Баланың психикалық дамуына заттық әрекеттердің дамуы едәуір дәрежеде әсер етеді. Нәрестелік жасқа тән қимылдық іс-әрекет ерте сәбилік шақта заттық іс-әрекетпен алмасады. Заттық іс-әрекеттің дамуы заттармен жұмыс істеудің қоғам жасап шығарған тәсілдерін игерумен байланысты болады. Адам үшін заттардың бекітілген, тұрақты маңызы бар. Адам жануарлармен салыстырғанда тұрақты нәрселер дүниесінде өмір сүреді. Маймылдың да саптаяқтан су іше алатыны әркімге белгілі. Бір-ақ жануарлар үшін заттардың ситуациялық маңызы бар: егер су саптаяқка құйылған болса, маймыл оны саптаяқтап, егер су шелекте болса, шелектен, ал егер еденде төгіліп жатса, еденнен ішеді. Бала үлкендерден заттардың адам іс-әрекеті арқылы бекітілген тұрақты маңызын бағдарлауға үйренеді. Баланы қоршаған заттық дүние — мебель, киім-кешек, ыдыс-аяқ — заттар, олардың адамдар өмірінде белгілі бір маңызы бар. Бала ерте сәбилік шақта да бұйымдардың маңызын түсінеді. Заттың бекітілген мазмұны балаға өзінен-өзі берілмейді. Ол шкафтың есігін сансыз рет ашып-жабуы, сол сияқты ұзақ уақыт қасықпен еденді тарсылдатуы мүмкін, бірақ мұндай белсенділік оны заттардың атқаратын міндетімен таныстыра алмайды. Заттардың функциялық қасиеттері сәбиге үлкендердін тәрбиелік және оқыту ықпалдары арқылы ашылады. Бала түрлі заттармен жасалынатын іс-әрекеттер түрлі дәрежеде ерікті болатынын біледі. Кейбір заттар өздерінің қасиеттері жағынан іс-әрекеттің белгілі бір тәсілдерін қатаң сақтауды қажет етеді (бұған қорапшаның қақпақпен жабылуы, пирамиданың шығыршықтарын өткізу, матрешкаларды-жинастыру тәрізді арақатынастағы әрекеттер жатады).
Баланың ерте сәбилік кезеңде дамуы
Ерте сәбилік шақтың санына қарай (үш жасқа қарай) іс-әрекеттің жаңа түрлері қалыптаса бастайды. Олар осы жас шегінде кең жайылған формаға жетеді және біртіндеп психикалық дамуды анықтай бастайды. Бұларға ойын мен жемісті іс-әрекет түрлері (сурет салу, мүсіндеу, конструкциялау жатады. іс-әрекеттің бұл түрлерінің болашақта мәнді болатынын ескеріп, олардың ерте сәбилік шақта қалыптасуына жағдайлар жасау қажет. Заттық іс-әрекеттен алынып, жинақталған әсерлер баланың тілін дамытудың негізі болады. Сөздің артында ақиқат дүниенің бейнелері тұрған жағдайда ғана, сол сөзді игеру жемісті болады. Сөйлеуді игеру нәрестелік шақтан-ақ басталған қарым-қатынас қажеттілігінің әрі қарай дамуына байланысты жүзеге асады. Сөздік қарым-қатынас баладан қатынасу қабілетін талап еткен жағдайда, яғни үлкендер оны түсінікті сөйлеп, өз ойын айқын сөздермен құра білуге көндірген жағдайда пайда болады. Егер үлкендер баланың әрбір тілегін қағып алып отырса, онда оның тілінің дамуына ешқандай түрткі болмай қалады. Ерте сәбилік шақ тілді дамыту үшін өте сезімтал (сензитивті) кезең болып табылады: нақ осы кезде сөйлеуді игеру аса тиімді өтеді. Егер бала қайсыбір себептермен осы жылдарда тілді дамыту қажетті жағдайлардан айырылып қалса, онда кейін жіберілғен қателіктердің орнын толтыру ете қиын болады. Сондықтан екі-үш жаста баланың тілін дамытумен қарқынды шұғылдану қажет.