ХІХ ғасырдың соңында «Түркістан уалаятының газеті» мен «Дала уалаятының газеті» атты екі басылым шығып тұрды. 1905 жылға қарай бірқатар жаңа газеттер мен журналдар пайда болды. 1907 жылы қазақ зиялыларының бір тобы Петерборда редакторы Әбдірашид Ибрагимұлы болған «Серке» газетін шығара бастады. Бұл газеттің екінші нөмірінде Міржақып Дулатұлының «Біздің мақсат» деген мақаласы жарияланды. Патша тыңшылары газетті «қазақ халқын барлық үкімет орындары мен өкілдеріне қарсы қоздырушы» үндеу ретінде қарап, жауып тастады. 1907 жылы наурызда Троицкіде бірінші нөмірі шығысымен тыйым салынған «Қазақ газеті» жарық көрді. Оқу ағарту мен білім идеяларын бұқара арасында насихаттау мен бастауыш білім беру жүйесін кеңейтуде «Айқап» журналы, «Киргизская степная газета», «Степной край», «Қазақ» газеттері елеулі рөл атқарды. 1911 жылы Троицкіде «Айқап» журналының бірінші нөмірі жарық көрді. Журналдың редакторы мен идеялық дем берушісі Мұхаммеджан Сералин болды. Журанал әдебиеттің дамуы мен қазақ әдеби тілінің қалыптасуына үлкен үлес қосты, онда ауыз әдебиеті, этнография, тарих жөніндегі зерттеу мақалалар жарияланды. Сол уақытта «Айқап» журналы далада мектептер мен медреселер ашу, ескі мектептерге реформа жасауды насихаттады. Журналда түрік және парсы тілдерінен аударылған шығармалар, мысалы, Фирдаусидің «Шахнамасы» жарияланды. 1911 жылдан бастап редакторы Сағынгерей Бөкеев болған «Қазақстан» газеті шыға бастады. Газетті саяси мақалалардан басқа қазақтар мен ноғайлардың халық әдебиеті жөніндегі зерттеу мақалалар да жарияланды. Ұлттық баспасөздің дамуында Орынбор мен Торғайда 1913 -1918 жылдар аралығында Ахмет Байтұрсынұлының редакторлығымен шығып тұрған «Қазақ» газеті ерекше рөл атқарды. Газеттің негізгі міндеттері қазақ халқының мәдениетін көтеру, қазақтың әдеби тілі мен әдебиетін дамыту болды. Әлихан Бөкейханның ауыз әдебиеті мен Ахмет Байтұрсынұлының қазақ тілі мен қазақ әдебиеті жөніндегі жұмыстарына көп орын берілді. 1913 жылы қыркүйектен Петропавлда татар және қазақ тілінде «Есіл даласы» атты газет шыға бастады. Оған жылдың соңында «революциялық идеяларды таратқаны» үшін тыйым салынды. 1916 жылдан 1917 жылдың соңына дейін Ташкентте К.Тоғысов басшылық жасаған апталық «Алаш» газеті шығып тұрды. 1917 жылғы Ақпан революциясынан кейін әр түрлі бағыттағы бірқатар газеттер мен журналдар шыға бастады. Маусым айынан бастап Семейде апталық басылым «Сарыарқа», Оралда «Ұран» газеті, Семейде «Абай» әдеби журналы мен «Халық сөзі» газеті, Ташкентте пантүріктік және жәдит бағытындағы екі басылым – бас редакторы Мұстафа Шоқай болған «Бірлік туы» мен «Жас алаш» газеті, Ақмолада «Қазақ» газетіне жақын позиция ұстанған «Тіршілік» газеті шығып тұрды.