Сборник материалов и документов Алматы 2011 ббк а құрастырушы: Х. М. Тұрсұн Алаш қозғалысының Оңтүстік қанаты


Алаш қозғалысындағы «Ақ жол» газетінің рөлі



бет6/18
Дата07.11.2016
өлшемі10,34 Mb.
түріСборник
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   18

Алаш қозғалысындағы «Ақ жол» газетінің рөлі
Түркістандағы ұлттық элитаның бастамашылығымен 1920-25 жж. ТКП ОК және Түркаткомның баспасөз органы ретінде жарық көрген «Ақ жол» газетіне С. Қожанов, С. Оспанов, Н. Төреқұлов, С. Асфендияров, М. Дулатов, И. Тоқтыбаев, Қ. Күлетов, М. Қайыпназарұлы, С. Сәдуақасов, Ж. Арыстанов, Ө. Тұрманжанов сияқты азаматтар бірі басшы, бірі қосшы болып, басшылық жасады. Бұл аталған азаматтардың бәрі дерлік алаштық идеяның туын көтерген ұлттық элитаның көрнекті өкілдері болатын. Олар өздерінің ұлттық тұтастықты ұлықтағын саяси көзқарастары, дәстүрлы мәдени-рухани құндылықтардан бастау алған қазіргі заманғы ілгерішіл дүниетанымы бойынша кеңестік билік жасақтаған партиялық-мемлекеттік номенклатураның өлшеміне сыймайтын еді. Олардың қазақы рухты бойына сіңіріп, жаңа қоғамда ұлттық құндылықтарды таптық құндылықтардан жоғарғы қойған бағыт-бағдары газеттің саяси-идеялық мазмұнын айқындады. Ал, газетте жауапты қызмет істеген М. Дулатовпен бірге Қ. Кемеңгерұлы, Ж. Аймауытов, М. Әуезов, Қ. Қоңыратбаев, Б. Кенжебаев, Мәшһүр Жүсіптің баласы Әмин Жүсіпов сияқты көптеген ұлтжанды қаламгерлердің тұрақты автор болып қатысуы да газеттің ұлттық өзегін нығайта түскені белгілі. Газет шын мәнінде Түркістандағы алаштық үлгідегі ұлттық элитаны топтастырушы идеялық орталыққа айналды. Осы газет арқылы көрнекті қайраткерлердің көтерген ұлттық идеялары Түркістандағы қалың қазақ бұқарасына жол тартып, қолдау тауып жатты.

Түркістанда «Ақ жол» газетінің халыққа кеңінен танымал болуы оның «Қазақ» газетінің ұлттық бағыттағы идеялық дәстүрін жалғастыруына байланысты деп білеміз. М. Әуезов 1923 жылы 4 ақпанда «Ақ жол» газетінде «Қазақтың еңкейген кәрі, еңбектеген жасына түгелімен ой түсіріп, өлім ұйқысынан оятып, жансыз денесіне қан жүгіртіп, күзгі таңның салқын желіндей ширықтырған, етек жеңін жиғызған «Қазақ» газеті болатын»92 деп берген бағасын осы ізгі дәстүрлерді кеңестік билік жағдайында жалғастырған «Ақ жол» газетіне де қатысты айтуға болар еді. Төрт жылдан астам шығып тұрған газет таралымының жоғары болуы оның тілінің жатықтығымен ғана емес, газет бетінде көтерген мәселелерінің ұлттық мүддені ұлықтаған өткірлігінен, халықтың көңіліндегіні айтуынан еді.

Кеңес қоғамындағы партиялық әдебиетте мемлекеттік биліктің жоғары эшелонындағы ұлттық басқару элитасының қызметіне сыңаржақ бағалар берілген. Әйтсе де, ол бағалардың арасында ақиқатқа сәуле түсіретін тұжырымдар да кездеседі. Айталық, «Ходжановтар негізінен «Ақ жол» газетінің төңірегіне топтасып, онда өздерінің ұлтшыл-уклонистік көзқарастарын жарнамалады»93 деп топшылдыққа ұлтшылдық идеялардың негіз болғанына назар аударады. «Ақ жол» газетіне қатысты Сталиннің белгілі хатының ықпалымен жасалған бұл партиялық тұжырым ұлттық элитаның қызметіне берілген саяси бағаның өзегіне айналды. Осылайша «Ақ жол» газетіне кеңестік қоғам тарихшылары біржақты баға беріп, биліктің идеологиясы мәселені ұзақ жылдар бойы жабық тақырыпқа айналдырды.

Тарихшы ретінде Т. Рысқұлов қазақ басылымдарына мынадай баға береді: «кладет начало оформлению литературного казахского языка, очистки казахской литературы и языка от всех посторонных наслоений и т.д.», выступает против панисламистского уклона».94 Т. Рысқұловтың кейіннен ұлттық басылымдарға берген бұл бағасын өзгертуін Д. Аманжолова тарих ғылымында сталиндік көзқарастың орнығуынан туындаған шарасыз әрекет деп бағалайды. Әрине, Т. Рысқұловтың бұл әрекетінде аталған фактор басты рөл атқарғанымен «Ақ жол» газетіне қатысты ұстанымы оның коммунистік идеяға негізделген саяси көзқарасының ықпалынан туғандығына көз жеткізеді.

«Ақ жол» газетінің ұлтшылдық бағытын айыптап, өзінің саяси күресінің дәлелі ретінде пайдалануға Әліби Жангелдиннің жол салып бергендігі де тарихи дәйек. Осыған байланысты Д. Аманжолова мынадай деректі ұсынады: «Для таких же верных ленинцев-сталинцев и давних врагов Алаш, как А. Джангильдин, сам факт участие в демократической национальной печати небольшевистского направления служил верным доказательством контрреволюционности, о чем он доносил В.И. Ленину в апреле 1921 г., касаясь биографии Н. Тюрекулова и С. Ходжанова - руководителей Советского Туркестана».95

Ал Т. Исмағамбетовтың тұжырымы бойынша «Айқап» пен «Қазақ» газеттерінің арасындағы «өткір пікірталастың» барасында «Айқап» журналының барынша радикалды, сын көзқарасы мен «Қазақ» газеті редакциясының көшпелі және жартылай көшпелі шаруашылық укладын біртіндеп қайта құруға негізделген барынша ұстамды көзқарасының арасындағы айырмашылық айқындала түскен. «Айқаптың» радикализмы оның редакторы және шығарушысы М.Сералиннің отырықшыландыруды жерсіз және жері аз қазақтарға жер бөліп беру арқылы шешу мәселесін қуаттаған ұлт зиялылары өкілдерін қолдаған позициясынан туындаған. Қоғамдық өмірдің мәселелерін шешудің осы радикалды және эволюциялық жолы кейіннен Ресейдегі 1918-1920 ж.ж. қазақ интеллигенциясының арасындағы және 20-жылдардағы қазақ коммунистерінің арасындағы күрестегі саяси межеленудің негізіне айналды96. Бұл тұжырымды ұлттық интеллигенцияның саяси межеленуінің бір ғана, онда да қосалқы сипаттағы мысалы ретінде қарастырған жөн сияқты. Әйтсе де, ол мысал ұлт зиялыларының қарама-қарсы лагерьлерге топтасып, тоталитарлық билік жағдайында аяусыз тартысқа түсуінің бастапқы тетіктерін айқындауға қызмет ете алады. «Айқап» пен «Қазақ» басылымдары төңірегіне топтасқан ұлт зиялыларының көзқарасы қазақ елінің болашағын айқындайтын тәсілдерді таңдауда екіге жарылған болса, кеңестік билік нығайған сайын ұлттық мүдде таптық мүддеге ойыса берді. Оның мәні, ұлттың өзін қанаушы мен қаналушыға бөлген кеңес қоғамының саяси тұғырнамасынан туындаған еді. «Бақытты қоғамда өмір сүруге тек жарлы-жақыбайлар ғана құқылы, жаңа қоғамда «қанаушыларға» орын жоқ. Міне, осы қағида ұлт зиялыларының қазақ қоғамын жаңалаудағы көзқарас айырмашылығын терең жарға айналдырды. Оның үстіне «социализм дамыған сайын тап күресі күшейе түседі» деген сталиндік тезис қазақ қоғамында ұлт зиялыларының арасындағы саяси тартыста барынша аяусыз сипат алды. Қазіргі тарихи танымда басы ашылып, айқындалуы тиіс тұжырым осы.

Осылайша Алаш қозғалысының кеңестік тарихнамасында «Ақ жол» газеті кеңестік билікке тартылған ұлт зиялыларын алаштық қайраткерлермен байланыстыра отырып, ұлтшылдыққа айыптаудың басты дәлелдерінің біріне айналды. И.Сталиннің «Ақ жол» газеті туралы хаты алашордашылардың қызметіне баға беруде тоталитарлық биліктің саяси ұстанымдарын орнықтырды. Хатта негізделген ұстанымдар Алаш қозғалысы тарихнамасының теориялық-әдіснамалық негізін салып берді.

Осыған байланысты 1937-1938 жж. үлкен террорға дейінгі кезеңдегі Алаш қозғалысы тарихнамасында ұлт зиялылары М.Атаниязов, Ә.Байділдин, О.Исаев, І.Қабылов, Ғ.Тоғжанов, Ш.Тоқжігітов, Ә.Жанкелдин, С.Сейфуллин, Т.Рысқұлов, Х.Габилуллин, А.Кенжин және т.б. еңбектері мен мерзімдік басылымдарда жарияланған мақалаларының бәрі бірдей сталиндік тәртіптің саяси қысымынан яки арнайы тапсырыспен жазылды деп үзілді-кесілді тұжырым жасау асығыстық болар еді. Аталған авторлардың көпшілігі қазақ қоғамының болашағын коммунистік мұраттармен байланыстырған, таптық-партиялық сенімдегі зиялылардың өкілдері еді. Олардың арасында таптық көзқараспен жазылған, теориялық дайындығы жоғары еңбектермен бірге, осы күресті желеу етіп мансапқұмарлық мақсатпен немесе жеке азаматтық қатынастары бойынша есе қайтаруды көздеген еңбектер де бар екендігі белгілі. Демек, тарихнамалық, деректанулық талдауды қажет ететін бұл деректер Алаш қозғалысының шынайы болмысын қалпына келтіруге септігі тиеді. Ал И.Голощекин бастаған А.К.Богачев, С.Брайнин, О.Исаев, И.Тимофеев, С.Мещеряков, Ғ.Тоғжанов және т.б. партиялық коменклатура өкілдерінің мақалалары мен еңбектері тарихи танымда И. Сталин хатынан кейінгі Алаш қозғалысы туралы ұстанымды орнықтыруға және онан әрі насихаттауға қызмет еткені белгілі.

Осыдан он жыл бұрын «Қазақ» газетінің материалдары жеке жинақ болып басылып шықты. Ал, әзірге «Ақ жол» газеті өзінің ізашары сияқты тұтас дереккөзі ретінде жан-жақты ғылыми танымның нысаны бола қойған жоқ. Бұл жағдай, әсте де газеттің еліміздің мәдени тарихындағы рөлінің, атқарған қызметінің төмендігінен емес. Кейбір зерттеушілердің зерттеу тақырыбына сай басылым беттерінен нақты деректер тауып, оған деректік талдау жасаған ғылыми ізденістері бар. Бірақ ол әрекеттер осындай ауқымды мұраны игеру үшін тым жеткіліксіз.

Осы мәселеге алғашқылардың бірі болып назар аударған академик С. Қасқабасов былай дейді: «тарихымыздың осынау қаралы беттерінде И. Сталиннің «Ақ жол» газеті туралы хатының ел ішінде зобалаң туғызған сүреңсіз рөлі әлі де нақты айқындала қойған жоқ. Мұны терең зерттеу осы хаттың ауыр салдарына ғылыми баға беру тарихшыларымыздың үлесі».97 Ғалымның ұсынысын қуаттай отырып, мәселеге барынша айқындық беру үшін И. Сталин хатының салдарын емес, ең алдымен оның жазылу себебін анықтаудың ғылыми маңыздылығын айта кеткеніміз орынды болар.

«Қазақ» газеті 1918 жылдың 16 қыркүйегінде ең соңғы 265 санынан соң өз шығуын тоқтатты. Оның көп себептерінің ең бастысы кеңестік биліктің қысымы болғандығы белгілі. Ал 1920 ж. 18 сәуірден бастап жарық көріп, 7 желтоқсаннан бастап «Ақ жол» атымен шыға бастаған газет «Қазақ» көтерген алаштық идеяның жығылған туын іліп әкеткендей еді. «Ақ жол» - кеңес өкіметінің езілген ұлттарға теңдік пен бостандық беруге уәде еткен саяси мәлімдемесінен бұрын жаңа қоғамдық тәртіпте ұлт мүддесін қорғаған ұлттық элитаның саяси еркінің жемісі болатын. Осы тұрғыда қарастырғанда ұлттық-демократиялық және таптық-партиялық саяси құндылықтарды ұлықтауы бойынша жікке бөлінген екі жақтың мүддесі тоқайласқандай болғанымен, олардың қарым-қатынасында жақындасудан бұрын кейін аяусыз саяси тартысқа ұласқан жатырқаушылық әрекеттер басым түсіп жатты.

Екі газеттің жарық көрген уақыты мен қоғамдық ортасын салыстырар болсақ, «Ақ жол» газеті жаңа жағдайда ұлттық саяси ойды сапалық жаңа деңгейге көтере алды деп бағалауға болады. Өйткені, «Қазақ» газетінде көтерілген идеялар «Ақ жолдың» қызметінде большевиктік билік нығайған кеңестік қоғамның нақты өмір шындығымен бетпе-бет келіп, іс жүзінде сыннан өтіп жатты. Отарлық биліктің езгісінен ұлттық мүддені қорғап, саяси күрес майданына шыққан «Қазақ» газетімен салыстырғанда «Ақ жолдың» жағдайы бір жағынан жеңіл, екінші жағынан күрделі болды. Жеңіл болатыны, газет республикадағы саяси билік пен өкіметтің ресми органы болғандықтан оның материалдық-техникалық жарақтануы біршама жоғары болғаны рас. Оның өзі де баспасөз төңірегіндегі ұлтжанды азаматтардың жанқиярлық еңбегінің нәтижесі.

Газет жағдайының күрделілігі Түркістандағы қалыптасқан саяси ахуалдың қарама-қайшылықты сипатынан туындады. Өлкеде өз саяси қарсыластарын түрлі жолдармен ығыстырған большевиктер жеке дара билікке қол жеткізді. Ұлттық элитаның саяси күресінде басымдыққа ие болған түркілік, мұсылмандық, түркістандық бірлік идеялары бөздей сетінеп, этносаяси мүддеге қарай ойыса берді. Кеңестік билікпен келісімге келе алмаған ұлттық күштердің басым бөлігі басмашылық қозғалысқа бет бұрса, Түркістан ұлттық элитасының Мұстафа Шоқай бастаған үркердей тобы саяси мұғажырлық жағдайда коммунистік билікке қарсы бітіспес күрес бастады. Ал жаңадан қалыптасып келе жатқан паритялық номенклатураның ұлттық кадрлары саяси әрекетте таптық, интернационалдық талаптарды батыл қоя бастады да отарлыққа қарсы бірлікті таптық төзімсіздікпен алмастырды. Міне, осы саяси процестердің бәріне де «Ақ жол» газеті үн қосып, солардың арасынан ұлттық мақсат пен мұратты қалың бұқараға жеткізіп отырды. Осындай күрделі саяси ахуалда қиыннан жол тауып, халықтың үлкен сұранысына ие болған «Ақ жол» газеті өлкедегі алаштық элитаның қолдауына сүйеніп, кең тарауға мүмкіндік алды. Әйтсе де, газет үшін бұндай қолайлы жағдай тым ұзаққа созылған жоқ.

Өлкеде күшейе түскен большевиктік билік баспасөзге партиялық басшылық түрінде өз үстемдігін орнатуға бағытталған тегеурінді әрекет жүргізді. Осы партиялық бағытты топшылдықпен күрестегі өз мүддесіне ұтымды пайдаланған Т.Рысқұлов ұлттық бағыттылығы айқын «Ақ жол» газетін айыптайды. Оның 1924 ж. сәуір айында И.Сталинге жазған хаттарында «Ақ жол» газетіне қатысты келтірген деректері осындай тұжырым жасауға итермелейді. Т.Рысқұлов ұлттық элита өкілдерін «бірліктуылықтар», «алашордашылар», ұлтшылдар және контрреволюционерлер деп айыптауы арқылы 1924 ж. өзінде Түркістанда алаштық идеяның белсенді жұмыс жүргізгендігін куәландырып отыр. Ал қазіргі уақытта оның осы жазбалары тарихи құбылыстың сырын ашатын құнды дерек маңызына ие болды.

Ғылыми айналымға ұсынылып ортырған Т.Рысқұловтың деректетіне талдау жасау Алаш қозғалысындағы «Ақ жол» газетінің атқарған рөлін айқындауға қызмет етеді. Тарихи танымға тосын естілетін өткір дәйектердің Алаш қозғалысының тарихи болмысын қалпына келтіруге септігі тиеді. Халықтың жүрегіне жақын газетке ат қоюда коммунистер әлдеқандай коммунистік есім ұсынған, ал Жанша Досмұхамедов бастаған ұлтшыл тұлғалар қазақтар коммунизмді түсінбейді, содан да оған ақ та, қызыл да емес «Ақ жол» деген атау беруді ұсынады. Осы мәселеге қатысты Т. Рысқұлов “Ақ жол” яғни тура жол немесе жарық жол дегенді білдіреді, қазақтар, мысалы қырғыз дәруіштері-дуаналар ақ дегенді құдаймен теңдестіреді»98 деп партиялық билік пен жазалаушы орган басшылығының назарын газет атының діни мазмұнына қарай бұрады. Газеттің атауы жөнінде осы күмән 1925 жылы Өлкелік партия комитеті тапсырмасымен Нахымжанның «Ақ жол» газеті туралы арнайы жазған пікірінде қалқып шығады. Ол «Ақ жол» «белый путь» па, әлде «светлый путь» па анық емес» деген желеумен газет атын өзгертуді ұсынған.99 Бұл деректерден газет атауының халыққа өте ұғынықты болуымен бірге ондағы көтерілген мәселелердің де соншалықты түсінікті болғандығын көреміз. Оның себебі қайсы дегенде, газеттің идеялық бағытын белгілеген ұлттық элитаның халықтың қалың ортасынан шыққандығы, содан да олардың қоғамды жаңартудағы ұстанымдары қазан төңкерісінің таптық идеяларынан әлдеқайда түсінікті болуынан дейміз.

М.Дулатов 1 қаңтар 1929 ж. тергеу хаттамасында 1920 ж. қарашасында Ташкентке келіп, «Ақжол» газетіне хатшы болып жұмысқа кіріскендігін, ол газеттің мазмұны жөнінде баспасөз беттерінде түрлі әңгімелер мен пікірталастар өрбігенімен олардың өзі қызмет істеген кезеңге қатысты жоқ екендігін жазады.100 Міржақыптың тергеушіге белгілі себептермен жалтара жауап беруі түсінікті. Т.Рысқұлов оны Қожановтың жақын досы, бұрын бірге жұмыс жасаған, қазір де олар идеялық және практикалық байланыста дей келіп, «Дулатов 1921 жылы Ташкентке шақырылып «Ақ жол» газетінің басшылығына тағайындалды. Осы жылы «Ақ жол» газетінің бас мақалалары мен негізгі мақалаларының бәрін дерлік Дулатов жазды. «Алаш орданың» идеялары ашық жүргізілді»101 деген мәліметтерді алға тартады. Хат авторының газет басшылары арасынан ұлтшыл қайраткер ретінде М. Дулатовтың тұлғасына баса мән беруі бұнымен шектелмейді.



«Осы Дулатовтың буржуазиялық ұлтшылдықтан өзге ештеңе табуға болмайтын мақалалары кейінгі 1922-1923-1924 жылдары «Ақ жолда» жарияланды». «Ақ жолды» құрушы ретінде Дулатовтың портреті «Ақ жолдың» 1922-1923 жылдардағы мерекелік сандарында 2 рет Қожановпен қатар жарияланды»102 деген деректер Алаш қайраткері М. Дулатовтың кеңес өкіметіне қарсы ұлтшылдық әрекетін қоюлата түскендей.

«Ақ жолдың» қызметіне тағылған айыптардың бірі онда жер-су реформасының жүргізілу барысын насихаттаған материалдардың жарық көруі. Осыған байланысты газет «барлық орыс отаршыларын қуу керек» деп жазады. «Оның үстіне қырғыз кедейлерімен тіл табыса алатын аз да болса кедей топтарының болуына қарамастан шаруалардың бәрін «жау» деп қарастырады» дей келіп «Алматыдан жер-су реформасының барысы туралы Жандосов Дулатовқа жеделхат жолдаған. Осы жеделхатты жариялаған алашордашыл Дулатов қырғыз коммунистеріне нұсқау сипатында орыстарды талқандай отырып, «мүмкіндігінше орыс поселкелерін аямау керектігі жөнінде көлемді мақала жазады»103 дегенде Т.Рысқұлов М.Дулатовты сынай отырып, өзінің интернационалдық көзқарасын алға тартады.

Шын мәнінде, М.Дулатовтың «Ақ жол» газеті арқылы Түркістанда ұлттық идеяның орнығуы, кеңес өкіметінің мемлекеттік билік құрылымдары туралы қоғамдық пікір қалыптастыруда атқарған қызметі «Қазақ» газетіндегі қызметінің жаңа жағдайдағы жалғасы болды. Бұл пікірді алғашқылардың бірі болып айтқан Т.Рысқұлов еді. Ол «Ақ жол» - Дулатов еңбегінің нәтижесі, «алашордашыл» «Қазақты» жалғастырған оның перзенті. «Қарғыс атқан Орынбордан» қуылған алашордашылар Түркістанда өз қызметтеріне кең өріс тапты»104 деген баға береді. М.Дулатовтың «Ақ жол» газетінде жарияланған «Қазақ зиялылары» мақаласында партиялық тазалаудағы ұлт қайраткерлерін қуғындаудың негізгі дәлелдерінің біріне айналған ұлтшылдық ұғымына түсіндірме жасап, оны саяси айыптаудан арашалайды. «Біздің қазақ-қырғыздың оқығандары санаулы. Партияда бары да, жоғы да бәрімізге белгілі. Бізден коммунистер шыға бастағанына әлі екі-үш жылдан асқан жоқ. ... біздің қазақта да өтірік коммунистер, партияны ластап жүргендер арасында шын жұртшыл, еңбекшіл тапқа шын жаны ашитын, кеңес үкіметіне ынта, көңілмен қызмет етіп жүргендер де жоқ емес... Шын айтқанда, күні кеше бәріміз де ұлтшыл емес пе едік? Қазақ оқығандардың ең әуелгі тобы ұлтшылдар емес пе еді?» - дей келіп, қазақтың арасында шын ұлтшылдардың аздығына тоқталады. Ол «Ұлтшыл еместердің көбі өзімшіл, дәрежеқұмар, парашыл, шағымшыл еді» - деген пікірі арқылы ұлтшылдық ұғымын қоғамдағы дегдарлықтың басты белгісі мағынасында қолданады. Соған байланысты «Біздің қазір ортақшыл болып отырғандар кімдер? Мұнан кейін де болса бола алатындар кімдер? Бұл сұрауларға берілетін жауап әркімге-ақ анық-ау деймін: бізден қазір шын коммунист болдым деп отырғандар (өтірік коммунистерді айтпаймын) – кешегі ұлтшылдар. Мұнан кейін де шын коммунист болуға жарайтындар – тағы да сол бұрынғы ұлтшылдар. Үшіншісі – қазіргі жаңа талап жас буын»105 деген тұжырым жасайды.

Тұрар Рысқұлов Міржақыптың осы пікірлеріне мынадай түсіндірме береді: «Дулатов партияға бұрынғы идеялық қырғыз ұлтшылдарымен (яғни өзі сияқтылармен) ынтымақтасуды, ал бұрын идеялық тұрғыда ұлтшыл болмаған қырғыз коммунистерін авантюристер ретінде партия қатарынан тазартуды ұсынады».106 Бұл деректер ұлт қайраткерлерінің өз арасында ұлтшылдық ұғымын бағалауға қатысты осындай көзқарас алшақтығы орын алғандығын аңғартады. Өкініштісі сол, бұндай көзқарас алшақтығы кейін ұлттық элита арасындағы саяси-идеялық алауыздыққа ұласа береді.

Саяси биліктің бұл ұсыныстардан соң «Ақ жолды» жіті қадағалауға алғандығы байқалады. Бұл әрекетке РК(б)П ОК Баспасөз бөлімі меңгерушісі И. Варейкистің 7-сәуір 1925 ж. Қырғыз Өлкелік партия комитеті Баспасөз бөліміне жолдаған хаты куә болады. Онда «РК(б)П ОК Баспасөз бөлімі өзінің қаулыларында және арнайы пікірлерінде «Ақ жол» газетінің - Түркістан облысындағы РК(б)П Өлкекомының Ұйымдастыру Бюросы жетекшілерінің саяси ұстамсыздықтарын және соңғыларға партияға қарсы ұлттық интеллигенцияның ықпал етіп отырғандығын әлденеше рет атап көрсеткен болатын»107 - деп жазылған еді.

Осы хатта «Ақ жол» газетіне партиялық басшылықты күшейту, редакторларын ауыстыру, редакция құрамын жаңарту ұсынылған болатын. И. Варейкис хаты партиялық биліктің баспасөзге қатаң басшылық орнату мақсатында ұлттық басылымдардың арасынан «Ақ жол» газетіне ерекше шүйлігуінің сыры неде екендігіне тағы да көз жеткізе түседі. Оның ең басты себебі, «Ақ жол» газеті және оның төңірегіне топтасқан қазақ ұлтшылдары туралы Т.Рысқұловтың партиялық биліктің ең жоғарғы инстанциясына хабар беріп, дабыл қағуы болған сияқты.

Оған Т.Рысқұловтың хаттарында мынадай дәйектердің алға тартылуы мысал болады. Аталған хатта А.Байтұрсыновтың «Ақ жолға» қатыстылығына баса назар аударылған. «1923 жылы А.Байтұрсыновтың мерейтойы атап өтіліп, оған «Ақ жолдың» тұтас саны арналды. Оның өмірбаяны жазылып, еңбектері жарнамаланды. 1924 жылы 3-сәуірдегі 421-санында орынборлық коммунистермен пікірталасында Қожанов алашордалық жазушыларды қорғады». 108

Сонымен бірге баспасөз органының ұлтшылдық идеялық бағытын әшкерелеу Т. Рысқұловтың басты мақсаттарының бірі болған сияқты. «Ақ жолдың» және басқа біз атаған қырғыз журналдарының негізгі бағыты аталған қайраткерлердің (Ә.Бөкейханов, М.Дулатов, М.Жұмабаев, Қ.Болғанбаев, Х.Досмұхамедов – Х.Т.) мақалаларында тұжырымдалған... Оларды ақжолдықтар қаржыландырады».109 Демек, «Ақ жол» тек идеялық жағынан емес сонымен бірге ұлтшылдарды материалдық тұрғыда қолдайтын ұйым деген тұжырым жасалады.

Сол сияқты Дулатовтың ұлтшылдық қызметі «қырғыз коммунистеріне нұсқау сипатындағы саяси мақалаларды көп жазады. Қожанов - оның берілген шәкірті және оның мақалаларын көрнекті жерге орналастырады»110 деген мәлімет арқылы Түркістандағы кеңестік биліктің басшысымен байланыстырылады. Одан әрі баспасөз органының алашордашыл идеяда екендігіне көз жеткізу үшін «1921-1922 жж. «Ақ жол» газетінің шын мәнінде өздерінің (яғни алашордашылардың) газеті болғандығын» Ж. Досмұхамедов маған өзі айтып берген еді деген дәлелді алға тартады. «Ақ жол» редакциясы, «Казинпрос», көптеген билік аппараттары осы сияқты шын мәнінде партияда жоқ контрреволюциялық элементтермен толып кеткен»111 деген таптық төзімсіздіктің жүгін арқалаған дәлелдер партиялық биліктің ең бір шамшыл тұсына дөп келіп тұр.

И.Сталинге жолданған «Негізгі баяндама» деп аталатын құжатта Түркістандағы қоғамдық құрылысты кеңеске қарсы элементтерден тазартуға байланысты «Ақ жол» газеті жөнінде мынадай ұсыныс жасалған: «Ақ жол» және басқа қырғыз басылымдарына нақты маркстік бағыт беріп, олардың қызметкерлерін толық ауыстырып, аттарын өзгерту керек». Сол сияқты заттай айғақ ретінде «Қожановтан «Бірлік туының» барлық санын, «Ақ жолдың» 1921 жылғы сандарын талап ету» ұсынылады.112 Бұл ұсынысты И.Сталин мына мазмұнда қатаң талапқа ұластырады: «Осыған байланысты «Ақ жол» журналын түбірінен жедел түрде қайта ұйымдастыруды, одан партияда жоқ интеллигенттерді қуып және оны коммунистік насихаттың органы етуге байланысты шаралар қолдануды сіздерден сұрауды мен өзімнің міндетім деп санаймын».113

Бұл деректерден ұлттық мүддені ұлықтаған «ақжолдықтар» мен И.Сталинге жүгінген большевик-биұлтшылдар түрінде ұлттық элитаның арасына түскен терең саяси, рухани жікті көреміз. Сталинге жазылған жолдама хаттағы «Біз өз тарапымыздан осы мәселе бойынша Қожановтың және оның адамдарының, Түркістандағы және одан тыс жерлердегі алашордашылардың үйлеріне ГПУ желісі бойынша тінту жүргізуді талап етеміз. Онсыз да дәйектер жеткілікті болғанымен бұл шара Алашорда ұйымының осы бағыттағы қызметіне көз жеткізетін болады»114 деген дерек осы пікірді қуаттай түседі.

Бұл ұсыныстардың қаншалықты дәрежеде іске асқандығы белгісіз. Бізге белгілісі, ОГПУ Шығыс бөлімінің бастығы Я.Х.Петерстің И.Сталинге жазған хатында «Бұл хаттар белгілі алашордашыл Досмұхамедовтың пәтерінен табылды»115 деген мәліметі. Бұл жерде әңгіме Батыс Алашорда үкіметі басшыларының бірі Жанша Досмұхамедовтың пәтері жөнінде болып отыр. Тарихшы А.Исмаилов «Т.Рысқұлов пен Ж.Досмұхамедовтың тағдыры Ташкентте түйісті. Олар бажалар еді, яғни олардың әйелдері туған апалы-сіңілілер болатын. Олар Пушкареваның қыздары еді» деп жазады. Ж.Досмұхамедов Петербург университетін бітірген соң Том губерниясына прокурордың көмекшілігіне жіберіліп, қалада Ольга Федоровна Пушкареваның отбасымен араласады. Оның үлкен қызы Ольга Жаншаның әйелі, ал үшінші, кіші қызы Надежда Константиновна Пушкарева Т.Рысқұловтың екінші әйелі болған.116 Мәскеуге кетерінде өзінің кітапханасы мен жеке архивын Ж.Досмұхамедовтың пәтерінде қалдыруының себебі осы болса керек.

Рысқұлов Мәскеуге барған соң Ташкенттегі Қ.Сармолдаевқа хат жазады. «Келген бойда Петерске (ГПУ) кірдім және «Бірлік туы», басқалар туралы да айттым. Оның өзінің аудармашысы бар. «Ақ жолдың» баспа материалдарын және т.б. аударуға тапсырма берді»117 деп хабарлай отырып осы хатында «Орталық Бақылау Комитеті үшін аудармасымен немесе ең дұрысы Дулатовтың мақалалары бар «Ақ жолдың» сандарын, сол сияқты 1921-1922 жылдардағы «Ақ жолдың» сандарын жіберіңдер»118 деп жазады. Қ.Сармолдаевқа жазған келесі хатында «Маған міндетті түрде «Ақ жолдың» 1922 жылғы сандарын және «Бірлік туының» сандарын тауып бер»119 деп жазады. Т. Рысқұлов бұл газеттерді жазылашақ ғылыми-публицистикалық еңбектеріне деректік материал ретінде ғана емес, сонымен бірге ұлтшылдықты дәлелдейтін заттай айғақ ретінде сұратқандығын жасырмайды.

Аталған құпия хаттарда «Ақ жол» газетіне қатысты тұжырымдардың мынадай қисындар тізбегі негізінде жасалғанын аңғарамыз: «Бірлік туы» Алашорданың баспасөз органы болған «Қазақ» газеті сияқты Түркістан автономиясының органы болды, ұлтшылдық бағыттағы «Шурои-Исламияны» қолдады. М.Шоқай, Қ.Болғанбаев, С.Қожанов редакторы болған газеттің төңірегіне топтасқан ұлтшылдар кеңестік билік басына келіп, енді «Ақ жол» газетін шығарып отыр. Олар өздерінің ұлтшылдық бағытын одан әрі жалғастырып, шет елде кеңес өкіметіне қарсы идеологиялық майдан ашқан алашордашыл М.Шоқаймен байланысын одан әрі жалғастыруда.

Т.Рысқұлов Германияда болған Ғ.Бірімжановпен кездесудегі әңгімені негізге алып, «Бәлкім, Қожанов және тағы басқалар Шоқаевпен осы Бірімжанов арқылы байланыспады ма екен. Солай деп ойлаймын. Шоқаевтың өз мақалаларында Кеңес өкіметін өсекке таңғанда әр кез «Ақ жолды» және одан алған үзінділерді куәлікке тартуы тегін емес. (Қараңыз: Оның «Дни» газетіндегі мақалалары)»120 деп жазады.

«Егер баяндамадағы айтылғандарды менің «Накануне» мақалама жауап ретінде атышулы М.Шоқаевтың эсерлердің «Дни» журналында жарияланған көлемді мақаласымен салыстырсақ, Шоқаев мәліметтер мен анықтамаларды жүйелі түрде Түркістаннан алдыратындығын көрсетеді, демек шетелмен байланысы бар үлкен ұйымның жұмыс істейтіндігі анық бола түседі»121 деген саяси желіге баса мән берген Т.Рысқұлов РК(б)П Орталық Комитеттің хатшылығына, сондағы жауапты қызметкер Товстухаға жазған жазбасында Сталин жолданған хаттардың бәрін толық оқи алмағанымен мына мәселелермен жеке өзінің танысуын ұсынады: «Шет елде Шоқаевтың Түркістан туралы мақалалары жариялаған «Дни» газетінің 1-4 ақпанындағы, сонымен бірге соңғы сандарын оқып шыққаны дұрыс болар еді».122 Осы сөздерді Сталиннің әйгілі хатындағы мына сөздермен салыстырып көрейік: «Мен осыған байланысты белгісіз емес Шоқаевтың ақгвардияшыл баспасөздегі кейбір мақалаларын еске түсірдім және өзімді шошытқан осы мақалалар мен «Ақ жол» журналының рухани «бірлігі» деуге болатын кейбір жаңалықты аштым. Ақылға сыймаса да бұл факт. «Ақ жол» әрине, өзі де аңғармастан Шоқаевқа көлемді материал берді».123

Т.Рысқұлов 1924 ж. 30 сәуірінде И.Сталинге жазған хатының соңында былай дейді: «Қорытынды ретінде айтарым, қазір өсіп келе жатқан және біз бағдарға алатын бұратаналардың коммунистік жастары деп аталатындар әзірге тым жас, тәжірибесіз және аңғал. Осы жастардың, мысалы қырғыздар (қазақтар деп оқыңыз – Х.Т.) арасында алашордашылар үлкен беделге ие көрінеді, жастар олардың идеологиясына ашық қарсы шығу тұрмақ, оларға тура қарай да алмайды. Демек, коммунистік жастарға партияның өзі көмекке келуі керек сияқты».124 Бұл ұсыныстар да Сталиннің назарына ілігіп, хаттың мазмұнынан мынадай көрініс табады: «Мен партияда жоқ интеллигенттердің қырғыз жастарына саяси және идеологиялық тәрбие берумен айналысуларына қарсымын. Біз өкіметті жастар тәрбиесін партияда жоқ буржузиялық интеллигенттерге тапсыру үшін алғанымыз жоқ. Бұл майдан түгелімен коммунистерге қалдырылуы керек».125 Сталин мен Рысқұловтың қолдарынан шыққан осы құжаттарға жасалған мәтіндік салыстырулар аталған құжаттардағы дәлел, дәйектердің қисындық бірегейлігін, біріншісінің екіншісіне негіз болған мәтіндік сабақтастығына көз жеткізеді.

Белгілі шоқайтанушы Дархан Қыдыралиев «Ақ жол» газетінің жабылуы жөнінде мынадай дейді: «Алаш рухын асқақтатып ұстаған газеттің бағыты әрине әлдекімге ұнай қойған жоқ. Ұлттық ұранды ту етіп ұстанған алаштықтардың ісін режимге қарсы қауіпті деп санаған «Белгісіз белсенділер» көсемге жеткізген болу керек, көп кешікпей Мәскеуден ызбар шашқан хат келіп түсті. Бұл хат ұлттар көсемі Сталиннің өзінен келген еді» дей отырып, «Осы ретте атап өтерлік жайт, «Ақ жол» журнал емес газет. Осының өзі-ақ аталмыш газетті Сталиннің көрмегенін, сондықтан бұл материалды оған Қазақстаннан, яки орталықта Қазақстанмен айналыстын әлдекімдердің дайындап бергенін көрсетеді. Сталинге «справка» дайындаған «пысықайдың» тіпті, қазақ болуы ғажап емес!».126 Қолында деректік құжаттар болмағандықтан зерттеуші «пысықайдың» атын атай алмағанымен ғылыми интуицияға сүйеніп дұрыс қисындық тұжырым жасаған. Ал біз нақты тарихи дерек пен дәйекке сүйеніп жасалған ғылыми тұжырым ұсынамыз.

Әдетте, «Ақ жол» газетінің жабылу тарихын И.Сталиннің хатынан бастаймыз. Шындығында, ол хат «Ақ жолға», оның төңірегіне топтасқан ұлтжанды қайраткерлерді қуғындауға ұласқан тұтас саяси үдерістің ортасы ғана. Кез келген саяси үдерісті іске асыру түпкі ойдан, ниеттен, идеядан басталады десек, «Ақ жол» газетінің жабылуы да осындай біртұтас саяси үдерісті құрайды. Ал газетті жабу үдерісін іске асырудың саяси, идеялық тұрғырнамасы Т.Рысқұловтың тікелей араласуымен жасалғандығына оның Сталинге жазған хаттары айғақ болады. Рысқұловтың ұсыныстары Сталиннің әйгілі хатынан көрініс тауып, Алаш қозғалысы өкілдерін қуғындаудың идеялық тұғырнамасына ұласты. Демек, «Ақ жол» газетін жаптырған Т.Рысқұлов, жабуға үкім шығарған И.Сталин, ал оны іске асырған еліміздегі таптық мүдденің жетегіне ерген партиялық номенклатура деген тұжырым жасаймыз. Бұл тұжырым дәстүрлі тарихи танымға біршама тосын естілуі мүмкін. Әйтсе де, қолдағы тарихи деректер осындай тұжырымнан басқаға жол қалдырмайды.

«Ақ жол» газетінің беттерінде билік құрылымдарының ресми материалдарымен бірге еліміздің саяси, мәдени тарихының дерегі болатын аса құнды мағлұматтар жинақталды. Елімізде жаңа қоғам орнатудың тұтас кезеңінде ұлт тәуелсіздігі мен ұлттық мемлекеттік идеясын большевиктік идеологияға қарсы қойған алаштық элитаның елге айтар сөзі, елдің ахуалын көретін көзі, елдің сөзін тыңдар құлағына айналған «Ақ жолдың» мол мұрасын халыққа қайтаратын кез жетті.

М.Дулатовтың бес томдық шығармалар жинағына, белгілі алаштанушы Д.Қамзабек құрастырған С.Садуақасов, Қ.Кемеңгеровтың шығармалар жинақтарында олардың «Ақ жол» газетінде жарияланған бірді екілі мақалалары енгізілген. Бұл өте құптарлық іс. Егер мақсатты түрде қолға алынса, жоғарыда есімдері аталған Алаш қайраткелерінің бүгінгі күннің зәру мәселелеріне үн қосатын қаншама інжу-маржандай ойлары ортамызға оралар еді. Ол еңбектердің қатарға қосылуы ұлттық мәдени байлығымызды, рухани игіліктерімізді молайтар еді. Өкініштісі сол, әзірге бұл бағытта мардымды жұмыс атқарылып жүрген жоқ. И.Сталиннің әйгілі хаты әлі күнге дейін ызғарын шашып жатқандай, өйткені «Ақ жолдың» тарихын зерттеу, оның жаратқан рухани мұрасын көптің игілігіне ұсыну бағытында осы кезге дейін жүйелі жұмыстар қолға алынбай келеді.

«Ақ жол» газеті Түркістан коммунистік партиясы Орталық


Комитеті мен Түркаткомның органы болғанымен Түркістаннан тыс қазақ облыстарына да таралғаны белгілі. Ұлттық-территориялық межелеуден соң 1925 ж. газет редакциясы Шымкент қаласына көшіп келді. «Ф.Голощекин бастаған Қазақ Өлкелік комитетіндегі партия белсенділері Сырдария губерниялық комитетіне «Ақ жол» газетін жабудан басқа шара қалдырмады», «1926 жылдың 21 сәуіріндегі БК(б)П Қазақ Өлкелік комитеті Секретариатының мәжілісі «Ақ жол» газетін «Еңбекші қазақ» газетімен біріктіру туралы Сырдария губерниялық комитетінің қаулысын қанағаттандырды».127 Демек, қазіргі бас газетіміз «Егемен Қазақстанның» қалыптасу жолы да «Ақ жолмен» түйіскендігі ақиқат. Сырдария облысының орнына бой көтерген оңтүстіктегі үш облыстың облыстық газеттері де өздерінің құрылуын «Ақ жолдың» жарық көруімен байланыстырғаны орынды болар еді. Өйткені, ол басылымдарды «Ақ жолдың» заңды мұрагері деп санауға лайық. Тіпті Жамбыл облыстық газеті қазіргі кезде «Ақ жол» деп аталуының өзі жай сәйкестік немесе саяси құндылықтарға еліктеушілік емес, тарихи басылымның қалыптастырған дәстүрлерінен тамыр тартқан терең рухани сабақтастықты білдіреді.

Қазақ баспасөзінің тарихында жеке тұлғалардың қажыр-қайратымен жарық көрген басылымдар жоқ емес, солардың қатарында Көлбай Тоғысовтың «Алаш» газетін атауға болады. Ол газет жалпыұлттық сипат ала алмай өзінің саяси, рухани әлеуеті мен ұйымдастырушылық қызметінің кемшіндігінен өздігінен жабылып қалды. Ал төрт жылдан астам уақытта 600-ден аса саны жарыққа шығып, ұзын саны он мың данамен таралған «Ақ жол» газеті Кеңес Одағына жеке дара билігін жүргізген И.Сталиннің қаһарына ұшырап, өз ұлтымыздан шыққан партократтардың жабыла қуғындауымен жабылып тынды.

«Ақ жолдың» жабылуы Алаш қозғалысына жасалған ең басты идеологиялық соққы болды.

«Ақ жолдың» жабылуы «Қазақ» газеті қалыптастырған ұлттық баспасөздегі азаттыққа ұмтылған өршіл рух сабақтастығының үзілуі болды.

Еліміз тәуелсіздікке қолы жетіп, еркін ойлы тарихи сана қалыптастыру міндеті алға тартылып тұрғанда Алаш қозғалысы тарихының осы ақиқаты ащы да болса айтылуы қажет және ол ақиқат ғылыми танымның игілігіне айналуы қажет деп білеміз.

ІІ БӨЛІМ


Құжаттар - Документы
№1.

«МИНСКІ 15/ІІІ»


«Минск, 15/ІІІ – төмендегі телеграмды жібердік: 1) Черняевтегі Тынышбаевқа, 2) Петропавлдағы Көсемісовке, Тілеулинге, 3) Омбыдағы Тұрлыбаевқа, 4) Павлодардағы Сәтбаевқа, 5) Семейдегі Марсековқа, Тұрағұлға, 6) Қарқаралыдағы Жақыпқа, Смақанға, Хасенге, 7) Зайсандағы Поштаевқа, 8) Қараөткелдегі Райымбековке, Сұлтан Абылаевқа, 9) Атбасардағы Сейілбек Жанайдаровқа, Сыздық Мешенбаевқа, 10) Савинкедегі Шәңгерей Бөкеевке, Бақыткерей Құлмановқа, 11) Жәнібектегі врач Шомбаловқа, 12) Красный Ярдағы врач Шолтыровқа, 13) Красный Құттағы адвокат Ниязовқа, 14) Ойылдағы Халелге, 15) Оралскідегі Ғабидоллаға, 16) Перовскідегі Бекқожаға, Қожахмедке, Юсуфбекке, 17) Ырғыздағы Шонановқа, 18) Түркістандағы Өтегеновке, 19) Қоқандағы Ақаевқа, 20) Скобелевтағы Ғабдолрахман Оразаевқа, 21) Ташкендегі врач Көтібаровқа, 22) Андижандағы Қожықовқа, 23) Қапалдағы Тұрысбековтерге, 24) Ақтөбедегі Қасым Арынғазиевқа, 25) Торғайдағы Алмасовқа, Қаралдинге, Тоқтабаевқа.

Россиядағы барша халыққа ағайындық, теңдік, бостандық күні туды. Жаңа құрылған үкімет дүкенін сүйеу үшін қазаққа ұйымдасу керек. Жаңа құрылған ел бағу дүкенін нығайту үшін тегі басқа барша халықтармен үйір боларға керек. Учредительное собрание сайлауларына қазақ болып қамдану керек. Жарамды жақсы адамдарын ауызға ала беру керек. Енді араздық, өштік, дау-жанжал, талас, партиялық сыйыспауларды тастау керек. Көксерлік жұмыстарың – бірлік, адалдық болсын! Жер мәселесін де қозғап, тезірек қолға ала беріңдер! Біз қалайтын патшалық түрі – демократическая республика, яғни мал өсіріп, егін салып, жерге ие боларлық түрі.

Құдайдан басқа ешкімнен қорықпаңдар! Түзулік іс етіңдер, жаңа үкіметті сүйеңдер, министерствоның азық-түлік ісінде жүрген уполномоченныйлар мен өзіміздің майдандағы жұмысшыларымызға болысыңдар. Халықтың көңілін білдіріңдер!

Ғалихан, Мирякуб, Мұса, Шаћмардан, Мырзағазы, Хасен, Шафхат, Сұлтанбек, Иса, Мұхамедғазы, Хайралдин, Райымбек, Нәзір, Тәмимдер, Тел».

«Қазақ»,1917, №223; Бөкейханов Ә. Шығармалар. – Алматы: Қазақстан, 1994. – 384 б. (232-233 бб)
№2 № С.Садуақасовтың Ә.Байдилдинге ұлттық элита арасындағы күрестің келеңсіз жақтарын айыптап жазған хаты// Письмо С.Садуакасова к А.Байдильдину с разоблачением негативных поведении среды национальной политической элиты

22 шілде1922 жыл. Мәскеу қаласы
Әбдіраш!

Арғы күні Бөкейге қарай шықсам ба деймін. Бір айдан соң қайта оралымын. Келген кісілерден Орынбордағы жағдай туралы ақи-тақи біле алмадым. Сендердің онда не тындырып жүргендерің тағы беймәлім. Жуық арада Бөкейге ешкім бармаса, маған хат жазбай-ақ қой.

Мұндағы жағдай қысқаша мынадай: Сталинмен екі себеппен кездесе алмадым. Біріншіден, мені қабылдауға «оның қолы бос емес» болып шықты. Екіншіден, өзім де барғым келмеді...

Қазақ қазақты даттап, кімге жақпақ? Қазақ қазақты кімнің алдында жамандайды? Әрине, бөтеннің алдында жамандайды. Осы себептер мені Орталық Комитетке жібермеді. Сөз тасығым келмеді.

Мәскеу үшін қазіргі қызық мәселенің бірі Түркістандағы жағдай болып тұр. Рудзутак Түркістаннан қайтысымен әңгіме көбейді. Сафаров бастаған саясатты ысырып қойып, енді бұлар басқа әдістерге ауыса бастады. Рудзутак Түркістанға қайтадан Рысқұловты жіберу керек деген ұсынысты қолдап отыр. Бұл мәселе ЦК-да қозғалғанымен, не болары әлі белгісіз. Рысқұловты жіберсе дұрыс болар еді. Бәрімізге де.

Ол жақта бірақ Рысқұловты Түркістан комиссиясының мүшесі ретінде ғана жіберетін шығар, ал төрағасы Рудзутак болатын шығар, сірә.

Кеше Орынбордан екі орыс келді. Біреуінің фамилиясы – Васильев, екіншісі – КЦИК-тің іс басқарушысы, бұйра шашты жігіт. Фамилиясын ұмыттым. Осы екі орыс арқылы Меңдешев осындағыларға хат беріп жіберіпті. Жазылған хат біз туралы сияқты. Мейлі, өзі қалай қаласа, солай істей берсін. Сөз тасумен біздің пікірімізді ешкім де жоя қоймас...

Ташкентке кеткендердің жеткенін естідім. Өздерің не істеп жүрсіңдер?

Мұнда келіп ұққан бір нәрсем: қазақ Мәскеуге келіп, ішкі кикілжің жөнінде хабар бермеуі керек. Әсіресе, бірін-бірі жамандамасын. Сөз тасымасын. Егер билік үшін ары мен жанын сатса, ондайлардың жазасын құдай берсін...

...Егер олар өкімет билігін уысына алу мен ықпалын арттыру үшін күрессе, дегендеріне жетсін. Сол кезде олар қандай күй кешеді!? Менің пайымымша, олар біраз уақыт өткен соң, біздің жолымыздың дұрыстығына көз жеткізеді. Жүректерінде тырнақтай таза ет болса, олар ертең-ақ отаршылдарға қарсы тұрады. Ал мұны жасамаса, өзінің бес күндік әмірі үшін халқын сатуды жалғастыра береді де...

Қалай етсек те, орыстың «бөліп ал да, билей бер» мәтелінің өмірде іс жүзіне асуының себепшісі болмайық. Соны ұқ.

Міні, әзірше айтатыным осы, қалғандарын Ғазизден естірсің.

Өзіңе біраз кітап жібертіп отырмын. Шенклердің «Философия будущего» кітабын дұрыстап оқы. «Новый Восток» журналына шыққан Анушиннің мақаласын қазақшаға аудару керек. Мен келгенге дейін тәржімалап бітірсең жарап қалар еді. Мәскеуде тартымды кітаптар басылып жатыр. Бұл жөнінен біз әлі ұйықтап жүрміз ғой.

Өткен жолы Вайнштейннен беріп жіберген хатымды алған боларсың?

Бөкейден қайтар жолда Мәскеуге соғамын. Маған керекті қағазды Танашев даярлап қоюға тиіс. Германияға бару бармауым соған тапсырылған іске байланысты боп тұр.



Тарихи таным үдерісіндегі ұлттық мүдде мәселесі
Алаш, түркістан ұлт-азаттық қозғалыстарының таныс бейтаныс өкілдері
Аралбаев бегайдар жантөреұлы (1896-1949)
Топшылдық – ұлттық элитаның саяси күрес тәсілі
С. ходжанов.
Ураз обязательно прочти это письмо кулетову, кубенову и доброму. ураз
Есімдер көрсеткіші
Нысанбаев (хусанбаев) дүйсенбай
Телеграмма заместителя председателя цик тасср



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   18


©engime.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет