Коммуникативтік құзыреттілікті қалыптастыру. Жобалау арқылы қарым – қатынас белсенділігін арттыруға болатыны сөзсіз. Бірақ жобалаудың мәнін тек қана коммуникативтік қатынастардан құралады деп есептеу оның шеңберін тарылтып, оны оқушылардың әңгімелесе білу диалогын ұйымдастыру немесе жазбаша қарым – қатынасын дамытумен шектейтін болады. Дәстүрлі оқытуда оқушылардың өз ойларын еркін білдіруге жағдай туғызылуы төмен деңгейде, олардың беретін жауаптары мен күтілетін жауаптарының мазмұны әдетте белгілі болып келеді. Оқушы сол өзінен күтілетін жауапқа ғана даярланады. Оның бір жағынан тиімділігі – оқушының сөйлеу әрекетін құру жүйеленеді, белгілі бір нормаға жауап береді және оны бақылауға және бағалауға болатыны – болса, екінші жағынан, кемшілігі – оқушыға өз ойларын жеткізу мүмкіндігі шектеулі, еркін ойлау мен пікір білдіруге жағдай туғызылмайды.
Жасөспірімдердің бір – бірімен қарым – қатынасы осы жаста өзгере бастайды, олар үшін қарапайым қатынас жеткіліксіз, өйткені коммуникация арқылы оларда өздерін көрсетуге, дәлелдеуге қажеттік пайда болады. Жобалау әрекеті осы қарым – қатынас мәдениетін сапалы дамытуда белгілі бір роль атқарады.
Жобалау барысында айырмашылығы көп байқалмайтын коммуникацияның екі түрлі қыры бар екенін айта кету керек. Олар:
қарым – қатынас барысында ауызша және жазбаша сөйлесу;
топтық қарым – қатынасқа түсу;
Осы екі қыры тәжірибе барысында бір – бірімен бірігіп кететін болса да, оқушылардың жобалау әрекетін ұйымдастыру және талдау кезінде оларды ажыратып қарастыру қажет болады.
Оқушылар білім берудің әрбір кезеңінде өз бетімен ауызша және жазбаша өз ойын білдіре білу дағдыларын меңгеруі қажет және әрбір білім беру ұйымы оны міндетіне алуы тиіс. Бұл – коммуникативтік құзіреттілік деп аталады.
Коммуникативтік құзіреттілік – мәтінді, белгілі бір ойды түсінуі және түсіндіре алу қабілеті – барлық пәндерде де, барлық оқыту кезеңдерінде де қалыптастырылады.
Коммуникативтік құзіреттілік оқушының мәтінді не белгілі бір ойды түсіну, игеру барысында төмендегі әрекеттер жасай білуін білдіреді:
мәтіннің, ойдың, немесе ақпараттың мазмұнын түсінеді, игереді, меңгереді;
оны басқаша құрастыра алады, немесе берілген мазмұнды жаңаша түрге ендіре алады;
мәтіннің, ойдың, ақпараттың мақсатын құрастыра алады;
мақсатты жүзеге асыру үшін қандай амалдар мен құралдар қолданылып тұрғанын анықтай алады;
мәтіннің, ойдың, ақпараттың кімге арналып тұрғанын анықтай алады;
Мәтінмен, ақпаратпен жұмыс жасауда оның үш негізгі сипаттамасын ескеру қажет. Олар:
мәтіннің мазмұны;
хабарлау түрі;
адресаты (кімге арналғаны);
Коммуникативтік қатынас 2 түрде – ауызша және жазбаша түрде қалыптасады, олардың өз алдына ерекшеліктері бар және оны дұрыс қалыптастырудың өзіндік назары мен әдістері сақталуын қажет етеді.
Коммуникативтік қатынасты қалыптастыру және дамытуда белгілі бір сабақтастық ұстанымы болады. Атап айтқанда, бастауыш сыныпта негізгі салынған коммуникативтік компоненттер негізгі мектепте бекітіледі және ол компонентті күрделендіре дамыту одан арғы жоғары сыныптарда жүзеге асырылады. Коммуникативтік қатынасты жобалау арқылы дамытудың тиімділігін көрсете отырып, бұл тек осы әрекеттің негізінде ғана жүзеге асырылады деп түсіну де қате пікір екені ескеру керек. Сондай – ақ, коммуникативтік қатынасты дәстүрлі оқытуда қалыптастыруға болады. Бұл белгілі бір ақпарат форматындағы жұмысты қамтиды. Мысалы, зертханалық жұмыстың қорытындысын жазу, шығарма, мазмұндама, т.б. жұмыстар.
Түрлі форматтағы ақпарат немесе мәтінмен жұмыс жасай отырып (мыс, ғылыми мақала, эссе, интервьюге жауап беру, т.б.) оқушы оның талап ететін үлгісін сақтап үйренеді. Өйткені, еркін жазу форматын қажет етпейтін жұмыс түрлерін игеру де маңызды үрдіс. Оны игеру өзі үшін тәжірибеде пайдағы асатын болады, атап айтқанда, түрлі конкурстарға қатысу үшін қажетті үлгіні сақтау, рецензия жаза білу т.б.
Мәтіннің мазмұны мен түрін еркін таңдау негізінен жобалау әрекетіне қатысты. Жоба жасау жеңістігі еркін қатынасты да, регламенттелген қарым – қатынасты да орындауға мүмкіндік береді. Мысалы, жоба идеясын талдау барысында өз ойларын жеткізу үшін оқушылар еркін, эмоционалдық, шығармашылық, тіпті слэнг түрінде де қарым – қатынаста бола алды. Бұл жерде регламенттеу тәртібі тақырып аясын шектеу үшін ғана қажет бола алады.
Жобалаудың аталған идеяны талдау кезеңіне қарама – қарсы – жоба аяқталған соң, оны презентациялау кезеңі тұр. Оның талаптары регламенттерді – презентациялаудың (ауызша, не жазбаша), уақыт шектеуінің, аудиториялардағы түрлі топтар (оқушылар, мұғалімдер, ата – аналар т.б) мүдделеріне жауап берудің, т.б. – сан талаптардың ескерілуін міндеттейді.
Жасөспірімдер үшін ақпараттық құзіреттіліктері (жалпы білімдік қабілеттері) маңызды роль атқарады және ол мектепте ғана емес қоршаған ортада орнын табу құралы болып табылады.
Жобалау әрекеті оқушылардың аталған құзіреттілігін қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Құзіреттілік тұрғысынан алғанда әлеуметтік қарым – қатынас құзіреттілігін дамытудың маңызы зор. Олар оқушылардың төмендегі қабілеттерін қалыптастырады:
оқу – тәжірибелік проблемаларды шешу барысында бірлесіп жұмыс істеуге қабілеттілікті, топпен жұмыс істеу қабілеттілігін;
қорытынды өнімді құрастыру қабілеті, оның аудиториядағы адамдарға жеткізе білу қабілеті;
Жобалау әрекеті барысында тек қана коммуникациялық қатынаста болу емес, белгілі бір өнімді құрастыру барысындағы іскерлік коммуникация жүреді, ол оқушылардың оқу – тәжірибелік проблемаларын шешу мақсатын көздейді. Сондықтан, осы жағдайда оқушы құзіреттіліктерінің қалыптасуы тиімді жүзеге асырылады.
Жобалаудағы коммуникациялық қатынастарды бағалау барысында төмендегі фактілер ескерілуі тиіс:
жоба (шығармашылық жұмыс) негізінен оқушылардың топтық әрекеті арқылы орындалғаны;
жұмыстың орындалуы барысында педагог балалар әрекетін ұйымдастырушылық – мазмұндық, жоспарлау және қадағалау қызметтерін атқаруы;
қорытынды нәтижені ұсынған кезде оқушылардың іскерлік қарым – қатынасы қалыптасқаны;
өнімді презентациялаудағы барлық критерийлеріне сай болуы, критерийлердің алдын ала белгілі болуы қажет;
презентация жасауда аудитория болуы, бағалау комиссиясы болуы, бағалаудың ашық жүруі, қатысушылардың марапатталуына ерекше назар аударылуы тиіс;
Жобалау әрекеті негізіне «жоба» түсінігін білдіретін идея алынады. «Жобаның» мәнісі мәні белгілі бір теориялық, немесе практикалық маңызы бар проблеманы шешу барысында нақты нәтиже алуға бағытталған прогматикалық түсінікті білдіреді.
Жобалау барысында алынған нәтиже көзбен көруге, мағынасын ұғынуға, тәжірибеде қолдануға болатындығымен ерекшеленді. Осы нәтижені алу үшін оқушыларды өз бетімен ойлауға, проблеманы көре білуге және шеше білуге, түрлі салалардан алған білімдерін қолдана білуге, нәтижені алдын – ала болжай білуге және оның салдарын ажырата алуға үйрету қажет.
Зерттеушілер атап өткендей, қазіргі оқуда жобалау әрекеті кеңінен таралмаған әдіс, оны шешудің негізгі жолы – жобаларды таңдау және оны сан алуан шығармашылық жұмыстарда жүйелі түрде қолдану.
Жоба әдісі оқушылардың өз бетіндік әрекеттеріне (жекелеген не жұппен, не топпен белгілі бір уақыт ішінде орындалатын) бағытталады.
Сондай – ақ, жобалау әдісі белгілі бір проблеманы шешуді көздесе, проблеманы шешу, бір жағынан, оқытудың түрлі әдістері мен түрлерін қолдану арқылы, екінші жағынан, оқушылардың білімнің түрлі салаларын интеграциялау арқылы шығармашылық әрекеттерін қажет етеді.
Орындалған жоба нәтижесі өзінің мақсатына сай болуы тиіс, атап айтқанда, егер теориялық проблема болса – оның нақты теориялық шешімі, ал практикалық проблема болса – қолдануға болатын даяр нәтижесі болуы шарт. Жобалау әдісі жеке орындалса да, топпен орындалса да белгілі бір жүйемен орындалады, оның мәні: әдіс ретінде бірнеше оқу – танымдық амалдар мен тәсілдердің жиынтығы болуы тиіс, оқушылардың өз бетіндік әрекетін ұйымдастыруға негізделуі тиіс, нақты нәтиже алуды көздеуі және оны міндетті түрде презентациялауы тиіс.
Жобалау әдісі өзінің мазмұны жағынан еркін әрекеттерді, ашық оқытуды, тәжірибеге бағытталуды қажет ететін проблемалық оқытуға ұқсаса екені белгілі. Бұл әдісті орынды пайдаланған жағдайда дәстүрлі оқытуды өмірмен байланыстыру тұрғысынан тиімді екені сөзсіз. Сондай – ақ, бұл – оқушылардың өз бетімен білім алуына ықпал ететін бірден бір әдіс.
Жобалаудың түсініктік кеңістігіндегі маңызды қабілет – проблеманы шешудің жолдарын және шешім қабылдау барысын талдай білу.
Проблеманы шешу – ақпараттық - әрекеттік модель бойынша түпкілікті нәтиже деп есептеледі және ол төмендегі тәртіп бойынша орындалады:
проблема қою (не істеу қажеттігін айқындау);
проблеманың құрамын анықтау (ақпараттар іздеу, таңдау, нақты міндеттерді белгілеу және оны орындау кезеңдерін айқындау; проблеманы ойша қайта құру арқылы жан – жақты талдау);
шешудің бірнеше жолдарын қарастыру, мақсатты орындаудың тиімді жолдарын іздеу;
проблеманың шешілуі;
Енді соңғы күндері пайда болған шешім қабылдау теориясына тоқталамыз. Шешім қабылдау – бірнеше нұсқаларды қарастыру үшін көптеген ақпараттарды іздеу және сұрыптаудан тұратын күрделі процесс.
Шешім қабылдай білу қабілеті тоғыз элементтен тұрады:
1. Таңдай білу. Бұл жеке адамның тілегінен немесе топтың ұсынып отырған тілегінен, не сыртқы мәдени ортаның, ересек адамдардың тілегінен де пайда болуы мүмкін;
Достарыңызбен бөлісу: |