Семинар № 1
Тақырыбы: ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиетінің тарихы
Негізгі сұрақтар, тапсырмалар:
1. ХХ ғасыр басындағы тарихи әлеуметтік жағдай
2. ХХ ғасыр басындағы оқу-ағарту мәселелері
3. ХХ ғасыр басында кітап басу ісінің жандануы
ХХ ғасыр басындағы тарихи әлеуметтік жағдай
Қазақ әдебиетінің даму тарихында ХХ ғасыр әдебиеті үлкен орын алады. Жаңа ғасырмен бірге қазақ даласында рухани мәдениеттің өркендеуіне мүмкіндіктер туды. Соның бір көрінісі ретінде жазба әдебиет те ерекше екпінмен дами бастады. Ол жанрлық тұрғыдан салаланып, көркемдік тұрғыдан жетіле түсті. Әдебиет – замана тудырған асыл сөз. Сондықтан да ХХ ғасырдағы Қазақстандағы тарихи-қоғамдық жағдайлардың өзгерістеріне сай әдебиет те өз кезегінде солармен үндесе келіп, замананың көкейкесті мәселелерін көтеріп, қоғамдық өмірдің көркем суретін жасауға ұмтылды. ХХ ғасырдың бас кезіндегі қазақ әдебиеті шартты түрде 1900-1920 жылдар аралығындағы мерзімді қамтиды. Бұл кезеңдегі әдебиетке тән өзіндік ерекшеліктер мол. ХХ ғасырдың басы – қазақ халқы бүкіл қоғамдық ой-пікірдің жаңаша өрлеуіне бағыт алып, Ресей патшалығы тұмшалаған ой-сананың ояну дәуіріне жол ашқан кезең. Ендеше ұлттық сананың өркенді саласы әдебиеттің күрт алға басуы, қоғамдық ой-сананың көрсеткіші ретіндегі қазақ баспасөзінің осы кезеңде дүниеге келуі – дәуір талабы әкелген өзгеріс. Бұл тұста Абай дәстүрін жаңашылдықпен дамытқан Шәкәрім шығармашылығы өзіндік биігіне көтерілсе, Ахмет, Міржақып, Сұлтанмахмұт, Мағжан т.б. тәрізді бірегей таланттар көркемдік деңгейі жоғары туындыларын жариялай бастады.
Бұл тұста Абайдың нақты жалғасы іспетті Шәкәрім мен дүниеге абайдан кейін келсе де, еңбегі ерте жарық көрген Мәшһүр Жүсіп Көпеев шығармашылығы өзінің кемел шағына жетіп, шырқау бигіне көтерілсе, Ахмет, Міржақып, Сұлтанмахмұт, Мағжан, Бернияз, т.б. тәрізді алыптар әдебиет айдынында бой көрсетіп, биікке көркемдік сипаттағы дүниелерін жариялай бастады. XIX ғ-ң екінші жартысындағы қазақ ағартушылары мен ақын жазушылары аңсаған ілім-білімді үйренуге үндеу–XX ғасырдың бас кезінде біршама нәтижесін беріп, алдыңғы қатардағы қазақ азаматтарын елді ояту, азаттыққа қол жеткізу мақсатына жетеледі. Оқыған зиялылар арсынан ел бағытын айқындар сара жолды жаңылмай нұсқап, адастырмас даңғылға алып шығуы ұмтылған жаңа тұлғалар шоғыры таныла бастады. Сол көш бастаушылардың алдыңғы қатарында қазақ ақын-жазушылары да болғаны талассыз шындық.
Патшалық Ресейдің отарлық езгісінде қиын да күрделі өмір сүрген қазақ халқының әлеуметтік тұрмысы XX ғасыр басында тіптен қиындап кетті. Ұланғайыр өлкені сүлікше сорған Ресей билеушілері обыр құлқынның қамы үшін тізгінді неғұрлым қыса ұстап, тежеп отыруды оңтайлы көріп, саяси-әкімшілік қысымды күшейте түсті. Бірақ қашанда әрбір нәрсенің екі жағы болатыны секілді өмір өз заңдылығымен алға дамып, Россияға бодан болудың да екі жақты әсері болды. Оны ешқашан жоққа шығара алмаймыз. Бірі зорлық-зомбылық, езіп қанау болса, екінші жағы Қазақстанға көз алартушылар сиреді, мардымсыз болса да өндіріс орындары ашылды. Қазақ жұртына батыстық ілімнің жарығы шашырып, ағарту ісі жандана бастады. Тарихи дамудың сол бір кезеңінде замана ағысын аңдаған, жеткілікті дәрежеде білімі бар азамаииар ел арасында көптеп кездесетін. Бұл тұстағы, яғни XX ғасырдың бас кезіндегі мәдени-әлеуметтік дамудың бір көрінісін қазақша кітаптардың көптеп шығып, ел арасына кеңінен тарауы аңғартса керек.
Қазақ кітаптарының даму тарихына арналған еңбектерде ХХ ғасырдың бас кезінде қазақ кітаптарының сапалық жағынан да, сандық жағынан да күрт өсуі дәлелді айтылған. Мәселен, зерттеуші Ә. Жиреншин 400 кітап атауы мен 180 басылымды атаса, кітап шығару ісін тереңдей зерттеген С. Есова, У. Суханбердина, Д. Сейфуллиналар 480 кітап атауы мен 720 басылымды көрсетеді. Абай, А. Байтұрсынов, М. Дулатов, М. Көпеев, Ғ. Қарашев, М. Қалтаев, т.б. кітаптарын қазақ жұрты қызыға да құмарта оқыды. Қоғамдық өмірдің және әлеуметтік дамудың айнасы баспасөз десек, ХІХ ғасырдың аяқ шенінде шыға бастаған отаршыл әкімшіліктің «Түркістан уалаяты», «Дала уалаяты» секілді қазақ тілінде қосымшасы бар ресми газеттерімен бірге, ХІХ ғасырдың басында жаңа сипаттағы еркін басылымдар дүниеге келді. «Серке» (1907ж.), «Қазақстан» (1911-1913ж.ж.), «Ешім даласы» (1913ж.) газеттері, М.Сералин шығарған «Айқап» (1911-1915ж.ж.) журналы және А.Байтұрсынов шығарған жалпы ұлттық қоғамдық-саяси һәм көп тиражбен тараған «Қазақ» (1913-1918ж.ж.) газеті қазақ ұлтының саяси-әлеуметтік ой-санасына түрткі салып, мәдениет рухын септі. ХХ ғасырдың бас кезінде қазақ даласында оқудың екі түрі болды. Біріншісі мұсылмандық оқу деп аталады. Ол араб әліпбиімен оқытатын мектептер еді. Ғасыр басында ескі қадим әдісі жойылып, жаңа «жадид» атты пән негіздерін оқытатын әдіс белең алды. Қазақтың көп зиялылары, ақын- жазушылары әуелде осы мектептерден білім алды. Сондықтан да орысша білімі бар қазақ зиялылары сан жағынан алғанда, Орта Азияны мекендеген халықтар ішінде біршама жоғары тұрған болатын. Ал осы зиялылардың көпшілігі өздерінің ағартушылық, қоғамдық қызметтеріне қоса, қаламгерлікті серік етті. Олар әртүрлі аударма шығармалары, төл туындылары, публицистикалық еңбектері арқылы халыққа ой салып, қоғамдық- әлеуметтік өмір шындығын аша білді.
Достарыңызбен бөлісу: |