Мақсаты: білімділік – ХVIII – XXI ғасырлар аралығындағы қолданылған ақша түрлерімен таныстыру, ақша айналымы тарихынан мағлұмат беру;
тәрбиелік – оқушылардың іскерлік, кәсіпкерлік, ақша туралы түсініктерін кеңейту, сөйлеу мәдениетін дамыту, өз Отаны Қазақстанға мақтаныш сезімін ояту.
Көрнекілігі: сызбалар, слайдтар, мақал – мәтелдер.
Жоспар:
I. Kіріспе.
II. Heгізгі бөлім
1) Ақша тарихта (1 - слайд)
2) Теңге Қазақстанда (2 - слайд)
3) Теңге әдебиетте (3 - слайд)
4) Ақша қаржы жүйесінде (4 - слайд)
5) Ақша бизнесте (5 - слайд )
III. Қорытынды.
Жүру барысы:
Мұғалімнің сөзі: Бизнес - белгілі бір іске қатысушылар арасындағы іскерліктер қатынастар, кәсіпкерлік, яғни бизнес – нарықтық қатынас. Қазіргі уақытта қазақстандық кәсіпкерлік біршама қиыншылықтарды бастан кешіріп отырса да өзінің негізін әлдеқашан құрып алған. Ол заңмен қорғалады және әрқашан дамып отырады.
Бизнеске деген қызығушылық өсіп келеді. Біздің көзімізше қоғамның жаңа экономикалық негізі құрылып жатыр, өзінің ісін ашуға ниеттелген адамдар шығып жатыр. Мұның негізгі себебі қоғамның және халық шаруашылығының демократиялануы болып табылады.
Қазіргі уақытта кәсіпкерлікке өндірістің, нарықтың дамуына, яғни бүкіл қоғамға әсерін тигізетінін адамдар түсінді. Мемлекет кәсіпкерлердің арқасында, ал кәсіпкерлер өз мемлекетінің қолдауының арқасында өркендейді.
Балалар, сендерге бүгінгі сынып сағатын түсіну соншалықты ауыр болмас деп ойлаймын. Себебі ақша – уақыт тынысы.
Ақша тарихта (1 - слайд)
Мұғалімнің сөзі: Әрине, үйреншікті заттардың тарихын білген әрқашан қызық. Ал ақшаның және ақша жүйесінің тарихы өзіне ғана тән фактілерді емес, елдің, халықтың, экономиканың тарихын қамтиды. Ақша тарихы - өмірдің өзінің ең айқын, ең дәл және сабақ беретін көрсеткіші.
1 – Алишер: Кез - келген ақшадан әрбір елдің өткенін, бүгінгісін және болашағының бейнесін, яғни тарихын көруге болады. Бүгінгі таңда ақша тарихын зерттейтін арнайы ғылым саласы бар. Ол нумизматика деп аталады. Онда тиындар, құйма ақша кесектері т. б. (тиін мөрлері, құжаттар) ескерткіштер арқылы тиын соғу тарихы кеңінен зерделенеді. Нумазматика ғылым ретінде ХVІІІ ғасырдың ІІ жартысында пайда болды, оның негізін салушы – Вена нумизматигі И. Х. Эккель.
2 - Аружан: Ақша – жалпыға бірдей балама ретінде барлық басқа тауарлардың құнын көрсететін ерекше тауар. Ақша барлық тауар өндірушілер, сатушылар, тұтынушылар арасындағы экономикалық байланысты қамтамасыз етеді.
Теңге Қазақстанда ( 2 - слайд)
Мұғалімнің сөзі: Теңгенің енгізілуімен Қазақстан толық мағынасында тәуелсіз мемлекеттің барлық нышандары ( елтаңбасы, туы, әнұраны, ұлттық валютасы) бар егеменді елге айналды.
4 - Ерасыл: Тәуелсіздік алған елдің ең бірінші айрықша белгісі – ұлттық валюта. Ол – Қазақстан Республикасы көлемінде пайдаланылатын заңды төлем құралы. Ұлттық валютамыз Қазақстан Республикасының Президентінің 1993 жылғы 12 - қарашадағы жарлығымен 1993 жылы 15 - қараша күні таңертеңгі сағат 8 - ден бастап енгізілді. Қазақ теңгесі Англияда басылды.
5 - Ғанижан: Ұлттық теңгеміздің шеттері қазақтың ою – өрнектерімен безендірілген. Бірінші бетінде қазақ халқының әйгілі ұлы тұлғаларының бейнелері басылды. Екінші бетінде ою - өрнектер, табиғат көріністері бейнеленіп, елтаңбамыз салынған. Теңгенің 16 - ға жуық құпия қорғанысы, белгісі бар. Ұлттық валютамыздың дизайнын жасаушы, авторлық топтың жетекшісі Тимур Сүлейменов болды.
Теңге әдебиетте (3 - слайд) Мұғалімнің сөзі: 2008 жылы теңгенің 15 жылдық мерейтойы қарсаңында Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің төрағасы Әнуар Сәйденов «Қазіргі кезде балаларға арналған қазақша кітаптар жетіспейді, таралымы да аз. Сол балаларға ақша туралы алғашқы әліппелік түсінік беретін кітапша шығартсақ» деген тұжырымға келген екен.
Ақша қаржы жүйесінде (4 – слайд)
Мұғалімнің сөзі: Қазақстан Республикасында ақша шығару, олардың айналымын ұйымдастыру және оны айналымнан шығару ісін « Қазақстан Ұлттық банкі» жүзеге асырылады.
1 - Айнұр: Қазақстан Ұлттық Банкі» банкноттар мен тиындардың қажетті мөлшерін анықтайды, олардың жасалып шығарылуын қамтамасыз етеді, қолдағы ақша қаражатын сақтау, инкассациялау тәртібін белгілейді. Банктің ақша шығаратын банкнот фабрикасы, яғни арнайы Қазақстан Теңге сарайы бар. Онда қағаз ақшалармен қатар арнайы сапамен күміс ақшалар шығарылады. Таза салмағы 24 гр, 34 гр т. б. әр түрлі болып жасалатын бұл ақшалар қазақ өмірінің тарихынан мәлімет береді.
Ақша бизнесте (5 – слайд)
Мұғалімнің сөзі: Ақшаның мәні оның атқаратын қызметінен көрініс береді. Ақша негізінен мынадай қызмет атқарады.
1) Ақша - құн өлшемі. Ақша кұн өлшемі ретінде « құнды көрсету үшін, яғни мөлшер жағынан бірдей және саны жағынан салыстыруға келетін тауарлар құнын көрсететін» материал қызметін атқарады.
2) Ақша – айналыс құралы. Бұл қызметінде ақша айналыста дәнекер рөлін атқарады.
3) Ақша – қазына жинау және қорлану құралы. Ақша жалпыға бірдей байлықтың бейнесі болғандықтан оны кез - келген уақытта кез – келген тауарға айналдыруға болады.
4) Ақша – төлем құралы. Тауарлар нақты ақшаға сатылып қана қоймай несиеге де сатылады. Сатып алушы ақшаның орнына өз тарапынан борышқорлық міндеттемелер береді.
5) Дүниежүзілік рынокта ақша халықтардың төлем қаржысы ретінде төлем балансының сальдосын өтеуге, халықаралық төлем қаржысы ретінде шетелден нақты ақшаға тауар алу кезінде бір елден екінші елге көшірудің құралы ретінде қызмет етеді.
Қорытынды. 1. Бизнес сөздік. Экономика – қоғамда үстемдік етуші өндіріс тәсілі. Валюта - бір мемлекетте қабылданған ақша өлшемі. Банкнот – мемлекеттік банк шығаратын, айналыстағы ақша қызметін атқаратын билеттер. Номинал – көрсетілген баға, белгіленген баға. Инфляция – ақшаның тұрақсыздануы, құнсыздануы.
2. Ақшаға бәрін сатып алуға болмайды. Өмірде ақша қаншама құдіретті күшке ие болғанымен оның билігі жүрмейтін жерлер, ешкім де ақшаға сатып ала алмайтын нәрселер көп. Рас, қазір біздің қоғамда ақшасын қомақты еткісі келетін жастар легі баршылық. Сендер де болашақта іскер, кәсіпкер болсаңдар ақшаның күші мен құдіретін білдіретін жеті ережені есте ұстаңдар.
Мал баққанға, ақша адалдан тапқанға бітеді.
Ақша туралы арам ой да зиян.
Алаған қолым – береген.
Үстемелеп берсеңіз, үстемелеп аласыз.
Қайырымдылықпен айналысыңыз, шығынның қайтарымы мол болады.
Фәнидегі басты парызың – қайырым, садақа. Оны ұмытсаң өзің де ұмытыласың.