыптастыруда соңғы жылдары орасан зор жұмыстар атқарылды.

Әйтсе де тарихи зерттеулерде таптық көзқарастың негізінде қалыптасқан танымға жаңа мазмұн беруде сол ескі әдістеме тәсілдерінің ықпалынан шыға алмау бағыты байқалады. Атап айтқанда, тарихи танымда кері ықпал заңдылығы үстемдік алуда. Оның мәні кеңестік қоғамдық ұлықталған саяси, әлеуметтік құндылықтар тәуелсіз санада мүлдем кері мазмұнда түсіндірілуде немесе бұрынғы таптық тұрғыда сыңаржақ сынға алынған құбылыстар әспеттеліп, идеалға айналдыруда. Тарихи зерттеулердегі бұл бағыт жаңаланған тарих мазмұнына біржақты сипат беретіндіктен де мәселеге қатысты қазіргі заманғы теориялық-әдіснамалық негіз орнығуы керек.

Түркістан ұлт-азаттық қозғалысының тарихнамасы сипаты, мазмұны жағынан өте күрделі болатын себебі, ол өзінің бағдарламалық мақсаттары, қызмет аясы, әлеуметтік-саяси негізі, тіпті ұйымдық құрылымы бойынша қайталанбас ерекшеліктері мол ауқымды тарихи құбылыс еді. Мәселенің шындығы - бұл ұлт-азаттық қозғалыстың Ресей империясы құрамында отарлық езгіге түскен Қазақстан мен Орта Азия халықтарының тәуелсіздік жолындағы күресінің ең биік шыңы екендігі. Осы мәселеге қатысты екінші бір ақиқат, бұл ұлт-азаттық қозғалыстың аймақтық сипатпен шектелмей, ХХ ғ. басында отарлық езгіге, империялық өктемдікке қарсы әлемдік қозғалыспен үндескен идеялас құбылысқа айналғандығы.

Кеңестік тарихнамада осы екі ақиқат бұрмаланып келді. Олай болатыны, таптық қағиданы басшылыққа алған әдіснамалық негіз ұлт-азаттық қозғалыстың тәуелсіздік идеясына қосалқы деңгейде мән беріп, оның әлеуметтік, таптық сипатын әсіре дәріптеді. Осы себептен туындаған салдарлар екінші ақиқатты көлегейледі. Яғни, ұлт-азаттық қозғалыстағы, әсіресе Түркістан қоғамындағы жастүріктер, жаспарсылар, жасбұхарлықтардың ықпал-әсері, жәдитшілік, мұсылмандық, түркілік бірлік сияқты ұлттық мазмұндағы идеялық ағымдар мен қозғалыстардың ықпал-әсері ресейлік демократиялық күштердің тасасында қалды, тіпті олар бір-біріне қарама-қарсы қойылды.

Осындай себептермен де Алаш қозғалысын маңыздылығы аймақтық шеңбермен шектелмейтін Түркістан өлкесіндегі ұлт-азаттық қозғалыспен тарихи сабақтастықта қарастырудың маңызы зор. Академик К. Нұрпейістің тұжырымы бойынша «Алаш» немесе «Алашорда» қозғалысы бірнеше құрамдас бөлімдерден тұратын күрделі ұғым. Олар, біріншіден, саяси партия ретіндегі Алаш, екіншіден, мемлекеттік құрылым түріндегі Алаш автономиясы, үшіншіден, осы автономияны (Алаш атты қазақтың мемлекеттілігін) басқаруға тиісті болған Алаштың ордасы (Алашорда үкіметі) туралы мәселелер. Осы нақты үш мәселе жиынтығы Алаш немесе Алашорда қозғалысы деген ұғымды білдіреді.3 Дара құбылыс ретінде осылайша айқындалған Алаш қозғалысын Түркістан өлкесіндегі ұқсас құбылыспен салыстыруға болады. Түркістан өлкесіндегі ұлт-азаттық қозғалыс саяси ала-құлалығымен және әлеуметтік әртектілігімен ерекшеленді. Түркістан қозғалысын өлкедегі азаттық, тәуелсіздік жолындағы күреске мұсылмандық, түркілік бірлік идеясы негізінде топтасқан саяси күштердің ұйымдасқан белсенді әрекеті деп бағаласақ керек. Мақсаты ортақ, сипаты бір Алашорда үкіметі мен Түркістан автономиясы (Туркистон Мухторияти) үкіметі ұлт-азаттық қозғалыста бірін-бірі толықтыратын ұлттық, әлеуметтік, саяси тұрғыдан туыстас құбылыстар болғандықтан да оларды өзара ықпалдастықта қарастырудың танымдық тиімділігі жоғары.

Бірінші дүниежүзілік соғысқа дейін Түркістан жәдитшілерінің бағдарламалық құжаттарында феодализм мен отаршылдыққа қарсы күрестің дәлелдері айқындалып, билік институттарын конституциялық жолмен реформалау идеясы қалыптасты. Осы идея төңірегіне топтасқан Түркістан халықтарының отаршыларға қарсы ортақ күреске жалпытүркілік, мұсылмандық негізде бірігуі патша өкіметі тарапынан қудаланды.

Отарлық билік аталған идеялық бағыттарға пантүркизм мен панисламизм деп саяси айдар тағып, оны Ресейдің мемлекеттігін ыдыратып, Түркия, Иранның басшылығымен жалпымұсылмандық держава құруға бағытталған қауіпті идеялық ағым деп жарияланды. Бұл отаршыл биліктің өз өктемдігін қорғауды көздеген идеологиялық байбаламы еді. Шын мәнінде жәдитшілер Ресейден бөлектенуге ұмтылған жоқ, мәселе – отаршыл езгідегі халықтың мұсылмандық ынтымақтастығы туралы болып тұр. Ортаазиялық мұсылмандар үшін Ресейдің басқа аймақтарындағы және дүниежүзіндегі мұсылмандармен өздерінің рухани және мәдени түрғыдан біртұтастығын сезінуде ислам факторы – олардың саяси ой-санасының бағдары болды. Бұл тұжырым өлке халықтарын саяси күреске топтастыру идеясының ең басты мәнін ашып көрсетеді.

1917 ж. 1-11-ші мамыр аралығында Мәскеуде өткен Бүкілресей мұсылмандарының 1 съезі Уақытша үкіметтің азаматтық келісім және Құрылтай жиналысы арқылы саяси-әлеуметтік мәселелерді бейбіт жолмен шешу саясатын бір ауыздан қолдады. Мұсылман халықтары үшін бұл кезеңде белгілі бір таптың мүддесін қорғаудан да отарлық тәуелділіктен құтылу қажеттілігі басым еді. Ақпан төңкерісінен кейін негізі қаланған өлкелік «Шурои Исламия» - Мұсылмандар кеңесі ұйымы Бүкілресейлік мұсылмандық қозғалыс ықпалымен құрылды. Ұйымның атауы өлкедегі этникалық әралуандықты саяси бірлікке топтастыруды байқататын еді. Бұл өлкенің полиэтникалық жағдайындағы ең бір ұтымды шешім болатын. Өлкедегі әртекті ұйымдар мен қоғалыстардың басын біріктіруші және үйлестіруші рөл атқарған Мұскеңес алдында ұлттық-демократиялық күштердің жікке бөлінуіне жол бермеу міндеті тұрды. Мұскеңес төрағасы М. Шоқайдың бастамасымен аталған ұйымдар идеялық алшақтығына қарамастан Өлкелік кеңеске бағынатын облыстық, уездік, болыстық және қалалық мұсылман депутаттарының кеңестеріне бірігуі тиіс болды.

Бұл әрекет «Шурои Исламияның» идеялық негізде жіктелуін тоқтата алмады. Осы жылдың маусым айында М. Шоқай, М. Бехбуди, М. Абдурашитхановтар басқарған «Шурои Исламиядан» С. Лапин басқарған жаңа саяси бірлестік «Шурои Улема» (Ғұламалар кеңесі) бөлініп шықты. Діни ақсүйектер тобының мүддесін көздеген улемалықтар тұрмыста және қоғамдық өмірде феодалдық-патриархалдық қатынастарды сақтап қалуды жақтаған дәстүршілгімен ерекшеленеді. Олар жәдитшілердің ағартушылық идеялары мен саяси көзқарастарын толығымен қуаттай қойған жоқ, әйтсе де саяси билік мәселелеріндегі ұстанымдарынаа түгелдей қарсы болатын. Халыққа түсінікті дәстүрлі дүниетаным мен дәстүрлі ұстанымдарға сүйенгендіктен де ел ішінде улемашылардың қолдаушылары аз емес еді. Мысалы, 1917 ж. Ташкент қалалық думасы сайлауында олардың басым дауысқа ие болуының өзі улемашылардың халық арасында кеңінен танымал болғандығын танытатын еді. Осыған байланысты М. Шоқай «Бүкіл Түркістан тұрғындарының көңіл-күйіне ықпал жасамақ болған осы екі ұйым - «Шурои Исламия» мен «Ғұлама қоғамы» бір-бірімен қырқысып жатты, ал «Түркістан өлкесі мұсылмандар кеңесі» осы екеуін жақындастыра алмай әуреге түсті. Осы екі ұйым арасындағы алауыздық біздің ұлттық тәуелсіздік жолындағы күресімізді бәсеңдетіп жұмысымызды былықтырды»4 деп жазды.

Бұл саяси топтардың көздеген мақсаттары да әртүрлі болды. Айталық, мұсылмандық ұйымдарға қарағанда түркістандық федералистер демократиялық бағдар ұстап, қоғамдық және мемлекеттік құрылыста батыс европалық либералдық-демократиялық үлгіні жақтады. Әйтсе де, олардың бағдарламалары бөтен ел тәжірибесінің тікелей көшірмесі емес еді, қайта олар жасаған ұлттық мемлекеттілік концепциясында дәстүрлі әлеуметтік мазмұн құқықтық норма және билік институттары сияқты демократиялық құндылықтар мен исламдық қағидалар түрінде көрініс тапты.

Түркістандағы мемлекеттік құрылым бойынша бұндай баламалы бағдарламалардың пайда болуы өлке халқының оянуы мен ұлттық саяси күштердің ұйымдық кемелденуін танытатын аса маңызды көрсеткіші болды. Сонымен бірге бұл әралуандық ұлт-азаттық қозғалыстың кейінгі тағдырын айқындаған алауыздықтың да көрінісі еді.

Ташкенттегі большевиктік өкімет жеңісінен соң «Шурои Исламия» бастаған Түркістан ұлттық-демократиялық күштері большевиктерге қарсы ымырасыз, бітіспес позиция ұстанып, өлке халқының өзін-өзі басқаруына қол жеткізуде саяси батылдық танытты. 1917 ж. 26 қазанда Бүкілтүркістан мұсылмандарының ІV съезінде Түркістан Мұхтарияты осылай өмірге келді. Осы тарихи оқиғадан соңғы кезеңдегі С. Лапин басқарған «Улеманың» саяси ұстанымы ұлттық-демократиялық күштер мен большевиктік өкіметтің арасында бұлталақтаған, тұрақсыз, қарама-қайшылығымен танылды. Оның басшылары Түркістан Мұхтарияты Уақытша үкіметіне Ресейдегі буржуазиялық-либералдық партиялармен одақтасу ниеті және буржуазияшыл, капиталистік сипаттағы бағдарламасы үшін сенімсіздік білдіретіндігін айтып жарияға жар салды.

Большевиктер «Түркістан Мұхтариятын» тығырыққа тіреген уақытта «Улема» ұйымы «Орыс социалистеріне» үндеуі арқылы «Шурои Исламия» түріндегі бұқаралық қозғалыстан іргесін аулақ салып, өлкенің болашағын, оның мемлекеттігін социализм қағидаларымен және большевиктермен ынтымақтасумен байланыстырып жатты. Бұндай саяси пікірталас ұзаққа созылмады, оның соңы ашық теке-тіреске ұласты. 1918 ж. 18 ақпанында Мұстафа Шоқайды улемашылар «сарай төңкерісін» жасап, Ергеш құрбашымен алмастыруы арқылы онсыз да саяси ахуалы шатқаяқтап тұрған ұлттық автономияны тағдырдың тәлкегіне тастады.

Түркістан қозғалысындағы осы негізгі екі бағыт ұлттық мүдде жолында ымыраластыққа бара алмады. Бұл жағдай Түркістан қоғамының топтасуына кері әсер етті және оның азаттық пен ұлттық мемлекеттілік үшін күресіне орны толмас өкініш алып келді. Түркістан ұлт-азаттық қозғалысы сияқты қуатты саяси құбылыстың қызметінде ислам діні тұрақты үйлестіруші фактор болғанымен бұл аса маңызды фактор исламның өз ішіндегі қайшылықтары мен большевиктік идеологияның сыртқы тегеурінді ықпалына төтеп бере алмады.

Отарлық биліктің өлкедегі дөкір де озбыр саясаты Түркістан жәдитшілері бас болған интеллектуалдық, мәдени және адамгершілік өзегі қуатты жаңашыл ағыммен бетпе-бет келді. Түркістандық көпестер, зиялылар мен діндарлардың білімді жаңа буыны алғаш рет отарлық биліктің «легитимдігіне» күмәнмен қарады. Ұлттық мемлекеттілікті қалпына келтіру мен еркіндікке жету үшін өз халқының бұғып жатқан күш-қуатын оятуды қолға алған ұлттық элита өкілдері өздерінің сан-салалы қоғамдық-саяси қызметімен Түркістан ұлт-азаттық қозғалысының идеяларын іске асыруға сәт сайын жақындай берді.

Жәдитшілер көсемі Махмудқожа Бехбудидің ұлт-азаттық қозғалысының қуатты ағымына араласуы оны өлкедегі мұсылмандық саяси элитаның алдыңғы легіне шығарды. Ал саяси көзқарастары бойынша діни клерикалдықты ислам социализмімен ұштастырған «Шурои Улема» көсемі ретіндегі саяси қызметі қаншалықты қайшылықты болса да С. Лапинді өлкеге кеңінен танымал етті. Олар түркілік, мұсылмандық бірлікте әртүрлі саяси ағымдарды қуаттаған ұлт-азаттық күрес көсемдеріне айналды.

ХХ ғ. алғашқы ширегіндегі әлемдік ұлт-азаттық қозғалыс дүмпуі тарихи Ресей мен Кеңес Одағы құрамындағы Орталық Азия халықтары арасында саяси ағымға айналған Тұтас Түркістан идеясын дүниеге әкелді. Отаршылдыққа қарсы этникалық, аймақтың бірлікті мақсат тұтқан бұл идея сөз күйінде қалған жоқ. 1917 ж. қарашада орнаған Түркістан Мұхтарияты қызметінде алғаш рет көрініс берген түркістандық бірлік идеясы М. Шоқай бастаған ұлттық элитаны батыл саяси шешімдерге ынталандырды.

Түркістан Мұхтариятының қару күшімен жойылуы, М. Шоқайдың эмиграцияға кетуі, кеңестік үлгідегі Түркістан автономиясы мемлекеттік құрылымының орнауы да аймақтық тұтастықты қалыптастыру идеясын тұншықтыра алмады. Ұлт-азаттық күрес барысында саяси партиялардың тұғырнамасын безендірген «ұлттық автономия» мәселесін большевиктер шовинистік мақсатқа сай бұрмалады. Содан да Тұтас Түркістанның орнына қауқарсыз, саяси, экономикалық құқығы барынша шектелген ұлттық республикалар құру Одақта бірыңғай великоросстардың үстемдігін нығайтуға қызмет жасады. Бұл ұстанымды өз кезінде түркілік бірлік идеясының ту ұстаушысы болған қайраткер М. Сұлтанғалиев әшкерелеген болатын.

Ал кеңестік билік жағдайында саяси күрестің алдыңғы шебіне шыққан Түркістандағы ұлт-азаттық қозғалыстың барынша солшыл қанатының өкілі Т. Рысқұлов Тұтас Түркістан идеясын большевиктердің өздерінің саяси күрес тәсілдерін қолдана отырып іске асыруды көздеді. ТКП ІІІ съезінде мұсылмандар конференциясының атынан сөйлеген Т. Рысқұловтың «Бізге бұл жерде, көптеген өзге ұлттар мекендеген Түркістан өлкесінде таптық күресті бірлесе жүргізгендіктен де ол ұлттарды біріктіру керек, өйткені пролетариат ұлтқа бөлу дегенді білмейді»5 деген сөзінің ұлттық күштерді жаңа жағдайда отаршылық пен ұлыорыстық шовинизмге қарсы күреске жұмылдырудағы маңызы ерекше болды. Өйткені, жаңа қоғамның билік институттары нығайған сайын кеңес өкіметіне қарсы ашық күресу өте күрделі сипат ала берді. Большевиктердің еліктіргіш таптық, ұлттық идеяларды көтеру арқылы қараңғы халықтың едәуір бөлігін өз жағына тартуы да ашық күрес жүргізудің саяси тиімділігін азайта берді. Осындай себептерге сәйкес билікке тартылған ұлттың саяси қайраткерлері кеңестік билік жағдайында ұлт мүддесін қорғаудың міндеттерін айқындап, оны іске асырудың тәсілдерін белгілеуге тиіс еді. Осыған байланысты стратегиялық міндет ретінде Т. Рысқұловтың сөзінде алғаш рет Түркістан халықтарын біртұтас ұлтқа біріктіру идеясы тұжырымдалды. Ол 1920 ж. қаңтарында Ташкентте өткен Мұсбюроның ІІІ төтенше конференциясында болашақ Түркі республикасының саяси ұйымын «Түркі халықтарының Коммунистік партиясы» деп атау туралы шешімге қол жеткізген. Әйтсе де, түркілік бірліктің бұл алғашқы нәтижесін большевиктік билік жөргегінде тұншықтырды.

1908 ж. Петербургте жарық көрген еңбектердің бірінде мұсылман авторларының бірі «Исламда араб та, татар да, башқұрт та, мешер де жоқ... барлық мұсылмандар бір ғана ұлтты құрайды»6 деп тұжырым жасағанымен ол саяси тұрғыда қоғамдық ойдың қолдауына ие бола алмады. Ондай үстірт тұжырымға отаршылыққа қарсы күресте исламдық бірліктің мүмкіндіктеріне үміт артқан және оны әсіре дәріптеген саяси авантюризм түрткі болғандығы даусыз. Осыған байланысты батыстық, ресейлік парасатты дінтанушылардың «ғасыр басындағы мұсылман халықтарының бірлігі тек қиялда ғана өмір сүрді» деп атап көрсеткені мәселеге біржақты қарағандық еді. Европалық мемлекеттердің отарлық басқыншылығына қарсы күреске барлық мұсылмандарды біріктіру идеясы ислам әлемінің негізгі бағыттары және олардың түрлі тармақтары арасындағы түбірлі ерекшеліктер түріндегі кедергіге тап болғанымен мұсылмандық қозғалыс Ресейде біртұтас «ислам ұлтын» қалыптастыруда үйлестіруші фактор қызметін мақсат тұтпаса да ұлт-азаттық қозғалыста белгілі бір саяси рөл атқара алды.

Түркістан ұлт-азаттық қозғалысын Алаш қозғалысымен салыстыра қарастыру барысында оның бірқатар ерекшеліктеріне көз жеткіземіз. Ол ерекшеліктер, біріншіден: өлке халқының полиэтникалық құрамынан туындаған саяси, рухани әралуандық түріндегі ішкі фактордан, екіншіден: тарихи Ресейдің өлкедегі қоғамды модернизациялауының қарқынды жүргізілуі түріндегі сыртқы фактордан туындады. Алғашқы фактордың ықпалымен ұлт-азаттық қозғалысының идеологиясын қалыптастыруда жадитшілер басты рөл атқарды және тәуелсіздік идеясы төңірегінде халықтың мұсылмандық, түркілік, түркістандық түріндегі ортақ атаулармен бірігуіне негізделді. Ал екінші факторға байланысты отарлық биліктің қоғамдық өмірге, экономикаға жасаған өзгерістері өлке тұрғындарының тұрмысы мен санасына елеулі ықпал жасаған шовинистік сипаты арқылы ұлттық наразылықты өршіте түсті. Ұлттық демократиялық құрылым ретінде ұлттық элитаның үлкен жетістігі болған Түркістан Мұхтариятының қуып таратылуынан соң өлкедегі ұлт-азаттық қозғалыс сипаттық өзгеріске ұшырады.

Түркістан ұлт-азаттық қозғалысының тарихы отан тарихының мазмұнындағы ең бір түйінді құбылыстардың бірі болғандықтан да барынша ыждығатты дәйектілікті талап етері сөзсіз. Біздің пікіріміз, осы құбылыстың шынайы ақиқатының айтылмауы тарихи танымда бірлік пен қарама-қарсылықтың күресі заңдылығының танымдық мүмкіндігін толығымен пайдаланбаудан деп білеміз. Қоғамдық құбылыстар мен әлеуметтік-тарихи ақиқаттың қозғалысы мен дамуының қайнар көзі болуымен бірге жалпытанымның да заңдылығы ретінде бірлік пен қарама-қарсылықтың күресі заңы тарихи құбылыстарды тұтастықта баяндаудың басты шарты болуы тиіс. Осы заңдылыққа сүйенер болсақ, Түркістан ұлт-азаттық қозғалысы тарихының сипаты, оның дамуының қайнар көзі сыртта, қоғамның табиғатынан тыс күштерде емес, осы саяси әлеуметтік құбылыстың өз ішінде екендігіне назар аудартады. Осы заң біртұтас ұлт-азаттық қозғалысты бір-біріне қарама-қарсы саяси көзқарастар мен бағыттарды біріктірген күрделі және бөлшектенген жүйенің бірлігі ретінде қарастыруға мүмкіндік береді.

ХХ ғ. алғашқы ширегінде Орта Азия мен Қазақстанда белсенді қызмет жасаған Түркістан ұлт-азаттық қозғалысының саяси тәжірибелері мен қалыптастырған мәдени-рухани құндылықтар жүйесі түркі халықтарының ортақ игілігі ретінде алдағы уақытта өз бағасын алуы тиіс деп білеміз.



Тарихи таным үдерісіндегі ұлттық мүдде мәселесі
Алаш, түркістан ұлт-азаттық қозғалыстарының таныс бейтаныс өкілдері
Аралбаев бегайдар жантөреұлы (1896-1949)
Топшылдық – ұлттық элитаның саяси күрес тәсілі
Алаш қозғалысындағы «ақ жол» газетінің рөлі
С. ходжанов.
Ураз обязательно прочти это письмо кулетову, кубенову и доброму. ураз
Есімдер көрсеткіші
Нысанбаев (хусанбаев) дүйсенбай
Телеграмма заместителя председателя цик тасср



Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   18


©engime.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

енгізу | тіркеу
    Басты бет


материалдарды жүктеу