Даналық МӘйегі жібек жолының рухани бесігі



Дата05.11.2016
өлшемі349,03 Kb.
#887
ДАНАЛЫҚ МӘЙЕГІ

*** *** ***


ЖІБЕК ЖОЛЫНЫҢ РУХАНИ БЕСІГІ
Жұртбай Тұрсын,

Л.Н. Гумилев атындағы

Еуразия ұлттық университетінің

жанындағы «Отырар кітапханасы»

ғылыми орталығының директоры,

филология ғылымдарының

докторы, профессор
Ақпараттандыру жүйесі барынша дамып, адамды кітаптан аулақтата түскен сайын, зиялы жұрт соғұрлым классикалық кітапхана жүйесін дамытуға ерекше ынтамен құлшыныс білдіруде. Есте жоқ ескі заманнан бастап адамзаттық құндылықтарды сақтап келген ежелгі Египеттің өзі Ескендір (Александрия ) кітапханасын қалпына келтіріп, ежелгі өркениеттің нысанасы ретінде белгі қойып, әлемдік ақыл-ойдың назарын аударуының басты себебі де сол.

Заманымыздың бас ақынының бірі О.Сүлейменовтың: «Кітапхана өркениеттің ең басты тегершігі – кітаптарды сақтап келді және ол мәдениеттің тұтқалық қазынасы болып табылады. Сондықтан да, дәл қазір біз оның адамзат өміріндегі маңызын бұрынғыдан да терең сезінуіміз керек», - деуінің астарлы маңызы сонда.

Үйінде отырып компьютердің тетігімен әлемді аралап шығатын, бірақ басып тұрған табанының астында күлтөбеге айналған қазынаның жатқанынан бейхабар, көшпелілер өркениетінен беймағұлым, көзбен көріп, қолмен ұстамаса ештеңеге сенбейтін ысқаяқ ұрпақ өсіп келеді.

«Мәңгілік ел» идеясына негізделген ұлы даланың руханияты қадым заманнан тамыр тартады. Тұжырымы мен құбылысы ерекше түркілік таным мен тарихи-көркем құндылықтар адамзаттың өркениет кеңістігіне өз үлесін қосты. Ежелгі Эллада мен көне Қытай жылнамаларындағы жазба мұралар соны толық растайды. Дуньхуан (Қытай) мен Дунай (Еуропа) арасындағы сақ, скиф, ғұн, түрік, оғыз, қыпшақ дәуіріне қатысты Пазырық, Берел, Ертіс, Есік, Талас, Орхон, Енесей, Селенті, Бұғыты, Отырар, Түркістан, Бату сарай мен Сарай Берке, Сығанақ, Күлтөбе қорымдарынан табылған қазба айғақтармен тұңғыш әліпбилік жазулар түрік өркениетінің даму деңгейінің ежелден-ақ жоғары болғандығын танытады. Ұлы Дала арқылы өткен «Ұлы Жібек жолы» Шығыс пен Батысты ұштастырған өркениеттің көпірі болды. Тек экономикалық қана емес, мәдени қарым-қатынасқа да жол ашып, жалпы адамзаттың рухани-мәдени және жағрапиялық дүниетанымының кеңеюіне арна салды. Еуразия кеңістігін мекендеген түрік қағанаттары олардың өзара алаңсыз араласуына кепілдік берді. Сөйтіп, Батыс пен Шығыс өркениетінің алтын арқаулы дәнекеріне айналды. Жалпы адамзаттық өркениеттің ұштаса дамуына тікелей себепкер әрі жауапкер мемлекет болды. Батыс пен Шығыстан өздері де үйренді, өзгелерге де үлгі көрсетті. Алтын мен күміс пайзілерге, қайың тозымен «мәңгілік тастарға», өгіз терісіне, қағазға басылған жазулар, теңгелердегі таңбалар – соның айғағы. Мұны Геродот пен Страбоннан (б.д.д.V-ІІІ ғ.), Сыма-Цыян мен Бань-Гуден (б.д.д. ІІ-ІІ ғ.), Ат-Табариден (ІХ ғ.) бастап Дулатиға (ХV-ХVІ ғ.) дейінгі тарихшылардың жазбалары толық растайды.

Сондай асыл қазыналарды, күлтөбелер мен қорғанға айналған «Даналық үйлерінің» үйіндісін замандар бойы бауырына басып, сақтап келген Ұлы Даланың өзі де табиғи кітапхананың міндетін атқарды.

«Шығыстық гүлдену дәуірі» тұсында христиан уағызшылар мен тақуалары өртеген «Александрия кітапханасын» қайта түлету мақсатында араб халифаттары Харун әл-Рашид (786-809) пен Мамун (813-833) «Даналық үйін» («Байт әл-Хикма») ашып, оны аса бай кітапханамен, обсерваториямен қамтамасыз етті. Дүние ықылымының барлық саласына арналған кітаптарды бір орталыққа шоғырландырып, ғылыми-зерттеу, аударма, кітап шығару жұмыстарымен белсене айналысты. Соның нәтижесінде Еуропаның гүлденуіне жол ашқан ұлы ілім иесі деңгейіне көтерілді. Бұл ислам ықпалына көшкен Орта Азиядағы Мары, Хорезм, Бұқара, Самарқан, Отырар шаһарына да тікелей әсерін тигізді. Халифтердің пәрменімен әр қаланың өз «Даналық үйі» дүниеге келді. «Жібек жолы» бойымен кіре тартқан көпестер ең құнды сыйлық ретінде Отырар әкіміне кітап сыйлауды дәстүрге айналдырды. Тіпті, бұл мемлекеттік рәсім ретінде қабылданып, ресми сипат алды. Бұқаралық ғұлама Рузбехан: «Отырар кітапханасындағы қолжазба кітаптарды тек қала тұрғындары ғана емес, шалғайдағы Сығанақ қаласының тұрғындары да пайдаланып отырды», - деп жазады.

Бұл дәстүр күні кешегі Абай заманына дейін үзілмей жетті.

Көне заман тарихшылары Истархи,ибн Хаукал, Мағдиси, Табари,Масуди,ибн Хордабек халифаттың діни және әскери ең шеткі нүктесі ретінде Отырар қаласына Мимун халифтің ерекше көңіл аударғанын жазады. Араб ғылымы мен мәдениетінің ең озық үлгілері мен ғұламаларын, сақабаларын Отырарға аттандырды, кітапханалар мен мектептер, медреселер мен мешіттер салдырды. Сондай «Даналық үйінен» Әбунәсір әл-Фараби де дәріс алды. Парсы ғылымы Деххуда өзінің «Ғибрат-нама» атты еңбегінде: «Жақын туыстарының бірі Фарабиге сақтай тұру үшін көп кітап қалдырып кетеді, соның ішінде Аристотельдің де трактаттары бар екен. Фараби қолы бос кезінде әлгі кітаптарды оқи келе оған беріліп кеткені сондай, өзінің қадилік қызметін тастайды. Осы бір кездейсоқ оқиға оның тағдырына шешуші әсер етті, соның нәтижесінде ол ұлы ғалым атанды»,- деп жазды.

Хорезм, Бұқара, Мары шаһарларында қағаз жасау ісі жолға қойылған соң, Орта Азиялық жібек мұқабалы қолжазба кітап мектебі қалыптасты. А.Ферғани, М.Хорезми, Ә.Әл-Фараби, Ә.Беруни, Ибн – Сина сияқты ғұламалардың еңбегі кеңінен таратылды. Ибн-Сина өзінің «Өмірбаянында»: «Бірде кешқұрым кітап дүкенінің қасынан өтіп бара жаттым. Кітап сатушылардың бірі мұқабалы кітапты көрсетіп, дауыстап мақтай жөнелді. Мені өзіне шақырып, әлгі кітапты ұсынды. Ол ғылымды маған білудің қажеті жоқ шығар деген ниетпен одан бас тарттым. Кітап сатушы сенімді түрде: «Сен мұны сатып ал, өте арзан, үш дерхамға сатамын. Оның авторы қаражатқа мұқтаж»,- деді. Мен сатып алдым. Сөйтсем бұл кітап Әбунәсір әл-Фарабидің «Метафизикаға» түсіндірме жасаған кітабы екен»,- деп жазған.Мұның өзі кітапхана мен кітап тарату ісінің Орта Азияда кеңінен таралғандығына дәлел.

Ал Александрия мен Отырар кітапханасының арасындағы рухани, мәдени, ғылыми байланысты Ибн Әби Уайбиғаның (1203-1270): « Әбунәсір Мұхамед бин Мұқаммед бин Узлағ бин Тархан ғұлама Фараб (Отырар) шаһарынан шыққан еді. Бұл қалша Хорасан жерінде, түркілер елінде жатыр. Әкесі оның түрік текті әскер қолбасшысы болатын. Әбунәсір біраз уақыт Бағдатта тұрғанымен, кейінірек Шамға (Сирия) қоныс аударды... Аристотель қайтыс болғанымен әл-Искандрия (Александрия) қаласында оның даңқы жасай береді. Оның ілімі өз қалпынан өзгермей он үшінші падишаның билік құрып тұрған кезіне дейін жетті... Астархуз таққа отырып, әмір жүргізе бастаған соң кітап қоймаларына назарын аударды. Кітап шығару ісіне қызыға жүріп, Аристотельдің кітаптарының бір нұсқасын тауып алды. Бұл Аристотельдің көзі тірісіндегі нұсқасы екен. Аристотельдің табылған кітабын Андриникус тәртіпке келтірген соң Рим патшасы осы нұсқаны өздерімен бірге Римге алып кетіп, көшірмесін әл-Искандрияға қалдыруды бұйырды... Аристотельдің ілімі, міне, осылай, байырғы күйінше өзгермей, ислам дәуірі келгенше өмір сүрді. Аристотельдің кітабы әл-Искандрия шаһарынан Антакия (Сирия) қаласына көшірілді. Осы кезде онда бір үлкен ғұлама бар еді. Одан тағлым алғандардың ішінде Марыдан шыққан Иухана бин Хилан да болды. Әбунәсір әл-Фараби Аристотельдің «Дәлел жайлы кітабын» («Китабу әл-бурхан») сол Иухана бин Хиланнан алып оқыған. Ол бұл кітапты араб тілінде оқымай тұрып-ақ болмыстың кейбір түрлерін өз бетінше түсінгендігін жазады.

Бұл тарихи, рухани сабақтастық түріктер негізін қалаған, Тараз бен Бағдат арасын билеген саманилер дәуірінде, кейіннен екіге бөлінген қарақанилер мен ғазынауилер әулеті тұсында ерекше дамыды. Әсіресе, «әділет мемлекеті» атанған қарақанилар мен ғазынауилер тұсында ғылым мен білім, ықтисат, сәулет өнері, пәлсафа, әдебиет шырқау биікке көтерілді. Отырар мен Бағдат арасына өркениет көпірі салынды. Бұл, батыс ғалымдарының бағалауынша, «түрік дүниесінің дәуірлеу кезеңі» болды. Әл-Фараби, ибн-Сина, М.Қашқари, Ж.Баласағұн, «ақындар патшасы» Фаррух, Унсури, Манушаһар, Аюке, Туси, Руми, А.Бухари, Р.Самарқанди, Әнуар, З.Фараби, Әбді-Раззақ, Қожа Атаи, Баба Куһи, Әбу Хаири, Санаи, Аттар, Әбу Мумин Насир Хосрау, Ф.Гургани, Хағани, Омар һаям, Әбу-Хамид Ғазали сияқты ғұламалар өмір сүрді. Махмұд Ғазынауидің тапсырмасымен «Шаһнаме», «Калила мен Димна», «Сандыбад-наме», «Гершасп-наме» түрік тілінде жазылып таратылды. Осы дәстүрдің соңы Низами, Саади, Руми, Науаи бастаған «шығыстың жеті жұлдызына» ұласты. «Түркілік дәуірлеу кезеңінде» дүниеге келген Бұл асыл мұралар қазақ елінің де рухани қазынасының бір парасы болып табылады. Осы тарихи, рухани жалғастықтың өзі ғылыми-мәдени өркениет саласын дамытудағы Александрия мен Отырар кітапханасының арасындағы дәстүрлі сабақтастықты дәлелдейді. Өкінішке орай, екеуі де заман көші мен тарих толқынында тағдырдың аса ауыр талқысына ұшырады. Александрия кітапханасынан кейінгі «екінші даналық үйі» атанған Отырар кітапханасының Шыңғыс хан шапқыншылығы кезінде опат болуы – ұлтымыздың рухани өміріндегі орны толмас өкініш.

Соған қарамастан, дала данышпандары мен дегдарлары, абыздары халық мұрасының қадірін біліп, оларды үрім-бұтағына аманатқа қалдырып кетті. Жыл қайыруымыздан бұрынғы VI-VII ғасырда өмір сүрген Алып Ер Тоңа – Афрасиап туралы әфсана мен «әлемдегі жеті ғұламаның бірі» атанған Анақарыс шешеннің философиялық, шешендік, билік тәмсілдері, ұзын саны 16 мыңнан асатын байырғы түрік ескерткіштері мен жазбалары, «Тариат», армян қарпінде қағазға түскен қыпшақ тілінің грамматикасы, «Кодекс-Куманикус» сөздігі, Ә. әл-Фарабидің алпыстан астам еңбегі, Ж.Баласағұнның «Құтты білік», М.Қашқаридің «Түрік тілі сөздігі», Қ.Яссауидің «Хикметі», Қ.Жалаиридің «Түрік шежіресі», М.Дулатидің «Тарих-и ад-Рашидиі», Бабырдың «Бабырнамасы», сондай-ақ, Есіктен, Таластан, Ертістен, Сайрамнан, Отырардан, Тараздан, Түркістаннан, Бату Сарай мен Сарай Беркеден табылған жазулар, Шам, Бабыл, Александрия, Бағдат, Каир, Тегеран, Рим, Париж, Лондон, Санкт-Петербор, Брюссель, Копенгаген, Гамбург, Ыстамбұл, т.б. қалаларындағы Ұлы Дала туралы көне мұрағаттар тәуелсіз Қазақстанның рухани-мәдени тарихының тікелей шежіресі екендігі де анық.

Сонымен қатар, қазақ хандығы құрылғаннан бергі және бодандық пен кеңестік дәуірдегі мұраларымыз да өте бай. Жалаиридің, Оразмұхамедтің, Абайдың, Шәкәрімнің, Сәдуақас Шорманұлының, Мәшһүр Жүсіптің, бұдан басқа бүгінгі күндері мыңдап табылып жатқан кітаптарды сақтаған медреселер мен мешіттердің бай кітапханалары соған дәлел.

Алайда, тарихи себептерге байланысты оларды барынша толық іздестіріп, бір орталыққа шоғырландырып, жинақтаудың, сақтаудың мүмкіндігі болмады. Алаш ардагерлерінің мұрағаттары да талан-таражға ұшырады. Тіпті, таяу жылдарда өмір сүрген дара тұлғаларымыздың қолжазбалары мен мемориалдық-коллекциялық кітапханалары соңғы кезде кездейсоқ адамдардың қолына түсіп, ізін жоғалта бастады. Барының өзі қараусыз қалып барады. Барды бауырдан шығарып алған өкініштеріміз еске түссе, өзегің өртенеді. Мысалы, осы сирек кітаптармен тікелей айналысып жүрген адамның нақты мағлұматы бойынша, өткен жылы жазда Өзбекстаннан, Тәжікстаннан, Қырғызстаннан, Қазақстаннан жинақталған толық бір КамАЗ сирек кітаптар мен құнды мұралар жасырын дала жолымен Ресейге жөнелтіліпті. Ал бұдан жиырма жыл бұрын Түркістан мен Отырар өңіріне келіп көне кітаптарды Ташкентке тиеп әкетіп бара жатқан жүк мәшинесін тәркілеу туралы өтінішімізді аудандық бірінші хатшыға жалынып жүріп өткізе алмағанбыз.

Соңғы жылдары тек көне мұраға көз қиығын салып жүрген адамдардан атүсті мәлімет алғанымыздың өзінде бір айдың ішінде 5 мың құнды кітап пен қолжазбаны жинақтап алатындай мүмкіндік бар екен.

Жақсыбек Құрманбеков Бабатаның түбіндегі жар жағасынан тауып алған екі қап ескі кітапты, жазушы-этнограф С.Кенжахметұлы жетпіс жыл ел мекендемеген қыстаудың күлтөбесі мен қорғандардан жүзге тарта құнды мұраны (ішінде А.Байтұрсыновтың «Әліпбиі» бар), Сара Көлбайқызы елуге тарта аса сирек қолжазба кітаптарды орталыққа тапсырды. Өлкетанушы, марқұм Клара Әмірқызы Ақан серінің кітапханасында сақталған «Төрт дәруіш» кітабын ұсынды. Семейдегі ескі үйдің жертөлесінен 300-ге тарта кітап сақталған қойма табылыпты. Ал «шығыстың жеті жұлдызының» бірі Жамидің қолжазбасы Алматыда жеке адамның қолында сақтаулы. Ақмола мешітінің кітапханасымен танысып шыққанымызда онда 300-ден астам әдеби-мәдени, ғылыми кітаптар сақталыпты. Оның ішінде түркінің көне күнтізбесі туралы ғылыми жазба да бар болып шықты. Қазақстандағы өзге мешіттерде не сақталғаны әзірге белгісіз. Қалталы көпестің қарамағында кеткен Шымкенттен табылған көне «Құранның» қазіргі жай-күйі де әзірге белгісіз. Бұған қоса, республиканың үлкенді-кішілі кітапханалары мен мұрағаттарында 100 мыңға тарта қолжазбалар мен қолжазба кітаптар бар екені мәлім. Олар толықтай ғылыми айналымға түспей, шикізат күйінде жатыр. Сақталу күйі де белгісіз. Олардың ұлттық руханиятқа қызмет ететіні даусыз. Деректану орталығын құру қажет деген пікірдің жиі айтылуы да сондықтан. Егер де осы шаралар дер кезінде атқарылмаса, аз мұраның ұстағанның қолында кетпесіне кім кепілдік бере алады? Мұнымен қоса, соңғы жылдары рухани құндылықтар базар жаймаларынан кеңінен орын ала бастады. Бұл – ұлтты алаңдататын қауіпті бағыт. Кітап – халықтық қазына. Сондықтан да, Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Мәдени мұра» бағдарламасына орай белгілеп берген нысаналы тапсырмасына сәйкес Еуразия кеңістігіндегі тарихи, мәдени, рухани сабақтастықты нығайту мақсатында 2001 жылы 16-шілде күні Үкімет қаулысымен Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің жанынан «Отырар кітапханасы» ғылыми орталығы ұйымдастырылды.

