Сценарийлері Сценарии мероприятий воспитательной работы Семей, 2013



бет3/6
Дата31.12.2019
өлшемі1,51 Mb.
#54836
түріСценарий
1   2   3   4   5   6

Наурыз тойының сценарийі


Наурыз тойының қалалық салтанатты шеруі «Көш-керуен»

М.Қазбеков құрастырған НАУРЫЗ жаңғырған салт-дәстүрлер кітабынан

Наурыз мейрамының салтанатты «Көш-керуен» шеруіне қатысушылар рет-ретімен сап түзеді.

1.    Атқа мінген үш жаршы қолдарына мегафон ұстап, сап басына қатар тұрады. Олар басына айыр қалпақ, үстеріне сырмалы жеңіл шапан, аяқтарына шоңқайма етік киіп, белдерін белбеумен буынады.

2.    Оң қанаты алтын, сол қанаты күміс күн шақырушы Қоразды қолына ұстаған салт атты.

3.    Безендірілген күймеде басына бөрік, үстіне шапан киіп, белін шашақты белбеумен буынған, үкілі домбырасы бар, иман жүзді, ақ сақалды қария мен ұлттық киім киген Астана аруы отырады.

4.    Жыл белгісі –Қар барысын 12 студент (алтауы қыз, алтауы жігіт) көтеріп жүреді. Оларды айнала төңірек қазақтың ұлттық киімдерін киген қыздар қошаметтеп жүреді.

5.    Шығыстың киім үлгісінде киінген 6 кернейші.

6.    «Құт-Береке» автомашинасы – «Шашу». Машина үстіне ұзына жол бойына шашу шашатын ұлттық киім киген қыз жігіттер орналасады.

7.    Үстеріне шапан киіп, бастарына сәлде ораған, қолында ұзын дүрбілері мен қолтықтарында қысқан киіз кітаптары бар 5 жұлдызшы.

8.    Сәнді-салтанатты «Ертегінің ауылы». Машина үстінде фольклорлық-этнографиялық ансамблі орналасады.

9.    Бес түлік мал иелері: Қамбар ата, Шопан ата, Ойсыл қара, Зеңгі баба, Шешек ата.

10.          Наурыз туын көтерген, ұлттық киім киген 12 жігіт.

11.    Қыс пен Жаздың  күресін бейнелейтін Зымыстан мен Табысқандар тобы, 40 кейіпкер.

12.    Ертедегі қазақ ауылының сәнді-салтанатты көшін бейнелейтін «Қарқаралы көш».

13.    Автомашина – «Көкат». Үстіне Асанқайғы, Жиренше, Алдаркөсе, Қарашаш, Ертөстік, Тазша бала, Шығайбай, Ақан сері орналасқан.

14.    Ақ есегіне мінген Қожанасыр мен қуыршақ ат мінген 16 жігіт.

Наурыз тойын өткізетін алаң алдын-ала дайындалып, ұрандармен және күнге қаратып, жерден 2 м. 20см. көтеріп, Наурыз сахнасы жасалады. Наурыз сахнасы халқымыздың мифологиялық танымы бойынша құрастырылады. Оның ең ұшар төбесіне оң қанаты алтын, сол қанаты күміс күн щақырушы Қораз қондырылады.сахнаның төріне әлем ағашының символы ретінде діңгек орнатылады, оған тепе-теңдік белгісінің суреті ілінген.

Наурыздың  сәнді-салтанатты «Көш-керуені». Бас алаңға жеткенше жол бойына жаршылар жар салып, халықты тойға шақырады:

- Тыңдаңыздар! Тыңдаңыздар!

Босқа қарап тұрмаңыздар.

Наурыз тойы басталды

Көргендер де армандар,

Көрмегендер де армандар,

Қызықтан тыс қалмаңдар!

Жаңарғаны сананың

Ұмытады мұны кім.

Ата салтын бабамның

Алып келіп Ұлыс күн.

Бір анадан туғандай,

Бір ұядан ұшқандай,

Бір аспанның астында,

Бір дастархан басында,

Береке-бірлік болсын, - деп

Көпкөжеден дәм татып,

Күшейтейік бірлікті.

Еңбек пенен тірлікті.

Салт-дәстүрмен жараса,

Қайта құрып жаңаша,

Жарыса өнер көрсетіп,

Той тойлайық тамаша!

Тыңдаңыздар! Тыңдаңыздар!

Ұлыс тойы басталды.

Наурыз туын көтеріп,

Жар салайық әлемге.

Көрмегендер көріңдер,

Естімегендер естіңдер,

Дабылын оның қағайық,

Шақырамыз бәріңді

Ұлыстың ұлы күніне

Жиналыңдар алаңға,

Кешігіп одан қалмаңдар!

Күміс көмей әншілер,

Құдіретті күйшілер,

Мың бұралған бишілер,

Балтыры жуан палуандар,

Құралайды көзге атқан мергендер,

Күміс көмей, жез таңдай шешендер,

Қара қылды қақ жарған көсемдер,

Он саусағы алтын шеберлер,

Бәрің де сынға түсіңдер!

Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар,

Озып шыққан дүлдүлге

Үлкен-үлкен сый бар!

 Түскі сағат 12.00-ді соққанда Наурыздың салтанатты шеруі алаңда тоқтайды. Осы сәтте Наурыз сахнасының төбесіне қондырылған Қораз үш рет шақырып, алаңдағы мерекенің басталғанын паш етеді. Керней кернеліп, дабыл қағылады. Көш басындағы үш жаршы мен Қораз ұстаушы алаңнан тоқтамай өтіп кетеді, ал ақсақал мен Астана аруы сахнаға көтеріледі. Қарт ақын тойға жиналған жұртты жырмен құттықтайды:

«Малдар төлдеп, қой

Сүттен бұлақ ағызған,

Жаңа жылдың сипаты,

 Молшылыққа аңыз боп,

Басталыпты Наурыздан!

Көгімде күн өрлетіп,

Төрт түлігін төлдетіп,

Қаймақ сүтін көлдетіп,

Ыризық-құтын селдетіп,

Келді Наурыз – Ұлыс күн!

Ақ қар кетіп, қыс өтіп,

Шырайлы шуақ жаз жетіп,

Шаруаның бұл кенелген

Күн мейрамы ежелден,

Құтты болсын, бұл Наурыз!

 

         Ұлттық киімдерін киген балалар бір-бірлеп сахнаға көтеріліп, той бастаған ақын атасына тостаған толы наурызкөже ұсынады.

         - Әп, бәрекелді, жасың ұзақ болғыр! – деп риза болған ақсақал микрофон арқылы баршаға естірте:

         - Кел жігіт, кел жігіт, - деген сәтте сахнадағы балалар бір тізерлеп отыра қалады.

АҚСАҚАЛ:

         - Мінгендерің балалар,

         Жорға-жорға тай болсын!

          Жорғалатып келгенде,

          Көптің көңілі жай болсын!

          Ай жағыңа қарасаң,

          Алтыннан терек орнасын!

          Айыңда келген мейманың,

          Оған атын байласын!

          Күн жағыңа қарасаң,

          Күмістен терек орнасын!

          Күнде келген мейманың,

          Оған атын байласын!

          Таң мезгілі болғанда,

          Бозторғайдай шуылдап,

          Бөденедей пырылдап,

          Берекелі құт болып,

          Қызыр келіп дарығай! –

 

          деп жасөспірімдерге батасын беріп, көжені ішеді. Балалар билеп болған соң, 12 керней үш рет кернеледі. Наурыз гимні ойналады. Әсем сазбен Наурыз туы көтеріледі. Сахнаға жүргізушілер шығады.

 

1 – жүргізуші:

- Наурыз мейрам жүректерге нұр сепкен,

Маңдайымнан сүйіп жатыр күн көктем.

Жарығыңмен, шуағыңмен Күн-Ана,

Алып келдің жер бетіне гүл көктем.

 

2 – жүргізуші:

- Жыр сыйлығын, нұр сыйлаған тірлікке,

Қастерледік, қадіріңді білдік те.

Құтты болсын, Ұлыс күн жұмылдырған,

Бәрімізді Ынтымақ пен бірлікке.

         Сахнаға Алдаркөсе мен Қарашаш көтеріліп, «Алдаркөсе» спектаклінен ән орындайды.

         ХАЛЫҚ: - Бетінен бес шыбын тайып жығылатындай жылтыр қара мынауың кім тағы?

         АЛДАР: - «Мен Алдармын, Алдармын» өлеңін айтып, сонымен бірге, Қожанасыр, Тазша бала, Қаңбақ шал т.б. халықтық кейіпкерлермен таныстырады.

2 – жүргізуші:

 

- Ел ішінде ардақ тұтар еңселі,

Ортаға шық, Жұлдызшалар кел бері,

Баршамызды қызықтырған биылғы,

Сізге мәлім қандай жылдың келгені.

 

1 – жүргізуші:

- он екі жыл бір мүшелді құраған,

Бұрынғылар «жылың не» деп сұраған.

Әрбір жылдың өзіне тән сыйы бар,

Ниет қойып білу керек мұны адам
         Жұлдызшылар, алдымен, аспанның біресе оң жағына, біресе сол жағына дүрбісін салып, жыл қарайды.

1-   жұлдызшы:

- Ә-ә, көрдім, көрдім. Биылғы жыл иесі – Қар барысы екен, жерге қонуға жақындап қалыпты.

    2 – жүргізуші:

         - Әрбір Жаңа жылдың адамзатқа әкелер өзіндік жаңалығы, сый-сияпаты болады емес пе, ата? ....Қар барысы жылының қадір-қасиеті жайында мына жиналған барша қауымға көрген-білгеніңізді айтып берсеңіздер...

    2 – жұлдызшы:

         - Әлбетте, қарағым, - деп, киіз кітабын парақтап жіберіп, - Егер Жаңа жыл иесі Қар барысы болса, онда туар жылдың жазы – ыстық, қысы – суық болады. Көктемде кейбір жеміс-жидектерді үсік шалады.

    3 – жұлдызшы:

         - Бірақ соған қарамастан халқымыздың дастарқаны берекелі боп, ел ішін тоқшылық жайлайды.

    1 – жүргізуші:

         - Жұлдызшы ата, қар барысы жылы туғандардың  тал бойындағы мінез-құлқының ерекшелігін айтып жіберіңізші.

    4 – жұлдызшы:

         - Ұлыс күні не сұрасаң да жарасады, балам, - деп, киіз кітабының беттерінен әрі-бері аударыстырып жіберіп, - биыл дүниеге келген ұл балардың көзі үлкен, мінезі ашық-жарқын, кез-келген кісімен тіл табыса білетін әңгімешіл болады. Жастары ұзақ боп, дәулетті болады.

   5 – жұлдызшы:

         - Ал қар барысы жылы туған әйел затының бет жүзі аппақ, көзі қарақаттай қара, тұлға бітімі сымбатты болып келеді. Туыстары көп болып, тұрмыс тауқыметін көрмейді, - деп оқыған соң, дүрбісімен аспанға қарайды.

   1 – жұлдызшы:

         - Жыл  иесі – Қар барысы төбемізге ұшып келіп қалды. Бізді қолдап, қоштап отырыңыздар. Бәріміз қосылып шақырып, жерге қондырайық:

ЕКІ ЖҮРГІЗУШІ

ЖӘНЕ ЖҰЛДЫЗШЫ-

ЛАР ҚОСЫЛЫП:

Жыл иесі – Қар барысы,

Құт иесі – Қар барысы,

Береке-Бақыт боп,

Жерге қон, жерге қон!

Кереге бойлы Қар барысы,

Қасиетті Қар барысы,

Қуаныш-Шаттық боп,

Жерге қон, жерге қон!

Алтын басты Қар барысы,

Күміс құйрық Қар барысы.

Ынтымақ-Бірлік боп,

Жерге қон, Жерге қон!

         Сахнада музыка ойналып жатады. Оған Зымыстан мен Табысқандар тобы көтеріліп, Қыс пен Жаздың күресін бейнелейтін би билейді.

1-   жүргізуші:

- Қыс иесі – Зымыстан, жылымаған  тәніміз,

Қамыркемпір Қалтырауық, қаламаған қанымыз.

Ақпан-Тоқпан ұлдары, Әзмырзамен біріксе,

Боран менен аяздан түңілеміз бәріміз.

   2 – жүргізуші:

         - Үскірік, Аяз, Ызғармен жан аямай табысқан,

         Күндіз-түні айқасып, Зымыстанмен алысқан.

         Шуақ төгіп жүздерге, Наурыз сыйлап біздерге,

         Жеңіп шықты, Жаз иесі – Табысқан!

 

         Сахнада музыка ойланып, бишілер би билейді.

         Қазақша ұлттық киім киген 6 жігіт пен 6 қыз жыл иесі Қар барысын ойнатып, сахнаға алып шығады.

   1 – жүргізуші:

         - Жыл иесі – қар барысы, бақыт әкел еліме,

         Құт, береке, молшылық дари берсін жеріме.

         Тарылмасын табиғаттың тынысы,

         Тазалықты тарту ет, өзендер мен көліме.

   2 – жүргізуші:

         - Құт иесі Қар барысы, суыңды әкел көгіме,

         Көлдерімді толтырып, Бақыт сыйла еліме.

Керней кернеліп, дауылпаздар қағылады.

1- ЖҰЛДЫЗШЫ:

         - Бүгін жер бетіне жақсылық ұялаған күн.

2 – ЖҰЛДЫЗШЫ:

         - Бүгін – көк құт көзін ашқан күн:

3 – ЖҰЛДЫЗШЫ:

         - Бүгін – Жаңа  жылдың дерге түскен күні.

4 – ЖҰЛДЫЗШЫ:

         - Бүгін – Жер-Ананың тоң кеудесі жібіп, тас емшегі иіген күн.

5 – ЖҰЛДЫЗШЫ:

         - Бүгін – Самарқанның көк тасы еріген күн.

АЛДАРКӨСЕ:

         - Бүгін – Береке мен Бірліктің, Игілік пен Теңдіктің туын көтерген Наурыздың туған күні.

         Фольклорлық-этнографиялық ансамбль Р.Сәтімбековтың сөзіне жазылған «Наурызға ақ тілек» әнін орындайды. Ән айтылып жатқанда Қар барысы сахнадан түсіп, ел аралап кетеді.

1- ЖҰЛДЫЗШЫ:

         - Туған жыл құтты болсын!

2- ЖҰЛДЫЗШЫ:

         - Көсегесі көгеріп, көрпесі ұлғайсын!

3- ЖҰЛДЫЗШЫ:

         - Аттаған адымы сәтті болсын!

4- ЖҰЛДЫЗШЫ:

         - Бейбітшілік жылы болсын!

5- ЖҰЛДЫЗШЫ:

         - Қадамына құт оралсын!

         Алаңның ортасына Құт-Береке автомашинасы «Шашу» келіп тоқтап, «Шашу!», «Шашу!» деп, шашу шаша бастайды.

1 – жүргізуші:

- Қашанда Құт-Береке орнасын деп,

Тойларда шашу шашу – салты елімнің.

Уа, халайық, теріп ал мәмпәсиді,

Қабыл қылсын халқымның ақ тілеуін.

2 – жүргізуші:

- Шашу! Шашу! Көп шашайық шашуды,

Жауғандай кеп аспаннан нөсер жаңбыр.

Уа, жамағат, жинап ал несібеңді,

Ризығың болсын көл-көсір!

         «Шашу» машинасы белгіленген орнына барып орын тебеді. Дауылпаз қағылып, керней кернеледі. Сахнадан музыка ойналады. Қуыршақ атқа мінген 16 жігіттің қошаметтеуімен халықтар достығының символы – Қарақазанды еңгезердей екі жігіт сахнаның төріне орналастырады.

1 – жүргізуші:

- Қарақазан – қасиеті халқымның,

Бір өзінде құдіреті салтымның.

Бірлік сенен басталады әрқашан,

Сен тұрғанда керегі жоқ алтынның.

2 – жүргізуші:

- Қасиетті Қарақазан тіршіліктің тірегі,

Бір өзіңнен қуат алған барша жанның жүрегі.

Сен бар жерде Құт-береке мол болып,

Тірлік-Бірлік жұбын жазбай жүреді.

Музыка ойналып, дәстүрлі «Ұршық» биі биленеді.

         Жүргізушілер Наурыз сахнасына ардагерлерді шақырады. Балдырған сәбилер қарияларға наурызкөже береді. Ақсақалдар алқасы құттықтау сөз сөйлеп, сахнадан түсіп кетеді.

         Жүргізушілер Наурыз мерекесінің программасымен таныстырады. Дабыл қағылып, керней кернеледі.

1- жүргізуші:

- Құрметті халайық, қамқоршы халқым, жанашыр жұртым! Енді Сіздер Ұлыс күнінің салтанатын тамашалаңыздар!

2 – жүргізуші:

         - Уа, жұртым, алаң ортасынан «Ертегінің ауылы» өтеді.

1 – жүргізуші:

         Бар екен де жоқ екен,

         Ертек-ертек, ерте екен.

         Ешкілері бөрте екен.

         Қырғауылы қызыл екен

         Құйрық жүні ұзын екен.

2 – жүргізуші:

         - Әлемді түгел көрсе де,

         Алтын үйге кірсе де,

         Аспанда жұлдыз аралап,

         Ай нұрын ұстап мінсе де –

         Қызыққа тоймас адамзат!

3 – жүргізуші:

         - Ілімді түгел білсе де,

         Қызығын қолмен бөлсе де,

         Қызықты күні қырындап,

         Қисынсыз күйге түссе де,

         Өмірге тоймас адамзат!

         Сәнді-салтанатты «Ертегінің ауылы» орналасқан автомашина алаң ортасына келіп тоқтап, үстінде отырған ансамбль Наурыз сахнасына көтеріліп, өз репертуарынан ән орындайды.

1- жүргізуші:

         - Уа, халайық, халайық!

Сахнаның төріне төрт түліктің пірлерін шақырайық.      Олардың да сөзін тыңдайық.

Мал иелері сахнаға көтеріліп болғанша:

2 – жүргізуші:

         - Осылай қара келенің бурасы екен,

         Буралығын білдірген шудасы екен.

         Жылқышы ата үйірдің айғыры екен,

         Құлындатып көбейткен байлығы екен.

         Зеңгі баба табының бұқасы екен,

         Ет пен майға өн бойы тұтас екен.

         Шопан ата отардың қошқары екен,

         Егізденіп жылда төл қосқан екен.

         Шекшек ата ешкінің айдары екен,

         Егіз-сегіз туған соң пайдалы екен.

ЕКЕУІ ҚОСЫЛЫП:

         - Қазақ бабам халқына қазына етіп,

         Кең дастарқан алдында тосқан екен,

         Өсіріп ен байлықты деген атам:

         «Береке мен бірлікті ұста бекем!» -

деп оларды көпшілікке таныстырады.

ШОПАН АТА:

         - Малды берсе, қойды бер,

         Ұлды берсең, бойлы бер.

         Жұртқа ақыл салғандай,

         Ақылы артық ойлы бер.

ЖЫЛҚЫШЫ АТА:

         - Шаруаның бір пірі – Жылқышы ата,

         Тілегенде өзің бер ақтап бата.

         Үйір-үйір жылқыны шұрқыратып,

         Ойдан-қырдан арқансыз әкеп мата.

ОЙСЫЛ ҚАРА:

         - Шаруаның бір пірі – Ойсыл қара,

         Түйені өсір жарқылдап болсын пана.

         Ит, құс, пәле, індеттен аман сақтап,

         Топ-топ қылып боталат аруана.

ЗЕҢГІ БАБА:

         - Шаруаның бір пірі – Зеңгі баба,

         Сиыр берсең, сүтті бер өңкей мама.

         Кең өрісті шұбыртып, өзің бағып,

         Кешке жақын қотанға әкеп қама.

ШЕШЕК АТА:

         - Қойды көсем бастайтын,

         Өткелден үркіп саспайтын.

         Қарағай мүйіз серкелі,

         Шүйде жалды желкелі,

         Сексек ата баласы,

         Ешкі бассын үйіңді!

 

         Керней кернеліп, дабыл қағылады. Жыршы сахнадан Ақтамберді жыраудың «Күмбір-күмбір кісінетіп» термесін орындайды.
Менің Отаным – Тәуелсіз Қазақстан

Мақсаты: 1) Оқушыларды елін сүюге, Отанға деген мақтаныш сезімін арттыруға, еліміздің тәуелсіздігінің паш ететін түрлі тарихи оқиғаларды зерделей отырып, егемен елімізге қамқор болу, мемлекетімізді одан әрі нығайту, еліміздің ертеңі жастардың қолында екенін ұғындыру.

2)Оқушыларға патриоттық тәрбие беру. Еліне, Отанына, туған жеріне деген сүйіспеншілігін арттыру.

 3) Оқушылардың өз бетінше ізденуін қадағалу және білімдерін жетілдіру.

Сабақтың түрі: Сайыс сабақ

Пәнаралық байланыс: әдебиет, тарих, қазақ тілі, орыс тілі, ағылшын тілі, математика, жаратылыстану.

Көрнекілігі: Интерактивті тақта,слайттар.

                            Кіріспе бөлім.

Әнұран орындалады.

Мұғалім: Армысыздар, құрметті ұстаздар мен тәуелсіз еліміздің ұлағатты ұрпақтары.Талай ғасырлар бойы ата-бабаларымыз еркіндік пен тәуелсіздік таңын аңсап келген. Иншалла олар көксеген арманға ХХ ғасырдың соңына қарай қол жеткіздік. Соның арқасында бүгінгі таңда өз бағыт-бағдарын ұстанған, өркениет елдер мойындаған жеке мемлекетке айналдық. Биыл тәуелсіздігімізге 20 жыл. Осыған байланысты оның қадір-қасиетін оқушылар бойына сіңіру, ұғындыру мақсатында «Менің Отаным – Тәуелсіз Қазақстан» атты ашық  тәрбие сағатын өткізіп отырмыз. Тәрбие сағатымыз сайыс түрінде өтеді. Өзгешелігі сайысты ұлдар мен қыздар арасында өткізгелі отырмыз. Әділ қазылар алқасымен таныс болайық. Сайысымыздың шарттарымен таныс болайық.

         Сайыстың шарттары:

1.     Мақал-мәтел айту

2.     Бәйге

3.     Поэзия минуты

4.     Үй тапсырмасы

5.     Жеті жұмбақ

6.     Тілек айту

      Тәуелсіздік жолында талай жандар құрбан болып, елім деп еңіреп өткені белгілі. Талай кезең қиын-қыстау, қуғын-сүргінді ата-бабаларымыз басынан кешті. Қазақстан Республикасының президенті Н.Ә.Назарбаев: «Біз Қазақстанның тәуелсіздігінің оңайлықпен келмегенін біліп оны қадірлеуіміз керек. Әрбір Қазақстанның азаматы мақтанышпен Елтаңбаны, Әнұранды, Туды көтеруі керек. Әрбір азамат өз Отаны үшін еңбек етуге, жанын қиюға міндетті»-деген.

     Туған жердей жат жердің болмайтыны – ақиқат,

Оған көңілің ешқашан толмайтыны – ақиқат.

Алтын торда алтын құс өсірсең де, бұлбұл құс

Өскен бағы болмаса, қонбайтыны – ақиқат, - деп сайысымызды бастаймыз.

І бөлім.  Біздің халқымызда атамекенді ардақтау сезімі өте терең, олар үшін туған жерді қасиет тұту қанға сіңген мінез,ежелгі дәстүр.Бұл таным жанымызға ана сүтімен тараған, ана тілімен дарыған. Біздің мақал-мәтелдеріміз, нақыл сөздеріміз туған жерді, Отанды ардақтауға толы. Алғашқы сайысымыз мақал-мәтел айту. (Туған жер, Отан, батырлық, ерлік туралы өздеріңіздің дайындап келген мақал-мәтелдеріңізді айтыңыздар).

 

ІІ бөлім. Бәйге. (Сұрақ-жауап)

1. Қазақстанның  астаналары болған қалаларды ата.

1919-1925жж .Қазақстанның астанасы-Орынбор қаласы,

1925-1929жж. Қызылорда қаласы.

1929-1997жж. Алматы қаласы.

1997ж. Ақмола қаласы Астана атанды.

1998ж . Ақмола атауы Астана болып өзгертілді.

      Бүгін әрбір мемлекеттің ғасырлық тарихына байланысты рәміздер бар.   Мемлекеттік рәміздер бұл халық бірлігінің белгілері.   Қазақстан Республикасының да өз рәміздері бар. Мемлекеттік рәміздерді құрметтеу - әрбір азаматтың міндеті.

2.Мемлекеттік рәміздерді атаңыз.

3.Тудың авторын атаңыз.

4.Елтаңбаның авторы кім?

5.Әнұранның сөзі мен әнін кімдер жазған? (Сөзі:Жұмекен Нәжімеденов, Нұрсұлтан Назарбаев.   Әні: Шәмші  Қалдаяқов)     

6.Қазақстан қашан тәуелсіз ел болды? (1991 жылы 16 желтоқсан)

7.Ұлттық валютаны айтыңыз? (теңге)

8.Ата заңымыз қашан қабылданды, биыл неше жыл? (1995ж.30тамызда,16 жыл)

9.Республика күнін айтыңыз.(25 қазан)

10.Алматының орталық алаңындағы «Тәуелсіздік монументі» ескерткіші қай жылы, кім үшін қойылған, ол туралы не білесіз? (1996ж. 16 желтоқсанда).

 

ІІІ бөлім.Поэзия минуты. Өз елін мақтанышпен жырлаған ақын –жазушылар қаншама?! Келесі сайысымызда оқушылар өлеңді мәнерлеп оқу бойынша бақ сынасады.



IV бөлім. Үй тапсырмасы. Қыздар: Өткен жылдар  қандай ерекшеліктерімен есімізде қалды?  «Республикамыз 20 жылда қандай жетістіктерге жетті?» тақырыбы бойынша, ал Ұлдар: «Президенттің халыққа жолдауы туралы не білеміз?» тақырыбы төңірегінде дайындалып келген үй тапсырмалары бойынша сайысымызды бастаймыз.

 

V бөлім. Жеті жұмбақ. (7 пәннен сұрақтар қойылады)

1.     Тарих. 1986 жылы болған «Желтоқсан оқиғасының» болу себебі?

2.     Қазақ тілі. Тіл туралы заң қашан қабылданды? Қанша баптан,қанша тараудан тұрады? (1989ж. 22 қыркүйек)

3.     Әдебиет. (5 асыл іс, 5 дұшпанды атаңыз)

4.     Ағылшын тілі. Сөйлемді аудару. Мен Ойыл селосында  тұрамын.

5.     Орыс тілі. Сөйлемді аудару. Мен туған  жерімді жақсы көремін.

6.     Математика. 04.06.1992 сандары нені білдіреді?

7.     Жаратылыстану. Қазақстан қай материкте орналасқан және шектесетін мемлекеттерді атаңыз.

VІ бөлім.  «ХХІ ғасырға ақ тілек» бұл бөлімде оқушылар өз тілектерін арнайды.

Хор : «Мектеп маршы» Сөзі,әні: Еркін Жиеналин.

 

Қорытынды: Жеңімпаздарды анықтап, марапаттау. Сөз әділ қазылар алқасына беріледі.

Тәуелсіз Қазақстан – ұлы Отаным,

Көк туымды қалайша құлатармын.

Тып-тыныш тұрып жатқан жайымыз бар,

Бәріміз баласындай бір атаның.

Елімізде бақ-береке, ырыс болсын,

Қызыл тілім қанжардай қылыш болсын.

Халқымның ахуалы дұрыс болсын.



          Отанымыз әрқашанда тыныш болсын! – деп «Менің Отаным – Тәуелсіз Қазақстан» атты ашық тәрбие сағатымызды аяқтаймыз.

Қыз ұзату, қыз айттыру, құда түсу, бата аяқ, құда тартар, қыз ұзату тойы, ау-жар, сыңсу, қоштасу



«Той десе қу бас домалайды» дейтін қазақ, «тойға бұйырсын» деген үмітпен мал жиған, дәулет құрған. Тойдың ел айта жүрер ерекше көңілді, сән-салтанатпен өтуі той иесінің абыройын арттырған. Қазіргі қазақ тойларының бәрі бір-біріне ұқсас.

         Тойымыз көңілді, қазақтың жанына қабысатындай болып өтсін десек, салт-дәстүрлеріміз бен ырым-тыйымдарымызды  жақсы білуге тырысайық. Біліп қана қоймай, келешекке қалдыруды да бүгін ойлайық. Өз білгендеріңізді сіздер де жіберіңіздер.

******

Қыз ұзату

         «Қыз көру» салты кейде «қыз таңдау» деп те аталады. Салт бойынша белгілі кісілердің балалары немесе өнерпаз, сал-сері жігіттер өзіне лайық қыздарды ел ішінен өздері таңдаған. «Пәлен жерде жақсы қыз бар» дегенді естіген жар таңдаған жігіттер өнерлі дос-жолдастарын ертіп, қыз ауылына барады. Қазақта «қызды кім көрмейді, қымызды кім ішпейді?» деген мақал қыз іздеген жігіттерге жол ашады. Ондай жігіттерге ешкімнің наразылық білдіруге, тосқауыл жасауға хақысы жоқ. Керісінше жігіттерді салтанатпен қарсы алған. Ауылдың бойжеткен өр мінезді, еркін қыздары мұндайда «қыз көретін жігітті біз көрелік» деп белсене шығып, жігіттермен өнер сынасқан. Жігітке олар да сын көзбен қарап, өз ойын ашық айтқан. Осындай жолда бірін-бірі сынаған қыз-жігіттер айтысқа түскен. Осыдан кейін ұнатқан жастар сөз байласып, жігіт жағы құда жіберген. Демек, жігіт пен қыз бірін-бірі ұнатқан жағдайда да құдалық жолы жасалған. Олай болса, қыз бен жігіт бірін-бірі ұнатып қосылған, сүйіп қосылған кездері қазақта ертеден болған. Әрине, қазақ салтында «қыз таңдау», «қыз көру» әр кезде бола бермеген. Оған аты белгілі адамдардың балалары мен жігіттердің ғана қолы жеткен.

*****

Қыз айттыру

         Әр ата-ана өз ұлының болашақ қалыңдығын ерте ойластырады, өзінің теңін іздейді. «Анасын көріп, қызын ал» деген қағиданы қатаң ұстайды. Яғни болашақ құдасын орынды жерден, жақсы кісілерден, аталы, іргелі ауылдан қарайды. Тұқымында, тегінде ауруы бар отбасының қыздарына сөз салмайды. Лайықты деген адамдарына әдейі барып, балаларының болашағы туралы әңгіме қозғайды, өздерінің құда болу ниетін білдіреді. Мұны «қыз айттыру» дейді. Бұл жолдың да түрлі ереже, тәртіптері бар. Егер балалар (ұл,қыз) жас болса, тіпті іште жатса да ерте келіп сөз байласады. Мұндай адамдар көбіне бірін-бірі жақсы білетін, өте сыйлы дос кісілер арасында болады. Олар алдымен іште жатқан балаларын бір-біріне қосу туралы келіседі. «Атастыру» деген – осы. Мұны «бел құда» дейді. Кейде қыз алған құда енді сол үйге өз қызын беретін болса мұны «қарсы құда» дейді. Бұрын құда болған кісілер құдалықты тағы жалғастыратын болса, оны «сүйек жаңғырту» деп атайды. Қыз бойжеткен, ұл ержеткен жағдайда екі жасты қосу «құда түсу» арқылы жасалады.

         Қазақтың ертеден белгіленген заңы бойынша жеті атадан бері қыз алыспайды.қазақтың тағы бір жазылмаған заңы - әйел күйеуден сегіз жас, еркек әйелден жиырма бес жас үлкен болса, қосылуға рұқсат етілмейді. Әрине, әмеңгерлік жолда мұндай некелік ережелер мен шектеулерге қарамайтын жайлар да болған. «Қыз айттыру» - баталасу жас отаудың беріктігін, сенім мен сыйластықтың негізін қалайды.


*****

Құда түсу

         Ертеден және қазір де жалғасып келе жатқан әрі жарасты дәстүрлердің бірі – құда түсу. Жігіттің әкесі немесе жақын туыстары қызы бар үйге құда түседі, яғни бойжеткен қызын өз ұлына қалыңдық етіп беруін сұрайды. Құдалар құрметке лайық сыйлы адам деп саналады. Қыз әкесі келісім берген соң құдалықтың жөн-жоралғыларын жасайды. Оның түрі өте көп. Мысалы, құда аттанар, құда тарту, ат байлар, құйрық-бауыр жегізу, тағы басқа ырымдар мен кәделері, алымдары болады. Құдалықты басқарып барған адам «бас құда» деп аталады. Тұрмыс құратын жігіт пен қалыңдықтың әкелері бір-біріне «бауыздау құда» деп аталады. Құда түсу – қазақтың ең үлкен той-думаны, мәртебелі, жарасты әрі мән-маңызы бар салт-дәстүрлерінің бірі. Онда түрлі ойын сауық, әзіл-қалжыңдар, балуан күрес, айтыс, өлеңдер айтылады. Екі жақта бір-бірінің артықшылығын байқап, кемшілігін сынап отыратыны – бесенеден белгілі.

******

Бата аяқ

         Екі жақтық келісімнен кейін жігіт әкесі қыз ауылына келіп «бата аяқ» өткізеді. Кейде мұны «сырға тағар» деп те атайды. Осы жолы екі жақ тойды өткізу мерзімі, кәде-жора, қалыңмал жөнінде келіседі. Мұны бата, келісуді «баталасу» дейді. Батаның ек» түрі бар: біріншісі – кесімді бата жасау, яғни мал мөлшері, той уақыты, шығын мөлшері, алыс-беріс, келу-кету, т.б. Екіншісі – кесімсіз бата, яғни мал саны, мүлік мөлшері кесілмейді. Жағдайға, уақытқа қарай кейін белгіленеді. Ауқатты, елге есімі белгілі адамдардың құдалығына «бас жақсы», «аяқ жақсы» деген ірі, бағалы кәделер болады. «Бас жақсыға» - боталы түйе, құланды бие, жағалы киім, бағалы бұйым, алтын, күміс жамбылар жатады. «Орта жақсыға» - ең жақсы түйе  не ат. «Аяқ жақсыға» - ат, сиыр, қой, т.б. жатады.

*****

Құда тартар

         Қазақтың жол-жоралғылары, салт-дәстүрлері, түрлі ырым-тыйымдары мен кәде түрлері  көп. Солардың ішінде қыз алуға келген құдаларға жасалатын құрмет те аз емес. Сол сияқты, олар тартатын күлкілі азап та көп. Олар «құдаларын құдайындай сыйлай» отырып, «құда тартар» атты кәделі дәстүрден аттап өтпейді. Бұл – ойын-күлкіге, сауыққа, сынға құрылған салт. Мұнда құда тартар кәдесін сұрай келген әйелдер бастаған топ құдаларға лап қояды да, оларды көкпар тартқандай тарта жөнеледі. Әрине, қарулы жігіттер мен жас әйелдер араласады. Олар құдаларды теріс қаратып өгізге мінгізеді, «кірлеп кетіпті ғой» деп өзенге апарып сүңгітеді, аяғын жоғары қаратып үйдің шаңырағына да асып қояды. Не керек, жұрт күлетін қиын да, кейде ерсі қимылдарға да барады. Бұған құдалар ашуланбайды. Қолынан келсе, олар да құдағи жағына күш көрсетіп, оларды қоса құшақтай кетеді. Мұның өзі жұрттың көңілін көтеретін бір үлкен ойын-сауыққа ұласып кетеді.

******

Қыз ұзату тойы

Ұзату тойында қыздың өз туыстары мен құрбы-құрдастары отырады. Ата дәстүріміз сол. Қазақ қызы әкесі мен ағаларының, өзге аталас туыс-бауырларының көзінше жігіттің жанына жақындауға ұялған.

Қазақ салтында жеңгелері қайын сіңлісінің қолын ұстатып, күйеу жігіттен «қол ұстатар», шашын сипатып «шаш сипатар» сыйлықтарын алған. Бұл, бір жағынан, жастар үшін сын болған. Осы сында қыздың ұяңдығы, ұялшақ, ибалы мінезі, тазалығы мен пәктігі, ал күйеу жігіттің тектілігі, жомарттығы көрінген. Және бұл жоралғылардың бәрі жас жұбайларға арнап тігілген оңаша отауда жасалған.

Қыз ұзату – үлкен той-думан әрі қызық болғанымен, бұл күні ата-ана қуанады, әрі жылайды. Қуанатыны – «қызым өсті, өрісім кеңейді» дейді, жылайтыны – қимастық көңілі, бағып-қаққан перзентінің жатжұрттық боп кете баратыны...

Қызды алуға құда жақтан бес не жеті (тақ санмен), кейде одан да көп адам келеді. Мұның ішінде бас құда, құдалар және күйеу жігіт пен күйеу жолдас болады. Солтүстік және Оңтүстік Қазақстанда тек ер адамдар барады. Құдалар, әдетте кешкілік баруы керек. Мұнда ойын сауық, құдалық рәсімдер мен кәде-жоралар жаслады. Жақын адамдар (ағайын-туыс, көрші-қолаң) құдаларды үйіне шақырады.

Ұзатылған қызды, дәстүр бойынша, таң ата, күн шыға жөнелтеді. Оның алдында қыз «Қоштасу жырын», «Сыңсу» айтады, жастар «Жар-жар», «Ау-жар», «Аушадияр» айтады.

*****

Ау-жар

         Ұзатылып бара жатқан қыздың «сыңсуы», «қоштасуы» - ұлттық тәрбие мектебінің тамаша үлгісі. Алтын ұяны, туған ел-жұрттан бөліну, жат босаға аттау оңай іс емес. Осының бәрін тәжірибелі де тәрбиелі халық жылай жүріп ән, жыр түрінде шеберлікпен үйлестіріп жасай білген. Қыз жылап қоштасқанымен, бұл қайғы емес, қимастықтың белгісі. Дегенмен қыз ауылының қыздары мен жігіттерінің де қимастық көңілдері де көрінбей қалмайды. Олар өлең жырды үстемелей түсіп, айтыс түрінде «жар-жар», «ау-жарды» төкпелейді. Мұнда да ізгі тілектестік, достық көңіл, жаңа бақыт жолында жақсы ниет көрінеді. Оның сөзі де, әні де көркем, ойнақы айтылады. Ол біресе «ау-жар», біресе «ай-ау», біресе «бике-ау», біресе «үкі-ау» деп те айтыла береді. Олардың мынадай үлгілері бар:

Буынғаным беліме кісен бе еді, ау-жар, ау,

Бекем бусам белімнен түсер ме еді, ау-жар, ау,

Әкең барып шешеңді ап келмесе, ау-жар, ау,

Мұндай азап басыңа түсер ме еді, ау-жар, ау!

Мінген де атың боз ғана, бике-ау,

Күйеуің сенің бозбала, бике-ау.

Өксігің сенің басылмас, бике-ау,

Әлдилеп бала сүйгенше, бике-ау.

 

Мінген де атың жиренше, үкі-ау,

Тықыршып тұрар мінгенше, үкі-ау,

Қыз көңілі басылмас, үкі-ау,

Әлдилеп бөпе сүйгенше, үкі-ау!

 

Кеттің, кеттің деуші едің, кеттім, апа-ай, ау,

Ерттеп қойған атыңа жеттім, апа-ай ау,

Шымылдығын желпе сал, көрсін апам, ай-ау,

Көзіңнің жасын қойныңа, төксін апам, ай-ау!

******

Сыңсу

         Халқымызда тұрмыс салт жырларының ең көп тарағандарының бірі – сыңсу. Ұзатылған қыз өз босағасынан аттанар, «сыңсу» айтып қоштасады. Бұл сәтте оның жанында жеңгелері жүреді. Ол өзінің балалық дәуренің, оң жақта бұлғақтап өскен бақытты күндерінің өткендігін, аяулы ата-анасының, туысқандарының өзін мәпелеп өсірудегі еңбегін өлеңмен айта жүріп өксиді.

         Базардан келген құйысқан,

         Тарамай шашым ұйысқан.

         Келіп кетіп жүріңдер-ай,

Сағындырмай туысқан, - деп өзінің өтінішін де айтады.

Қыздың сыңсуы жарасымды әрі тәрбиелік мәні бар салтанатты салт. Бұл адамгершілік, әдептілік жағынан алғанда да өте орынды дәстүр. Өйткені балалық күндерден ағайын ортасынан бөлініп кету оңай іс емес.

******

Қоштасу

         Ұзатылатын қыз өз үйінен аттанар алдында өзінің ата-анасымен, аға-інісімен, сіңлісі, жақын-жуықтарымен қоштасу жырын айтады.

         Әуеден ұшқан бұлдырық,

         Құбыладан соққан ызғырық.

Жатқа кетіп барамын,

Жаратқан соң қыз қылып.

Атасы жақсы құл болмас,

Анасы жақсы күң болмас.

Оң жақтан кетіп барамын.

Қыз еркелеп ұл болмас, - деп өзінің жат жұрттық болып жаратылғанын жырға қосады. Ең соңында:

Жанымдағы қыным-ау,

Сіңлілерім мен інім-ау.

Жыл айналып келгенше,

Қош аман, бол күнім-ау, - деп бауырларымен қоштасады. Мұнда «жыл айналып келгенше» деген сөздің мағынасы бар. Өйткені дәстүр бойынша, ұзатылған қыз жыл толмай өз үйіне бара алмайды. Барған жеріне «тастай батып, судай сіңу» үшін, екі жақтың әңгімесін тасымас үшін... тағысын-тағылар. Қазақтың бұл философиясының төркінінде, әрине, жас отбасының берік қалыптасу мектебі жатыр.

Қоштасу қазақ халқының бауырмалдық, әңшілік, айтқыштық қабілетін көрсететін тұрмыс салт жырларының ішінде көркем де көрнекті дәстүр. Қоштасу жыры соңынан қыздың жеңгелері мен серіктері:

Жылама, бикем, жылама,

Көзіңнің жасын бұлама.

Ұл болып тусаң әуелден,

Сені мұндай қыла ма? – деп оған жұбату айтып, келешегіне жақсы тілек білдіреді.

Салт жырларының тәрбиелік маңызы зор. Мұнда ұлттық дәстүр, халықтық қағида, ағайын-туыстық қимас сезім, алдағы арман... бәрі де бар. Қоштасу, жұбату жыры сонысымен құнды.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет