КӨКЕМАРАЛ ГҮЛДЕГЕНДЕ
Жабыны жауға мінбе жалды екен деп,
Жаманмен жолдас болма малды екен деп.
Баласын қазанаттың бақпай қойма,
Жем түсіп аяғынан қалды екен деп.
(Халық өлеңі)
Күні кеше бұл екі колхоздың арасына жаяу жүгіріп
кете беруші едік. Енді жұрт машинасыз бір адым
аттамайды. Бұл күнде екі арадағы жалғыз аяқ суыртпақ
жол да жоғалған.
Былай шыға бере шофер жігіт саусағын шошайтып:
– Бензин таусылды. Қайтар жолыма бензин тауып
бермесеңіз, мен жолда қаламын, – деп зарлады.
Ықылық ата ішіп алғанын көріп отырмын. Онымен
айтысып оңбайсың: – Көрерміз, – дей салдым.
Машина оқалақтаған сиыр құсап ойқы-шойқы
жортып келеді. Бензин орнына багына арақ құйылғандай.
– Директордың бұйрығы бар, – деді шофер рульден
қолын ала беріп саусағын шошайтып, – көлік «налево»
жүрілмесін деген. Білсе, мені жұмыстан қуады.
Елге келгенде осы Шоңқарадағы Әдия əпкеме
жолықпасам, бірдеңе жоғалтып алғандай боламын
да тұрамын. Келуін келемін-ақ, енді көрші колхозға
қайтарда көлік қинайды.
Жаңа жиеніме айттым:
– Әй, айналайын, маған бір ат ерттеп берсең жетеді,
машина іздеп əуре болма, – дедім.
46
Сүдігерде изен ызыңдайды
Көнбеді:
– Өзің астанадан келіп, атқа мініп жүргенің не
болғаның əлдекім құсап, – деп сөгіп тастады. Жат та
кеп машина іздеді. Бөлімше бастығына «əке-көке» деп
жатып «газигін» сұрап алыпты.
– Менің де бала-шағам бар, – деді шофер. – Бүгін
ғой демалыс. Жұрт демалады, мен жұмыс істеймін.
Анда бар, мұнда бар... Ел жатса да, енекем жатпайды.
Ол кім? Ол – мен. «Талаптыға» жеткен соң бензин
ұйымдастырыңыз. Вот...
Жолдың үстінде, қызыл жоңышқаның жағасындағы
көк өзекте жылқы жатыр екен. Есіме Қуан түсіп,
шоферге:
– Тоқта! – дедім.
Ол аңырып, алғашында түсінбей қалды.
– Ал, енді қайта бер.
– Сіз ше?
– Сау бол!
Жолдан бұрылып, жылқы жусап жатқан өзекке қарай
жүре бердім.
Жылқы дегенде жиырма шақты мініс аттары екен.
Мен жақындағаннан бəрі де одырая бас көтеріп, оқшия
қарасып қалды. Арасында біреуі ерттеулі. Демек, Қуан
аға да осында. Айтса айтқандай, ат бағушы өзектің
қабағында шоқ тобылғының түбінде жамбастап жатыр
екен. Көктің иісіне елтіп қалғандай, ішпей-жемей
шала мас. Менің машинадан түсіп қалғанымды көріп
жатыпты.
– Кел, інішек, – деді көкшіл көздері күлімсіреп. –
Мына жаман ағаңды іздеп келмеген шығарсың, таңсық
іздеп келдің ғой. Атқа құмарлығың əлі қалмаған, ə,
қызталақ.
47
Сүдігерде изен ызыңдайды
Аттар енді əлгідей одыраймай отқа бас қойыпты.
Қызыл жоңышқа гүлінің иісінен көбелектің басы
айналғандай қалбаң қағады. Жабайы араның құдайы
жарылқап, қай гүлге қонарын білмей шалқақтайды.
Мастықпен бұлғақтап келіп, тұмсығыңнан соғып кете
жаздап жанай ұшып өтеді. Ырғын тоқшылық. Аттар
да көлік малына ұқсамайды, бүйірлері тоқ, жүнінің
жылтылы көп, жауыр-жəутігі жоқ.
– Қуан аға, жұмыс айырбастасақ қайтеді? Сіздің
орныңызға жылқы баққым келеді.
Көзі сығырайып, көнтек ерні қыбырлап біраз жатты.
Сірə, айтайын деген сөзін қайтып алды. Мені бір боқтай
жаздап барып қалды. Сонан соң шынтақтаған жерінен
көтеріле берді:
– Сенің ғой бала күніңде жылқы баққаныңды
білемін. Бақсаң, қазір қолыңнан, бəлкім, келер. Әй,
қайдам, бірақ... Ал мен сенің қызметіңді істей алар ма
екем? Жылқы баққан оңай емес, інішек. Құйрығын ұстап
жүрмесең – қиын. Біреуі жоғалса ең кемі үш жүз сом
мойныңа сарт ете қалады. Ал мен мына сұңғыттардың
əрқайсысына айына жазда 2 сом 05 тиыннан, қыста 3
сом 09 тиыннан ақы аламын.
Мен Қуан ағаның еңбекақысын ішімнен есептеп
шығып:
– Аз ғой, – дедім.
– Аз. Қайтесің? Колхоз бастық таудағы жылқыдан
күш-көлікке деп тағы жиырма ат бермекші болған.
Ақы аттың санына қарай. Мұнда қып-қызыл ақша қой
мен қошқар баққанда ғой. Әне, анау жатқан Сəмбеттің
қошқары. Меринос. Жақсы жүн берсе, айына үш жүз
сомға дейін айналады.
|