Сабақтың мақсаты: Ұлттық жазба әдебиетінің негізін салудағы Абайдың қосқан үлесі туралы кеңінен ой қозғап, насихаттау.
Тірек сөздер: мәдениет, әдебиет, отаршылдық,жұрт, ақындық дәстүр т.б.
Сабақтың жоспары:
1.Абай шығармаларының қайнар бұлақтары
2.Абай-ұлттық жазба әдебиетінің негізін салушы
Отаршылдықтың қанды шеңгеліне түсіп, елдігі шайқалудың үстінде тұрған қазақ қауымына тіршіліктің отын сепкен, «суға кетіп бара жатқан» халықтың қолына іліккен тал болған, тынысы тарылғанда көкірек сарайын ашқан жұпар ауа іспетті, қазақ жұрағатын жойылудан аман сақтап қалып, аяққа тұруына, ес жиып, бас көтеруіне толық әсер еткен баға жетпес дүние ол - хакім Абайдың шығармалары.
Философиялық, тарихи, саяси еңбектер емес, Абайдың қуатты поэзиясы мен ғақлиялары. Сондықтан да Абай шығармаларының жинақталып, жүйеленіп, баспаға ұсынылып, жарияланып шығуы - қазақ мәдениеті мен әдебиетінің өркендеуіне ғана емес, қазақ елінің елдігіне, мемлекеттігіне қадам бастырған, қалыптастырған елеулі құбылыс болды.
Әрине, ақынның алғашқы жинағының жариялануының басы-қасында Әлихан Бөкейханов сынды Алаш көсемінің, Абайдың өз балалары мен жақын туыстарының жүргендігі ақиқат. Оның ішінде Кәкітай Ысқақұлының ардақты есімі алдымен ауызға түсетіндігі белгілі. Өткен жылы жинақтың 100 жылдық мерейтойына орай республика көлемінде түрлі іс-шаралардың өткізілгені көпшілік қауымға аян. Біздің мақсатымыз осы жинақтың жариялануы тарихына байланысты әлі де ашық айтылмай келе жатқан факторлар тұрғысында болмақ.
Көрнекті абайтанушы ғалым А.Нұрқатов өзінің «Абайдың ақындық дәстүрі» еңбегінде тұңғыш жинақтың жариялануына байланысты Кәкітайдың ұлы Әрхам Ысқақовтың «Қазақ әдебиеті» газетінде 1959 жылдың 27 наурызында жарияланған «Әкем туралы естеліктен» атты мақаласына сүйене отырып, мынадай мәліметтерді келтіреді: «1906 жылы жаз шығып, киіз үй тіккенде Кәкітай қос тұрғызып, Мүрсейіт молланы шақырып алды да, «сен мына біз жинаған Абай өлеңдерін реттеп жаз» деп оңаша қосқа отырғызды. Мүрсейіт асықпайтын, арабша сұлу жазатын адам еді. Бір ай шамасында көшірімді әзірлеп алып, Кәкітай Семейге жүріп кетті. Жол шығынына екі семіз ат, екі семіз түйесін әкеткен-ді. Малын Семейде ақшалап алып, Омбы қаласына кеттім деп хат жазды...»
Осында ақын өлеңдерінің жүйелеп көшіру ісін 1906 жылы жаз айында басталғандығы жөнінде ақпарат берілген. Алайда саналы ғұмырын абайтану мәселелеріне, Абай мұрасының толықтай игерілуіне арнаған ғалым Қ.Мұхамедхановтың Кәкітай Ысқақұлы туралы жазылған мақаласында Әрхам естелігіне сүйене отырып, 1905 жылдың жаз айында Мүрсейітке қолжазбаны көшірту ісінің басталғандығын айтып өтеді. Ғылыми хронологиялық дәлдік үшін Абайдың тұңғыш жинағын жариялауға дайындық ісі 1905 жылдың жаз айында басталған деген тұжырым орныққаны дұрыс көрінеді. Себебі ақын жинағын шығарушылардың бірі Әлихан Бөкейхановтың Кәкітай туралы мақаласына сүйенетін болсақ, Кәкітаймен 1900 жылдан бері таныстығы, Абай қайтыс болғаннан кейін 1904 жылы марқұмның балаларына өлеңін кітап етіп бастыру жөнінде ұсыныс жасағаны, 1905 жылы шілденің аяғында Кәкітайдың Абайдың қолжазбасын алып, Омбыға келгендігі баяндалады. (Мұхамедханов Қ. «Абай кітабын алғашқы шығарған Илияс Бораганский». Алматы, 2009).
Әрхам Ысқақовтың «Қазақ әдебиеті» газетінде 1959 жылы жарияланған естелігі сол кездегі саяси идеологияға байланысты редакцияланғаны айқын көрінеді. «Жылымықтың» лебі болғанымен, тоталитарлық жүйе механизмі қарқынды жұмыс істеп тұрған заман, Алаш көсемдерінің ақталмаған кезеңі болғандықтан, Ә.Бөкейханов тұлғасына байланысты жайттар түгелімен өзгеріске ұшырап берілген.
Сонымен, Абайдың қолжазбаларын әдіптеп хатқа түсіріп, үкілі үмітпен Омбыға аттанған Кәкітайдың, сондай-ақ Абай жинағының жолы болмайды. Жинақты баспаға әзірлеп, соңғы редакцияларын жасап жүрген Ә.Бөкейханов патшалық жандармдары тарапынан 1906 жылдың қаңтар айының басында тұтқындалады. Әлиханның тұтқындалуына байланысты жинақты бастыру ісі біраз кешеуілдейді. Кәкітай үшін жаңа жоспар жасап, қайткен күнде де кітапты бастыруды жүзеге асыру мақсаты алға шығады. Әрхам Кәкітайұлы: «Одан кейін әкем «Омбыда бастыра алмадым, Қазан қаласына жүріп кеттім» деп тағы да хат жазды. Бір жұмадан соң «Қазан қаласындағы баспаханалардың басуға уақыты болмады. Сондықтан Петербург баспаханаларымен шарт жасастым. Тез 200 сом ақша салыңдар» деген телеграмма келді».
Осы арада талай құпияның сыры жатыр. Абай өлеңдерін Қазан қаласындағы баспаханалардан басуға неге мүмкіндік болмады? Әрхам Кәкітайұлы бұл кедергілердің сырын білсе де, зұлым жүйенің тепкісінен ашып айтпаған сыңайлы. Қазақ кітабының қилы да қасіретті тарихын зерттеген ғалымдар Ш.Елеукенов,Ж.Шалғынбаевалардың «Қазақ кітабының тарихы» атты еңбегінде отаршылдық жүйенің, патшалық Ресейдің өз боданындағы түркі-мұсылман халықтарының кітап бастыру ісіне байланысты ұстанған саясатының бетпердесі сыпырылып, қанды жүзі айқын көрсетілген. ХІХ ғасырдың соңғы ширегінде мұсылман, діни әдебиеттің көптеп шығуынан, «Қазанда, басқа қалаларда қазақ кітаптарының көптеп басылуы, оған қоса шеттен мұсылмандық әдебиеттің ат-нөпір үстемелеп түсуі - осының бәрі қазақ қоғамына исламның, ол арқылы панисламизм, пантюркизм идеяларының ықпалының күшейе түсуінен» қорқып, аталмыш бағыттағы кітаптарды қазақ даласында кең таратпаудың жолдарын қарастырып, түрлі әккі де зымиян амалдарға барады. Олардың басшылыққа алған нақты ұстанымдары мынадай: 1875-1880 жылдары Баспасөз басқармасын В.Григорьев басқарған кезде «кітап ел арасына көп тараса, күш алып кетеді. Ендеше, оны осы күшінен айыру көлемін қысқартып, ауыздықтай беру керек» дескен. Соны әккі чиновник Смирнов былайша жүйелейді: «Қазақ басылымдары оқушысына қымбатқа түсетін болсын. Оның бағасын удай қылудың бір айласы - цензор штемпелін бұлдау, ол үшін көп қаражат айырып алу» дейді.
Кітап шығару - коммерциялық іс. Кітап сауда айналымына түскендіктен, үкімет тиісті салығын салады. Смирновтың айтып тұрғаны - көлденең салық. Салықтан белі қайысса, мұсылмандар кітап шығара алмайды, қаражаты жетпейді деп тұр.
Бұл патшалық шенеуніктердің ұстанған ұстанымдарының бірінші тармағы ғана. Боданындағы түркі-мұсылман халықтарын рухани тұншықтыру, санасын оятпау, орыстандыру саясатын жүргізу сынды сұрқия мақсаттар жатты олардың көкейінде.
Абай жинағының Қазан баспаларында жарық көрмеуінің бірінші себебі осы болса, екінші себебі де саяси цензура саясаты болса керек. Қазанда шығатын қазақ кітаптарына арнайы жіті бақылау қойылғаны, кітап шықпастан бұрын арнайы өкілетті адамдар тілмәштар арқылы кітап мазмұнымен мұқият танысып шығатындығы, патшалық Ресейдің отаршылдық саясатына қайшы келетін идеялар болса, ол кітаптардың түбірімен жойылатындығы жоспарлы түрде іске асырылған және бұл істерге байланысты тарихи деректер «Қазақ кітабының тарихы» атты еңбекте көптеп кездеседі. Қазанға барып тауы шағылған Кәкітай 1900 жылғы «Тәржіман» газетінде жарияланған мақала арқылы таныс, Петербургтағы И.Бораганский баспаханасына жол тартады. Абайтанушы Қ.Мұхамедханов Абайдың «Тәржіман» газетін оқып тұрғандығы, сондықтан ақынның айналасы И.Бораганский баспаханасы туралы білгендіктерін айтады. К.Ысқақұлының да сол кездегі астана Петербургтегі ондаған басқа баспаханаларға емес, арнайы И.Бораганскийдің баспаханасына жол тартуы кездейсоқ іс емес.
Әрхам Кәкітайұлының «Сондықтан Петербург баспаханаларымен шарт жасастым. Тез 200 сом ақша салыңдар» деген теле-грамма келді» деген сөздерінің астарында үлкен тарих жатыр. Жоғарыдағы үзіндіде келтірілген бұратана халықтардың кітап бастыру істерінің құнын шарықтатып, бағасын асқақтатып, түрлі салықтардың, төлемдердің ойдан шығарылуы арқасында шындығында да, қазақ сынды халықтардың кітап басу ісі едәуір қиындыққа ұшырады. Кәкітайдың елден 200 сом ақша сұратуы - соның айғағы. ХХ ғасырдың басында ірі қара малдың сол кездегі нарықтағы бағасы 3 сом болғандығын ескеретін болсақ, 66 ірі қара малдың құны екендігі, ал тіпті 5 сомнан есептейтін болсақ, 40 қара малдың құны екендігі анықталады. Осы жерден-ақ патшалық Ресейдің зұлым саясатын анық көруге болады.
Абайдың балалары мен Құнанбай қажы ұрпақтары осындай қаржыны жинап, хакім Абайдың сөздерін жарыққа шығарады. Адал сүт емген, алып әкеден арлы болып туған халық перзенттері ғасыр ерлігіне тән іс атқарып, қазақтың елдігін, азаттығын, рухын сақтап қалған теңдесі жоқ қазынаны халықтың игілігіне жаратады. Кітап бастыру ісі тек қыруар қаржыны құюмен ғана біткен жоқ, баспа шарттарына сай оның қатесін түзету, жүйелеу сынды істер де едәуір қиындық тудырған.
«Кәкітай бір айда қайта оралды. Кітаптың корректорлық міндетін өз мойнына алыпты. Баспахана әр баспа табақты Семейде Абай түсіп жүретін Әнияр үйіне жіберіп тұратын болыпты. Әнияр Кәкітайға жеткізіп тұрды. Кәкітай оның қатесін түзеп, қайта Петербургқа жіберіп отырды. Осындай сергелдеңмен жүріп, Абай өлеңдерінің бірінші жинағы 1909 жылы, яғни үш жылда зорға жарыққа шықты. Әріп терушілердің қазақтың сөзін ұқпауынан қатесі көп болды, толық түзеуге мүмкіндік болмады».
Әрхам аға айтып отырғандай, Абай өлеңдерін тұңғыш рет жарыққа шығару осындай сергелдеңге ұласып, кітап төрт жыл дегенде қазақпен қауышады. Бір кітап тарихы - бір халықтың сол кезеңдегі тарихына пара-пар, қоғамдағы саяси-әлеуметтік, тарихи жағдаяттардың көрінісі болып тұр.
Бір кітап тарихы - ХХ ғасырдың басындағы қазақ қасіретінің айғағына айналған. Сол бір кітап - ұлттық санамызды оятып, ел болуымызға септік болды. Осы кітап арқасында қазақ қоғамы, қазақ ұлты жоқ болып кетуден аман қалды. Патшалық өкімет қанша кедергі мен қиындық жасаса да, қолдаушысы бар асыл мұра жарық көріп, халық игіліне айналды. Өскелең жас ұрпақ халқымыздың қилы тарихын біліп, асыл ерлеріміздің есімдерін ардақтап жүруі тиіс. Осындай елі үшін атқарған теңдессіз еңбегі үшін Кәкітай Ысқақұлы Құнанбаевтың атына еліміздің бас қалаларынан көше атауларын беріп, халық жадында мәңгілікке қалдыруға шаралар жасалуы керек.
|
Достарыңызбен бөлісу: |