Мұндағы басты идея: Александрия кітапханасы (б.д.д. III ғ.- б.д. ІҮ ғ.) адамзаттың ежелгі өркениет дәстүрін Еуразия кеңістігіне таратты. «Шығыстық дәуірлеу» заманында өмір сүрген Отырар кітапханасы (ҮІІІ-ХШ ғ.) сол идеяны одан әрі жалғастырып, Еуразия кеңістігіндегі түркі өркениетінің гүлдену дәуірінің негізін қалады. Ал Еуразия кеңістігіне орналасқан және еуразиялық саяси, мемлекеттік, экономикалық, мәдениеттік, руханияттық ынтымақтастықты басты даму бағыты ретінде Қазақстан Республикасының астанасында құрылып отырған «Отырар кітапханасы» ғылыми орталығы – сол үзіліп қалған дәстүрді қайта жаңғыртып, Еуразия кеңістігіндегі өркениеттің өткені мен бүгінін кемел келешекке жалғастыратын білім ордасы болады деген сындарлы мақсатқа негізделді.

Міне, Бұл – Қазақстан Республикасының Президенті ұстанып отырған Еуразиялық даму идеясының мемлекеттік, саяси, экономикалық, тарихи, мәдени, рухани мүдделеріне сай келетін басымдылыққа ие ғылыми-мәдени шара болып табылады.

«Отырар кітапханасы» ғылыми орталығын Қазақстан Республикасының мемлекеттік тарихи-мәдени нысанасының (символикасының) біріне және ұлттық, саяси, идеялық, ғылыми, рухани-мәдени топтасуының қуатты факторына айналдыруды көздеп отырмыз. Ғылыми орталықтың мақсаты: Еуразия кеңістігіндегі әлемдік өркениет пен ғаламдастыру жүйесіне белсенді араласу; Қазақстан Республикасының саяси тарихы мен рухани мәдениетіне, ұлттық даму жолы мен жазба мұраларына, ғылымы мен өнеріне, даму өркениетіне қатысты дүние жүзіндегі барлық көне қолжазбалар мен қолжазба кітаптарды, сирек кітаптар мен басылымдарды, заттай жәдігерлерді мемлекеттік рухани қазынаның Бас ғимараты (главный хранилище ретінде бір орталыққа шоғырландыруды ұйымдастыру: «Мәдени мұра» бағдарламасының сындарлы тұжырымдарына сүйене отырып, ұлттық рухани құндылықтарды жинақтау, қалпына келтіру және оны барлық талапқа сай сақтауды қамтамасыз ету; дербес ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу болып табылады. «Отырар кітапханасы» ғылыми орталығының тұжырымдамасы классикалық университет деңгейіндегі отандық кітапхана жүйесін қалыптастыруға негізделмек және қызмет ауқымының міндеттері ғылыми ұйымдастыру, ғылыми-зерттеу, ғылыми-мәдени қызмет көрсету, ғылыми білім беру, ғылыми-мәдени ағарту салаларын үйлестіре жүргізуге бағытталмақ.

Қазірдің өзінде Отырар кітапханасына 5 мыңға тарта руханият мұралары жинақталды. Солардың арасында түпнұсқасы кейінгі ауған соғысында өртеніп кеткен «Латафат-нама» дастанының ұйғыр жазуымен жазылған көшірмесі (қазір түпнұсқа есебінде бағаланады), М.Қашқари қолжазбасының ғылыми көшірмесі (Түркия, Қ.Сартқожаұлы тапсырған). Фарабидің 12 қолжазбасының көшірмесі (Иран. М.Жолдасбеков тапсырған), «Қытайдың шешендік өнері» (Қытай, түпнұсқа, О.Сүлейменов тапсырған). Радловтың «Орхон-Енисей жазуының альбомы» (түпнұсқа, И.Тасмағамбетов тапсырған), В.Томсонның 5 томдығы мен Гейкельдің альбомы (түпнұсқа. Швецияның Мәдениет министрлігі сыйлаған), 1742, 1754, 1888 жылдары Гамбургте, Лондонда шыққан «Каспий өңіріне саяхат» (картасы бар), «Сақтар». «Кушан», «Тохарстан» (тапсырған А.Төлепбергенов). Левшиннің поляк тілінде жазылған «Қырғыз-қайсақ тарихының» қолжазбасы (тапсырған А.Сейдімбек) жинақталды.

Атақты жазушы ағамыз, марқұм Қалтай Мұхамеджанның кітапханасында орыс патшасы Алексей Михайловичтің (Бірінші Петрдің әкесі) бұзау терісінен қаптатып жасатқан «Евангелие», Ат-Табаридің тіліндегі еңбегі (орыс тіліне бір-ақ томы аударылған), Монғол хандары мен Баяндүр ханның тарихы, Қазақстан туралы орыс және шет тілдеріндегі жинақтар, Кауфманның «Түркістан альбомы» (1884), ХІХ-XX ғасырдағы араб қарпіндегі қолжазба кітаптары, 1900-1930 жылдар арасындағы қазақ баспасөз құралдарының тігіндісі, «Құран Кәрімнің» 15 нұсқасы, тағы да басқа кітаптар бар.

Мәскеуге аттанған соңғы сапарында бұл мұраны Отырар кітапханасына сыйға тартуды Фарида жеңгейге аманаттап кетіп еді. Алла жазса, Қал-ағаңның мұражай-кітапханасын дербес бөлме етіп ашуды көздеп отырмыз. Тұрсынбек Кәкішев ағамыз да қазақ әдебиетінің тарихына қатысты 6, 5 мың сирек қолжазбалар мен кітаптарды тарту етті. Соның ішінде Шәкәрім шығармаларының көшірмесі сақталған елуге тарта сирек мұра бар. Әлкей Марғұланның, Сапарғали Бегалиннің, Мұхаметжан Қаратаевтың, Рабиға Сыздықованың кітапханалары орталыққа жинақталды. Таяуда И.Тасмағамбетов өзінің кітапханасын жасақтайтыны туралы уағдасын берді. Міне, осының өзі-ақ қазірдің өзінде ғылыми орталық әдеби мұражайдың қызметін атқарып отырғанын байқатады.

Еуразия кеңістігінде қадым заманнан бастап бүгінгі күнге дейінгі дүниеге келген жалпы түрік жұрты, соның ішіңде қазақ елі пайдаланған 16 жазу үлгісінің тарихын қамтитын жазу мұражайын ашу да – үлкен мақсаттың бірі. Онда ұлт руханиятына қатысы бар Анақарыс, Ишпақай, Алып Ер Тоңға, Тоқсары, Томирис, Мөде, Шөже, Еділ, Бумын, Елтеріс, Күлтегін, Тоныкөк, Білге қаған, Құлашор, Баян, Ә.әл-Фараби, ибн-Сина, Ғұншақ, Қашқари, Баласағұн, Иассауи, Югнеки, Бақырғани, Сараи, Байсұңқар көшірмеші, Дулати, Жалаири, Абылай, Ы.Алтынсарин, Абай, А.Байтұрсынұлы қолданған жазулардың үлгісі, сол жазу үлгісінде тарихта қалған мұралар хақында толық мағлұматтар қамтылмақ. Оған биыл ғана жасақталған Еуразия университетінің жанындағы жазу мұражайы негіз қаламақ.

Өткен жылдың желтоқсан айының ортасында бұрынғы премьер-министр, қазіргі мемлекеттік хатшы Иманғали Тасмағамбетов «Отырар кітапханасы» ғимаратының жобасын ұлттық рухымызды асқақтататындай етіп Александрия кітапханасының үлгісінде әзірлеу, Мысыр еліндегі кітапханалардағы қазақ руханиятына қатысты деректерді анықтау, жазбаша тарихи-мәдени мұраны сақтау және дамыту жөніндегі халықаралық маңызы бар ірі ғылыми-мәдени орталықты құру тәжірибесін зерделеу туралы тапсырма берді. Александрия кітапханасының Бас директорының орынбасары, д-р Г.А. Халифпен (Бас директоры п-р Исмаил Сирадж-ад-дин ол кезде Даос саммитіне қатысуға кетіпті) және қолжазбалар орталығы мен ежелгі ескерткіштер мұражайының директоры Ю.Зидан мырзамен пікір алыстық.

Халиф мырзамен екі сағаттан астам уақыт бойы емін-еркін пікір алысудың барысында біраз мағлұмат алдық. Сонда көңілге түйгеніміз мыналар: жаңадан салынған Александрия кітапханасының жобасын жасауға Халықаралық сәулет тендері өткізіліпті. Оған 140 ірі-ірі фирмалар қатысыпты. Соның ішінде норвегтің Сноэльта студиясының сәулет жобасы жеңіске жетеді. Жартылай күн шеңбері кескініндегі ғимарат әрі тұғырлы, әрі көзге жұмсақ әсер қалдырады. Қабырғаларына 120 елдің жазу үлгісі таңбаланған ғимараттың 13 қабатының 4 қабаты жер астында. Жалпы көлемі 45 мың шаршы метр, оның ішінде оқу залы 20 мың шаршы метр. Әуел бастағы құны 170 миллион долларға белгіленгенімен, ең соңғы ақпарат бойынша құрылысқа жұмсалған қаржы 400 миллионнан асып түскен. Қазір онда 700 адам қызмет етеді, кітапхананың жылдық шығыны 1,5 миллион долларды құрайды. ЮНЕСКО-ның мәдени мұра туралы бағытын ұстанған бұл мекемеге деген ықылас пен оның айналасына тоғысқан мүдделер аса астарлы да ауқымды, қуатты да өте ықпалды екен.

Кітапхана тікелей ЮНЕСКО мен Мысыр президентінің қамқорлығында. Оның бас директорының құқы – Ресейдегі Эрмитаждың директорының құқынан да (ол мәдениет министрінің орынбасары қатарлас) жоғары, заңмен бекітілген мемлекеттік хатшы мен сыртқы істер министрінің дәрежесінде, халықаралық экономикалық саммиттерге тұрақты түрде қатысып тұрады екен. Өйткені, сол басқосуларда Еуропа қауымдастығы мен Америка үкіметі бірлесе отырып, арнайы қаржы бөлетін көрінеді. Кітапхананың төрағасы – президент Хұсни Мүбәрәктің өзі. Алқа Кеңесінің төрайымы – президенттің жұбайы Сюзанна Мүбәрәк. Кеңестің құрамына халықаралық қауымдастыққа беделі бар, оның пікірімен есептесетін 22 елдің қоғам, ғылым, өнер қайраткерлері мен Нобель сыйлығының лауреаттары мүше. Кітапхананың ішкі-сыртқы саясаты мен қаржы көзін, даму бағытын осы кісілер анықтап, белгілейді. Олардың шешімі президент қол қойған соң барып күшіне кіреді. Кітапхана мемлекеттік бюджеттен тыс, тек қана шетелдік демеушілердің қаражатымен қамтамасыз етіледі.

Кітапхананың құрылымы өте күрделі әрі жан-жақты. Қызмет аясы 5 түрлі бағытқа топтастырылған. 1-бағыт: Жазу тарихы орталығы мен көне мұралар мұражайы. Мұның өзі әлем жазуының тарихы, араб жазуының тарихы, бес өркениеттің мұралары, ескерткіштер мұражайы деп тармақтала береді. Олар негізінен жер астындағы төрт қабатты қамтиды. 2-бағыт: Реставрация және консервациялау орталығы ең соңғы ғылыми-техникалық жабдықтармен жарақталған, лабораториялары мен шеберханаларының өзі бір-бір ғылыми-зерттеу институтына пара-пар сияқты. Археология, химия, тарих, тіл, этнография, эпиграфика, металлургия, мүсін, сурет, әдебиет, т.б. салалардың мамандары топтасқан. 3-бағыт: ғылыми-зерттеу департаментінде ежелгі жазу мен ескерткіштерді зерттейтін ғалымдардан бастап астрономдарға дейін жұмыс істейді. Олардың бағыт-бағдарын нақты ашып айтпайды. Ғалам қозғалыстары мен жер шарының аясындағы дыбыстарға дейін бақылау жасай алатын обсерватория мамандарының қызметтерінің құпиясы кітапхананың мүддесінен тыс екендігін емеуріннен ғана аңғаруға болатындай. 4-бағыт: Жаңа технология департаменті. Кітапхана қызметкерлерінің үштен бір бөлігі осы салада жұмыс істейді екен. Обсерваторияның техникалық инженерлері де солардың қатарына қосылса керек.

Дәл осындай жасақталған кітапхана әлемде әзірше жоқ. Мысал келтірейін: бізді экранның алдына әкеліп, бір нүктені басып қалды. Көне кітаптың беті ашылды. Сағдидің қолжазба кітабы екен. Әлгі бетті кәдімгі кітаптың өзі сияқты қолымен парақтап ашып көрсетті, біз де парақтадық. Екінші ноқатты басып қалғанда дауыс естілді, сөйтсек, тура сол беттегі өлең жолдарын дауыстап оқып түр екен. Үшінші ноқатты басқанда әлгі жолдардың ағылшынша нұсқасы көрініс берді. Төртінші ноқатты басқанда үлкейткіш әйнек шыға келді... Оның компьютерлік құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілуінің өзіне миллиондаған американ доллары жұмсалғанын (өздері нақты көрсетуден жалтарды) айтсақ та жеткілікті болар. Ал ақпараттарды жинайтын электрондық жүйелердің қызметін талдауға менің өрем жетпейді, олар да бүге-шігесіне дейін түсіндіріп жатпады. 5-бағыт: Мәдениет институттары. Мұнда кітапхана қызметінен бастап ресторанда өтетін сауық кештеріне дейінгі тіршіліктің бәрі қамтылған. Жеке мәдениет сарайы, халықаралық симпозиумдар өтетін зал, қонақжай, ресторан, көрме залдары бар. Соның ішінде ерекше назар аударғаны – жарнама департаменті. Бұған олар ерекше мән береді екен. Барлық халықаралық байланыстар солар арқылы жүзеге асады. Кітапхананың оңтүстік бүйірінде арқалы жабық көпір көшенің арғы бетіндегі Александрия университетіне тікелей барып жалғасады. Студенттер сол арқылы қатынайды.

Александрия кітапханасы 12 жыл бойы салынған. Ғимарат осыдан 2 мың 300 жыл бұрынғы Ескендір кітапханасының орнына, Жер Орта теңізінің тура жиегінен орын тепкен. Оған Египеттің бірде-бір тиыны шықпапты, шығынның негізгі бөлігін Франция, Италия, Испания, Германия, Норвегия, Швеция, яғни, массондық және Рим папасына қарасты мемлекеттер мен сол сенімдегі алпауыттар көтеріпті. Обсерватория мен ғаламдық жабдықтарды Америка мойнына алыпты. 8 миллион кітап қорын сақтайтындай сыйымдылығы бар. Негізінен «сиди» арқылы қызмет көрсетуге бағытталған. Қазір оның қоры 500 мың томды қамтиды. Соның ішіндегі 50 мыңы көне карта, 100 мың қолжазба, папирус пен орамдар, құймалар бар.

Обсерватория арқылы әлемдегі әрбір қозғалысты қадағалап отырады. Кітапхана ғимаратының қайта және архи-авангардтық үлгідегі стильде салынғанын: «Шығыс пен батыс өркениетін жалғастырып, олардың арасына көпір болу үшін істеді-міс», - деп түсіндірді. Мамандардың түсініктері мен түсіндірулеріне қарап, бұл кітапхана екі өркениеттің арасындағы рухани байланыспен қоса, араб елдеріне батыстық идеяны тарату, рухани үгіт-насихат жүргізу, оларға қажетті ақпараттарды жинап-тарату мақсатын қоса атқаратындай әсер қалдырды.

Ал болашақ Отырар кітапханасының ғимараты туралы сапар мақсатына орай Үкіметке біз мынадай ұсыныс жасадық: 1. Отырар кітапханасы – мемлекеттік, ұлттық маңызы бар, халықаралық қауымдастықтың назарын аударатын, әр саланың мамандарының қатысуымен жүзеге асырылатын стратегиялық (саяси, рухани) мәдени-тарихи кешенді құрылыс ретінде қаралып, арнайы Үкімет Қаулысы қабылданса; 2. Кітапхана Кеңесі құрылып, оның төрағасы президент не премьер-министр болса; 3. Жұмысты бір орталықтан реттеп отыратын арнайы құрылыс дирекциясы құрылса; 4. Архитектуралық жобасына республикалық тендер жарияланса. Ғимараттың бірінші қабатына – көне ескерткіштер мен таңбалардың, екінші қабатына – көне түрік жазбаларының, үшінші қабатына – жазу тарихының мұражайлары, төртінші қабатына – мемориалдық кітапханалар, бесінші қабатына – Тәуелсіздік тұсындағы мұралар орналастырылса; 5. Жазу тарихы, қолжазба, сирек кітаптар орталықтары мен реставрация шеберханалары ашылса; 6. Аса қуатты компьютерлік орталық құрылса; 7. Негізгі тұтқа етіп қос өркениеттің өзара ұштасуын білдіретін Еуразия идеясы алынса; 8. Көне түркілік Көк Аспан, Жер, Су және Мәңгілік ел идеясы Отырар кітапханасының негізгі тұжырымдамасы болса.

Мұны жүзеге асыру ұлттық руханиятымыздың мәңгілік сақталатынының және салтанатының кепілі болса керек. Бұл ретге, ең алдымен сирек қолжазбалар қоры бар кітапханалар мен мұражайлар, мұрағаттар біріге отырып, үлкен тұжырымдама жасауға тиісті. Қазір әр мекеменің қоймасында күтімді-күтімсіз жатқан құнды мұраларды бір орталыққа жинап, реставрациялауға ұмтылған дұрыс. Шағын мекемелік мүдделерді ұлттық мүддеге ұластыру қажет деген ұсыныс жасаған едік.

Бұл ұсыныс Президентіміз Н.Назарбаевтың «Мәдени мұра» бағдарламасымен тікелей жалғасып жатқандығы ескеріліп, Отырар кітапханасының жаңа ғимаратының жобасын дайындау, құрылыс ауқымын белгілеу, республикалық тендер жариялауды ұйымдастыру, оны келесі жылдың бюджетіне енгізудің мүмкіндігін қарастыру туралы сол кездегі Премьер-министр И.Тасмағамбетовтің 2003 жылғы 22 қаңтар күнгі Өкімі берілген болатын.

Осыдан кейін Үкіметтің ауысуына байланысты бұл мәселе біраз уақыт тоқтап қалды. Қазір қайта қолға алынып, арнайы ғимарат салу мәселесі Үкімет кеңесі мен Білім және ғылым министрі Жақсылық Күлекеевтің тарапынан қолдау тауып отыр. Алайда, ресми мекемелерде «Күлтөбеден күмбез тұрғызып, күлеміштен кітап жасамақ. Оның ешқандай ғылыми дәйектемесі жоқ», - деген пікір қалыптастырып жүргендер бар. Шын мәнінде көне Отырар кітапханасы көшпелілер әлемінде «екінші даналық үйі» болғанына қытай саяхатшысы Лу-Цзиннің: «Отырардың даңқы шарапханасымен емес, мейманханасымен емес, әйгілі кітапханасымен шықты», - деген пікірі дәлел бола алады.

Еуразия кеңістігіндегі екі өркениеттің көпірі міндетін атқарған Отырар кітапханасының тарихи миссиясы мен маңызы қатардағы кітапханадан жоғары. Президентіміз де теле-радио тілшілеріне берген сұхбатында (2001, мамыр) және Еуразия ұлттық университетінің жаңа оқу ғимаратының ашылу салтанатына келген (2003, наурыз) кезінде ұйымдастырылған сирек қолжазбалар мен құнды кітаптардың көрмесімен танысу барысында да қолдау білдірді. Қазақстанның көрнекті мемлекет, қоғам, ғылым, мәдениет, әдебиет қайраткерлерінің Үндеуі «Егемен Қазақстан» мен «Қазақ әдебиеті» газеттерінде жарияланды. Орталықтың мақсаты мен міндеті Елбасының Қазақстан халқына Жолдауындағы «Мәдени мұра» бағдарламасымен толық үндесіп жатыр. Сондықтан да, Жолдауда көрсетілгеніндей, бас қаламыздың рухани-ұлттық нысанасы болатындай арнайы ғимарат салынуы ұлтымыздың рухани өміріндегі маңызды оқиға болмақ деп есептеймін. Мұндай игі қадамды қалың қауым да қостайды деп сенемін.
//Жалын. – 2003 жыл. – 41-47 беттер.
*** *** ***
АЛЕКСАНДРИЯ КІТАПХАНАСЫ
Жұртбай Тұрсын,

Л.Н. Гумилев атындағы

Еуразия ұлттық университетінің

жанындағы «Отырар кітапханасы»

ғылыми орталығының директоры,

филология ғылымдарының

докторы, профессор
Ұлттық руханиятты әлемдік деңгейде дамытуға деген ерекше пәрменді ықыластың негізінде жүзеге асқан бұл сапар мен үшін тосыннан басталды. Өткен жылдың желтоқсан айының ортасында сол кездегі Премьер-Министр Иманғали Тасмағамбетов шақырып алды да: «Қазақ тарихы мен руханиятына қатысты дүние жүзіндегі барлық деректерді бір орталыққа жиып, оны ғылыми айналымға түсіретін «Отырар кітапханасының» болашақтағы даму бағдары мен тұжырымдамасын жасап, республика жұртшылығының назарына ұсын. Александрия кітапханасын арабтар қалпына келтірді. Біз де өзіміздің Отырарымызды тірілтіп, осыдан мың жыл бұрын да әлем өркениетінің бір отауы болғанымызды бүкіл әлемге жаңа Астанада көрсететін кез келді. Кітапхананың және ғимараттың тұжырымдамасы мен жобасын бір жарым айдан кейін талқылаймыз. Соған дайындал», - деді.

Пәрмен қатты, бұйрық тез, тапсырма шұғыл болды. «Отырар кітапханасын» Еуразия Ұлтттық университетінің жанынан құру туралы Үкімет Қаулысы шыққаннан бергі екі жылдың ішінде оның қызмет ауқымы реттеліп, мақсат-міндеті анықталып, жұмысы да жолға қойылып қалған. Тұжырымдама дайын еді. Тек Александрия кітапханасының тарихи орны мен қалпына келтірілгенін білгенімізбен, оның үлгісін ұстана қоярлықтай нақты мағлұмат жоқ-тын. Соны уәж ретінде айтқанымызды: «Он күннің ішінде Мысырға аттанып кет. Жаңа жылға дейін барып кел», – деп тиісті адамдарға нұсқау берді. Шұғыл нұсқаудың орындалуы Сыртқы істер Министрлігі және Білім және Ғылым министрлігіне тапсырылды. Премьер-Министрдің атына жазған қатынас қағаз өзіме келіп, одан қайта Үкіметке кіргенше бір ай өтті және қаражаттың жоқтығына байланысты іссапар кейінге қалдырылыпты. Демеушіні менің өзім іздеп табуым керек. Қаңтардың екінші жартысында Премьер-Министр ғимараттың жобасы мен Александрия кітапханасының іс-тәжірибесі туралы есепті сұратқан кезде біздің әлі өкше көтермегенімізді естіп, табан астында бір адам үшін өзінің жеке №8 өкімін шығарды. Төрт күннен кейін жолға шықтық.

Алдын-ала айта кетерім осы өкім болмаса, сонымен қатар Қазақстанның ЕАР-дағы Төтенше және өкілетті елшісі Б.Әміреевтің, елшіліктің жауапты қызметкерлері А.Исағалиев пен М.Қабазиевтің, Алматыдағы Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университетінің ректоры, доктор Махмұд Хиджази мен профессор Ш.Керімнің көмегі тимесе, біздің іс-сапарымыздың мақсатының орындалу-орындалмауы екіталай екеніне кейін көзіміз анық жетті. Еліміздің руханияты жасаған еңбектері үшін оларға шын жүрегімнен зор ілтипат білдіруді өзімнің азаматтық парызым деп санаймын.

Газет оқырмандары Александрия кітапханасы жайында мұнан бұрын да хабардар етілген. Өткен жылы 18 қазан күнгі нөмірдегі «Күлден көтерілген» атты мақалада әлемдік өркениет тарихындағы орасан оқиғаға – Александрия кітапханасының ашылуына қатысып қайтқан С.Абдрахманов бірсыпыра мәлімет берген болатын. Дегенмен сол тақырыпқа тағы оралып соғып, тақырыпты толығырақ аша түсудің реті бар сияқты көрінеді. Өйткені, біздегі Отырар кітапханасының болашақта қалай қалыптасары осы мәселені біздің қалай зерттеп-білуімізге де байланысты екендігіне көзіміз жетіп отыр.

Перғауындар елінің пирамидасын көру де бір арман. Бірақ өмірлік мақсатын кітаппен байланыстырған адам үшін біздің жыл қайыруымыздан 3 мың жыл бұрын ұйымдастырылып, 2300 жыл бұрын «даналық үйіне» айналған Мысыр еліндегі Александрия (Аль-Искандрия) кітапханасын бір көріп қайтудан аңсарлы мақсат бола қоймас. Аджамда «патшалар жолы» Еуропада «жібек жолы» деп аталған, үш өркениетті жалғастырған күре жолдың күрмеуіндегі Отырар кітапханасын қайта жаңғырту барысындағы біздің әрбір талпынысымыз да осы кітапханаға көп тіреле беретін. Сұрақ бар да жауап жоқ еді. Басты мақсаттың бірі де Мысыр еліндегі кітапханадағы қазақ руханиятына қатысты деректерді анықтау, жазбаша тарихи-мәдени мұраны сақтау және дамыту жөніндегі халықаралық маңызы бар ірі ғылыми-мәдени орталықты құру тәжірибесін зерделеу болғандықтан да, Каирдағы күндеріміз Египет Ұлттық кітапханасы директорының орынбасары Х.Камалмен кездесуден басталды. Бұдан кейінгі президенттік Мағди кітапханасының директоры С.Ф. Хиджазимен, Мүбарак (Президент) кітапханасының директоры профессор М.Микаэлмен кездесіп, кітапханалардың жалпы құрылымымен, сирек кітаптар және қолжазбалар қорымен жан-жақты таныса келіп, Каирдағы халықаралық кітап жәрмеңкесін көргеннен кейінгі түйген ойым – «Отырар кітапханасы» ғылыми орталығының Тұжырымдамасы мен оның қазіргі атқарып отырған жұмысы Египет Ұлттық кітапхананың тәжірибесімен толық үйлесіп жатқанына анық көзім жетті. Іссапар барысында барлық кітапханалармен: екі елдің арасындағы мәдени байланысты халықаралық деңгейде барынша нығайтып, дамытуға атсалысуға, жазба және рухани мұраларды сақтауға қатысты өзара мүдделі шараларды бірлесе отырып шешуге, сирек қолжазбалар мен кітаптардың көшірмелерін алмасуға, халықаралық жобалар мен тендерлерге бірлесе қатысуға, көне қолжазбалар мен кітаптарды оқып, зерттеп, аударуға көмек көрсетуге, болашақ «Отырар кітапханасының» ғимаратын жобалау, салу, жабдықтау барысында өзара тәжірибе алмасуға, мүмкіндік болған жағдайда мамандар алмасуға уағдаластық жасалды.

Мұның барлығы протоколдық сыпаттағы қасаң сөйлемдер болғанымен де біздің алған мақсатымыздың орындалуына тікелей қатысы бар аса маңызды мәселелер еді. Бұл осы мекемелермен тікелей байланыс жасауға мүмкіндік туды деген сөз. Сонымен біздің дәргейімізге берілген аз күннің ішінде анықталған мәселелер мыналар болды.

Египеттің Ұлттық кітапханалары мен архивтерінде жалпы түркі, шағатай, кейбірі екі тілде жазылған 5154 қолжазба бар екен. Қай қолжазбаның қайда, қандай сөреде, не жөнінде екендігі туралы арғы тегі таразды Насреддин Мүбашширдің 5 томдық каталогын іздестіріп жүріп әзер қолға түсірдік. Бұл болашақ зерттеушілердің жұмысын жеңілдетері сөзсіз. Мұны қазақ тіліне аударса да артықтық етпес еді. Соның ішінде әль-Фарабидің 18 қолжазбасы мен сұлтан Бейбарыс туралы 1 қолжазба Ұлттық кітапхананың сирек қолжазбалар қорына сақталыпты. Пікір алысу барысында бұлардың көшірмесін үш-төрт айдың мөлшерінде жасап беруге Х.Камал мырза уәде берді. Осы уағдаластықты одан әрі тиянақтау Қазақстан елшілігі арқылы жүргізілетін болып келісілді.

Қазақ тарихына тікелей қатысты және орыс тілінің өзіне әлі толық аударылмаған ежелгі тарихшылар: Ибн-Батутаның 6 томдығын, ат-Табаридің 6 томдығын, әл-Фарабидің 5 кітабын Худуд-ул әл-Фарабидің 5 кітабын Хадуд-ул әл-Алямнің, «Бейбарыс пен мәмлүктер тарихы» туралы 6 кітапты, Ғазалидің 9 томдығын, Түркі қолжазбалары каталогының 5 томдығын және басқа да қазақ тарихына қатысы бар 40-қа жуық кітаптар мен фотоальбомдарды сатып алдық. Бейбарыс туралы деректердің 10 томдық жинағы шыққан екен. Каир жәрмеңкесінде талап алып кетіпті. Басқа дүкеннің қызметкері кейін тауып беретін болып уәде етті. Ғылымға қабілеті бар араб, парсы тілін жақсы білетін Насыредин Адай атты әл-Әзхар университетінің студентіне тиісті қаражатты қалдырып кеттім, Алла жазса, қолға тиіп қалар деп үміттенемін. Өзге де құнды кітаптар кездесті, оны сатып алуға қаражат көтермеді. Әсіресе, бүгінгі рухани иман тарихы мен ұлттық тәуелсіз сананы қалпына келтіреге аса ділгір Қасиетті «Құран-Кәрім» мен Ғазалидің арнайы түсініктемемен басылған 40 томдығы сөреде жәудіреп қалғандағы біздің көңіл-күйімізді өзге емес, кітап құмар қауым терең түсінеді деп ойлаймын. Әр жылдың қаңтар айында бүкіл араб елдеріне ортақ Каир кітап жәрмеңкесі өтіп тұрады екен. Соның ашылу кезінде бір адамды тек кітап сатып алу үшін арнайы жіберудің еш артықтығы болмас еді-ау деген ой келді. Тіпті болмаса бұл шаруаны елшілікке жүктеген жөн шығар. Елшіміз Бағдат Әміреев – арғы-бергіні білетін өзі де тіл маманы.

Жалпы алғанда бізге қажетті және іздеп жүрген жәдігерлеріміз Египеттің Ұлттық кітапханасында (содан кейін Бейрут кітапханасында) екен. Алматыдағы Нұр-Мүбарак университетінің ректоры М.Хижази мырза бұрын осында директор қызметін атқарғандықтан ба, кітапхана қызметкерлерінің Қазақстан туралы мәліметтері мол және бізге жақсы көзқараспен қарайды екен. Осы ынтымақтастықты одан әрі дамытып тұрақтандыруға, екі ел арасындағы мәдени байланысты нығайту тұрғысындағы биік мәртебелі кездесулерде баянды етілсе құба-құп. Әсіресе, қолжазбалардың көшірмесін алдыруға, реставрация жасауға, мамандар алмасуға қол жетсе үлкен игілікті іс болар еді деп ойлаймын.

Ал Александрия кітапханасына келетін болсақ, ол туралы алған мағлұматымыз бен түйген ойымыз мынадай. Әлем руханиятының тарихына академия, музей, кітапхана деген ұғымды қалыптастырып, адамзат өркениетінің аңсары мен нысанасына айналған бұл қаланың негізі Ескендір Зұлқарнайынның – Александр Македонскийдің әмірімен милидиден бұрынғы 332-331 жылдары қыс айында қаланды. Бас сәулетшісі еріп родостық Дейнекратты тағайындады. Құрылысты жүргізген навкратистік Клеоменс. Алғашқы Бас кітапханашы – Аристотельдің шәкірті, Афинаның бұрынғы билеушісі фалестік Деметрий. Александр Македонский өзінің шығысқа бет алған жорығының құрметіне Ніл дариясының Жерорта теңізіне құяр сағасына салынған, батыс пен шығысты, құрлық пен мұхитты жалғастырып тұрған бұл шахарға астана дәрежесін береді. Ол аз уақыттың ішінде бүкіл азаматтық өркениет пен дүниежүзілік сауданың орталығына айналады. Македонскийдің жорығынан түскен олжаның барлығы тікелей осы қаланың мұқтажына жұмсалды. Соның нәтижесінде әлемнің жеті кереметінің бірі – Александрия шамшырағы, патша сарайы, театр мен стадион, кітапхана, музей дүниеге келді. Ескендір Зұлқарнайын тосын дерттен қайтыс болған соң оның денесін бал толы табытқа салып Вавилоннан Александрияға алып келеді. Содан кейін мысырдық балгерлер оны бальзамдап, Сема сарайының астына жерлейді. Кейіннен жер сілкнісі кезінде Ескендірдің қабірі де, Клеопатраның сарайы да, кітапхана да жер астына түсіп жоқ болған. Сарайдың орны белгілі болғанымен де Македонскийдің қабірі осы күнге дейін табылмай келеді. Ол жерге қазіргі Александрия кітапханасы салыныпты. Зәулім құрылыстың 12 жылға созылуына жер астын төрт қабатты үйдің мөлшеріндей қазғанына қарап, мұнда патшаның денесі мен қазынасын іздестіру жұмысы да қоса жүргізілгеніне күмәнданбауға болады. Ал әйгілі Александрия шамшырағының орнына ХҮ ғасырда даналық сұлтан Қайтбай шеркес қамал салды. Ол қазір де мүйістің сәнің келтіріп тұр.

Кітапхананың негізін қалап, дамытқан, қайта жаңғыртқан Македонскийдің қолбасшыларының бірі Птолемей Сотер (Құтқарушы) мен оның ұлы Филадельф. Олар Александрияны дүниенің рухани астанасы еткісі келді. Сол тұста аты әйгілі ғалымдар мен ақындардың, философтардың, дәрігерлердің, сәулетшілердің барлығын осында алдыртып, ғылыми мектеп ұйымдастырды. Музейон – муза сарайы атанған бұл даналық үйінің негізгі мақсаты – ғалымдардың басын қосып, олардың идеясын бірігіп жүзеге асыруға мүмкіндік жасау еді. Ғұламалардың еш алаңсыз ғылыммен айналысуына барлық жағдай жасалды. Олар сол ғимаратта тұрады, сол жерде зерттеу жұмыстарын жүргізеді, сондағы оқу залдарында шәкірттеріне дәріс оқиды. Александрияның даңқын Афинадан да асыру үшін сол замандағы ең озық жазу мен өнер саласына қатысты барлық жәдігерлер әкелінеді. Онда Аристотельдің кітапханасынан бастап гректің Эсхил, Софокл, Еврипид сияқты трагик ақындарының қолжазбаларына шейін сақталды. Александрияға келген әрбір көпес кітап сыйлауға міндетті болды. Ал қаланың айлағына аялдаған кемелердегі қолжазбалар дереу тәркіленіп, ақы иелеріне оның көшірмелері ғана қайтарылып отырды. Ең үлкен лауазым иесі – кітапханашы деп аталды. Зенедот, Аполлон Родосский, Эртасфан, Аристофан, Евклид, Архимед, Каллимах ғана сондай атаққа лайық деп саналды. Каллимах жасаған кітаптардың каталогы ақыл-ойдың асқан даналығы ретінде бағаланды. Филадельфтің патшалығы тұсында кітапханада 4000 мың том қолжазба мен 90 мың түпнұсқа сақталды. Қыш кітаптар мен папирус жазуларының музейі болды. Миладиден бұрынғы 47 жылы қыш кітаптар мен қол-жазбалардың саны 700 мыңға жетіпті. Түпнүсқа мен көшірмені айыратын, қолжазбаларды реставрация жасайтын арнайы шеберхана болған. Бұл тұстағы ғұламалар ақсүйектерден де жоғары бағаланың патша дәрежелес өмір сүрген. Папирустың орнына теріні пайдалану жолға қойылды.

Бірақ... иә, бірақ өзінің баласын өлтіріп, етін турап әйеліне берген Птоломей VIII немесе Эвергэт III тұсында Александрия өртке оранып, мусейондықтар қуғынға ұшырайды. Александрияның «қарғысқа ұшырау кезеңі» әйгілі Клеопатрамен тікелей байланысты. Оны бірінші рет өртеген Цезарь. Ал Клеопатраның көңілін табу үшін Антоний оған теріге жазылған 200 мың том кітап әкеп берген. 273 жылы Аврелиан патшалық еткен кезде кітапхана екінші рет өртенеді. Алайда кейіннен қалпына келтіріледі. Ал 415 жылы патриарх Феофил бастатқан христиан фанатиктері кітапхананың құжыраларын аралап жүріп қолжазба атаулыны отқа жағады, мусейон шәкірттерін мүшелеп өлтіреді. 640 жылы Александрияны арабтар жаулап алған соң кітапхана өзінің бұрынғы беделінен айырылады. 642 жылы сақаба Әмір ибн Әл-Астың: «Кітаптарды не істеу керек?» – деген сауалына Омар халиф: «Кітаптардың мазмұны «Құранмен» сарындас болса онда артық, ал «Құранға» қарсы болса – зиянды»,– деп екіұшты жауап қайырған. Осы кітапхананың тарихын зерттеуші, профессор Мұстафа ал-Аббаси: «Мұхаммед пайғамбар ғылымды Қытайдан іздесең де сауап», – деген пікіріне сүйеніп, жоғарыдағы қауесет кейінгі кергі жорығы тұсында шыққаңдығын дәлелдепті. Кітапхана X ғасырға дейін жұмыс істеген. Содан кейін һарон Рашид пен ал-Мамуннің, әсіресе Махмұд Ғазынауидің тұсында ғылыми орталық Бағдад пен Шамға ауысып, кітапханалар «даналық үйі» деген ат пен дүниеге мәлім болды. Сол даналық үйінің бір отауы ежелгі Отырар қаласынан бой көтерген. Біздің рухани қасиетіміз болып саналатын әйгілі Отырар кітапханасының Александрия кітапханасымен тамырластығы мен тағдырластығы осылай басталады.

Өкінішке қарай: «Александрия кітапханасынан кейінгі екінші кітапхана Отырарда болған», – деген сөзді нақты кім жазып кеткені әлі де анықталмай келеді. Бізге мәлім пікірлердің барлығы да тек аңыздық сыпатта баяндалған. Ал соған қарамастан да Александрия мен Отырар кітапханаларының арасындағы «даналық жолын» жалғастырып тұрған екі түрлі негіз бар. Біріншісі, олардың екеуі де бір-біріне бимәлім әрі жат екі өркениеттің арасына парасат көпірі болды. Екінші, екеуі де жаугершіліктің отына өртеніп, күлтөбеге айналды. 1974 жылы мысырлық ғалым Лофти Давидар ЮНЕСКО-ның алдына Александрия кітапханасын қайта жаңғыртып салу туралы ұсыныс жасап, дүние жүзі зиялыларының Назарын аударады. Бұл игілікті іс 1988 жылы қолдауын тауып, ЮНЕСКО дүние жүзіне жар салады, сөйтіп, Еуропа мен Америка зиялылары Александрия кітапханасын қалпына келтіруге жұмыла іске кіріседі. Израиль мен араб елдері арасындағы қырғиқабақ қарым-қатынасқа байланысты кітапхананың ашылу мерзімі құпия сақталған. Сөйтіп 12 жылға созылған құрылыс өткен жылы аяқталып, салтанатты түрде ашылды.

Бізді, өзіміздің елшіліктің бас хатшысы Арман Исағалиев екеумізді Александрия кітапханасы Бас директорының орынбасары, доктор Г.А.Халифпен (Бас директоры проф. Исмаил Сирадж-ад-Дин ол кезде Давос саммитіне қатысуға кетіпті) және қолжазбалар орталығы мен ежелгі ескерткіштер музейінің директоры Ю.Зидан мырза қарсы алды. Халиф мырзамен екі сағаттан астам уақыт бойы емін-еркін пікір алысудың барысында біраз мағлұмат алдық. Сонда көңілге түйгеніміз мыналар. Халықаралық сәулет тендеріне 140 ірі-ірі фирмалар қатысады. Соның ішіңде норвегтің Сноэльта студиясының жобасы жеңіске жетеді. Жартылай күн шеңбері кескініндегі ғимарат әрі тұғырлы, әрі көзге жұмсақ әсер қалдырады. Қабырғаларына 120 елдің жазу үлгісі таңбаланған. Ғимараттың 13 қабатынын 4 қабаты жер астында. Жалпы көлемі 45 мың шаршы метр, оның ішінде оқу залы 20 мың шаршы метр. Әуел бастағы құны 170 миллион долларға белгіленгенімен, ең соңғы ақпарат бойынша құрылысқа жұмсалған қаржы 400 миллионнан асып түскен. Қазір онда 700 адам қызмет етеді, кітапхананың жылдық шығыны 1,5 миллион долларды құрайды. Қалай болғанда да бұған деген мүдделер ықыласы өте мықты.

Кітапхана тікелей ЮНЕСКО мен Президенттің қамқорлығында. Оның Бас директорының құқы – Ресейдегі Эрмитаждың директорының құқынан да (ол мәдениет министрінің орынбасары қатарлас) жоғары, заңмен бекітіліген мемлекеттік хатшы мен сыртқы істер министрінің дәрежесінде, халықаралық экономикалық саммиттерге тұрақты түрде қатысып тұрады екен. Өйткені сол басқосуларда Еуропа қауымдастығы мен АҚІІІ үкіметі бірлесе отырып арнайы қаржы бөлетін көрінеді. Кітапхананың төрағасы – Президент Хүсни Мүбарактың өзі. Алқа кеңесінің төрайымы – президенттің жұбайы Сюзанна Мүбарак. Кеңестің құрамына халықаралық қауымдастыққа беделі бар, оның пікірімен есептесетін 22 елдің қоғам, ғылым, өнер қайраткерлері мен Нобель сыйлығының лауреаттары мүше. Кітапхананың ішкі-сыртқы саясаты мен қаржы көзін, даму бағытын осы кісілер анықтап, белгілейді. Олардың шешімі Президент қол қойған соң барып күшіне кіреді. Кітапхана мемлекеттік бюджеттен тыс, тек қана шет елдік демеушілердің қаражатымен қамтамасыз етіледі.

Кітапхананың құрылымы өте күрделі әрі жан-жақты. Қызмет аясы 5 түрлі бағытқа топтастырылған:



1-бағыт. Жазу тарихы орталығы мен көне мұралар музейі. Мұның өзі әлем жазуының тарихы, араб жазуының тарихы, бес өркениеттің мұралары, ескерткіштер мұражайы деп тармақтала береді. Олар негізінен жер астындағы төрт қабатты қамтиды.

2-бағыт. Реставрация және консервациялау орталығы. Ол ең соңғы ғылыми-техникалық жабдықтармен жарақталған, лабораториялары мен шеберханаларының өзі бір-бір ғылыми-зерттеу институтына пара-пар сияқты. Мұнда археология, химия, тарих, тіл, этнография, мүсін, сурет, әдебиет т.б. салалардың мамандары топтасқан.

3-бағыт. Ғылыми-зерттеу департаменті. Бұл жерде ежелгі жазу мен ескерткіштерді зерттейтін ғалымдардан бастап астрономдарға дейін жұмыс істейді. Әңгіме иесі олардың бағыт-бағдарын нақты ашып айтпады. Ғалам қозғалыстары мен жер шарының аясындағы дыбыстарға дейін бақылау жасай алатын обсерватория мамандары қызметтерінің құпиясы кітапхананың мүддесінен тыс екендігін емеуірінінен ғана аңғаруға болатындай.

4-бағыт. Жаңа технология департаменті. Кітапхана қызметкерлерінің үштен бір бөлігі осы салада жұмыс істейді екен. Обсерваторияның техникалық инженерлері де солардың қатарына қосылса керек. Дел осындай жасақталған кітанхана әлемде әзірше жоқ. Мысал келтірейін. Бізді экранның алдына әкеліп, бір нүктені басып қалды, Көне кітаптың беті ашылды. Сағдидің қолжазба кітабы екен. Әлгі бетті техника кәдімгі кітаптың өзі сияқты қолымен парақтап ашып көрсетті. Екінші ноқатты басып қалғанда дауыс естілді, сөйтсек тура сол беттегі өлең жолдары дауыстап оқылып тұр екен. Үшінші ноқатты басқанда әлгі жолдардың ағылшынша нұсқасы көрініс берді. Төртінші ноқатты түрткенде үлкейткіш әйнек шыға келді. Әр нүктенің өзін бадырайта көрсетіп, саусағыңмен ілесе жылжып отырады. Оның компьютерлік құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілуінің өзіне миллиондаған АҚШ доллары жұмсалғанын (өздері нақты көрсетуден жалтарды) айтсақ та жеткілікті болар. Ал ақпараттарды жинайтын электрондық жүйелердің қызметін талдауға менің өрем жетпейді, олар да бүге-шігесіне дейін түсіндіріп жатпады.

5-бағыт. Мәдениет институттары. Мұнда кітапхана қызметінен бастап осындағы ресторанда өтетін сауық кештеріне дейінгі тіршіліктің бәрі қамтылған. Жеке мәдениет сарайы, халықаралық симпозиумдар өтетін зал, қонақжай, ресторан, көрме залдары бар. Соның ішінде ерекше назар аударғаны – жарнама департаменті. Бұған олар ерекше мән береді екен. Барлық халықаралық байланыстар солар арқылы жүзеге асады. Кітапхананың оңтүстік бүйірінде арқалы жабық көпір көшенің арғы бетіндегі Александрия университетіне тікелей барып жалғасады. Студенттер сол арқылы қатынайды.

Александрия кітапханасы 12 жыл бойы салынған дедік. Оған Египеттің бірде-бір тиыны шықпапты, шығынның негізгі бөлігін Франция, Италия, Испания, Германия, Норвегия, Швеция, яғни, масондық және Рим папасына қарасты мемлекеттер мен сол сенімдегі алпауыттар көтеріпті. Обсерватория мен ғаламдық жабдықтарды Америка мойнына алыпты, 8 миллион кітап қорын сақтайтындай сыйымдылығы бар, Негізінен SD арқылы қызмет көрсетуге бағытталған. Қазір оның қоры 500 мың томды қамтиды. Соның ішіндегі 50 мыңы көне карта, 100 мың қолжазба, папирус пен орамдар, құймалар бар. Обсерватория арқылы әлемдегі әрбір қозғалысты қадағалап отырады. Кітапхана ғимаратын қайта және архи-авангардтық емеуіріндегі стильде салынғанын: «Шығыс пен Батыс өркениетін жалғастырып, олардың арасына көпір болу үшін істедік» – деп түсіндірді. Мамандардың түсініктері мен түсіндірулеріне қарап, бұл кітапхана екі өркениеттің арасындағы рухани байланыспен қоса араб елдеріне батыстық идеяны тарату, рухани үгіт-насихат жүргізу, оларға қажетті ақпараттарды жинап-тарату мақсатын қоса атқаратындай әсер қалдырды.

Оған норвегтер ұсынған кітапхананың архитектурасы толық дәлел. Жеті қабатты ғимарат теңіздің жағасына, шығып келе жатқан жарты күннің келбетіне ұқсастырылып көлбей салынған. Теңізбен бөліп тұрған дөңгелек қабырғада латын, араб, шумер, санскрит, бір бұрышында ғана қытай иеролигифінің бедері ойылған. Теңіз бен екі ортада бассейн, одан кейін обсерватория орын алған; Бұл – күн, жер, су үшеуінің бірлігі деп түсіндірілді. Тұтастай көлбей орналасқан ашық түсті шатырдың бетіңде күннің дақтары сияқты күнқағарлардың көлеңкелері түсірілген, шатыр лотостың символын білдіретін діңгектерге салмақ түсіріп тұр. Ішіндегі әр бағанның өзі осындай астармен қырлана салынған. Ғимараттың ең астыңғы қабатында – ежелгі гректердің, екінші қабатта – римдіктердің, үшінші қабатта – ежелгі египеттіктердің (өздері копттарды арабтан бөлек тек деп санайды екен), төртінші қабатта – мұсылмандық арабтардың мұраларына мол орын берілген. Қай мәдениет жердің қай қыртысы түсында өмір сүрді, сол заманға орай орналастырыпты.

Мұның барлығын болашақ «Отырар кітапханасын» салғанда біздің қандай идеология ұстанатынымызды ескере жүру үшін әдейі егжей-тегжейлі жазып отырмын. Сол тұрғыдан алғанда төмеңдегідей жайларды да аңғарта кетуді міндетім деп санаймын.

Әр кірпішінен астар іздеген бізге солай көрінді ме, білмеймін, кітапхана мен оның құрылысының шын астарын өз басым басқаша түсіндім.

Мысалы: Македонский Еуропадан шығып Жерорта теңізі арқылы Египеттің жағалауына кеп тоқтап, осы қаланы салды, сүйегі де сонда жерленді. Ол аспан мен жерге түгел иелік ету үшін Күншығысқа жорыққа аттанды. Жарты күн – сол Александр бағындырған күн шығысты білдіреді, сәулетшілер сол арқылы: «Біздің де негізгі бағытымыз сол жақта» – деген емеуірінді білдірген. Жарты күннің оңтүстік жағы кетік, ол – Александрдың Африканы жаулай алмағандығын мегзейді. Лотосқа ұқсас бағаналардың тіреу тұсындағы бұрыштарының көлеңкелері алты бұрыштанып көрінеді. Мұның қандай нысана екенін таратып айтпаса да түсінікті. Пікірлері таза еуроцентристік ұғымда қалыптасқан. Жалпы Қазақстанды естулері болғанымен мағлұматы мүлдем аз, бізді моңғол тектес ұлт деп түсінетін сияқты. Көне жазулар орталығы мен ежелгі мұралар музейінің директоры, Орта Азияның «маманы» деп есептелетін д-р Юсиф Зиданға Күлтегіннің жазуын көрсеткенімізде: «Бұл грек жазуы ғой, сіздер оқи алмай жүрген шығарсыздар» – деген сыңай танытты. Оған астарлап-әдіптеп: «Сіз ғылымды саясат ретінде түсінетін ғалым екенсіз, түркология деген ілімнен хабарыңыз жоқ па еді, енді танысыңыз» - деп тиісті жауабын бергендей болдық. Бірақ сөзіміз мәдениетті түрде аударылғанын кейін білдік. Алайда осы пікір алмасудағы ырғасуды кітапхананың Бас директорына жеткізуді, өзіміздің ішкі наразылығымызды протокол жүргізуші Шариф пен Динағдан өтіндік. Компьютерін қанша мазалағанымен, өзгені былай қойғанда Қазақстан мен оның Президенті Н.Назарбаев туралы бірде-бір мәлімет тауып бере алмады.

Бұл – үлкен ойланарлық жай. Елші алдағы уақытта Александрия кітапха-насына арнайы бармақ екен. Қазақстан туралы қандай мағлұматтар мен кітаптарды алып бару қажет және осы оқиғаны да ескере отырып, оған тиісті жауап дайындаса екен деген тілегімді елшіліктің жауапты хатшысы Арман Исағалиевке айттым. Өте қабілетті жігіт, елші Бағдат Әміреевтің арабшасына арабтардың өзі таңдай қағатын көрінеді. Сондықтан да тілегіміз нәтижесіз болмапты. Б.Әміреев мырза ресми түрде барып, барлығын да өз орнына қойды - деген хабарды осыдан екі ай бұрын қуана-қуана естідім.

Көңілге осындай сызат пен күдік қалдырғанына қарамастан бұл үлкен ойға жетелеген іссапар болды. Әсіресе, Бейбарыстың мешітін көргеніміз ерекше әсер қалдырды. Каирдың дәл ортасында екен. Кезінде ағылшын отарлаушылары мәмлүктерді қорлау үшін оны атқора ретінде пайдаланыпты. Кіре берісте: бұл мешіт Қазақстан елшілігінің қамқорлығында. Қайта өндеу жұмыстары қолға алынды деген ақпарат жазылған тақтайшаны көрдік. Мешіт жұмыс істейді екен. Оның жаңғыруына араб мемлекеті де мүдделі сияқты. Мың естігенің бір көргенге жетпейді екен. Барлық тарихы таныс сияқты көрінген мәмлүктердің тағдырына да басқаша көзқараспен қарайды екенсің.



Ал болашақ Отырар кітапханасының ғимараты туралы сапар мақсатына орай: 1. Отырар кітапханасы – мемлекеттік, ұлттық маңызы бар, халықаралық қауымдастықтың назарын аударатын, әр саланың мамандарының қатысуымен жүзеге асырылатын стратегиялық (саяси, рухани) мәдени-тарихи кешенді құрылыс ретінде қаралып, арнайы Үкімет Қаулысы қабылданса. 2.Кітапхана Кеңесі құрылып, оның Төрағасы Премьер-Министр немесе Мемлекеттік хатшы болса. 3. Жұмысты бір орталықтан реттеп отыратын арнайы құрылыс дирекциясы құрылса. 4. Архитектуралық жобасына республикалық тендер жарияланса. Ғимараттың бірінші қабатына – көне ескерткіштер мен таңбалардың, екінші қабатына – көне түркі жазбаларының, үшінші қабатына – жазу тарихының мұражайлары, төртінші қабатына – мемориалдық кітапханалар, бесінші қабатына – Тәуелсіздік тұсындағы мұралар орналасса. 5. Жазу тарихы, қолжазба, сирек кітаптар орталықтары мен реставрация шеберханалары ашылса. 6. Аса қуатты компьютерлік орталық құрылса. 7. Негізгі тұтқа етіп қос өркениеттің өзара ұштасуын білдіретін Еуразия идеясы алынса. 8. Көне түркілік Көк Аспан, Жер, Су және Мәңгілік Ел идеясы Отырар кітапханасының негізгі тұжырымдамасы болса, – деген ұсыныс жасадық. Мұны жүзеге асыру – ұлттық руханиятымыздың мәңгілік сақталатынының және салтанатының кепілі болса керек. Бұл ретте, ең алдымен сирек қолжазбалар қоры бар кітапханалар мен мұражайлар, мұрағаттар біріге отырып, үлкен тұжырымдама жасауға тиісті. Қазір әр мекеменің қоймасында күтімді-күтімсіз жатқан құнды мұраларды бір орталыққа жинап, реставрациялауға ұмтылған дұрыс. Шағын мекемелік мүдделерді ұлттық мүддеге ұйыстыру қажет. Осыған қосымша айтарым, өзімнің осы пікірлерімді университет ректоры М.Жолдасбеков мырзаға да баян еттім. Бірақ бұл университет көтере алатындай салмақ емес. Жалпы ұлтты ойландыруға ұйытқы болатын көкейкесті мәселелер баршылық болғандықтан да, іссапардан түйген ой-пікірімді баспасөз арқылы кеңірек жеткізуді мақсат еттім. Мұның барлығы да Президенттің Жолдауындағы «Мәдени мұра» бағдарламасымен тікелей астасып жатыр. Үлкен іске ұмтылсақ, ұлы мақсатты көздесек, бірауызды бірлікте болсақ, алыстағы арман емес, күні ертең орындалатын рухты шараның бірі. Оған Қазақстанның екпін алған экономикасы кепіл бола алады.
//Астана. – 2003. – 109-120 бет.

//Егемен Қазақстан. - ? анықтау керек

Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет