Семинар Етістіктің функциялық тұлғалары мен етістік категорияларының дамуы Тақырыптың қарастыратын мәселелері мыналар: Етістіктердің дербес грамматикалық топ болып қалыптасуы



Дата22.12.2021
өлшемі23,37 Kb.
#127492
түріСеминар
Байланысты:
Семинар Етістікті функциялы т л алары мен етістік категориялар (1)
Семинар Етістікті функциялы т л алары мен етістік категориялар (1)

11-семинар

Етістіктің функциялық тұлғалары мен етістік категорияларының дамуы

Тақырыптың қарастыратын мәселелері мыналар:

1.Етістіктердің дербес грамматикалық топ болып қалыптасуы.

2. Рай тұлғаларының дамуы. Ескі түркі тіліндегі бұйрық рай, шартты рай, қалау рай тұлғаларының қолданылу ерекшеліктері, қазіргі қазақ тіліндегі көрнісі.

3. Шақ тұлғаларының дамуы

4. Жіктік категориясы. Жіктік жалғауларының жалғану тәртібі.


Етістіктердің даму тарихы. Етістіктер басқа сөз таптарына қарағанда, көне түркі тілінде жүйеленген, дамыған сөз табы болған. Осы күнгі етістіктіктердің негізгі белгілері орхон- енисей жазбаларының тілінен де байқалады. Етістіктер сыртқы тұлғасына қарай мынадай негізгі топтарға бөлінеді: жалаң түбір етістіктер: қаз, көр, ти (де, сөйлеу), т.б.; туынды түбір етістіктер: құлда, алын, тігід (жақсарт), күчсіре (күшсіре), күче (күште), мұңат (мұңай), т.б. Етістіктің туынды тұлғаларын жасайтын аффикстер қазіргі түркі тілдеріндегідей. Мұның өзі етістіктің сонау ерте дәуірде қалыптасқандығын көрсетеді. Қазіргі тіліміздегідей, көне дәуірдегі етістік жасайтын аффикстер мыналар: -ла, -ле, -ық, -ік, -ыл,- іл,- сыра, -сіре т.б. (сүле), қылычла, илсіре (елсіз қалу), йолық, адырыл, өлүр (өлтіру) т.б.

Көне түркі тілінде күрделі етістіктер де қолданылған: адырылу бардым (айырыл), өлүрү қалты (өлмей қалды), йоқ ерміш, башы ертім. Күрделі етістіктердің кейбір іздерін қазіргі тіл құрамынан да көруге болады: бара тұрған > баратұғын >баратын.

Етістіктер мән-мағынасына қарай негізгі және көмекші болады. Көмекші етістікке жататын ер (е) етістігінің көне түркі жазбаларында жиі қолданылғандығын И.А.Батманов атап көрсеткен еді. Ал XIY ғасырдағы қыпшақ ескерткіштері тіліндегі болмақ, қылмақ, етмек, үзмек, тұтмақ, елтпек, атмақ, түшмек т.б. көмекші қызметте жиі ұшырасқан. Y-YIII ғасыр жазбалары тілінде олардың саны әлдеқайда аз болса, орта ғасыр ескерткіштерінде көмекші қызметінде жұмсала алатын етістіктердің саны молайған. Қазіргі тілде байырғы етістік түбірлерінің барлығы дерлік бұл қызметте жұмсала алады. Мұның өзі тілдің грамматикалық құрылысының дамып, қолданылу мүмкіндігінің артуымен, грамматикалық формалардың стильдік мүмкіндіктерінің саралануымен байланысты болса керек.

Етістіктер көне түркі тілінде болымды (ачты, ешід, турзун (тұрсын)) және болымсыз етістіктер (сөзлемеді, тегмеді (тимеді), қорықмады) болады. Болымсыздық мағына қазіргі тілдегідей сияқты көне және орта ғасыр тілдерінде де арнаулы тәсіл арқылы берілген. Етістіктің болымсыздық мәні екі түрлі тәсілмен: етістік негіздеріне тікелей қосылатын ма, ме, ба, бе, па, пе қосымшасы арқылы және етістіктерге тіркесіп келетін емес, жоқ сөздері арқылы беріледі. Осы соңғы тәсіл тілдің синтаксистік құрылысының жетілуімен, грамматикалық синонимдердің қалыптасуымен байланысты. Орхон -Енисей жазбаларында болымсыздық мән негізінен аффикс арқылы берілсе, орта ғасыр жазбаларында болымсыздық мән аналитикалық тәсілмен көбірек берілген. Ол көмекші етістік тіркестердің молаюынан көрінеді. Мысалы: Түрк сір бұдұн йерінте бод қалмады (Түрк сір халқының жерінде тірі жан қалмады). Жочы өлдү болғай мы? Сөлемеке еркім йоқ (Хибат -ул Хакайық). Сенде менде йоқ, сеңгір тавда йоқ, утлу таста йоқ, кыпчакта йоқ (Кодекс Куманикус).

Ескерткіштердегі етістіктер сөйлемдегі басқа сөздермен байланысуына қарай сабақты және салт етістіктер болып екіге бөлінеді. Сабақты етістік табыс септіктегі сөздермен байланысты келеді: Теңріг білмедүк. Қапығын ача берті. Номуғ білметің (Заңды білмедің). Салт етістік табыс септігіндегі сөзді талап етпейді: өтүн, кір келті, бітіл.

Етістіктердің дербес грамматикалық топ ретінде жіктелуі түркі негіз тілі дәуірінде басталып, кейбір іздері оның жеке тілдерге ыдырау дәуірінен кейін де жалғасады. Тарихи- түркологиялық зерттеулер қазіргі тілдердегі етістік тұлғаларының арғы негізі қимыл есімдері деп дәлелдеді. Жалпытүркілік аяда қолданылатын қимыл есімдерінің негізгі түрлері мынадай: -ғы, -ынч (-ынш), -мақ, -ма, -ыш (-ыс), -ық (-ығ), -ы (-у), -а, -ыт, -ын, -мыш (-мыс), -ғын, -ған, -дық, -ыр, -ар, -ғыр.

Қимыл есімдерінің кейбір түрлері қолдану процесінде субстантивтер мен адъективтерге айналып кетті, біразы вербализацияға ұшырады. Вербализацияға ұшырағандар біздің бүгінгі тілімізде есімше деп ұғынылатын топтар; -ғалы тәрізді бірен-саран тұлғалар ғана көсемшеге айналды. Мысалы: тар- тарыл, қары -қартай т.б. Көсемшелер мен есімшелер зерттеулерде қимыл есімі болғандығын айғақтайды.

Етіс категориясы. Орхон -Енисей жазбаларында іс істеуші адамға немесе іспен байланысты затқа іс -әрекеттің белгілі қарым- қатынасын білдіретін етістіктің түрі етістер де кездеседі. Осыған қарап, етістердің де тарихи категория екенін білеміз. Ескерткіштерде етістің мынадай төрт түрі бар:1. Өздік етіс. 2.Өзгелік етіс. 3.Ырықсыз етіс. 4.Ортақ етіс.

Өздік етіс. Ескерткіштерде істі, қимылды істеушінің басқа біреу емес, тіке өзі істейтіндігін, я болмаса істегендігін білдіретін өздік етістер кездеседі. Олар сабақты етістіктің түбіріне - н, -ын, - ін жұрнақтарының жалғануы арқылы жасалады. Мысалы: өтүн, боғузлан (бауыздал), қанлан (қандан), атлан (аттан). Өздік етістің болымсыз түрлері де болады. Олар өздік етісте тұрған етістікке -ма, -ме жұрнақтарының жалғануы арқылы жасалады.

Өзгелік етіс. Ескерткіштер тілінде істің басқа біреу арқылы істелетінін білдіретін етістіктің түрі өзгелік етістер де қолданылған. Олар салт етістіктен де, сабақты етістіктен де жасала береді. Өзгелік етістер мынадай жұрнақтар арқылы жасалған:

-т, -ыт, - іт. Мысалы: елсірет, қағансырат, олурт, сүлет, йарат, йорыт, оғрақлат (кідірт, тоқтат), йазықлат (жазықтат).

-тур, -түр, - дур, -дүр . Мысалы: ағтур (аударт), бінтүр (міндір), йүкүнтүр (жүгіндір), қонтур (қондыр). - ур, -үр, - ыр, -ір. Мысалы: келүр, түшүр, тегүр (жеткіз), сөкүр (сөктүр).

- тыз. Мысалы: алтыз (алғыз). Өзгелік етістің де болымды, болымсыз түрлері болады.

Орта ғасыр ескерткіштер тілінде осы жұрнақтардың басқа да дыбыстық варианттары қолданылған. Олар: бақындыр, олтұрғұзды, тойдыр, білгүр, білгүртмә. «Жамиғ ат тауарих» шежіресінде: Йетімләргә рахым қылып, чығайларны тойдырған хан. Аның орныға олтұрғүзды.


Ырықсыз етіс. Ескерткіштер тілінде істі істеуші арнайы айтылмай, орындалған істің өздігінен істелгенін білдіретін ырықсыз етіс те кездеседі. Олар тек сабақты етістікке -л, -ыл, -іл жұрнақтарының жалғануы арқылы жасалады. Мысалы: адырыл, тіріл, қатыл (қосыл), арыл. Ал - н, -ын, - ін жұрнақтары жалғанған сөздер қазіргі қазақ тіліндегідей бірде өздік, бірде ырықсыз болып келе береді.

Орта ғасыр жазбалар тілінде жоғарыдағы аталған жұрнақтардың бәрі қолданылады, сонымен қатар олардың еріндік варианттары - ул, - ұл да қолданылады. Мысалы: Аның асылы тарихта машрух етіләр. Ұлұғ етіп йүргізілді.

Ортақ етіс. Ескерткіштерде істі істеуші біреу емес, бірнеше екендігін білдіретін ортақ етістер де кездеседі. Олар мәтінде - ш- уш, - үш, - ус, - үс жұрнақтарының жалғануы арқылы жасалады. Мысалы: уруш, сүңүш, қашыш, йараш, қабыш. Етістердің қайсының болмасын болымды, болымсыз түрлері болады.

Орта ғасыр жазбалардың тілінде ортақ етістің жұрнақтары қазіргі әдеби тіліміздегідей дыбыстық құрамда кездеспейді. Онда көне түркі тіліндегідей құрамда кездеседі. Бірақ ортақ етістің мағынасында өзгеріс жоқ. Достына дост болұп, дұшманына дұшман болұп дослық етішді. Барыш- келіш қылған хан.

Етістіктің категориялары. Етістікке тән категориялар: шақ категорисы, рай категориясы және жіктік категориясы. Грамматикалық категория ұғымы морфологиядағы біртектес мағыналарды грамматикалық формалар жиынтығы, сөз таптарының түрлену жүйесі негізінде түсіндіріледі. Сонымен грамматикалық категория дегеніміз не? Грамматикалық категория дегеніміз кемінде екі немесе одан да көп, мазмұндық жағынан өзара мәндес әрі ішінара бір біріне қарама қарсы мағынадағы грамматикалық формалар жиынтығы. Мысалы, бұған зат есімнің тәуелдік, жіктік, сын есімнің шырай, етістіктің жақ, шақ т.б. категориялары жатады. Морфологиялық категориялардың мазмұн межесі дегеніміз категорияның мағыналық мүмкіндігі, категория құрамындағы граммемалардың дифференциалдық мағыналары мен олардың байланысы. Ал тұрпат межесі дегеніміз категориялық мағыналардың тілдегі берілу, белгілі бір грамматикалық формалар арқылы беріліп, жарыққа шығуы.

Етістіктің рай категориясы. Рай деп етістіктің модальдық мән беретін тұлғалары аталады. Бұйрық райдың негізгі берілу тәсілі етістік түбірлері көне түркі тіліне де тән: едгүті есід. Қазақ тілінде бұйрық райдың ІІ жақ көптік түрінің қосымшасы құрамында кездесетін –ың,-ің қосымшасы көне жазбалар тілінде де ұшырасады: Сү барың тіді (Әскер барыңдар деді). Бұйрық райдың ІІІ жағы –зун,-зүн қосымшасы арқылы берілген: Сү басы Инел қаған Тардуш шад барзун тіді (барсын деді). Көпше түрінде: Йеме ігідің емгетмең! Толғатмаң! Олуртым (Тағы да жәрдемдесіңдер! Қудаламаңдар! Қинамаңдар! Мен таққа отырдым).

Бұйрық раймен семантикалық та, грамматикалық та тығыз байланыста болып келетін- қалау рай. Ү-ҮІІІ ғасыр ескерткіштер тілінде қалау райдың І жағы –айын,-ейін,-йын,-йін жекеше, -алым,-лым көпше аффикстері арқылы жасалған: Түрк будун өлтүрейін, урғысыратайын –тір ерміс. (Түрік халқы: өлейін, ұрықсыз кететін –деген еді.) Йарыс йазыда тірілелім тіміс (Йарыс жазығында жиналайық деді). Осы аффикстер еш өзгеріссіз осы мәнде орта ғасыр жазбаларында да ұшырасады. Орта ғасыр жазбаларында бұлардан басқа –ғайым,-гейім,- ғайын,- гейін,-ғалым,-гелім,-ғалығ,-гелің,-ғалы,-гелі тұлғалары бар. Біздің қазіргі бұйрық рай деп жүрген йын қосымшасы

бұйрықпен қатар тілек, арман мәнін де білдіреді. Осы соңғы мән оның алғашқы қолданысы болуы керек.

Қалау рай бұйрық раймен семантикалық та, грамматикалық та тығыз баланыста болып келеді. Контексте қолдануында кейде бұйрық рай тұлғасы қалау рай мәнінде қолданылады да, кейде қалау рай бұйрық мәнін береді. Осы аффикстер еш өзгеріссіз осы мәнде орта ғасыр жазбаларында да ұшырасады. Котвичтің айтуында, ғайын күрделі аффиксінің құрамынан ғ дыбысы түсіп қалып, айын тұлғасы қалыптасқан. Осы айын тұлғасының қысқарған түрі жекешеде қазақ тілінде йын, ын, көпшеде ық. Көне түркі тілінде қолданылған қалау райдың алым тұлғасы қазақ тілінде ұшыраспайды, ал оның көптік тұлғасы айық, оның құрамындағы -қ көптік мән тудыратын қосымша . «Кодекс Куманикусте» алым, шағатай тілі ескерткіштерінде алы түрінде қолданылған. Қазақ тілінің батыс говорында алы тұлғасы қолданылған.

Қазақ тіліндегі ғым келеді формантының көне түрі ғұлұқ ерді екенін М.Қашқари атап көрсетті. М.Қашқари бұл тұлғаның мақсат мәнін беретіндігін былайша түсіндірді: «Ол барғұлұқ ерді» дегенде бару оның хақы, ол баруға ниетті делінеді. «Ол мұнда тұрғұлұқ ерді» дегенде оның бұл жерде тұру хақы, оның мақсаты осы жерде тұру еді. «Мен сеңе барығлымен» дегенде оның ойында бару ниеті бар. «Ол меңе келіглі тұрұр» дегенде оның келуді ойлап жүргені. М.Қашқари мақсат мәнін беретін қалау рай тұлғасы деп ығсақ тұлғасын көрсетеді. Қалау райдың бұл түрін етістіктің қимыл есім тұлғасынан жасалған түрі деп қарайды. Кейін –сақ элементі түсіп қалып, –ғы қимыл есімі қалау рай мәніне ие болған, кейін бұл дербестігінен айрылып, көмекші етістікпен тіркесіп жұмалған.

Шартты рай тұлғасы –са,-се Ү-ҮІІІ ғасыр ескерткіштерінде –сар,-сер түрінде кездеседі: ол йергерү барсар, түрк будун , өлтечісен (өлесің). -Сар аффиксі кейінгі дәуірде , орта ғасырда,соңғы – р сіз кездеседі. Сар тұлғасының синтаксистік қызметі де қазіргі қазақ тіліндегі са тұлғасының қызметіне ұқсас, баяндауыш қызметінде жұмсалады.

Тіл білімінде категориялар грамматикалық категориялар және семантикалық категориялар болып екіге бөлінеді. Грамматикалық категориялардың өзі морфологиялық және синтаксистік категориялар болып екіге бөлінеді. Грамматикалық мағына сөйлеу процесінде сөздердің басқа сөздермен байланысқа түсіп тіркесіп, мысалы, негізгі сөзге көмекші сөздердің тіркесуі арқылы, орын тәртібі арқылы, интонация т.б. аналитикалық тәсілдер арқылы берілеуі синтаксистік категорияғы жатады. Синтаксистік категорияларға қимылдың өту сипатын, қалау райдың берілу және т.б. жатқызуға болады.

Ал семантикалық категория деп функционалды семантикалық өрісті айтамыз. Грамматикалық категориялар семантикалық категориялардың негізі, бастау көзі, негізгі құрылымдық бірлігі. Грамматикалық категориялар мен семантикалық категориялардың ара жігін ажыратар болсақ, бірі тілдік жүйенің, екіншісі сөйлеу жүйесінің бірлігі болып танылады. ФС категориялар сөйлеу жүйесінде ФСӨ құрумен сипатталады. ФСӨ ішкі мазмұннан және соны құрайтын тілдік бірліктердің бірлігінен тұрады. ФСӨ -нің ішкі мазмұнын семантикалық категориялар темпоралдылық (шақтық), аспектуалдылық (өту сипаты, қимылдың қалай өткендігін, яғни істің басталуы, аяқталуы, жасалуы, созылыңқылығы, қысқалығы не дүркіндігі. ), персоналдылық (жақтық) т.б. категориялар құраса, ал сыртқы тұрпатын лексикалық, грамматикалық құралдар құрайды. Мысалы: Теңрі тег Теңріде болмыш түрк Білге қаған бу өдке олуртум (Тәңірідей Теңріде болған түрк Білге қаған бұл заманда билеуге отырдым). Осында шақтық және жақтық мағыналар бар.

Семантикалық категориялар ретінде қарастырылғанда, семантикалық категориялардың басқа семантикалық категориялармен байланысы талдауда назарда болады да, мағынадан формаға қарай бағыты жүреді. Ал ФСӨ тұрғысынан қарастырылғанда, өрістің құрылымына негіз және шеткі компонеттеріне талдау жасалады, мұнда формадан мағынаға қарай бағыты ұсынылады. Осы екі бағыт талдауда алма-кезек ауысып отырады. Мысалы: Ол сабығ есідіп түн удысықым келмеді, күнтүз олурсықым келмеді. Осында шақтық мағынаны етістіктің қосымшалары береді де, ол семантикалық өрістің негізі болып саналады. Ал сөйлемде қашан деген сұраққа жауап беріп тұрған түнде және күндіз деген мезгіл мәнін беретін сөздер семантикалық өрістің шеткі компоненті болып табылады.

Грамматикалық категориялар сөйлеуде қолданысқа түспей ақ, белгілі бір мазмұн мен тұрпатқа ие болады. Ал семантикалық категорияларды сөйлеу ортасымен бірлікте алып қарастырылады. Олардың өмір сүруі сөйлеу жүйесінде ғана, сондықтан оған динамикалық сипат тән.

Семантикалық категориялар бірнеше тілдік құралдар кешенінен тұрады, сондықтан оның құрылымы күрделі (қимылдың өту мерзімін лексика арқылы кеше, бүгін немесе шақ формалары арқылы немесе синтаксистік конструкциялар арқылы ( оқуды бітіргеннен кейін)). Сонымен, ФСӨ дегеніміз сөйленімде атқаратын семантикалық функцияларының ортақтығына қарай біріккен тілдің әр деңгейіне жататын (лексикалық, морфологиялық, синтаксистік) тілдік құралдар жүйесі. Мысалы, Бен ертең келемін дегенде келер шақтық темпоралдылық мағына -е шақ формасымен берілген, оған қосылған ертең деген сөз шақтық мағынаны нақтылады. Бірақ ол негізгі форма емес, қосалқы форма немесе шеткі форма делінеді. Негізгі форма - шақ жұрнақтары.

Шақ категориясы ашық райға тән. Осы шақ істің дәл осы кезде істеліп жатқандығын көрсетеді. Табағачығ өлүртечі (Табғачты өлтіреді). Өтүнүчүмін есідү берті (Өтінішімді ести берді). Жіктік жалғауларын тікелей қабылдаған төрт қалып етістік арқылы (отыр, тұр, жатыр, жүр) нақ осы шақ мәнін беру XII-XIV ғғ. басталады.

Өткен шақ. –ды өткен шақ формасы-барлық түркі тілдерінде кездесетін ең көне тұлғалардың бірі. Өңрекі (алғашқы) будун келті. Ертіс үгүзүг кечігсізін кечдіміз, түн қатдымыз. Ертіс өзенін өткелсіз кештік,, түн қаттық. Орхон-Енисей жазбаларында –ды қосымшасының түбірге жалғануы дыбыс үндестігі заңына сәйкес те, қайшы да келіп отырған: өлті- өлді, качды-качты, тоқытдым-тоқыттым. Орта ғасыр ескерткіштер тілінде дыбыс үндестігінің сақталғандығы байқалады. –Ды формасы шығу тегі жағынан қимыл есімімен байланысты. Өткен шақ формасының –ған есімшелі түрінің шақтық мәнде қолданылуы XIII-XIV ғғ. басталады. Орта ғасыр жазбаларында III жақта –ған тұлғасының турур және тур көмекші етістіктеріменен тіркесіп жұмсалуы кездеседі: Улуғ аталарымыз Түркістандын келген турур. Қазақ тіліндегі –ып көсемшелі өткен шақ тұлғасы мынадай даму жолынан өткен: I. ып+турур +мен – ып+ тур+мен – ып+мен – ып+пын. II. –ып+турур+сен – ып+тур+сен – ып+сен– ып+сын.III.–ып+турур – ып+тур –ып+ту –ып+ты. Мұндай формалар XIII-XIV ғғ. басталады.

Келер шақ. Ашық райдың келре шақ түрі істің әлі басталмағандығын, тек алдағы уақытта болатындығын білдіреді: келүр, олурур, тегүр (жеткізер), көрүр т.б.

Сонымен, қазіргі тіліміздегі шақ тұлғаларының қайсысы да тарихи тұрғыдан көбіне есімшелер негізінде қалыптасқан. Түркі тілдерінде III жақта (бұйрық райдан басқа) жақтық қосымша жоқ және ешуақытта болмаған.

Сонымен етістіктің шақ категориясының мағынасы қимыл әрекеттің өту мерзімін білдіру, бұл шақ категориясының мазмұн межесі болса, тұрпат межесі шақ жұрнақтары. Ал темпоралдылық категориясының мазмұн межесі қимылдың өту мерзімін білдіру де, ал тұрпат межесі қимылдың өту мерзімін білдіретін әртүрлі деңгейге жататын тілдік құралдар болып табылады. Шақ жұрнақтары функционалды семантикалық өрістің ядросы, яғни өзегі болып табылса, ертең, бүгін, кеше, қазір деген лексикалық бірліктер функционалды семантикалық өрістің шеткі мүшесі болып табылады.

Өткен шақтың өзегі шақ жұрнақтары дедік, оның да модальдік реңктері бар: сенімділік, көзі жеткендік, істің аяқталмағандығы, бір ақ рет болғандығы, кездейсоқ амал әрекетті баяндауы, белгілі бір қалып күйді білдіруі, үнемі болып тұратын дағдылы әрекетті білдіруі т.б. Ал өткен шақтың шеткі (перифериялық) құралдарына жататындар: ежелгі заманда, бұрынғы өткен заманда, есте жоқ ежелгі заманда, жаңа, , жақында т.б. лексикалық бірліктер, сонымен қатар шартты райрай жұрнақтары қосылған баяндауыштар, көсемше тұлғалы етістіктер, еді, екен көмекші етістіктері, біт, бол, шық, қал, сал тәрізді етістіктердің тіркес құрауы.



Ал келер шақта ФСӨ –тің өзегі шақтық қосымшалар болса, шеткі құралдары мезгіл мәнді үстеулер, бұйрық рай, қалау рай, са екен, еді, екен тіркестері, ғалы, гелі көсемше тұлғалары, ғай,гей қосымшалары т.б.

Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет