«Мемлекеттік сатып алу туралы» 2015 жылғы 4 желтоқсандағы Заңды (жаңа редакцияда) түсіндіру
бойынша семинарда Қаржы министрлігі Мемлекеттік
сатып алу заңнамасы департаментінің директоры
Сәбит Мейрамұлы Ахметовтің сөйлеген сөзі
2015 жылғы 21 желтоқсан, сағат 10.00-де, Астана қаласы,Жеңіс даңғылы,11
1-слайд.
МЕМЛЕКЕТТІК САТЫП АЛУДЫҢ ЖАҢА ӘДІСТЕРІ ТУРАЛЫ
Қайырлы күн, Семинарға қатысушылар!
2-слайд.
Бәріне белгілі, 2015 жылғы 4 желтоқсанда Мемлекет басшысы «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заңға (жаңа редакцияда) қол қойды, ол 2015 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі.
Заң Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, сондай-ақ бес институционалдық реформаны іске асыру бойынша Ұлт жоспары – «100 нақты қадам» шеңберінде қабылданды.
Ағымдағы жылғы 11 желтоқсанда Қаржы министрінің бұйрығымен жаңа Мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидалары бекітілді, ол қазір Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуде.
Қағидалар да Заң сияқты 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі.
Жаңа Заңға және жаңа Қағидаларға сәйкес мемлекеттік сатып алу веб-порталының жаңа платформасы пайдалануға енгізіледі.
3-слайд.
Енді мемлекеттік сатып алудың барлық кезеңдерінде өзекті нүктелерге жүргізілген талдауды есепке ала отырып әзірленген Заңның негізгі ережелеріне тоқталып өтуге рұқсат етіңіздер.
ЖОСПАРЛАУ
4-слайд.
1. Жоспарлау кезеңінде бюджетті жоғарғы бағалар бойынша жоспарлау проблемасы бар. Осы проблеманы шешу үшін Заңда шарттарды жасасудың электрондық форматы ғана енгізілді. Бұл веб-порталда сатып алынатын тауарлар, жұмыстар, көрсетілетін қызметтер бойынша толық және дұрыс ақпаратты қалыптастыруға және олардың орташа сатып алынатын бағаларын («Бағалар модулі» деп аталатын) анықтауға мүмкіндік береді.
Сонымен бірге, бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің бюджеттері қазір жасалып отырғандай прайс-парақтар негізінде емес, веб-порталда қалыптастырылған, бюджетті жоспарлау үшін бағдар ретінде қызмет ететін орташа сатып алынатын бағалардың негізінде қалыптастырылатын болады.
Баға модулімен бекітілген аралықтан асатын бағалар бойынша шарт жасаған жағдайда тексеруді жүргізу үшін негіз болып табылатын тәуекелді басқару жүйесі автоматты түрде іске қосылады.
2. Мемлекеттік сатып алу саласында жасалған қылмыстарды талдау көрсетілген санаттағы қылмыстық істердің 80%-ға жуығы іс жүзінде аяқталмаған жұмыстар бойынша құрылыс актілеріне қол қою фактілері бойынша қозғалғанын көрсетеді.
Қылмыстық істерді зерделеу аяқталмаған жұмыстар бойынша актілерге қол қою себептері бюджет қаражатын игермеуге әкеліп соғатын мемлекеттік сатып алу рәсімдерінің ұзақтығы да болып табылатынын көрсетті.
Бюджет заңнамасына сәйкес бюджет қаражатын игермеген жағдайда, олар бюджетке қайтарылады. Осыған байланысты, бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері бөлінген қаражатты игеру мақсатында орындалған жұмыстар актілеріне қол қоюға мәжбүр.
Мемлекеттік сатып алуды уақтылы жүргізбеу проблемалары Заңмен мемлекеттік сатып алудың алдын ала жылдық жоспары институтын енгізу жолымен шешіледі.
Атап айтқанда, тапсырыс берушілерге тиісті бюджет комиссиясының оң қорытындысы негізінде мемлекеттік сатып алуды бюджетті бекіткенге дейін өткізу мүмкіндігі беріледі.
Бұл ретте шарт жеңімпазға бюджетті бекіткеннен кейін ғана жіберілетін болады.
КОНКУРСТЫҚ ҚҰЖАТТАМАНЫ ДАЙЫНДАУ
5-слайд.
Техникалық ерекшелікті дайындау сатысында тапсырыс берушілер оны нақты өнім берушіге бейімдейтін проблема орын алып отыр.
Көрсетілген проблеманы шешу үшін Заңмен техникалық ерекшелікті алдын ала талқылау институты енгізіледі. Бұл әлеуетті өнім берушілерге техникалық ерекшелікпен алдын алу танысуға және қажет болған жағдайда конкурстық құжаттаманың «орындалмайтын» шарттарын даулауға мүмкіндік береді. Аталған талқылау рәсімі веб-портал арқылы 10 күн ішінде (5 күн – шағым беруге, 5 күн - қарауға) ашық түрде жүргізілетін болады.
ӨТІНІМДЕРДІ ҚАРАУ
6-слайд.
Өтінімдерді қарау кезеңінде өтінімдерді негізсіз кейінге қалдыру проблемасы бар, ол сатып алуларды өткізілмеген деп тануға әкеп соғады. Өз кезегінде өткізілмеген сатып алулар бір көзден сатып алуды өткізу үшін негіздеме болып табылады.
Осылайша, бүгінде мемлекеттік сатып алудың негізгі үлесі (бұл шамамен сатып алудың жалпы үлесінен 70%) бір көзден – немесе бірден тікелей не өткізілмеген конкурс арқылы жүргізіледі.
Осы мәселелер Заңменмынадай нормаларды белгілеу арқылы шешіледі.
Бірінші, сатып алуға қатысушыларға өтінімдерді ашқаннан кейін құжаттарды өзара қарау мүмкіндігі беріледі.
Басқа сөздермен айтқанда, енді сатып алуға қатысушылар олардың бәсекелестері өтінімге қандай құжаттар салынғанын көре алады. Бұл тапсырыс берушілер қабылдаған шешімдердің негізділігін бағалауға мүмкіндік береді.
Мысалға, қазір тапсырыс берушілер өтінімдері конкурстық құжаттаманың талаптарына сәйкес келмейтін «өздерінің» әлеуетті өнім берушілерін конкурсқа қатысуға жіберуі мүмкін. Не біреуін кейінге қалдырады, екіншісін құжаттарының тізбесі бірдей болғанымен кейінге қалдырмайды.
Осы норма «жосықсыз» тапсырыс берушілерге өнім берушіні таңдау бойынша өздігімен шешім қабылдауға мүмкіндік бермейді деп ойлаймыз.
Екінші, нақты себептерді көрсетпей өтінімдерді кейінге қалдыру тапсырыс берушілердің көп тараған бұзушылықтарының бірі болып табылады. Осыған байланысты тапсырыс берушілердің растайтын құжаттарды көрсете отырып, өтінімдерді кейінге қалдыру себептерін егжей-тегжей және нақты сипаттау міндеті Заңмен белгіленеді.
Көрсетілген талаптар орындалмаған жағдайда Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексте лауазымды тұлғалардың әкімшілік жауапкершілігі көзделеді.
Үшінші, бір көзден сатып алуды жүргізуге мүмкіндік беретін нормалар, яғни өнім берушіні таңдауды тапсырыс беруші конкурстық рәсімдерді өткізбей айқындау адал бәсекелестікті дамытуға кедергі болып табылады. Осыған байланысты, Заңмен 68-ден 54-ке дейін бір көзден алу негіздерінің саны қысқартылады.
Бұдан басқа, бір көзден алуға талаптар қатаңдатылады. Енді тапсырыс берушілер бір көзден алумен сатып алуды жүзеге асыру қажеттілігін негізддеуге тиісті. Осындай сатып алудың қорытындылары бойынша олар өнім берушіні және веб-порталда орналастырылуға тиіс жасалған шарттың бағасын таңдау негізімен есеп дайындауға тиісті.
Осымен қатар 2014 жылғы 14 қаңтардағы Заңмен әлеуетті өнім берушілерге 3 күн ішінде өтінімді конкурстық құжаттаманың талаптарына сәйкес келтіруге құқық беретін өтінімдерді алдын ала қарау институты енгізілді.
Осы норманы енгізудің конкурсқа қатысуға жіберілген әлеуетті өнім берушілердің үлесін ұлғайтуға мүмкіндік берген оң нәтижелері бар. Осылайша, егер 2013 жылы өтінімдердің жалпы санынан конкурсқа қатысуғ жіберілгендердің саны 52% құраған болса, ал 2014 жылы бұл көрсеткіш 72% дейін өсті.
ҚОРЫТЫНДЫЛАР ЖӘНЕ ШАРТ ЖАСАСУ
7-слайд.
Қорытындыларды жасау және шарт жасасу кезеңінде оларды даулау проблемалары бар.
Осылайша, бүгінде қорытындыларға шағым жасау шартты жасауды тоқтатпайды, ол жосықсыз тапсырыс берушілерге заңнаманы бұза отырып, жүргізілген сатып алуды жүзеге асыруға мүмкіндік береді.
Енді жаңа Заңға сәйкес сатып алу қорытындыларына шағым болған жағдайда, шартты жасасу осы шағым қаралғанға дейін тоқтатыла тұрады.
Бұдан басқа, осы кезеңде жеңімпаз деп танылған әлеуетті өнім берушілердің шарт жасасудан бас тарту проблемасы бар. Бұл ретте осындай фактілердің жаппай сипаты бар.
Мысалға, М.П Садықов ЖК 4 ай ішінде 300 реттен астам сатып алуды бұзды. Әрбір бас тарту фактісі бойынша көрсетілген ЖК қатысты заңды күшіне енген сот шешімдерінің тиісті саны шығарылды.
Веб-портал деректеріне сәйкес ағымдағы жылғы 14 желтоқсандағы жағдай бойынша Мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылар тізілімінде 16 мыңнан астам өнім берушілер бар, ал бұл шамамен 13 мың, оның 80% астамы шарттар жасасудан бас тартуға байланысты.
Енді, жаңа Заңға сәйкес шарт жасасудан бас тартқан әлеуетті өнім берушілерді веб-портал автоматты түрде шарт жасасудан бас тарқан күні Тізілімге енгізетін болады.
Мәселен, егер сатып алу жеңімпазы өз электрондық цифрлық қолтаңбасын пайдалана отырып, 3 күннің ішінде шартқа қол қоймаса, төртінші күні ол Мемлекеттік сатып алудың жосықсыз қатысушылары тізілімінде тұратын болады.
Шарттарға қол қоймаудың құқықтық салдарларын ескере отырып, жеңімпаздарды бір мезгілде үш тәсілмен хабардар ету мәселесі пысықталуда:
бірінші, веб-портал арқылы әлеуетті өнім берушінің жеке кабинетіне хабарлау;
екінші, әлеуетті өнім берушінің тіркеу деректерінде көрсетілген электрондық почта арқылы хабарлау;
және үшінші, әлеуетті өнім берушінің тіркеу деректерінде көрсетілген ұялы телефондарына SMS-хабарламалар жіберу арқылы хабарлау.
Бұдан басқа, шарт жасасудан жалтарудың жаппай сипатын ескере отырып, сондай-ақ мемлекеттік сатып алудың бұзылуына жол бермеу мақсатында «екінші жеңімпаз» ұғымы енгізілуде. Мәселен, жеңімпаз шарт жасасудан жалтарған жағдайда шарт екінші жеңімпазбен жасалатын болады.
ШАРТТЫ ОРЫНДАУ
8-слайд
Шарттарды орындау кезеңінде тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді қабылдап алудан негізсіз бас тарту проблемалары бар.
Оларды шешу үшін Заңда мынадай нормалар көзделіп отыр.
Бірінші, электрондық шот-фактуралар, тауарлар жеткізуге электрондық жүкқұжаттар, орындалған жұмыстардың, көрсетілген қызметтердің электрондық актілері енгізілуде.
Бұл шара веб-портал арқылы тауарларды жеткізу, жұмыстарды, қызметтерді көрсету фактілерін тіркеуге мүмкіндік береді.
Екінші, Заңда өнім берушінің ақысын толық төлеу үшін шарттар орындалған күннен бастап 30 күннен аспайтын мерзім белгіленеді.
АШЫҚТЫҚ
9-слайд
Рәсімдердің ашықтығын қамтамасыз ету шеңберінде, мемлекеттік құпияларды қамтитын сатып алуды қоспағанда, Заңда мемлекеттік сатып алу 100% электрондық форматқа көшірілген.
Бүгін электрондық сатып алудың үлесі 60%-ға жуық құрайды, қалған 40% қағаз түрінде жүзеге асырылады. Бұл «Заң нормаларын қолданбастан» деген 4-бапқа сәйкес өткізілетін сатып алу (ведомстволық бағынысты мемлекеттік кәсіпорындардан; сондай-ақ сомасы 2 мың АЕК-ден (4 млн. теңгеге жуық) аспайтын сатып алулар.
Бұдан басқа, қағаз түрінде өткізілетін «ерекше және арнайы тәртіп» (жеке тұлғалардан тұрғынжайлар сатып алу, мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс қызметтері мен арнайы әлеуметтік қызметтерді сатып алу) шеңберіндегі сатып алулар.
Енді жаңа Заңға сәйкес аталған барлық сатып алулар тек электрондық түрде ресімделетін болады.
Осылайша, Бағалар модулін электрондық шарттар, электрондық шот-фактуралар, тауарлар жеткізуге электрондық жүкқұжаттар, орындалған жұмыстардың, көрсетілген қызметтердің электрондық актілері, сондай-ақ электрондық банктік кепілдіктерді енгізумен бірге жоспарлаудан бастап, ақы төлеумен аяқтай отырып, мемлекеттік сатып алу жүйесін толық автоматтандыру қамтамасыз етілетін болады.
Сатып алу процесін толық автоматтандыруды ескере отырып, қашықтан бақылау мүмкіндігі пайда болды, оған байланысты, Заңмен камералдық бақылау жүргізу нормалары енгізілді.
ЖЕҢІЛДЕТУ
10-слайд
Рәсімдерді жеңілдету шеңберінде мемлекеттік сатып алудың жаңа тәсілі енгізіліп отыр – бұл алдын ала білікті іріктеу конкурсы.
Конкурстың бұл түрімен сатып алу екі кезеңмен жүзеге асырылатын болады:
1-кезеңде Қаржы министрлігі Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесе отырып, Білікті өнім берушілер тізілімін қалыптастырады, 2-кезеңде тапсырыс берушілер сатып алуды осы Тізілімге енгізілген әлеуетті өнім берушілер арасында жүзеге асыратын болады.
Бұдан басқа, конкурс және аукцион рәсімдері жеңілдейді, «үздік техникалық ерекшелік» ұғымы алынып тасталды.
ҚОРЫТЫНДЫ
Заңда мемлекеттік сатып алуды жеңілдетуге және оның ашықтығына бағытталған басқа да бірқатар нормалар көзделуде, бұл түптеп келгенде сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін барынша азайтуға және мемлекеттік сатып алудың тиімділігін арттырады.
Назарларыңыз үшін рахмет.
Достарыңызбен бөлісу: |